Шымқаланың шырайы – тазалықта Избранное

Среда, 21 Сентябрь 2016 05:14 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 4099 раз

Қала күні қарсаңында «Таза қала» акциясы өз мәресіне жетіп, Шымкенттің ең үздік ауласы мен көшесі анықталды. Қала әкімдігі мен ОҚО «Азаматтық Альянсы» қауымдастығы ұйымдастырған байқауға 206 аула, 117 көшенің тұрғыны мен төрағасы қатысуға ниет білдірген.

DSC 1185

– Шаһарымыздың гүлденуі мен тазалығына әрбір азамат жауапкершілікпен қараса, бұдан да шырайына шырай қосып, көркейері анық. Осы акцияға белсене қатысқан тұрғындарға алғысымды білдіремін. Биыл бұл байқау төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Қуанатынымыз, биыл жастардың, мектеп оқушыларының да қолғабыс етіп жатқанын көрдік, – дейді қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

Әр он бес күн сайын комиссия мүшелері ұсынылған аула мен көшелерді аралап, тексеріп отырды. Нәтижесінде, «Үздік аула» аталымы бойынша: Абай ауданы аумағында 8 шағынауданының №6 үйінің ауласы, Әл-Фараби ауданы аумағында Рашидов көшесінің №22а үйінің ауласы, Еңбекші ауданы аумағында №231 үйінің ауласы және Қаратау ауданы аумағында «Нұрсәт» шағынауданының №142 үйінің ауласы жеңімпаз деп танылды.

DSC 1191

Ал «Үздік көше» аталымы бойынша Абай ауданы аумағынан – «Жайлау» шағынауданының Қажымұқан көшесі, Әл-Фараби ауданы аумағынан «Забадам» шағынауданының Сералиев көшесі, Еңбекші ауданы аумағынан Түркістан көшесі, Қаратау ауданы бойынша «Асар» шағынауданындағы №38 көше үздік шықты. 

Үздік аула мен көшенің төрағасын қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мен «Азаматтық Альянс» қауымдастығының президенті Шәріпбек Жамалбек арнайы марапаттап, 200 мың теңге мен диплом табыс етті. ІІ-орын иеленгендер 150 мың теңге, ІІІ-орын жеңімпаздары 100 мың теңге, ал ынталандыру сыйлығының иегерлері 50 мың теңге сыйақыға ие болды.

– Әрбір адамның туған қаласына деген сүйіспеншілігі тазалықтан бастау алу қажет. Айналамыздың тазалығына, жасыл-желекке қатты мән береміз. Көршілерімізбен ақылдасып, бұл қаржыға ауланы ары қарай гүлдендіруге қажетті құрал-жабдықтар сатып аламыз, – дейді үздік аула төрағасы Зайнулла Баймұханбетов.
Бұдан бөлек, қала тазалығына жауапты «Нұр-Сат» мекемесі, акцияға белсене қатысқан мектеп оқушылары мен тұрғындардың тазалық сақтау жұмысына белсене араласып, құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген ішкі істер саласының қызметкерлері қала әкімінің «Алғыс хатына» ие болды.

Другие материалы в этой категории: « Шымкент: кеше және бүгін Аяқжол салынуда »