Сұрақ: Нұрия КАМАЛҚЫЗЫ, қала тұрғыны:
– Біз Айбергенов көшесінде тұрамыз. №1 үйдің қарсы бетіндегі көше бойындағы жарық шамдары шаңқай түсте де жанып тұрады. Бұрын кешкі сағат 19.00-де жағып, таңғы сағат 5.30-да өшіруші еді. Соңғы кезде күндіз де жанып тұратын болды. Бұл ысырап қой. Энергия тапшы заманда босқа көше шамын жағып қоюға бола ма екен? Осыны мамандар реттесе деген тілегім бар.
Жауап: Еркін АЙСАРТОВ, Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекші маманы:
– Бұл жағдай қысқа тұйықталу нәтижесінде орын алып отыр. Электр бағаналары мен сымдарын тексеру барысында ақау орын алғаны анықталды. Қазір бәрі де реттеліп, көше шамдары белгіленген режимде жанып, өшіп тұр.
Нұрия Камалқызы, мәселені айтып, дер кезінде хабар бергеніңіз үшін сізге көп рақмет. Қаламыздың әрбір тұрғыны айналасындағы келеңсіздікке бейжай қарамай, осындай мәселелер туындай қалған жағдайда мамандарға хабарлап отыруы керек деп ойлаймын.