Қаламыз көркейсін десек... Избранное

Пятница, 09 Сентябрь 2016 04:45 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5250 раз

Қала тазалығы әр үйдің ауласынан басталады. Осы орайда, маусым айынан басталған «Таза қала» байқауына тұрғындар белсене қатысуда. Қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізіліп жатқан шара тұрғындарды тазалық пен тәртіп сақтауға, қоршаған ортаны көркейтіп, туған өлкені абаттандыруға шақырады. Биыл байқауға қатысуға Еңбекші ауданы бойынша 64 аула, 12 көше өтініш берген. Қоғамдық ұйым мен коммуналдық қызмет өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарынан құрылған комиссия үздікке үміткер аулаларды аралап көрді.

Sequence 0112

Ғ. Іляев көшесіндегі №115 үйдің тұрғындары «Үздік аула» номинациясынан жүлде алуға үмітті. Ол үшін екіқабатты үйдегі 12 пәтер иелері ұйымшылдықпен тер төккен. Аулаға кіргеннен ертегілер әлеміне енгендей әсер қалдырады. Нағыз тазалық жанашырлары ауланы жасыл желекпен көмкерген. Тұрғындар әрі шебер, әрі бағбан болып шықты. Ағаш көшеттерін баптау, гүлдерді күту зейнеткерлерге таптырмас демалыс. Ал «Ақсу» көшесі тұрғындары Үлгілі көше атануға тырысуда. Олар байқау басталғалы көшені көркейтіп, өнімді жұмыс атқарған. Әсіресе, зейнеткер Ілияс Тойшиевтің еңбегі ерен. Қария қол қусырып отырмай, көше тазалығына белсене атсалысуда. Бір өзі көшеге ағаш көшеттерін отырғызып, адам танымастай өзгертіпті. Басында таңырқай қараған тұрғындар көгалдандырудың отбасы үшін пайдасын түсініп, түгел атсалысатын болған. Қазір зейнеткерге көршілері дән риза. Балалар да жеміс көшеттері мен гүлдерге тиіспейді. Ілияс Тойшиевтің туған қаласына сүйіспеншілігін үлкен-кішіге үлгі тұтарлық өнеге деуге болады.
– Тазалықты отбасымызбен сүйеміз. Бүгін ғана емес, күнделікті тазалықты сақтаймыз. Шымкенттіктерге айтарым: мұнда топыраққа не ексең де өсіп шығады. Ал құнарлы жерді тақыр қылу мәдениетімізге сын, – дейді зейнеткер. Сондай-ақ Желтоқсан көшесі де «Үлгілі көше» номинациясын алуға үміткер. Байқау шарты бойынша, бір жылы жүлделі орыннан көрінген көше келесі байқауға қатыстырылмайды. Ондағы мақсат – қаланың барлық көше тұрғындары мен аула жанашырларын осы акцияға қамту.
– Биылғы байқауға тұрғындардың ынтасы ерекше. Тыңғылықты жұмыстар атқарылған. Былтыр жүлделі орын алғандар тағы да қатысып, қатысушылар саны көбеюде. Біз «Үздік аула», «Үздік көше» номинациялары бойынша тұрғындардың еңбегінің лайықты бағасын алатынына сенімдіміз, – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамуддин Рысбай.
Комиссия мүшелері сондай-ақ Ш. Уәлиханов көшесіндегі 231, 16 шағынаудандағы 62, 64, 51, 57 үйлерде болды.
Осы аптада Шымкенттің 4 ауданы бойынша акцияға қатысқан барлық көшелер мен аулалар бақылаудан өтеді. Ал қыркүйектің 13-і күні комиссия жеңімпаздарды анықтайды.

 

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.