2021 ЖЫЛ НЕСІМЕН ЕСТЕ ҚАЛДЫ? Избранное

Среда, 29 Декабрь 2021 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1144 раз

850

 

Айжан КИИКОВА,
Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас экономисі:

851-2

ӨМІРГЕ ЕГІЗДЕР КЕЛДІ

— 2021 жыл — отбасымыз үшін ерекше жыл. Себебі, тұңғыш қызымыз Томиристен соң, 16 жылдан кейін шаңырағымыз егіздермен толықты. Адамның бар байлығы — салиқалы ұрпағы. Жолдасым Бекжан екеуміз осы сәтті ұзақ жылдар күттік. Түрлі ем-дом жасадық. Жыл басында табысымызды жинап, осы арманымызды орындауға ниеттендік. Аллаға шүкір, жақсы медициналық орталық, білікті дәрігерлердің көмегімен аңсаған арманымызға қол жеткіздік. «ЭКОмед» клиникасының дәрігері Зухра Батырханқызы ең алғаш қабылдауына барған күннен көңілімізге сенім ұялатып, жігерлендіріп отырды. Бүгінде атамыз Маратбек пен анамыз Гүлдана егіздеріміз Айтөре мен Айғанымды құшағына алып, бар жылуын сыйлап отыр. Сәбилер дүниеге келген күннен отбасымыздың шуақты күндері көбейді. Ендігі мақсат — осы перзенттерімізді елдің азаматы етіп тәрбиелеу.
Жылдың жаманы жоқ. Сондықтан алтын уақытымызды тиімді пайдаланып, бақытымызды бағалай білейік!

 

Абзал АБДЫХАЛЫҚОВ,
жеке кәсіпкер:

852

ӨЗ КӘСІБІМДІ АШТЫМ

— «Жаңа жыл жарылқа, ескі жыл есірке», демекші, өтіп бара жатқан жылға өкпеміз жоқ. Сиыр жылында өзімнің шағын кәсібімді бастадым. Атап айтар болсам, қаланың инфрақұрылымының дамуына үлес қосып, өзгелерді де жұмыспен қамтуға ұйытқы болдым. Жол құрылысы саласындағы ісіміз нәтижесін беріп, келесі жылы жұмысымыздың аясы кеңейеді деген жоспарым бар.
Бүгінгі таңда елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар қабылданған. Бұл қарапайым азаматтарға өз ісін дөңгелетуде үлкен қолдау деп білемін. Сондықтан Қазақстанның өсіп-өркендеуіне әрбір жанның үлес қосуы маңызды. Шымкенттіктерді келе жатқан мерекемен құттықтаймын! Биыл ең қастерлі мереке Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойладық. Елімізде ынтымақ-бірлік артып, бейбіт өмір сүре берейік!

 

Тазагүл ЖАМАЛОВА,
көпбалалы ана:

853

ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫҚ!

— Сиыр жылы әрбір қазақстандықтарға оңай тимеді. Дегенмен, әрбір отбасында жылдың жағымды естеліктері қалды деген ойдамын. Отбасымыз биыл қоныс тойын тойлап, ерекше қуанышқа бөленді. Төрт баланың анасымын. Пәтер кезегінде тұрғаныма он жылдан асты. Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы маған қаланың Нұртас-2 шағынауданынан арендалық негізде
3 бөлмелі пәтер бұйырды. Осындай қамқорлық жасаған мемлекетке алғысым шексіз. Бағдарлама арқылы биыл қаншама көпбалалы ана, әлеуметтік аз қорғалған жандар баспанаға қол жеткізді. Ендігі міндетіміз – алаңдамай ұл-қыздарымды өсіріп, мемлекеттің болашағы жолында аянбай еңбек ету.

 

Талайбек БЕЙСЕХАН,
мемлекеттік қызмет саласындағы маман:

854

ЖАҢА ҰЖЫМ ЖАҢА БЕЛЕСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕДІ

— Биыл мен үшін өте сәтті жыл болды. Мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасының 3 бағыты шеңберінде қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына «қоғамдық көмекші» ретінде жолданып, 2021 жылы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының Еңбекші ауданы бойынша бөліміне тұрақты жұмысқа орналастым. Нарықтық қоғамда адамға ең керегі тұрақты жұмыс екені белгілі.
Егер әрбір азамат өз мамандығын шынайы, кәсіби орындайтын болса, қоғам әлдеқайда дамып, немқұрайлылық, сыбайластық орын алмас еді. Өз ісіне шынайы берілген маманды да жұмыс беруші ерекше қадірлейді. Еңбектің адамды жігерлендіретінін, келешеккке, алға қарай қадам басуға ұмтылдыратынын жақсы түсіндім.