Жоспар ауқымды, жұмыс қарқынды
Пятница, 21 Июль 2017 10:41Қала көшелерінде ирригация жүйелері жаңартылуда
Климаттық жағдайы ылғалды болып келетін Шымкент қаласының көшелерінде әсіресе, көктем, жаз мезгілдерінде толассыз жауған жауын-шашын салдарынан түрлі қиындықтар орын алып жатады. Көп ретте, жергілікті тұрғындардың айтар арыз-шағымы да ұлғаятын кезі осы сәт. Жылдағы дәстүрге айналған осынау келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында биыл облыс орталығында тозығы жеткен ирригациялық жүйелерді толығымен қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, орталық санатындағы Желтоқсан, Қалдаяқов, Түркістан, Темірлан тас жолы, Жангельдин, Иляев, Рысқұлбеков, Момышұлы және Бейбітшілік көшелерінде күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Ол үшін жергілікті қазынадан 182 миллион теңге қаржы қаралған.
Жұмыс ауқымын арнайы зерделеген сала мамандары ирригация жүйесін жаңғыртудың арнайы бағдарламасын дайындапты. Бағдарлама шеңберінде шаһардағы көне арық-атыздардың орны сақталып, жүйе қайта жаңартылуда.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, орталық көшелерден жиналған жауын суы Қошқар ата мен Қарасу өзендеріне, ал Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен Әкімшілік-іскерлік орталығынан келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен бойлай келіп, «Самал» шатқалына бұрылмақ.
Мекемеге жүктелген міндет мол
Қазіргі таңда тапсырылған міндетті межелі мерзімде орындау үшін «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің арнайы жұмыс тобы Жангельдин көшесінің бойында қызу іске кіріскен. Қызметкерлерінің барлығы да өз ісінің шеберлері.
– Соңғы 25-50 жыл аралығында жаңарту жұмыстары жүргізілмеген жүйелер әбден тозғандықтан, тиісті деңгейінде су өткізуге қауқарсыз. Оған қоса, жергілікті тұрғындардың салғырттығынан арық-атыздар күл-қоқысқа жиі-жиі «тұншығып» жатады. Жүйелерді ауыстыру барысында кең тамыр жайып кеткен көше бойындағы емен ағаштар да жұмысымызға айтарлықтай кедергісін келтіруде. Дегенмен, мекеме қызметкерлері өз міндеттерін қыркүйек айының алғашқы күніне дейін толық орындауы тиіс, – дейді «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-нің ирригациялық жүйелер бөлімінің шебері Ербол Катенов.
Аталмыш мекеменің міндетіне кіретін орталық 7 көшенің ирригациялық жүйелері бүгінде аяқталуға таяу. Ондағы жүйелердің жалпы ұзындығы 19 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстар үшін 65 қызметкері мен 16 техникасы жұмылдырылған.
Сондай-ақ, «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС-і тарапынан Қошқар ата, Қарасу өзендері мен Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау арналарын тазарту жұмыстары да жүйелі түрде атқарылуда. Ондағы өзен арналарының жалпы ұзындығы 146,3 шақырымды құрайды. Бұдан бөлек, аталмыш мекеме тарапынан ұзындығы 566 шақырымнан асатын арық жүйелерін күтіп ұстау, жаңадан қосылған елді мекендердің аумағындағы каналдар мен ауылшаруашылығы мақсатындағы арықтарды тазалау және су бұру жұмыстары жүргізілуде.
Оңтүстік жастары көрікті мекендерді насихаттамақ
Среда, 19 Июль 2017 05:46Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен «Өлкетану» жобасы аясында жастар арасында өңірдің көрікті жерлері насихатталып, туристік қызметті пайдаланудың мүмкіндіктері сараланбақ. Осы бағытта, Бәйдібек ауданы Алмалы ауыл округіне қарасты «Болашақ» лагерінде «Оңтүстіктің өнерлі өрендері» атты үш күндік жазғы семинар лагері ұйымдастырылды.
Ауыл жастарының қоғамдық өмірдегі белсенділігін арттыру, дарын иелерін қолдау және оларды ынталандыру ісі аталмыш жоба аясында жүзеге аспақ. Үш күн бойы «Болашақ» жазғы лагерінде түрлі тақырыптағы семинарларға қатысқан жас өрендер «Сырдария қорығы» демалыс паркінің аймағында саяхат жасауға да мүмкіндік алды. Өзара топ-топқа бөліне отырып, түрлі мәдени-спорттық сайыстар ұйымдастырды.
– Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен өтіп отырған бүгінгі шараға негізінен, өңірдің барлық аудан-қалаларынан келген 200-ге таяу жас қамтылды, – дейді басқарма басшысы Балмаржан Нарбекова.
Өнерге бейім, қоғамда көшбасшы болуға қабілетті семинарға қатысушы жастардың қатарында көптеген өзге ұлт өкілдері, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Мұндағы біздің мақсатымыз – мүддесі ортақ елжанды жастарды шынайы патриотизмге тәрбиелеу, өңірдің осынау әсем табиғатын баршаға таныстыру, ауыл жастарының қоғамдық істерге белсенділігін арттыру.
Өзара алты топқа бөлінген жас өрендер түрлі сайыстар бойынша сынға түсті. Ән де айтылды, би билеп, сахналық қойылымдарын да орындады. Бір-біріне бауыр басып, дос тауып үлгерді. Лагерьдің өзіндік бір ерекшелігі, өзге ұлт өкілдері үшін дастархан мәзірінде қазақтың ұлттық тағамдары – көже, бауырсақ, құрт, ірімшік, сары майы ұсынылды.
– Алдағы уақытта осынау ауқымды жоба өңірдің барлық аудан-қалаларын түгел қамтымақ. Яғни, Бәйдібек ауданынан бастау алған жоба эстафетасы келесі кезекте Шардара ауданында жалғасын табатын болады. Бұл жолғы шараға қатысуға ниетті жастар қолөнершілер мен қылқалам шеберлері, дәстүрлі әншілер, айтыскер ақындар және жазба ақындар бағыты бойынша іріктеліп алынды, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Береке Дүйсебеков.
Білікті мамандардан дәріс алып, қабілетін шыңдаған жастардың ендігі мақсаты айқын. Ол – бар қабілетін жүзеге асырып, қоғамның дамуына
қалтқысыз қызмет ету. Үш күнге созылған топтық сайыстарда бірлесе жұмыс істей білген жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімін арнайы құрылған әділқазылар анықтады.
Жылу маусымына дайындық жүргізілуде
Пятница, 14 Июль 2017 05:37Бүгінде Шымкент қаласындағы 1800 көпқабатты тұрғын үйдің 376-сы, яғни, 20 пайызы ғана қысқы жылу маусымына дайын. Бұл жөнінде қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен мәжілісте жылу маусымына дайындық жұмыстары бойынша баяндама жасаған қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов мәлім етті.
Сала басшысының айтуынша, қазіргі таңда қала аумағын жылумен қамтып отырған 7 жылу көзі бар. Инвестициялық бағдарлама шеңберінде бүгінде жалпы ұзындығы 411,7 шақырымды құрайтын жылу құбырлары толығымен жаңартылуда. Бұл үшін 650 миллион теңге қаржы инвестиция тартылған. Әзірге, күні бүгінге дейін межеленген жұмыстардың 27 пайызы орындалыпты.
– Қазіргі таңда құбырларды жаңарту жұмыстары Байтұрсынов көшесінде жүргізіліп жатыр. Ондағы 5,2 шақырымды құрайтын қашықтықтың қазір 1,6 шақырымы аяқталған. Жұмыстар қыркүйек айына дейін толығымен тапсырылады, – дейді Нұрлан Қарабалаұлы.
Сондай-ақ, күн тәртібіне сәйкес, мәжілісте қаланың абаттандыру, көркейту бағытындағы жұмыстары талданды. Сала жетекшісінің айтуынша, бұл бағытта Шымкент қаласының жалпы көлемі 16,8 мың гектарды құрайтын жасыл белдеуі тұрғындарды саялы жан рахатына бөлейтін көрікті мекендерге айналмақ. Яғни, қараусыз қалған шатқалдар көгалдандырылып, онда инфрақұрылым жұмыстары жүргізіледі, субұрқақтар, аяқжолдар, басқа да халыққа қызмет көрсету нысандарының қатары артады.
Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 454 шақырымды құрайтын қала көшелерінде тазалық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сала басшысы бұл ретте, жергілікті тұрғындардың арыз-шағымына орай, жұмыс сапасын арттыру бағытында бірқатар міндеттердің нақтыланып отырғанын жеткізді.
Өз кезегінде, сала қызметіне көңілі толмайтынын білдірген қала әкімі
Ғ. Әбдірахымов әсіресе, бұрынғы қоқыс полигондарының орнын көгалдандыру жұмыстары кемшін түсіп отырғанын, мазараттардың қараусыз қалып жатқанын, сондай-ақ, үй жануарларын күтіп-ұстаудағы тұрғындардың бей-берекет әрекетін сынға алды.
– Көше бойына қандай да бір үй жануарын бақылаусыз қоя беретін тұрғындар үшін тәртіп пен жаза түрін қатаңдату қажет, – деді Ғ. Рахматоллаұлы.
– Бұл шараға жергілікті полиция қызметі, қалалық ветеринария бөлімінің мамандары белсенді қатысуы тиіс. Ең алдымен, еліміздің өзге қалаларында бар тәжірибені, тіпті болмаса, өркениетті елдердің бұл саладағы тәжірибесін зерделеген жөн.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі күн тәртібіндегі мәселелердің өзектілігіне тоқталып, сала мамандарына нақты міндеттер жүктеді.
ПИК қызметіне жүктелер міндет КӨП
Пятница, 14 Июль 2017 05:20Бүгінде Шымкент қаласында кондоминиум (ортақ меншіктегі мүлік) нысаны ретінде тіркелген 1914 көпқабатты тұрғын үйдің 40 пайызы, яғни 761-сі күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы орайда, көпқабатты үй қорын сақтауға тұрғындар өздері белсене атсалысуы тиіс. Көпқабатты үйлерді басқару жүйесін оңтайландырудың 2020 жылға дейін өңірлерді дамыту бағдарламасы өзекті мәселенің шешімін табуды көздейді.
Қазіргі таңда көп қабатты үйлерді басқару үшін өзін-өзі басқару жобасы ұсынуда. Әр көп қабатты үй өздері «үй иелері бірлестігін» құрып, үй төрағасын сайлай отырып, үйді басқаруға басқарушы компанияны таңдауға құқылы. Жоба аясында тұрғындар үйді басқаратын компанияларды таңдап, сол қызмет арқылы үй қорын жаңғыртуға мүмкіндігі бар. Яғни, жаңа жүйе бойынша әрбір пәтер иелерінің бірлестігі тарапынан жеке шот ашылуы тиіс. Ондағы атқарылатын, үйлерді күтіп ұстау жұмыстарын ұйымдастыру басқарушы компания жүзеге асырады. Ал оны орындау келісім-шарт негізінде сервистік компанияларға жүктеледі.
Қазіргі таңда мұндай тәжірибе елімізде Астана мен Алматы қалаларында сәтті жүзеге асуда. Нақты айтқанда, тұрғындарға ағымдағы жөндеу, жылу жүйелерін жөндеу, қыс мезгіліне дайындау, санитарлық-техникалық тазалау және электрлі-техникалық жұмыстардың сапалы орындалуына қолайлы жағдай жасау секілді міндеттер атқарылады.
– Пәтер иелерінің кооперативі – меншік иесі емес, ол тұрғындарға қызмет көрсететін менеджер. ПИК – ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етеді. Оған жертөлелерді, дәліздерді тазалау, жарықтандыру, көпқабатты үй аумағының тазалығы мен кіреберіс есіктердің жағдайын бақылау секілді жұмыстар кіреді. Тұрғындардың ай сайын ПИК-ке төлеген ақшасы ағымдағы жөндеу мен штат қызметкерлерінің жалақысына жұмсалады, – дейді БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы бойынша өңірлік өкілі Әбдімәлік Балбаев.
Бұған дейін қызмет көрсетуші мекемелер көпқабатты тұрғын үйлерді жылу беру маусымына дайындаумен ғана шектеліп келді. Өз кезегінде, шатырлар мен жертөлесін, тозығы жеткен үй ғимараттарын жаңалауда бір шешімге келе алмай жататын үйлер жеткілікті болатын. ПИК-тің тиімділігі сол, тұрғындар көпшілік дауыспен басқарушы компанияны таңдаса болғаны, әрине, олар нысанның толық қызметін өз жауапкершілігіне алады. Бағдарламаға сәйкес, күрделі жөндеу кондоминиум нысандары болып есептелетін үйлерге жүргізіледі. Бұл ретте, қала әкімдігіне «тиімді меншік иесін қалыптастыруға» Біріккен Ұлттар Ұйымының «Даму» бағдарламасы бойынша үгіт-насихат жұмыстарына жәрдем бермек.
Осыған орай, 2015 жылдың 5 қараша айында Астана қаласында өткен форумда Біріккен Ұлттар Ұйымының басшыларымен Шымкент қаласының әкімі Ғ. Әбдірахымовтың қол қойған меморандум негізінде Шымкент қаласы әкімдігінің «халықтық кеңсе» ғимаратында «қаланың тұрақты дамуын үйлестіру орталығы» ашылды.
Жауапты сала мамандарының айтуынша, бағдарламада көрсетілгендей, 3 хаттама түзіледі. Алдымен, үй тұрғындары бірінші кезекте нені жөндеу қажеттігін өздері шешеді. Үй комитеті төрағасын да өздері сайлайды. Екіншіден, жұмыстарды жүргізетін мердігер компанияларды таңдап, олар атқаратын жұмыстардың техникалық негіздемесін сараптамадан өткізеді. Үшіншіден, тұрғындар жұмсалатын қаржы көлемін белгілегенде әрбір пәтер иесінің үлесін өзара келісіммен анықтайды.
Расында, өңірдегі тұрғын үй қорының қараусыз қалуы – энергетика және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша шешімін таппай келе жатқан мәселе еді. Мәселен, шатыр, дәліз, жертөле, инженерлік жүйелер, үй айналасындағы жер телімі, тағы басқалары 20-25 жыл қараусыз қалды. Ал қараусыз қалған мүліктің тез тозатыны айтпаса да түсінікті.
Жалпы, айта кетер болсақ, халықаралық тәжірибеде күрделі жөндеуді қаржыландырудың төрт негізгі тәсілі бар: біріншісі, меншік иелері қауымдастығының осы мақсат үшін нақты уақыт кезеңінде жиналған резервтік қорлары, екіншісі, меншік иелерінің ақша жарналары, үшіншісі, мемлекеттік және муниципалдық билік органдары берген гранттар, төртіншісі, нарықтық немесе мемлекеттік (муниципалдық) несиелер.
Бұл бағытта жетекші орындарда тұрған Словакия елінде тұрғын үй кооперативтерін құрылыс банктері арқылы несиелендіру қызметі жүйеленген. Ал Венгрияда тұрғын үй кооперативтеріне қаржылық қолдауды гранттар бағдарламасы арқылы мемлекеттің өзі немесе муниципалитеттер көрсетеді. Ресей Федерациясында пәтер иелері күрделі жөндеу үшін жарналар көмегіне сүйенеді. Яғни, қажетті қаражатты толықтыратын қор қызметі құрылған.
Бүгінде тиімділігін көрсеткен ПИК қызметі үшін алматылықтар пәтерінің әр шаршы метріне 17-35 теңге, ал астаналықтар 22-90 теңге аралығында төлеуде. Айта кететін жайт, қазіргі таңда Оңтүстік өңірінде кондоминиум нысаны ретінде тіркелген 3152 үй бар. Оның 2317-сы күрделі жөндеуді қажет етеді.
Елдігіміз ұлықталып, тарихымыз дәріптелді
Среда, 12 Июль 2017 05:08Шымкент қаласында жылдағы дәстүрге сай, Астана күні айрықша аталып өтті. Іс-шаралар легі шілде айының 5 жұлдызында «Абай» саябағында өткен қылқалам шеберлерінің көрмесінен бастау алды. Онда өнер иелері өз туындыларында Астана қаласының тұнық аспаны мен сәулетті кескін-келбетін айшықты бейнеде жеткізе білді. Сондай-ақ, гүлзарда орналасқан С. Бәйтереков ескерткішінің алдында қаланың шығармашылық ұжымы мерекелік концерттік бағдарлама ұсынды.
Негізгі мерекелік шаралар шілде айының 6 жұлдызында қыза түсті. Күндіз ойын-сауық алаңдарында бүлдіршіндер шат-шадыман күйге бөленсе, жасөспірімдер түрлі мәдени және спорттық сайыстарда өзара сынға түсті. Ал кешқұрым Қазақстан эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен салтанатты кеште қала тұрғындары көңіл сергітіп, тіпті, би де биледі.
Бұл күні бүлдіршіндер үшін есте қалар сәттің бірі зообақта өтті. «Ашық есік күнінде» зообаққа көптеп жиналған жұртшылық Астана есімді керіктің туған күнін тойлауға да мүмкіндік алды.Сонымен қатар, балалар өздерінің сүйікті мультфильмдерін тамашалап, қуыршақтармен көңілді ойындар ойнады.
Бұл мезгілде «Шымкент плаза» ойын-сауық кешенінің алдында 120 жас мерекелік флешмоб ұйымдастырды. Сондай-ақ, «Ақсу» жазғы демалыс лагерінде демалып жатқан бүлдіршіндер осы кеште қала аумағында танымдық экскурсия жасады.
Ал Орталық саябақта кітапсүйер қауым Астана қаласының бүгіні мен келешегінен сыр тартатын белгілі авторлардың жазбалары, еңбектерімен танысты. Ашық аспан астында ұйымдастырылған кітапхана қызметінде оқырманға Қазақ Елінің бас қаласы жөнінде қажетті мағлұмат берілді. Сонымен қатар, саябақта бар өнерін паш еткен жас қылқалам шеберлері туындыларын Астана қаласының құрметіне арнады.
Әл-Фараби атындағы орталық алаңға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары кешкілік мерекелік шараның салтанатын арттырған эстрада жұлдыздарының өнерін тамашалады.
Хореографиялық қойылыммен басталған концерт барысында классикалық және халықтық әндер шырқалды. Әсіресе, елімізге белгілі эстрада жұлдызы Мөлдір Әуелбекова мен «Алау» тобының орындауындағы әндер кештің ажарын аша түсті.
Бүлдіршіннің есімі – Астана
Среда, 05 Июль 2017 09:25Шымкент қаласында Астана есімді екі жасар бүлдіршін тұрады. Ақсары келген, сөзі балдай балақай дүниеге келгенде атасы Жамбыл немересінің есімін өзі таңдап қойған екен.
Бүгінде «Самал-2» шағынауданында тұратын Молдабаевтар отбасын жергілікті тұрғындар жайдары, көпшіл мінезіне сай парасат иелері ретінде таниды. Отбасында төрт ұл, төрт қызды тәрбиелеп өсірген Жамбыл қария көршілес Өзбекстан елінен Шымкент қаласына 2004 жылы көшіп келіпті. Бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған атай Өзбекстанның Ташкент облысына қарасты Шыназ ауданында 20 жыл бойы Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебінде басшылық міндетін атқарған.
– Біз тұрған Шыназ ауданында 18 қазақ мектебі болды. Яғни, қазағы басым ауданда ұл-қыздарым өз тілі мен ұлттық дәстүр, мәдениетінен алшақ кеткен жоқ. Құрметті еңбек демалысына шыққан соң, тәуекел етіп, елге оралуды жөн көрдік, – дейді ол.
2014 жылдың 30 желтоқсанында атайдың екінші ұлы – Тұрланның отбасында ұл бала дүниеге келді. Бұл Тұрлан мен Меруерттің көптен аңсаған қуанышы еді. Үш қыздан кейін көріп отырған ұлының есімін қоюды балалары Жамбыл қарияның қалауына қалдырады. Нақ сол сәтте бір байламға тоқтаған атай Қазақ мемлекетінің еңсесін тіктеп, арман қалаға айналған Астананың құрметіне нәрестеге қала атауын беруді ұсыныпты.
– Астана өз қатарластарымен салыстырғанда өте қабілетті. Естіген өлең сөздерін жылдам жаттап алады. Мейірімді, көпшіл, қолына тиген бар тәттіні өзгелермен бөлісіп жүреді. Билеген кезде де алдына жан салмайды әрі өте бауырмал, – дейді атасы.
Қазіргі таңда бүлдіршін «Алтын арай» балабақшасының сәбилер тобында тәрбиеленуде. Айтпақшы, осыдан бір ай бұрын ғана Тұрлан мен Меруерттің отбасын толықтырып, тағы бір сәби дүниеге келді. Оның есімін әкесі Әсел деп қойыпты. Бұл – Жамбыл атайдың ұл мен қыздан тараған отызыншы немересі екен.
Байқағанымыз, ойын қызығына енген Жамбыл атайдың кішкентай немерелері шынында да, аса зерек-ақ. Үлкен баласы– Ертайдың ұлының есімі—Нұрсұлтан. Елбасының құрметіне қойылған. Ол жуырда ғана Ақтөбе қаласындағы «Ұлан» әскери училищесінің бірінші курсын тәмамдап келіпті. Талапты жас алдағы болашақ өмірін ұшқыш мамандығымен байланыстырғысы келетінін айтады. Ертайдың онан кейінгі ұлы Мұса биыл Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің химия-биология бағыты бойынша 10 сыныбын бітірген.
– Ендігі Алладан медет етер арман-тілегім – Қазақ мемлекетіне адал қызмет етіп, абыройға жеткен балаларымның орындалған мақсатын сезіну ғана, – дейді Жамбыл қария. Татулығы жарасқан отбасы мүшелерінің ырысты да қарышты тіршілігін зерделей отырып, біз де атайдың асыл армандарының орындалуын іштей тіледік.
Әлемдік БАҚ: «Пост-кеңестік қаладан – ғажайып Астанаға дейін»
Пятница, 30 Июнь 2017 06:53Баламалы энергия көздерін табуды, дамытуды және оны қолданысқа кеңінен енгізуді мақсат ететін осынау көрмеге және оның тақырыбына қазір оң баға берушілер көп. Өйткені, энергетика көздері соңғы жылдары көптеген елге қолжетімсіз болып барады. Оның тапшылығы Орталық Азия елдері арасында да қатты сезілуде. Сондықтан, Астанада өтіп жатқан көрмеден үміт күтушілер көп. Бұл ретте, әлем сарапшылары мұнай мен көмірдің орнын басатын энергия көздері дәл осы ЭКСПО-2017 көрмесінде таныстырылуы керек деп есептейді. Өйткені, бұған дейінгі Халықаралық көрмелердің ешбірі бұл тақырыпқа арналмаған еді.
Қоқыс полигондарының проблемасы бүгінде әлем елдерінде өзектілігін жойған емес. Осы орайда, Қазақстан ЭКСПО-2017 көрмесіне баламалы энергия көздеріне арналған 30-ға жуық жоба ұсынған. Барлығы дерлік желден, су мен күннен және жерден энергия алуға лайықталған жобалар. Бүгінде елімізде қоқыс полигондарының саны 4 мыңнан асып жығылады. Яғни, жалпы көлемі 43 миллиард тоннаны құрайтын қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарату басты назарда тұр. Бұл тұрғыда, «Азия жолбарысы» атанып кеткен Сингапурдың тәжірибесі әлем елдеріне үлгі болуы тиіс. Өйткені, аталған шағын мемлекет қоқысты өңдеумен қатар, одан энергия қуатын өндіріп шығаруды ұсынып отыр.
Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Словакия павильоны заманауи үлгіде жасалған «эко-үйді» көпшіліктің назарына ұсынды. Мұнда адамға қажетті дүниелердің барлығы табылады. Тіпті, жаңа үй күннен қуат алып, жаңбыр суын тазартатын қабілетке де ие.
«ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде Италияның болашақ энергиясы саласында жеткен жетістіктерін де зерделеуге болады. Ондағы Марке, Тоскана және Умбрия өңірлері ренесанс дәуіріне жататын ең құнды жәдігерлерді көпшіліктің назарына ұсынуда.
Осы аптада Халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында «Ежелгі Мысыр ескерткіштері» атты көрме ашылды.
Көрмеге Тутанхамон топтамасы заттарының жартылай асыл тастармен әшекейленген фараонның алтын жалатылған ағаш күймесі, жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жалатылған ағаш тағы, сыртқы саркофагы, жартылай асыл тастармен әшекейленген алтын жаға қойылған. Сонымен қатар, Мысырдың бай тарихы династиялыққа дейінгі кезеңнен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы әртүрлі тарихи кезеңдердің бұйымдары мен жәдігерлері көрініс тапқан. Көрмеде династиялыққа дейінгі кезең Ежелгі Мысырдағы иероглиф жазуының пайда болуының үлгісі саналатын фараон Нармердің Палеткасымен таныстырылады. Көрме 3 тамызға дейін жалғасады.
Бүгінде Астанадағы көрме жайында әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Әр ел өз павильоны туралы мәлімет келтірсе, кей баспасөз аз уақытта бой көтерген көркем нысандарды бейнелеген.
АҚШ-тың «Forbes» журналында «Қазақстан әлемдік аренаға тағы бір қадам жасады» тақырыбында жарияланған көлемді мақаласында «ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақстан баламалы қуат өндіруде жаңа деңгейге көтеріледі» деген баға берілген. Ал Ұлыбританияда жарық көретін «Daily Mail» басылымы Астананың «ЭКСПО 2017» халықаралық көрмесіне өте жақсы дайындалғанын атап өтіпті. Сондай-ақ, АҚШ-тың CNN телеарнасы «Пост-кеңестік қаладан – ғажайып Астанаға дейін» тақырыбында арнайы көрсетілім әзірлеп, елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деп баға беріпті. Және онда Астананың көркем ғимараттарымен қоса, әр нысанның анықтамасын да көрсеткен.
Осылайша, көрмеге қатысып жатқан 100-ден астам елдің баспасөз құралдарының «Астана ЭКСПО-2017» туралы жазғанын мысал ретінде келтіруге болады. Күні бүгінге дейін әлемдік ақпарат құралдарында жарияланған мақала, сюжеттердің саны мыңнан асады. Сыннан гөрі салмақты сараптама басым. Ең бастысы, еліміз сын сағатта жол тауып, бүкіл әлем алдында абыройлы, мәртебелі іс атқарды. Бұл – сан ғасырдан бері Ұлы даланы мекендеген қазақ елінің тарихта алтын әріппен жазылатын ұлы ісінің бірі болды.
Астанада ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде қауіпсіздік шараларына да айрықша көңіл бөлінген. Мұнда күн сайын 5 мыңнан астам ішкі істер органдарының қызметкері кезекшілікке шықса, оның 2 мыңнан астамы көрме аумағында қызмет атқарады.
Көрме аумағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы, сондай-ақ, полиция бөлімі және өрт сөндіру депосы жұмыс істейді.
Көрме кешеніне кіретін қақпаларда тексеріп өткізу жүйесі барынша күшейтілген. Рентген-телевизиялық қондырғылардың, металлдетектор және жарылғыш заттарды анықтайтын детекторлардың көмегімен тексеріп-қарау жүргізіледі.
Қорғаныс министрлігі ұшқышсыз ұшатын тіркелмеген ұшу аппараттарының көрме аумағында ұшуына жол бермес үшін 3 шақырым радиустегі аумаққа және 3000 метр биіктікке шектеу қойған. Ұшқышсыз ұшатын ұшу аппараттарын басқаратын сигналдарды бөгеуге радиоэлектронды қолдырғылар пайдаланылады. Бұл топ әуені құрылғы арқылы қадағалайтын полицияның жедел тобымен бірге жұмыс істейді. Әуені қадағалау құрылғылары көрменің аумағына және оған жақын көшелерге де орнатылған.
Қазіргі таңда, көрмеде әлемнің 46 елінен келген еріктілер жұмыс істеуде. Айта кетер жайт, күн өту, әлсіреу, сондай-ақ созылмалы аурулары бар жандар тарапынан 146 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Мемлекеттік қызметші – мерейлі міндет
Среда, 28 Июнь 2017 12:53Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, қала әкімдігінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметкерлерді кәсіби мерекемен құттықтады.
– Мемлекеттік қызмет әр адамнан жауапкершілікті, туған жерге деген ынтасыз қызметті талап етеді. Біздің міндетіміз – күн сайын халықтың мемлекетке деген сенімін арттыра түсу. Біз мемлекеттік қызметке қабылданған күні берген антымызды ұмытпауымыз керек. Халықтың мемлекетке деген сенімі қарапайым мемлекеттік қызметшіден басталады. Осы орайда, әкімдік қызметкерлерін тұрғын үймен қамту да басты назарда – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.
Айта кетейік, қазіргі таңда Шымкентте 500-ге жуық мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Биыл «Б» корпусындағы 369 мемлекеттік қызметшінің барлығы аттестациядан өтіп, өздерінің біліктілігін дәлелдеген. 15 маманның лауазымын жоғарылату жөнінде ұсыныс жасалыпты.
Салтанатты шара барысында түрлі дәрежеде еңбек өтілі бар 10 мемлекеттік қызметкерге қала әкімінің «Алғыс хаты» табысталды. Ал тағы 10 қызметкер «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес, салтанатты түрде ант қабылдады. Концерттік бағдарлама аясында құрылымдық бөлім қызметкерлері өздері де ән салып, би биледі.