ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ НАСИХАТТАЛДЫ Избранное

Пятница, 26 Август 2022 05:44 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 691 раз

Шымкент қаласының «Бақытты отбасы орталығында» Абай ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Балаға ата-ананың жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті. Басқосуға орталық басшысы Абибулла Калымбет, аудан әкімдігі жанынан құрылған әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия өкілдері және тұрғындар қатысты.

14

 

Бүгінде қалада отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күресу мақсатында құрылған 3 арнайы орталық жұмыс істейді. Олар – Ана үйі, №3 әлеуметтік қызмет көрсету және «Сана-сезім» орталықтары. Отбасында жәбір көргендердің дені осы мекемелердің көмегіне жүгінеді. Мұнда аналар заңгер, психолог, әлеуметтік қызметкерлер және ажырасу мәселесі туындаған жағдайда медиатордан кеңес ала алады.
Қаладағы №3 әлеуметтік қызмет көрсету орталығының әлеуметтік маманы
Гульчехра Моминова келтірген дерекке сүйенсек, орталықта аналар мен балаларды қорғау үшін 3 бағытта жұмыс жүргізіледі. Тұрмыстық зорлық, адам саудасының құрбандары және террористік аймақтардан келген әйелдер мен балаларды қоғамға баулиды.
– Жыл басынан бері мекемнің қызметіне 421 әйел жүгінді. Оның ішінде 212-сі жатын орынмен қамтылды. Одан бөлек, шұғыл желі арқылы 125 ана, 15 азаматша – онлайн, 69 әйел оффлайн түрде маман кеңесін алды. Біз әйелдерге 6 ай бойы психологиялық, құқықтық, медициналық, мәдени, педагогикалық, еңбек және экономикалық қызмет түрін ұсынамыз. Осы уақыт аралығында оларды тұрақты жұмыспен қамтуға көмектесеміз, – дейді әлеуметтік қызметкер.
Жауапкершіліктен қашып, орталықта 6 ай уақыт өткізуді жөн көретін аналар да бар екен. Мамандар олардың мақсатын өзгертуге, еңбекке жігерлендіру бағытында жұмыс жүргізуде.
– Әр адам отбасында өзінің жауапкершілігін сезіну тиіс. Өкінішке қарай, орталыққа шын мұқтаждармен бірге жауапкершілікті арқалағысы келмейтін әйелдер де келеді. Олармен психологтар жұмыс істеп жатыр, – дейді Гүлчехра Моминова.