Марфуға Шапиян, журналист: «Шымкентті сағынып тұрамын»

Пятница, 08 Апрель 2016 05:16 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5481 раз

Шымкент – қырдағы қызғалдақтай бой түзеген шырайлы мекен. «Ақылды қала» жобасы бойынша алға қарыштап қадам басқан сұлу шаһар бүгінде толассыз түлеу, дамылсыз даму үстінде. Бұл – біздің ғана емес, Шымкентке еліміздің өзге өңірлерінен һәм алыс-жақын шетелден келген азаматтардың пәтуалы пікірі. Осы орайда біз қалаға сапарлаған қонақтардың Шымкентке деген шынайы ықыластан туған ақжарма көңілі мен ой-пікірін, алған әсерін газет бетінде бөлісіп отырғанды жөн көрдік. Сонымен, жаңа айдарымызға көз салып, оқи жүріңіз, қадірменді оқырман!

IMG 7251

– Шымқалада алғаш осыдан үш жыл бұрын наурызда болғанмын. Қаланың қазақилығы, табиғаты, әдемілігі, адамдары, бәрі-бәрі қатты ұнаған. Өткен сенбі-жексенбіде Оңтүстіктегі әсем шаһарға жол түсті. Астананың көктемін зарыға күтіп, көңіл күйім болмай жүрген жазған басым, Шымкенттегі жазды көргенде жадырап сала берді. Табиғаты секілді адамдары да жып-жылы ғой, Шымкенттің!
Үш жыл бұрынғы Шымкент пен қазіргі қаланың айырмашылығы үлкен екен. Өскен, өнген. Жаңадан салынған көрікті жерлер де, үйлер де баршылық. Өзі әдемі қала сұлулана түскендей. Мен Астана мен Алматыдан байқамаған «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған ескерткішті де шымкенттіктер тұрғызып қойыпты. Шымкенттің «Көктөбесі» – Бәйдібек бидің ескерткіші тұсына да келіп, түнгі қаланы тамашаладық. Сосын Шымкенттің «Мадлені» туралы көп естуші едім, осы жолы бірінші рет бардым. Қатты ұнады.
Ал қаладағы Орталық мешіт мен үш жыл бұрын келгенде салынып жатқан болатын. Қазір әп-әдемі болып тұр. Құрбымнан қалада бұдан да үлкен тағы бір мешіттің іргесі көтеріліп келе жатқанын естідім. Келесі келгенімше ол да бітіп қалар.
Дендросаябақты алғаш көргенде «Шіркін, сенбі-жексенбіде мұнда келіп кітап оқып жатар ма еді!» деп армандағам. Сондай әдемі бақ. Ал осы жолы Дінмұхамед Қонаев, Асанбек Асқаровтар өз қолдарымен отырғызған ағаштарды көрдім. Ғажайып бақтан шығып, «Домбыра-пати» өтіп жатқан Орталық саябаққа тарттық. Жалпы, Шымкент жастары өте белсенді екен. Сосын қонақжай.
Өзге өңірлердегі достарыма айтарым, Шымкентке барғанда аталған жерлерге міндетті түрде барыңыз. Өкінбейсіз!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.