Пятница, 10 Ноябрь 2017 04:05

«Жомарт жүрек» жылулық сыйлады

Жетімін жылатпаған дархан көңілді қазақ елінің игі дәстүрін қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қызметкерлері қайта жаңғыртты.

DSC 0189

Жастардың бастамасымен жуырда «Жомарт жүрек» атты қайырымдылық жәрмеңкесінде жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелердің қолөнер туындылары жәрмеңкеде өнерсүйер қауымның назарына ұсынылып, сатылымға шығарылған еді.

Нәтижесінде, жәрмеңкеден жиналған қаржы «Достық» шағынауданындағы мүмкіндігі шектеулі тұрғындардың мұқтаждығына бөліп берілді.

18 жастағы шағынаудан тұрғыны Айша әке-шешесінен ерте айырылған. Жетімдіктің тауқыметін тартқан жасөспірім ол аздай, 9 жасында көру қабілетінен айырылды. Қысылтаяң күндерде жанашырлық танытқан жәрмеңкені ұйымдастырушылар Айшаға қыстық киімдер алып берді. 

Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі Мақсат есімді азаматтың цех ғимаратынан арнайы бөлме дайындалып, 2 бірдей тігін машинасы алынды. Ендігі жерде шағынауданның мүмкіндігі шектеулі тұрғындары цехта арнайы тапсырыстар бойынша тігін дизайнымен айналыспақ.

– Осылайша, кішігірім қолдау көрсете отырып, біздер табысы орта, мүмкіндігі шектеулі жандарды белгілі бір кәсіпке баулуды, осы арқылы жоғары табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отырмыз, – дейді мекеме басшысы Абзалбек Убелтаев.

Тұрмыс жағдайы төмен отбасыларды әлеуметтік қолдауға бағытталған шара алдағы уақытта да игі жалғасын таппақ.

Опубликовано в Әлеумет

Келер жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек форматы өзгереді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері осынау жаңалықты  халыққа түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.  Қазірдің өзінде Сайрам, Төлеби аудандарының салаға жауапты қызметкерлері оқыту семинарынан өткен. Енді олар  атаулы әлеуметтік көмек көрсету тәртібінің өзгерістерін халыққа жан-жақты түсіндіріп беретін болады.

shymkala-83-2

Жаңаша атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудағы басты мақсат - халықты жалқаулықтан арылтып, жәрдемге мұқтажадарды кедейшілік құрсауынан шығару болып табылады. Бұл көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен отбасылар мен азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады. Шартсыз ақшалай көмек еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға тиесілі болады. Ал шартты ақшалай көмек жұмысқа қабілетті кем дегенде бір мүшесі бар аз қамтылған отбасыларға ұсынылады. Алайда бұл ретте олар жұмыспен қамтудың белсенді шараларына міндетті түрде қатыстырылады. Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады. Әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.

shymkala-83-1

«Жаңаша формат тұрғынға жай ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Түрлі қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарына жіберіліп, шағын несие де беріледі. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады. Ал осынау кешенді шараларды жүзеге асыру үшін басқармаға бағынысты мекемелердің материалдық-техникалық мүмкіндіктерін күшейту қажет»,- дейді облыстық халықты жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев.

Ол сондай-ақ,   көп құжаттамалардың электронды түрде жүргізілетінін жеткізіп, жергілікті билік өкілдеріне осы мәселені мықтап қолға алу қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті.  Облыста осыған дейін құрамында 100 мыңнан аса адамы бар 20 мыңдай отбасы осынау көмекке қол жеткізіпті. Оның ішінде жобаның 22 мыңнан аса еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан. Бұл жобаға қатысушылардың табысының 4,2 есеге дейін өсуіне мүмкіндік берді. Көңіл қуантарлығы сол, бұл бағыттағы шараларды іске асыруда облыс бүгінде республикада көш бастап тұр.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 14 Июнь 2017 07:02

Cауабы мол амал

Жақсылыққа жол сілтейтін Ораза – мұсылман жамағатына нәсіп еткен бес парыздың бірі. Дәл осы Рамазан айында Кәлимаға тіл келтірген әрбір жан сауапты істің басы-қасынан табылуға асығады. Қасиетті айда алғашқылардың қатарында жомарттық танытқандардың бірі өңірімізге белгілі кәсіпкер Қайрат Сүлейменов болды. Дегдар азамат №3 балалар үйіне барып, жүрек жылуына зәру жәудіркөздерді құттықтады. Оларға тарту-таралғы жасады.

photo-1

«Жетім көрсең, жебей жүр» деген халық нақылы тектен-текке айтылмаған. Қолы ашықтың – қашанда жолы ашық. Күнделікті қауырт жұмыстан қолы қалт етсе, кәсіпкер азамат бала жанын жадыратқысы келеді. Қамқор ағаны көріп, көз қуантқан балалар бүгін де әсем ән, тәтті күйін аямады. Қолдан келгенше балапандарды шаттыққа бөлеу, рухани демеу – сауаптың үлкені. Жомарт кәсіпкер: «Баланың тәтті ұйқысы мен риясыз күлкісі жан жадыратпай қоймайды», – дейді. Ата-ана мейірімі мен сүйіспеншілігіне шөліркеген бар баланы бауырына тартты. Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің. Шымкенттік кәсіпкер Қайрат Сүлейменовтың келесі аялдаған жері -- Көксәйектегі тірек-қимыл жүйесі бұзылған балаларға арналған медициналық – әлеуметтік мекемесі болды. Жомарт азамат мекемені керек-жарақ заттармен қамтамасыз етті. Өздеріне көрсетілген қамқорлыққа балалар да мәз-мәйрам. Дәмі тіл үйірер тәттілер, бастан аяқ жаңа киім, ас үйде де жаңарған ыдыс-аяқ... Бұл балалардың денсаулығына байланысты туындайтын кейбір қиындықтарын, ине егу, дәрі ішу сынды процедураларын бір сәтке ұмыттырды. Бос уақытын сауапты іске сарп етуге ұмтылатын жанашыр жігіт денсаулығының кінәраты бар балалардың көңілін осылай аулады. 

Бұл орталықта өздігінен жүріп тұра алмайтын 130 бала тіркелген. Білікті дәрігерлердің емінің арқасында көпшілігі сырқатты жеңуге талпынуда. Жарымжан бұл балғындардың мұнда әлдебір дүниеге мұқтаж екендіктері байқалмайды. Өйткені, демеушілердің көмегі, жылы қабағы мен қамқорлығы олардың өмірін өзгертіп, бір сәтке қайғысын сейілткендей. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Игі-жайсаңның жылы сөзі мен ыстық мейірімі жан семіртеді. Оны әсіресе, осы балалар анық сезеді.

Опубликовано в Әлеумет

IMG 8825-25-05-17-10-44 

IMG 8836-25-05-17-10-44«Біз біргеміз!». Шымкентте осындай атаумен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта құруға арналған акция өткізілді.


Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен 2 жұмысшы топ құрылып, 5 көшені, атап айтқанда Т.Рысқұлов, А.Байтұрсынов, Ж.Тәшенов, Бәйдібек би, М.Х.Дулати көшелеріне рейд жүргізілді. 

– Шараны ұйымдастырудағы мақсат – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қоғам өміріне тең құқылы мүше ретінде қатысу жолындағы кедергілерді жою. Осыған орай, қазіргі таңда 5 көшедегі кәсіпкерлік нысандардың басшыларымен акция аясында меморандумға тұру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, – деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Құдайберген Қалдықараев. 

Айта кетейік, былтыр Әл-Фараби ауданы әкімдігі 127 кәсіпкермен меморандумға тұрып, 272 нысанға пандустар мен негізгі 25 көшенің қиылысына дыбыс сигналдарын орнатқан.

Опубликовано в Қоғам

Оңтүстік тұрғындары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуде. Осы орайда ОҚО Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері Қарағанды облысының табиғат апатына тап болған тұрғындарына гуманитарлық көмек жіберді.

qairymdylyq assambleia

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен бастау алған «Ассамблея асары» акциясына этномәдени бірлестіктер, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ-ның қала, аудандардағы филиалдары, өңір тұрғындары мен «Алтын адам» тігін фабрикасы, «NIK» корпорациясы қолдау білдірді.

Құны 10 млн теңгеге жуықтайтын азық-түлік, киім-кешек пен көрпе-төсек тиелген жүк көлігі Қарағанды облысының Шет ауданына жеткізілді.

– Біз зардап шеккен аймақтардағы халыққа қай кезде де олармен бірге екенімізді білдіргіміз келеді. Бұл – Ассамблея дәстүріне айналған шара. Қайырымдылық шарасына белсене қатысқан барша азаматтарға алғыс айтамын, – дейді Облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов.

Опубликовано в Әлеумет

Оңтүстіктен ЭКСПО көрмесіне ауыл шаруашылығы өнімдері тиелген керуен аттанды. Керуенде жалпы құны 135 миллион теңгеден асатын 262 тонна азық-түлік өнімдері бар.

20170510165332

Жүк көліктеріне тиелген тауарлар 13-ші және 14-ші мамыр аралығында халықаралық көрме аясында өтетін жәрмеңкеде елорда тұрғындарына ұсынылады. 

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Серік Тұрбековтың айтуынша, өнімдердің бағалары арзандау болмақ. 

– Өнімдердің бағалары Астана қаласы әкімдігімен келісілген. Ол жердегі жалпы нарықтағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен сатамыз деп отырмыз. Біздің шаруаларға Астанаға өнім жеткізу өте пайдалы. Елордада баға бізбен салыстырғанда жоғарылау болғандықтан өнімнің сапалысын жеткіземіз, – дейді Серік Тұрбеков. 

20170510165247

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысы көрме аясында 6 жәрмеңке өткізбек. Онда 12 мың тоннадан астам ет, жұмыртқа, балық, сүт, қымыран және көкөніс секілді өнімнің 28 түрін саудалау жоспарланған. Бұл өнімдерді арнайы тоңазытқыштармен жабдықталған 25 жүк көлігі жеткізетін болады.

Опубликовано в Саясат

Оңтүстік Қазақстан облысының жастары су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету акциясын бастаған еді. 19 сәуір күні үндеу жарияланып, арнайы штаб ашылған болатын. Оған қазіргі уақытқа дейін Оңтүстік тұрғындары тарапынан қаржылай және заттай гуманитарлық көмек қабылданған.

IMG 8415-02-05-17-05-09

Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған штабқа 22 сөмке киім-кешек, 12 төсек-орын, 135 кг қант, 144 кг тұз, 67 қорап шай, 729 кг күріш, 120 кг қарақұмық (гречка), 10 кг асбұршақ (горох), 64 кг тары, талқан, 519 кг макарон, 10 қорап лапша, 1 тоннадан аса ұн, 6 қорап кәмпит-күлше, 314 литр күнбағыс майы, 352 дана концервіленген тағамдар, 854 м2-233 дана «Бал текстиль» кілемдері, электрлі шәйнек және қаржылай 149 500 теңге жиналған. 

IMG 8427-02-05-17-05-10

Шараға «Бізбен бірге» еріктілер мектебі және аудан, қалалардан құралған ерікті жастар атсалысуда. Гуманитарлық көмек автобусының алғашқы легі 2 мамыр күні Солтүстік Қазақстан облысына аттанып кетті.

Айта кетейік, биыл сәуір айында Солтүстік, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстары мен 52 елдімекен су тасқынынан зардап шеккен болатын. Салдарынан 1949 үй мен 120 тас жолы су астында қалған.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 26 Апрель 2017 09:34

Елдің күші – бірлікте

Таяуда көктемгі су тасқынынан Қазақстанның 7 өңірінде: Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында, 52 елдімекенге зиян келген болатын. Салдарынан 1949 үй су астында қалып, 120 тас жолын су шайып кеткен.

IMG 3703

Осыған орай, Оңтүстік жастары бей-жай қарамастан, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсету акциясын бастады. Ол үшін үндеу жарияланып, арнайы штаб ашылып, аз уақыт ішінде қол ұшын берген азаматтардан қажетті заттар мен қаражаттар қабылданды.

Қазіргі уақытқа дейін 100-ге жуық азаматтардан қаржылай және заттай гуманитарлық көмек қабылданған. 

IMG 3710Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жанынан құрылған «Бізбен бірге» еріктілер мектебінен құрылған арнайы штабқа бүгінгі таңда 22 сөмке киім-кешек пен азық-түлік, сондай-ақ қаржылай көмек жиналған. Бұл іске Ордабасы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі де өз үлестерін қосты. 

Сондай-ақ, Кентау қаласы мен Түркістан қаласы, Шардара ауданы мен Сарыағаш ауданы қаржылай көмек көрсетуде. Ал Мақтарал ауданы ман Қазығұрт ауданы тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікпен қамтамасыз етуге әзір.

 

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 21 Апрель 2017 06:01

Оңтүстік жұрты көмек көрсетуде

23 04 5 2.mp4 snapshot 00.35 2015.04.24 18.00.00Өңір тұрғындары еліміздегі су тасқыны болған аймақта зардап шеккендерге көмек қолын созуда. «Жастар ресурстық орталығында» өткен жиында жиналғандар қаржылай ақша жинап, облыс тұрғындарына үндеу жариялаған болатын.

Жергілікті билік пен жастардың басын қосқан алқалы жиында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мәселелері айтылды. Осындай қиын сәтте көп болып қол ұшын созайық деген қауым облыс тұрғындарына үндеу жариялады. 

Бұл қайырымдылық шарасына аймақтағы кәсіпкерлер, өндіріс ошақтары мен кәсіпорындар, түрлі мекемелермен бірге қарапайым азаматтар да өз үлесін қосуда. Қаржылай көмек беремін деушілерге арнайы есепшот та ашылған. 

– Көмекке мұқтаж бауырларымызға жәрдем беру – азаматтық парыз. Біз мұндайда ынтымақтастығымызды, ауызбіршілігімізді көрсетуіміз қажет. Екі аптаның көлемінде біздің ғимаратта жиналған заттардың барлығын жүк көлігіне тиеп, сол аймақтарға жібереміз, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Береке Дүйсебеков.

Көмектесуге ниет білдірушілер Шымкент қаласы, Түркістан көшесі, №1, «Облыстық Жастар ресурстық» орталығы (бұрынғы С.Сейфуллин атындағы «Достық үйі») келулеріне болады. Сенбі, жексенбі күндері де, сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек беру мақсатында «Бізбен бірге» қоғамдық қорының арнайы ашылған есеп-шотына қайырымдылық қаржыларыңызды аударуға болады. 

РЕКВИЗИТ: «Бізбен бірге» қоғамдық қоры, Шымкент қаласы, «Қайтпас-2» шағынауданы №34-35 «Нұр банк» АҚ Шымкент қ. филиалы БИН 150540004179 ИИК KZ4284906KZ000966548 БИК NURSKZKX КОД 18 Үйлестіруші: «Бізбен бірге» қоғамдық қорының төрағасы Абай Андабаев, Байланыс телефоны: 8 7719630834, 87754040421

Опубликовано в Қоғам

Шымкент қаласында жеке тұрғын үйдегі газ-ауа қосындысы салдарынан 2 қабатты жеке тұрғын үйде жарылыс болды.Оқыс оқиға кезінде бір адам опырылып құлаған үйінді астында қалып, көз жұмды. Құтқарушылар қиранды топырақтың арасынан тағы төрт адамды шығарып алған.

Оқиға орнына жедел келіп жеткен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жергілікті БАҚ өкілдеріне зардап шеккен отбасылар үшін материалдық көмек көрсетілетінін, қосымша әлеуметтік қорғау шаралары қарастырылатынын айтты. Бұл мақсатта арнайы комиссия құрылған. Сондай-ақ, қайтыс болған отбасы мүшесі үшін қажетті жәрдем көрсетілетін болады. 

Оқыс жағдай 8 қаңтарда шамамен түнгі сағат 03.30-да Шымкент қаласында Халықтар достығы көшесінде орналасқан екіқабатты үйлердің бірінде орын алған. Апаттық-құтқару жұмыстарына ОҚО ТЖ департаменті, жедел-құтқару жасағы, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары және жедел медициналық қызметінің мамандары жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары сол маңды дереу қоршауға алып, коммуналдық мекеме қызметкерлері көгілдір отын мен электр энергиясын ажыратты. 

Құлаған үй туралы хабарламаны ести салысымен бірінші боп жедел жәрдем қызметінің 13 бригада дәрігерлері келіп жетті. Құтқарушылардың келуін күтпей-ақ, олар оқиға орнында жылаған дауысы шығып жатқан сәбиді үйінді астынан шығарып алған. Құтқару жұмыстарына дәрігер Михаил Явров, Тахир Османов пен Ғалым Айтуғанов есімді фельдшерлер қатысқан. Бүлдіршіннің денесі қауіпті жарақат алмай, қирандының астынан аман шығуына бесіктің көмегі тиген, – дейді қалалық жедел жәрдем көрсету қызметі мекемесінің меңгерушісі Үрия Қалназарова.

Кешікпей оның 1987 жылы туған әкесі табылып, жедел медициналық жәрдем көрсетілді. Өкініштісі, құтқарушылар нәрестенің анасын ажалдан арашалап қала алмады. Жалпы үйінді астында бес адам қалған. Жәбірленушілер жер үйдің жанынан салынған қос қабатты шағын үйді жалдап тұрған көрінеді. Ауруханаға жеткізілген 3 адамның біреуі медициналық жәрдемнің көмегінен бас тартқан. Медицина қызметкерлері ем қабылдап жатқан өзге жандардың денсаулық жағдайы тұрақты екенін айтады.

Сала мамандары апаттың негізгі шығу себебі ретінде, табиғи газ қондырғыларының дұрыс пайдаланылмағанын болжап отыр. Тазалау жұмыстарын жүргізу барысында үйінді астынан қазіргі таңда кеңінен қолданысқа ие болып отырған Иранның «Камен» аталатын құрылғысының, сонымен қатар, электр тоғына жалғанатын құрылғылардың қалдықтары анықталған. Ендігі істің мән-жайы арнайы құрылған комиссияның зерделеу жұмыстарынан соң нақтыланбақ.


P.S. Биылғы жылу маусымында өңірде осындай келеңсіздіктердің 35 дерегі тіркеліпті. Салдарынан 91 адам зардап шеккен. Оның 34-і қайтыс болды. Өкінішке қарай, жекелеген көрсеткіштер бойынша бұл деректер өткен жылу маусымымен салыстырғанда, бірнеше есеге артқан.

Опубликовано в Әлеумет
Страница 1 из 3