Жастарға жаңа орталық Избранное

Среда, 29 Сентябрь 2021 05:46 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 162 раз

Шымкент қаласының Абай ауданында «Жастар ресурстық орталығының» бөлімшесі ашылды. Аталмыш ғимараттың тұсаукесер рәсіміне Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов және «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ерлан Айтбаев қатысты.

859

 

Үш қабатты ғимаратта орналасқан орталықта жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша бағыт-бағдар көрсетіледі. Сондай-ақ мамандар осы мәселе бойынша шалғай елді мекендерге барып жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бөлімшеде бұдан өзге коворкинг, яғни жастардың демалыс аймағы жұмыс істейді. Онда олар кітап оқып, түрлі ойындар ойнап, уақытты тиімді өткізе алады. Сонымен бірге жастарға медиациялық және психологиялық көмектер көрсетіледі.
—Абай аудандық әкімдігі жастар ресурстық орталығы бөлімшесімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін болады. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан жастарға көптеген қолдау көрсетіліп жатыр. Әсіресе, оларды кәсіпкерлікке тарту, бизнес бастамаларына көмек көрсету бағытында атқарылып жатқан шаруа көп. Ендігі мақсат осындай орталықтар арқылы жастарды қоғамдық жұмыстарға неғұрлым көбірек тартып, олардың бойында патриоттық сезімді ояту, жас ұрпақтың елге қызмет етуде белсенділігін арттыру. Осы ретте жастарды еліміз бойынша өтіп жатқан жалпыұлттық халық санағының жұмысына тартуға болады. Абай ауданы бойынша қазіргі таңда 385 санақшы керек. Бұл міндетті жастар абыроймен атқарып шығады деген ойдамын. Өйткені бүгінгі өскелең ұрпақ заман ағымынан қалмаған, бар саланы игеруге ынтасы бар сауатты жандар, - деді Бұхарбай Рысқұлұлы.
Өз кезегінде «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ерлан Айтбаев жастарға құқықтық, сервистік және психологиялық көмек көрсетуге арналған аталмыш бөлімшенің ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында және Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің арнайы тапсырмасына орай ашылғанын жеткізді. Айта кету керек, мұндай «Жастар ресурстық орталығының» бөлімшесі бұдан бұрын Қаратау ауданында ашылған болатын.
—Бөлімше ғимаратын қоғамдық орындарға жақын, халық тығыз орналасқан көпқабатты үйлер аумағынан ашуды жөн көрдік. Сонда төңіректе жүрген жастар бос уақытында жағымсыз әдеттерге бой алдырмай, осында келіп, өзіне керекті пайдалы іспен айналыса алады. Осы орайда аталмыш жастар бөлімшесінің бұл мақсатты жүзеге асыруда тиімділігі орасан зор болмақ, - деді Шымкент жастарының көшбасшысы Ерлан Айтбаев.
Жастармен кездесу барысында аудан әкімі Б.Парманов кикбокстан Венгрия астанасы Будапешт қаласында өткен әлем чемпионатында бас жүлдемен оралған Қазығұрт шағынауданындағы №66 орта мектептің 11-сынып оқушысы Сырымбек Белесбекті марапаттап, арнайы сый-сияпат көрсетті.
Сонымен қатар аудан басшысы жастармен «галстуксыз» бейресми кеңес өткізді. Жиында қатысушылар тарапынан «Ерікті жастарға арналған мейірім порталының қызметін ұйымдастыру туралы» баяндама жасалды. Сондай-ақ «Саябақтағы кешкі уақыт» тақырыбында жастар көп шоғырланатын орындарда Street Workaut алаңшаларын ашу, аулаларда салынып жатқан спорт алаңшаларының төбесін жабу, әлеуметтік тұрмысы төмен отбасыдан шыққан мектеп оқушыларын MMA, бокс, кикбоксинг және тағы басқа спорт түрлеріне тегін қатыстыруға жағдай жасау секілді ұсыныстар айтылды.