ҚАЗАҚ-ТҮРІК ДОСТЫҒЫ НЫҒАЙДЫ
Пятница, 11 Ноябрь 2022 05:08Шымкент қаласында түрік жұртына танымал ақын-жазушы Юнус Эмренің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға қала әкімі Мұрат Әйтенов,
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрі Мевлют Чавошуглу, Түркия Республикасының Шымкент қаласындағы Құрметті Консулдығының құрметті Консулы Латипша Асанов және қала тұрғындары қатысты.
КӨПІР ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛДЫ
Пятница, 11 Ноябрь 2022 05:07Қала әкімі М.Әйтенов Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында бірқатар хаттамалық тапсырма берген болатын. Шаһар басшысы жыл басында Сайрамсу өзенінен өтетін апатты жағдайдағы көпірді зерделеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырған еді.
Көкбұлақтың мәдениет үйі жаңарады
Среда, 09 Ноябрь 2022 05:25Шымкент қаласында мәдениет мекемелерін қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Абай ауданындағы Көкбұлақ елді мекенінің тұрғындары мәдениет үйінің тозығы жеткенін, оны қайта жаңғырту мәселесін көтерген болатын. Қала әкімі аудан тұрғындарымен кездесуде мәдениет нысанына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі бойынша зерделеуді тапсырған еді.
«Қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі ерекше»
Пятница, 04 Ноябрь 2022 06:54Шымкент қаласына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапарымен келді. Алдымен «Әл-Фараби» кітапханасында «Қариялық – даналық пен өмір тәжірибесінің қайнар көзі» тақырыбында қалалық ақсақалдар кеңесімен рухани кездесу өткізді. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері – Орынбай Рахманбердиев, Бекет Тұрғараев, Шалатай Мырзахметов, Әбілқасым Досболов, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.
Бас мүфти ақсақалдар кеңесі мүшелерімен бірге қазақ халқының ертеден келе жатқан Ақсақалдар институтын ілгерілету, зиярат жасаудың әдебі, той өткізу салтына қатысты мәселелерді талқылады.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бір-бірімен біте қайнасқан қос ұғым – дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттау жолында ілкімді істер атқарып келеді. Бүгінгі таңда имамдар ата-баба дәстүрімен ұштасқан дінімізді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда. Жастарымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы маңызды. Бұл ретте оларға ақыл-кеңестерін айтатын, өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкейге түйген ақсақалдардың кеңесі ауадай қажет. Біз көбіне қоғамда, тұрмыста, отбасында болып жатқан келеңсіз жайттардың салдарымен күресіп келеміз. Енді салдарымен емес, себебімен күресетін уақыт әлдеқашан жетті, – деді Бас мүфти.
Қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов жат ағымдармен күрес жұмыстарын жандандыру бойынша ұсыныстарын айтты. О.Рахманбердиев имамдардың білімін жетілдіру, жастар тәрбиесі мәселелері бойынша ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, Бас мүфти «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінде түрлі саладағы озық ойлы жастармен кездесіп, мектептің бүгін тыныс-тіршілігімен танысты. Наурызбай қажы Тағанұлы жастармен «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында әңгіме өрбітіп, мұндай дәстүрлі өнер мектептері ауадай қажет екенін, қазақтың тойлары дәстүр мен ұлттық құндылықтар арқылы насихатталуы керектігін айтты.
ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жұмыс сапары аясында «Қожа Ахмет Яссауи һәм ихсан ілімі» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, дін саласының қызметкерлері, ғалымдар бас қосқан іс-шарада Қожа Ахмет Яссауи ілімі мен ихсан ілімінің сабақтастығы, ұлы бабамыздың хикметтері туралы тағылымды ойлар айтылды.
Бас мүфти Қазақстан мен Орта Азиядағы сопылық мектебінің көрнекті өкілі, ғұлама Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың қазақ халқының рухани тарихындағы айрықша орнына тоқталып өтті.
– Ахмет Яссауи сопылық жолды ұстанып, дінді насихаттау барысында айтқан өлеңдер жинағын «Диуани Хикмет» деп атады. Ол адамгершілік пен имандылықты ту етіп, бүкіл күш-қайратын ізгілік жолына арнап, ақиқатты жырлады. Бүкіл түркі жұртын татулыққа, тазалыққа үндеді. Ислам дінінің өлмейтін-өшпейтін құндылықтарын дәріптеді. Қожа Ахмет Яссауи сопылық мектептің түркілік дәстүріне даңғыл жол салды. Сопылық әдебиет ұстанымдарын көне түркі тілінде сөйлетті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері еліміздегі мұсылман жамағатына ихсан ілімін дәріптеп келеді. Біз осы бастама аясында «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығардық. Ата-баба жолын насихаттау мақсатында түрлі деңгейде конференциялар мен іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сайып келгенде, біздің мақсатымыз – дәстүрімізбен біте қайнасқан дінімізді, әдет-ғұрпымызды дәріптеп, жастарды бабалар салған сара жолмен жүруге үндеу, – деді Бас мүфти.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жиынның Шымкент қаласында ұйымдастырылуының маңызы зор екенін айтты. Яссауи бабамыздың түркі халықтары арасында, оның ішінде қазақ даласында Ислам дінін таратуы, халықтың психологиясы мен рухани өрісін толықтыра отырып Ислам дінінің құндылықтарын дәріптеуі жайында ойларын ортаға салды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкіл имамы Бақдәулет Әбдірахмановқа «Ерен еңбегі үшін» орденін табыс етті.
Сондай-ақ, жиында Өзбекстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Ибрахим Иномов, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Абибилла қажы Қыдырбердиев, Қ.Яссауи атындағы ХҚТУ теология факультетінің деканы, профессор Досай Кенжетай, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі, PhD доктор Мұхан Исахан байыпты баяндама жасады.
«ЗАҢ КЕРУЕНІ» – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДЕГІ МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Четверг, 03 Ноябрь 2022 05:16Қазақстанның өңірлерінде 1 қарашадан бастап атқарушы органдардың бірлесуімен «Заң керуені» акциясы басталды. Іс-шара аясында прокуратура, полиция, қылмыстық атқару жүйесі, экономикалық тергеп-тексеру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, мемлекеттік кірістер, қала әкімдігімен басқармалардың қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы құрылды. Шымкентте құрылған көшпелі топ тұрғындарды 14 қарашаға дейін қабылдайды. Кеше акция қаладағы төрт ауданның шалғай елді мекендерінде ұйымдастырылды.
Қаратау ауданы
Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орналасқан мәдениет үйінде «Заң керуені» акциясы өтті. ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен республика көлемінде өтіп жатқан бұл акцияның мақсаты – жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, заңдарды түсіндіру, заңды құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтарды анықтау, елдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту. Іс-шараға Шымкент қаласының прокуратурасымен қатар барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдардың мамандары қатысты.
–Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бүгінде жаңа Қазақстан мен әділетті қоғам құру бағытында ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Соның ішінде Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың маңызы зор. Әділетті қоғам орнатудың басты алғышарты – заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Сол себепті Шымкент қаласының прокуратурасы халықпен тікелей байланыс орнатып, қоғамдағы ең өзекті мәселелермен танысып, олардың заң аясында шешімін табуына ықпал етіп отырады, – дейді Шымкент қаласы прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі Берген Ержаппар.
Б.Ержаппар бүгінгі «Заң керуені» акциясы соның тағы бір көрінісі екенін айтады.
–Бүгін халықпен тікелей кездесе отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді азаматтардың өз аузынан естіп жатырмыз. Кейбір келеңсіз жағдайлар, заңсыздықтар орын алып жатқан болса, осында жиылған тиісті құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе отырып дереу проблеманы шешуге болады. Сонымен қатар кейбір азаматтарға заң талаптары түсіндіріліп, құқықтық кеңес берілді, – дейді қала прокурорының орынбасары.
Оның айтуынша, акция аясында шешілмеген күрделі мәселелер Шымкент қаласы прокуратурасының бақылауына алынып, толық тексеріліп, зерделеніп, тиісті іс-шаралар қолданылады.
Ауданда «Заң керуені» акциясы 3 күн бойына жалғасады. Бүгінде Шымкент қаласының прокуратурасында азаматтарды қабылдау орталығы тұрақты түрде жұмыс істейді. Ол жерге кез келген азамат барып, кезекші прокурорға өзінің сұрағын қойып, талаптары мен арыздарын жеткізе алады. Сонымен қатар қала прокуроры, прокурордың орынбасарлары мен басқарма бастықтары азаматтарды қабылдауға дайын.
Әл-Фараби ауданы
Әл Фараби ауданында «Заң керуені» акциясы №129 мектеп ғимаратында өтті. Акцияға Әл-Фараби ауданының Сәуле, Текесу, Береке, Химфарм, Көркем және Ақтас шағынаудандарының тұрғындары қатысты.
Заң керуенінің құрамында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Ержан Марат, Әл-Фараби ауданының прокуроры Қантөре Хандиллаев, аудан әкімі Рашид Мыңбаев және 34 жергілікті атқару органының өкілдері бар.
–«Заң керуені» акциясы 1 қарашадан ҚР Бас Прокурорының бастамасымен еліміздің барлық өңірінде басталды. Көшпелі топ қаладағы елді мекендерді аралап, тұрғындарға құқықтық, заңгерлік кеңес береді. Одан бөлек қала прокуроры мен орынбасарлары күнделікті белгіленген кестеге сай тұрғындарды қабылдайды. Бұл іс-шараның ерекшелігі тұрғындарға кеңес беруге қаладағы барлық мекеме бір жерге жұмылуында болып отыр, - деді қала прокурорының орынбасары Ержан Маратұлы.
Жүзден аса тұрғын инфарқұрылым, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік, әлеуметтік төлемдер секілді мәселелердің шешімі жөнінде тиісті мамандардан кеңес алды.
Еңбекші ауданы
Еңбекші ауданында өткен «Заң керуені» акциясында тұрғындарға мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік көмектер, жәрдемақылар мен жеңілдіктерді алу, мүлікті тіркеу, мұрағаттық анықтамалар беру, салықтарды есептеудің дұрыстығы және т.б. өзекті мәселелердің шешімі бойынша сала мамандарынан заңнама шеңберінде тиісті кеңестер мен жауаптар беріледі. Кездесуге Еңбекші ауданы аумағындағы Абдуллабад, Базарқақпа, Бадам-1, Тұрдыабад, Шаңырақ елді мекен тұрғындары өтініш-тілектерімен келген.
Көшпелі топтың құрамында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан, Еңбекші ауданының прокуроры Серік Әбдиев, Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек, сондай-ақ, прокуратура, құқық қорғау мен жергілікті атқарушы, мемлекеттік бақылау-қадағалау органдарының өкілдері бар.
«Заң керуені» акциясы – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік. Ұйымдастырушылар қала тұрғындарын белсенділік танытып, республикалық акцияға қатысуға шақырады.
Абай ауданы
Шымкент қалалық прокуратурасы құзырлы органдармен бірлескен «Заң керуені» акциясы Абай ауданында Жаңа талап елді мекеніндегі мәдениет үйінде өтті. Акцияда елді мекен тұрғындары өздерін мазалаған мәселелерін жеткізді.
Заң керуенінің құрамында Шымкент қаласы прокурорының бірінші орынбасары Н.Сейдалиев және атқару органдарының өкілдері бар. Көшпелі жұмыс тобының өкілдері халыққа жедел құқықтық көмек көрсетті, заңдарды түсіндіріп, құқықтарын іске асыруға мүмкіндігі жоқ әлеуметтік топтардың шағымын тыңдады.
Республикалық акция аясында қалалық көшпелі топтың халықпен кездесуі жалғасады.
Дәмдінің де дәмдісі бар
Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:54Байқауда 40-тан астам аспаз бақ сынады
Дәстүрлі «Шымкент палауы -2022» халықаралық палау фестивалі шымкенттіктерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Достық дастарханын «Қоғамдық келісім» мекемесі, Шымкент қаласы ҚХА, ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығы бірлесе ұйымдастырды.
Биылғы фестивальге көршілес Қырғызстан, Өзбекстан Республикасынан,еліміздің Алматы, Шымкент, Тараз қалалары мен Түркістан облысынан аспаздар келген. Жалпы аспаздар палаудың 41 түрін дайындады. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов халықтар арасында достықты дәріптеу мақсатындағы іс-шараны ұйымдастырушыларға, демеушілерге алғысын жеткізді.
ҚР өзбектерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов фестивальдің жылдан жылға аясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті.
Бір емес, бірден 41 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Барлық қатысушылар арнайы сый-сияпаттар және алғыс хаттармен марапатталды.
ЭНЕРГЕТИКТЕРДІҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:31Шымкентте Халықаралық ардагер энергетиктердің XI форумы өтті. Іс-шараны Қазақстан электр машина жасаушылар қауымдастығы мен еліміздің ардагер энергетиктер Кеңесі ұйымдастырды. Форумға Қазақстан және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстанның ардагер энергетиктері, өңірлік энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармалары мен аймақтық электр желілері компанияларының басшылары қатысты.
Жиында саланың бірқатар өзекті мәселесі талқыланды. Атап айтқанда, электр энергетикасы құрылымының (электр жүйесі, күш трансформаторлары, станциялар, қосалқы станциялар т.б.) тозуы, электр энергиясы тапшылығының басты себептері, жаңа қуаттардың жеткіліксіздігі мәселесі талқыға түсті. Мемлекет басшысы өз Жолдауында желілердің тозуын азайтуға тапсырма берген еді. Сондай-ақ, Президент Астанада өткен жиын барысында газ және энергетика саласында электр желілерінің үздіксіз жұмыс істеуі мен жаңа қуат өндіру жолдарын жасауды тапсырды.
Іс-шарада отандық және шетелдік ардагер энергетиктер сала тарихы мен кәсіподақтың өзекті мәселелері бойынша баяндама жасады. Қазақстан ардагер энергетиктер кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов атқарылған жұмыстардың нәтижелерінен хабардар етті. Қазақстанның электр машина жасаушылар қауымдастығының төрағасы Еркебұлан Ильясов Шымкент қаласында энергетика саласы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Шетелдік меймандар форум аясында «Alageum Electric» компаниясының экспорттық бағытқа негізделген «Asia Trafo» зауытының өнімдермен танысты.
«ЕЛІҢДІ СҮЙСЕҢ, ЕРЛІК ІСТЕЙСІҢ»
Четверг, 03 Ноябрь 2022 04:13Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернатында Отанын шынайы сүйетін, намысты жастар өсіп келеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Қарулы күштерінің айбынды офицері болу. Осы мақсатта қандай қиындық кезіксе де төзуге бар. Қорғаныс саласы темірдей тәртіпті талап ететінін жанымен ұғынған. Бәрінің де кеудесінде намыс найзағайы ұшқындап тұр.
Биыл осы мектептің шәкірті Әділет Жақсылық Арыс қаласының Ақдала елдімекенінде жазғы демалыста жүрген кезінде суға батқан 9 жасар баланы құтқарып, ажалдан арашалап алды. Бұл оқиға жаз айында болған-тын.
Әділет Жақсылық туыс ағасы Нұрғиса екеуі бірге үй шаруасымен айналысып жүріп, кенеттен жақын жердегі Түркістан-Арыс каналынан балалардың айқайлаған дауысын естіген. Көмекке жеткен бұларға жағалауда тұрған бала суға батып кеткен досын көрсетеді. Ағайынды қос жігіт ойланбастан өзенге сүңгіп, баланы іздей бастайды. Бір кезде Әділет аяғының жұмсақ нәрсеге тигенін сезеді де ауа жұтып, қайта суға сүңгіген кезде ес-түссіз жатқан баланы алып шығады. Дереу алғашқы көмек ретінде жүрекке массаж жасап, жасанды тыныс берген. Жедел жәрдем келгенге дейін ағайындылар баланың жағдайын бақылап, өкпеге кезекпен жасанды дем беріп отырған. Осылайша Әділет Жақсылықтың батыл және сенімді іс-әрекетінің нәтижесінде бала бір ажалдан аман қалды.
Ә.Жақсылық – әскери мектептің 2-ші оқу ротасының тәрбиеленушісі. Осы ерлігі ескеріліп, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ерлігі үшін» орденімен наградталды. Оны мектепте өткен арнайы жиында қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығы, полковник Алмаз Тілеуханов табыс етті.
– Өзіміз кішкентай кезден осы каналға шомылып өстік. Тереңдігі 3,5 метр болатын жері бар. Еш ойланбастан сүңгіп кетіп едім, баланың бетонға қыстырылып қалғанын байқадым. Ағам екеуміз қолдан келген көмекті жасадық. Жедел жәрдем қызметкерлері дәл уақытында әрекет еткенімізді айтты. Жасөспірім үш күннен кейін есін жиды. Ауыл тұрғындары разы болды. Әкем «Адам өмірін аман алып қалыпсың» деп арқамнан қақты. Бұл жағдай маған ерекше әсер етті. Мектебіміздің басшысы да жігерлендіріп, үлкен ерлік жасағанымды айтты. Енді алдағы өмірімді осы әскери саламен байланыстырамын, – дейді өзі.
11-сыныпқа өткен 2-ші оқу ротасының 2 взвод ұланы Әділет Бағжанұлы 2005 жылы Арыс қаласының Ақдала ауылында дүниеге келген. Қарапайым, сабырлы, өз ісіне тиянақты азаматпен жақыннан таныстық. Әділет әке жолын қуған талапты жас. Әкесі Бағжан Исмаилов та әскери қызметші. Арыс қаласындағы 74884 әскери бөлімде взвод командирі болып қызмет атқарады.
– Бірінші сыныпта оқитын кезім. Бірде әкем Арыстағы әскери парадқа ертіп апарды. Мені әскери техникалар, әскерлердің бұйрықты орындаулары қызықтырды. Содан кейін әскери адам болуды армандадым. 8-сыныпта әкем «Жас ұлан» мектебі туралы айтып берді. Одан кейін еш ойланбастан осында оқуға шешім қабылдадым. Үйдегілердің бәрі қолдай кетті. 2021 жылы осында 10 сынып оқушысы атандым. Қазір менен кейінгі екі інім де әскери адам болуға құлшынып жүр. Ауылға барғанымда да балаларға бұл саланы қызықтырып айтып беремін, – дейді жас ұлан.
Дарынды ұлан әке тәрбиесінен үлгі алған. «Әкем тік мінезді. Бір істі қолға алса, соны тындырмай тоқтамайды. Анам Перизат Батырбекова – ауыл мектебінде мұғалім. Ата-анамның тәрбиесі осы салаға қызығуыма себепкер болды». Кейіпкеріміз осылай сыр шертті.
Әділеттің гуманитарлық пәндерге қызығушылығы жоғары. Қазақстан тарихын тереңдете оқып, географиядан әлем елдерін танып-білуге құмар. Әскери мектепті тәмамдағаннан кейін Сағадат Нұрмағамбетов атындағы құрлық әскерлері институтына түспек ойы бар. Бар мақсаты – болашақта отан қорғап, елінің айбынды азаматы болу. Мақсаттары айқын.
– Әскери адам барынша шыншыл, қатал болу керек. Қолым қалт етсе Б.Момышұлының, А.Бектің кітаптарын оқимын. Сабыр атамыз секілді елді, жерді қорғайтын азамат болсам деймін. Отаным үшін бәріне дайынмын. Мұнда тәртіп бірінші орында. Бар білімін аямаған мектеп ұстаздарына алғысым шексіз, - дейді Әділет.
2003 жылы мектепке Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың аты берілген. Әйгілі батырдың даңқын асыру, мектебін мақтаныш ету – шәкірттердің негізгі ұстанымы.
Республикалық «Жас Ұлан» әскери мектеп-интернаты бүгінде өзгеріс, өркендеу жолында тұр: сабақтан тыс уақытта қосымша үйірмелер көбейген, мектепке тек 9-сыныпты бітірген мектеп оқушылары ғана қабылданады.
Әрине, қосымша сабаққа, ең әуелі, ынтасы зор, тіл үйренуге талаптылары қатысады. 9 үйірме жұмыс істейді. Мектеп түлектерінің Ресей, Түркия, Беларусь еліндегі әскери оқу орындарында тәлім алып жатқандары баршылық. Алда насихат жұмыстары күшейе бермек.
Мектептің тәрбие жұмысының бағыты мен мақсаты – тағылымды, отансүйгіштікке тәрбиелеу іс-шаралары. Оқушылардың бойында патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрін дәріптеуге, әлемдік және отандық мәдениет жетістіктерін оқып үйренуге, ҚР Конституциясын құрметтеуді үйрету – басым бағыттардың бірі.
Мұның бәрі де алға қарай жылжудың, талап пен тәрбиенің қатаңдатылуында болса керек. Оқу орнының басшысы, полковник Ғазиз Төлеуішев бізге мұның негізгі себептерін түсіндіріп берді.
– Негізгі міндет – сабақ үлгерімін жақсарту, тәрбиелік маңызы зор іс-шараларды жоғары деңгейде өткізу. Мектепті бітірген ұландарымыз жоғары әскери оқу орындарына көптеп түсу керек. Бағдарламалар осы мақсатта қабылданып жатыр. Мектебімізде екі жылдық патриоттық тәлім-тәрбие алған оқушы әрдайым Отан қорғауға дайын тұрады. Әскери жоғары оқу орнына түссе де, түспесе де. Біздің түлектер қай салада болса да абыройлы еңбек ететіне мен кәміл сендіре аламын, – дейді мектеп басшысы бүгінгі тыныс-тіршілігін әңгімелеп.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында күзгі әскерге шақыру науқаны жүйелі және қатаң тәртіпте жүргізілуде. Отан тірегі Қарулы күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей тәуелсіз елдің әр азаматы да жауапты. Президент тапсырмасына сәйкес, әскерге шақырылушыларды ынталандыру жұмыстарын жандандандыру басты назарда тұр. Шаһарда күзгі мерзімді әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және сапалы өткізу бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынған.
ҚР Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары, полковник Рустам Ақбаров Шымкент қаласындағы жергілікті әскери басқару органдарының басшылық құрамына күзгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру мен өткізу тақырыбында оқу-әдістемелік жиын өткізген-ді. Күзгі әскерге шақыру жұмысын сапалы ұйымдастыру – басты талап.
2022 жылғы көктемде Шымкент қаласы бойынша ҚР Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарына 756 адам әскерге шақырылды. Күзгі әскерге шақыру жоспарына сәйкес, барлығы 800-ге жуық адам әскер қатарына алынбақ. Күзгі әскерге шақыру науқаны желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Қазіргі уақытта 300-ден астам адам әскерге шақырылды.
Әрбір адам өз Отанын қорғау, қасиетті ерліктің борышын орындауы қажеттігін түсінуі тиіс. Жастарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандыруда халықпен ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Еліне қалқан болар жаужүрек азаматтардың бары қуантады. 2010 жылы маусымның 22-де Ақтау колониясынан қашпақ болған 21 сотталушының жолын кескен қатардағы жауынгерлердің бірі Ербол Отарбаевтың ерлігі ел жадында. Жауынгерлік борышын атқару кезінде көрсеткен ерлігі үшін Елбасы Жарлығымен
ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған еді. Ол кезде Ақтауда № 6656 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген. Небәрі 19 жасар жігіттің ерлігі ел ішіне тарап кетіп еді...
Әскери борышын өтеуге келген сарбаздарды, әскери мектептердің шәкірттерін отансүйгіштікке баулу, тарихын білуге, дәстүрін сақтауға тәрбиелеу – жауапты міндет. Халқымызда «Еліңді сүйсең, ерлік істейсің» деген қанатты сөз бар. Мінекей, еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы ету Әділет Жақсылық, Ербол Отарбаев секілді азаматтардың қолында.
Қорғаныс министрлігі тарапынан әскер қатарына алынатын жастарды ынталандыру, оларға әлеуметтік жағдай жасау бойынша да бастамалар көтеріліп жатыр. Оқу орындарына түсуге жеңілдік немесе грант беру жағы қарастырылуда.
Жастарды әскерге шақыру науқанында жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-әрекеттерді жүргізу, насихат жұмыстарын күшейту, жедел іс-шаралар қабылдау бойынша нақты жұмыстарды атқару міндеті тұр.