«ДАМУ» демеген жобалар Избранное

Среда, 31 Март 2021 03:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1580 раз

Коронавирус инфекциясы қоғамның қалыпты өмірін күрт өзгертіп жібергені рас. Көптеген кәсіпкерлік нысандары соның ішінде қызмет көрсету саласы табысынан қағылды. Осындай қиындықтарға қарамастан елімізде бизнес өкілдеріне әртүрлі көмектер көрсетілуде. Іскер азаматтарға берілген жәрдемдердің бірі жайлы Шымкент қаласындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының бөлім басшысы Сабыржан ИСАҚОВ айтып өтті.

503

 

–Карантин режимі кезінде көптеген кәсіпкерлер несие төлемдерін кейінге қалдыру туралы өтінішпен екінші деңгейлі банктерге жүгінген. Мұндай өтінімдерді «Даму» қоры да қарастырды. Қорда 248 жоба қаралды, оның жалпы сомасы 15 миллиардтан астам теңгеге тең. 104 млн.теңге шамасында субсидия төленді. Барлығының несие төлеу мерзімдері кейінге қалдырылды. Коронавирустық пандемиядан туындаған жағдайдан бөлек, басқа да себептермен шағын және орта бизнес өкілдері өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болды. ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 қазандағы №679 қаулысына сәйкес төтенше жағдай жарияланған күннен бастап, яғни 2020 жылғы 16 наурызынан 2021 жылғы 15 наурызына дейінгі аралықта экономика секторындағы зардап шеккен шағын және орта бизнеске 12 ай мерзімге субсидия беру туралы шешім бекітілді. Осылайша қызметтің 29 түрін көрсететін шағын және орта кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берешегін субсидиялауға мүмкіндік алды,-деді ол.

505


Сабыржан Оразқұлұлының айтуынша, Қор 177 жоба бойынша түзілген келісімшарттарды субсидиялаған. Жалпы несие сомасына келсек, 4,7 млрд теңге, оның ішінде төленген субсидия мөлшері - 72,4 млн теңге. Қор көмегімен қаржы алған кәсіпкер несие мөлшерлемесінің 6% төлейді, қалған айырмашылықты мемлекет өтейді. Несиенің базалық мөлшерлемесі 18% дейін барады. Қор өкілінің баяндауынша былтыр сәуірде «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына бірнеше өзгерістер енгізілген. Мысалы үшін несие мөлшерлемесі 6%-ға төмендетілді, субсидиялауға жататын несие көлемі 7 млрд теңгеге дейін артты. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге аталған бағдарламаға қатысуға мүмкіндік ашқан. Соның нәтижесінде экономиканың әртүрлі секторында қызмет көрсететін шағын және орта бизнес пен өңдеу өнеркәсібінде табыс тауып жатқан ірі кәсіпорындар қаржылай қолдауға ие болуда.
Үкіметтің шешімімен өткен жылдың шілде айында да «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына тағы да өзгерістер енгізілген. Бұған сәйкес Бағдарламаның бірінші бағытындағы «моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елдімекен кәсіпкерлерінің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау» туралы шарт алынып тасталды. Ендігі ретте микро және шағын кәсіпкерлік нысандарын пайыздық ставканың бір бөлігін ішінара кепілдік арқылы қаржылық қолдау көрсетіледі. Кәсіпкер инвестициялық мақсаттарға - 20 миллион, айналым қаражатын толықтыруға - 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады. Несие мөлшерлемесінің тек 6% төлейді. Субсидиялау инвестициялық жобаларға - үш жылға, айналым қаражатын толықтыруға бағытталған жобаларға - екі жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл ретте банк талап еткен кепілдіктің 85% мөлшерін «Даму» қоры арқылы беру қарастырылған.
– 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 26,8 млрд.теңгеге 144 жаңа келісімшартты субсидиялауға қол қойылды. 2019 жылмен салыстырғанда жобалар санының динамикасы 228% өскен. Алдыңғы жылы 63 қана жоба болған. Салаларға бөлсек ең үлкен үлесті сауда, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары құрайды. Сонымен бірге былтыр жоғарыда аталған бағдарлама нәтижесінде 7,8 млрд.теңгеге 245 жаңа кепілдендіру шартына қол қойылды. Бұл жерде де сан жағынан 2019 жылмен салыстырғанда өсу динамикасы анағұрлым жоғарылағаны байқалады, - деді С.Исақов.
Қор өкілі тағы бір мемлекеттік қолдау – экономиканың жекелеген салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің бастамасына қаржылай көмек беретін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жайлы да айтып өтті. Сабыржан Оразқұлұлының мәлімдеуінше бағдарлама ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы №820 қаулысына сәйкес орындалуда. Оның басты мақсаты – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын отандық өніммен алмастыру, сол бағытқа орай бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру. Бұл бағдарлама бойынша – қызметтің 65, тауардың 365 түріне қаржылай қолдау көрсету қарастырылған.
«Қарапайым заттар экономикасында» несие мөлшеріне ешқандай шектеу қойылмайды. Субсидиялаудың жылдық номиналды сыйақы мөлшерлемесі 15% -дан аспайды. Оның 6% кәсіпкер төлесе, қалған айырмашылық мемлекет тарапынан субсидияланады. Инвестициялық мақсаттағы жобаларды субсидиялауға 10 жыл, айналым қаражатын толықтыруға үш жыл мерзім беріледі. Өткен жылы аталған бағдарлама арқасында 57 жоба қолдау тапқан. Бұл жобалар 36,8 млрд.теңгеге қаржыландырылды. 2019 жылмен салыстырғанда жобалар саны біршама өскен.
–Нақты мысалмен айтсақ, былтыр «Даму» қоры арқылы «Marai E7 Group» ЖШС несиеге қол жеткізді. Зауыт оңтүстіккореялық технологиясы бойынша жұмыс істейді. Халықаралық стандарттарға сай медициналық өнімнің 17 түрін шығарады. Олардың әзірге Қазақстанда баламасы жоқ. Зауытта жылына 500 мың таңғыш пен 274 мың ортопедиялық зат өндіріледі. Бұл өнімдер жарақат кезінде медициналық көмек көрсету үшін қолданылады. Отандық бұйымның ерекшелігі жеңіл, икемді, радиопластикалы және тез қатаяды. ТМД елдерінде теңдесі жоқ зауыт ішкі нарықты ортопедиялық өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қауқары жетеді. 2020 жылы Зауыт «Даму» қорына негізгі капиталды еселеуге және инвестициялауға, сондай-ақ айналым қаражатын толықтыруға өтініш білдіреді. «АТФБанк» АҚ жобаны қарастырып, 14,95%-бен қаражат берсе оның 8,95%-ы Қор арқылы субсидияланды. Екінші жобаның бірі «NURTAU Distribution Company» ЖШС. Шоколад пен сағыз өндіреді. Кондитерлік фабрика құрылыс салу үшін «Даму» қорына жүгінеді. Мұнда да «АТФБанк» АҚ жобаны мақұлдап, 15%-бен несие беруге келіседі. Оның 9%-ын «Даму» қоры өтеуде. Және Қор кепілзаттың жетпеген тұсын өзі көтеруге кепілдік берген. Бүгінгі таңда кәсіпорынның өндірістік қуаты сағатына 300-400 келі шоколадты печенье мен 400-500 келі сағызды құрайды, - деді С.Исақов.
Сабыржан Оразқұлұлы төтенше жағдай мен санитарлық режим кәсіпкерлердің «Даму» қорынан мемлекеттік қолдаулар алуына еш кері әсерін тигізбегенін жеткізді. Карантин басталғалы барлық субсидиялар мен кепілдіктерге өтінімдер Egov және Online Damu порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Субсидиялар мен кепілдік шарттарына қол қою да электронды түрде жүзеге асырылады.
Айта кету керек «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ ҚР Үкіметінің 1997 жылғы 26 сәуірдегі №665 «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорын құру туралы» қаулысының негізінде құрылған.
ҚР Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы №571 «Даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру және ұлттық экономиканы дамыту жөніндегі кейбір шаралар туралы» Жарлығына сәйкес «Даму» қорының жалғыз акционері «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ болып саналады.
«Даму» Қорының міндеті – шағын және орта кәсіпкерлікті сапа тұрғысынан дамыту және оған жан-жақты қолдау көрсету. Қор аймақтар мен жекелеген салаларға арналған мақсатты бағдарламалар аясында екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдікпен несиелендіреді, микроқаржы ұйымдары арқылы кредит алуға көмектеседі. Банктердің бизнесті дамытуға бөлетін несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау әдісімен азайтады. Банктер алдындағы кепілзаты жетпеген жағдайда жартылай кепілдеме береді. 2010 жылдан бастап «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың арқасында «Даму» қоры арқылы кәсіпкерлікке қолдау көрсету құралдарының ауқымы анағұрлым арта түсті. Соның ішінде, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауға, шағын және орта бизнес субъектілерінің кредиттеріне кепілдік беруге мүмкіндіктер ашылды.