×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қала көркі – тазалықта Избранное

Среда, 12 Октябрь 2016 04:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2644 раз

Шымкентте заңсыз сауданы түпкілікті жою мүмкін болмай тұр. Саудалаған тауарын жол бойына қойып, тапқан табысынан мемлекетке салық төлеуге ниетті емес. Өкініштісі, жабайы жаймаларда сатылатын тауарлардың сапасына ешкім мән бере бермейді. Сол себептен де, жергілікті әкімдік қызметкерлері жер-жерлерде құқық қорғау қызметкерлерімен бірлесе сұрықсыз саудамен ұдайы күрес жүргізуде.

kiosk-2

Әл-Фараби ауданы әкімдігінің мамандары ұйымдастырған бұл жолғы рейд фастфуд және басқа да тауарлар сатылатын заңсыз орнатылған дүңгіршектерді жоюға бағытталды. Ең алдымен, арнайы құрылған топтың тоқтаған жері А. Байтұрсынов көшесінің бойындағы «Гарант» аялдамасы аталып кеткен аумақтағы дүңгіршік болды. Байқағанымыз, тар орынға орналасқан сұрықсыз сауда дүңгіршегі бірден оғаш көрінеді. Соның салдарынан, ретсіздік орын алған. Айналасында шашылған күл-қоқыстарға қарамастан, мұнда фастфуд өнімдерінің саудасы қыза түскен.

– Аудан аумағындағы дүкендердің, аялдамалар мен тұрғын үй ғимараттарының маңында рұқсатсыз, тіпті санитарлық кітапшасы жоқ басқа елден келгендердің шаурма, донер, самсалары көптеп сатылуда. Өкінішке қарай, ретсіз сауданың кесірінен жол-көлік кептелісі туындап, азаматтардың жүріп-тұруына кедергі келтіруде. Сонымен қатар, қаланың көркі бұзылады. Осыған орай, біз жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар өткізіп тұрамыз, – дейді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Серік Нұрманов.

Тексеру барысында құқық қорғау қызметкерлері көше бойында косметикалық өнімдерін ұсынып отырған азаматшаға мән-жайды түсіндірген еді, сатушы бірден алғаш рет сауда жасап тұрғанын айтып, ақталды. Заң бойынша оған ескерту берілді.

Мамандардың айтуынша, көбіне сатушылар не сатса да, барлығын адалынан атқаратынын, тауарды еш жерден ұрлап алмайтынын уәж ететін көрінеді. Дегенмен, әкімдік қызметкерлері тарапынан жасалған лайықты жәрдемді пайдаланып, жыл басынан бері бұған дейін ретсіз саудамен айналысып келген 95 тұлға «Қырғы базарына» орналастырылыпты. Бұдан бөлек, аудан аумағында 2580 жарнама алынып, 139 кәсіпкер қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне салық төлеуші ретінде тіркелген.

Көше бойында жүйелік пен реттілікті сақтау мақсатында аптасына 2 мәрте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келген аудан әкімдігі жыл басынан бері 79 заңсыз дүңгіршектің қызметіне шектеу қойыпты. ҚР Әкімшілік Кодексінің 204-бабы бойынша 495 хаттама толтырылған. Оның 27-не 360 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 217 мың теңгесі өндірілген. Қазіргі кезде аудан аумағында заңсыз жұмыс істеп тұрған тағы 23 дүңгіршек анықталып отыр. 

Сонымен қатар, ҚР-ның жарнама туралы заңына сәйкес, аудандағы көшелердің бойларындағы нысандар иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, ретсіз және заңсыз орналасқан жарнамалар орындарынан алынуда. Бұл ретте, Заңда көрсетілген 505-бап бойынша 693 заңсыз жарнама иесіне хаттама толтырылды. Оның 7-не 300 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. 212 мың теңгесі өндірілген.

Последнее изменение Среда, 12 Октябрь 2016 08:47