Таяу болашақта Оңтүстік тұрғындары шалғай аудандарға әуе жолы арқылы қатынауы мүмкін. Бұл жайында ОҚО әкімінің орынбасары С.Тұяқбаевтың канадалық «Викинг ЭЙР» компаниясының өкілдерімен өткен кездесуде сөз болды.
Шымкентке келген сапарында компания өкілдері «Twin otter 400» ұшағының таныстырылымын өткізді. Қонақтар таныстыру рәсімінде заманауи әрі сапалы ұшақтың 19 орынға лайықталғанын, сондай-ақ, әуе кемесінің тек жолаушыларды тасымалдап қана қоймай, жүк тасымалымен де айналысатынын жеткізді. Айта кетерлігі, ұшақтың құны 7 млн АҚШ долларына бағаланған. Көп салалы ұшақтың су бетіне, тіпті асфальт төселмеген қара жерге де қонуға мүмкіндігі бар.
ОҚО әкімі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, біздің ел мен канадалық компания арасындағы келіссөздер жақсы нәтиже берсе, осы ұшақтардың алғашқы бағыты Шардара болмақ. Одан кейінгі бағыттар Мақтарал мен Созақ аудандары болуы мүмкін.
«Викинг Эйр» компаниясы өкілінің айтуынша, олар біздің елімізбен жұмыс жасауды көптен бері жоспарлап келген екен. Сонымен бірге, Қазақстанның экономикалық әлеуеті азаматтық авиация тұрғысынан өте жоғары деп есептейді.