Қайта түлеген Дендросаябақ

Среда, 08 Июнь 2016 06:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 19700 раз

Шымкентке қонақ болып, ат басын бұрғандардың дені жасыл желек жамылған дендросаябаққа соқпай кетпейді. Бұл мекен қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналғалы қашан. Бір мезгіл бой сергітіп, таза ауамен тыныстап қайту үшін ағылатындар көп мұнда.

dendro

Аптап ыстықта жанға сая іздеп, біз де осы саябаққа аяңдадық. Айнала жап-жасыл. Құстардың сайраған үні естіледі. Дендросаябақтың ғылым, мониторинг және молайту бөлімінің басшысы Гүлшат Сыдықова қарсы алып, жол бастап, әңгімесін әріден бастады.
Тарих беттерін парақтасақ, Шымкент дендрологиялық саябағын құрудың тарихы 1979 жылдан бастау алады. Бұл аумақ сол жылдары қала ма-ңындағы қоқыс тастайтын орын болған деседі. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген.

– Дендросаябақ Оңтүстік Қазақстан өңіріне отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген, – дейді Гүлшат Сыдықова.

dendro-2

Бірақ, 90 жылдары тоқырау кезінде саябақ күтімсіз қалып, жабайы тоғайға айналады. Тек 2009 жылы сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың қолдауымен «Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылды.

Қаржы бөлініп, абаттандыру жұмыстары қолға алынады. Су жүйелері, саябақ ішіндегі ішкі жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу жолдары қалпына келтіріледі. Кіреберіс қақпасы қайта жөндеуден өтті. Осылайша тынығушылардың көрікті демалыс орнына қайта айналды.

 MG 9227

Дендросаябаққа кіру құны – 100 теңге. Алматы қаласының тұрғыны Әсел Дағжанға үнемі достары дендросаябақ туралы айтып, қызықтырған соң, Оңтүстікке келген сапарында арнайы ат басын бұрыпты. – Шымкентке алғаш келуім. Дендросаябақ жайлы көп естідім. Бәрі мақтап келетін. Сол мақтаулардың шындыққа жанасатынына көз жеткізіп отырмын. Яғни, бекер мақтамайды екен. Тып-тыныш. Жап-жасыл. Санаң сергиді. Кітап алып келіп, оқысаң, тіпті тамаша шығар, – дейді Әсел.

Дендросаябақта отау құрып жатқан жастардың сүйікті жеріне айналған «Жас жұбайлар» мен «Ардагерлер» аллеясы бар. Той серуенін өткізуге келген ақ көйлек киген келіншек пен костюм-шалбар киген күйеу жігітті жиі кездестіресіз. Өмірінің ең шуақты кезеңдерінен фотосессия жасап, көпір үстіндегі темірге ырым ғып құлып тағып кетіп жатады.

 MG 1416

Айтқандай, дендросаябақ ресми түрде ашылғалы бері, яғни 30 жылдан бері тал-дарақтарға санақ жұмыстары жүргізілмепті. Өткен жылы Алматыдағы Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары үш ай бойы ағаштар мен бұталардың түрін ғана емес, әрқайсысы қай жерде өсіп тұрғанына дейін анықтап шықты. Сонымен, ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының мәліметі бойынша, қазір Шымкенттегі дендросаябақта талдың 213 түрі ғана қалған. Оның 142-сі тал, 71-і бұта. Ал ашылған сәтте тасқа қашалып жазылған 1360-тан астам түрден қалғаны осы ғана бүгінде. Сондай-ақ, дендросаябақ ішіндегі ағаштар мен мүсіндердегі аты-жөндерін бадырайтып жазып кеткен жазудан көз сүрінеді. Бұл мәдениетіміздің төмен көрсеткіші, дұрыс демала алмайтынымыздың айғағы. Тамаша демалыс орнын көздің қарашығындай сақтау, оларды бүлдірмеу – әрбіріміздің азаматтық борышымыз екенін ұмытпасақ екен.