Ескерткішке гүл шоқтарын қойған соң еске алуға арналған бір минут үнсіздік жарияланды. Марқұмдардың рухына арналып, Құран аяттары бағышталды. Көпшілік арнайы қойылған инсталляцияны тамашалап, қала әкімі қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен тілдесті.
– Бұл – қазақ тарихындағы қаралы күннің бірі. Солақай саясаттың кесірінен ұлтымыздың қаймағы мен қарапайым азаматтар жазықсыз жапа шекті. Енді олардың атын еске алып, жадымызда сақтау, құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың, біздің парызымыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарды ақтау жөніндегі комиссия құрылған.
– Бұл тұлғалардың тарихтағы орны бөлек. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентте де комиссия құрылған. Бір жылдан астам уақыттан бергі жұмыс нәтижесінде ғалымдар түргі органдардың архивтерінде жатқан алты мыңға жуық құжатты тауып, зерттеп, бұрын 90-жылдары ақталмаған азаматтарды республикалық комиссияға ұсынуда. Сонымен қоса Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін көрген азаматтарға арналған музей қайта жаңғыртудан өтеді. Жалпы, тарихқа тағзым ету, өткеннен сабақ алу – болашақты кемел етеді, жас ұрпақтың бойында тарихи жады қалыптастырады, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.