Туризмді дамыту мәселесі талқыланды

Среда, 08 Июнь 2016 05:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5471 раз

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ОҚО Туризмді дамыту комитетінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер мен туризм саласы қызметкерлерінің кезекті мәжілісі өтті. Жиынға ОҚО Кәсіпкерлер Палатасының директоры А.Абубакиров, «ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы» Ассоциациясының атқарушы директоры Г. Ақбердиева және Шымкенттегі қонақүй, мұражай, туристтік қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері қатысып, оңтүстік туризмін дамыту жайын талқылады.

«ОҚО Туризм индустриясын дамыту орталығы» Ассоциациясының атқарушы директоры Г.Ақбердиева жақында ғана Түркиядан алған тәжірибесімен бөлісті.

– Туризм саласында бәсекеден бұрын бірігіп жұмыс істеуге көбірек көңіл бөлу керек. Түрік елінде өткен сабақтарда түрік қонақүйлері бір мақсатпен бірігіп жұмыс істейтінін байқадым. Әр қонақүй жеке табысы мен беделін емес, саяхатшының қызығушылығын қамтамасыз етуді ойлайды. Жалпы, елімізге қонаққа келген адамдар қаншалықты жақсы әсер алып қайтса, өз еліндегі жарнамасы да соншалықты ықпалды болады. Мейлі, ол бес жұлдызды қонақүйге тоқтасын, мейлі төрт жұлдызды, оның көретіні – бір Шымкент, бір Оңтүстік, – деген Гүлмира Асатілләқызы кәсіпкерлерге түрлі идеяларын ашып айтты.

Соның бірі – Оңтүстікті бейнелейтін магнит жапсырмалар немесе «Шымкент» деген жазуы бар кішкентай ғана арзан кәдесыйларды заман талабына сай шыны сөрелерге орнатып, барлық қонақүйлердің кіреберіс дәлізіне орнату және арзан бағада сату. Бұл ұсыныстың пайдасы сол, әр кәдесый барған жерінде жарнаманың міндетін атқарады. Тіпті, саяхатшылар сабылып келмесе де, сол кәдесый арқылы Шымкентті тани береді.

Кәсіпкерлер палатасында туристердің Оңтүстіктегі этномәдени ошақтарды аралау үшін ортақ маршруттық жүйе жасау, кесенелер мен демалыс орындары туралы Темір жол вокзалында, әуежайда, барлық қонақүйлерде біркелкі мәліметтер парақшасын жайғастыру, youtube-желісінен ОҚО туризмін тұрақты түрде насихаттайтын канал ашу мәселелері де талқыға түсті.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.