АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МЕН ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ ТУҒАН ЖЕРГЕ ОРАЛДЫ Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:49 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 537 раз

Ханчжоуда (Қытай) өтіп жатқан Жазғы Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері туған жерге оралды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысының жеңімпазы Зухра Ирназарова, ұлттық құрама сапында күміс жүлдегер Фатима Ирназарова, стенд атудан скит бағдарламасы бойынша жеңімпаз Зоя Кравченко, нысана көздеуден қола жүлдегер Никита Чирюкин және таэквондодан қола жүлдегер Смайыл Дүйсебайды Шымкент әуежайынан жерлестері қошеметпен күтіп алды.

518

 

Іс-шараға жеңімпаз спортшылардың ата-анасы, спорт мектебі басшылары, жанкүйерлер көптеп жиналды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтап, алдағы жауапты бәсекелерде сәттілік тіледі.
– Жазғы Азия ойындарында шымкенттік спортшылар елімізге жарқын жеңіс сыйлады. Біз оларға қолдау көрсетіп, жанкүйер болдық. Жерлестеріміз сенімді ақтады. Алда Париж Олимпиадасы келе жатыр. Ол сында да жоғары жетістіктер күтеміз. Азия ойындарында бақ сынайтын тағы да спортшылар бар. Оларға сәттілік тілейміз, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Стенд атудан скит бағдарламасы бойынша сынға түскен әйелдер құрамасы сапында Шымкент қаласының спортшылары –Зоя Кравченко, Ольга Панарина финалда Азия ойындарының рекордын жаңартып, чемпион атанған еді.
10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында 18 жастағы Зухра Ирназарова топ жарды. 10 метр қашықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы сапында Зухра Ирназарова, Фатима Ирназарова 2 орынға ие болды. Нысана көздеуден Никита Чирюкин үшінші орыннан көрінді.
Ату спортынан Шымкент қаласы спортшылары 7 медаль жеңіп алды. Оның ішінде, оқ атудан 1 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде, ал стенд атудан 1 алтын, 2 қола жүлдені ел қоржынына салды.
Жазғы Азия ойындарында бақ сынаған спортшыларымыздың алғашқы тобы елге оралды. Енді жерлестеріміз каратэ, күрес түрлері, көркем гимнастикадан жарыс жолына шығады. Атап айтқанда, грек-рим күресінен Азия чемпиондары – Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов, еркін күрестен Азия чемпионы Дархан Есенғали, каратэден Азия чемпиондары Софья Берульцева, Қайсар Алпысбай, сондай-ақ, көркем гимнасшылар жүлделі орындарға таласып көрмек. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Еліміздің спортшылары Азия ойындарында жалпыкомандалық есепте 4 алтын, 9 күміс, 29 қола жүлдемен 12-ші орында тұр.
Каноэде есуден 500 метр қашықтыққа сынға түскен Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров Азия ойындарының чемпионы атанып, төртінші алтын жүлдені қоржынға салды. Ал ағайынды Сергей және Тимофей Емельяновтар Азия ойындарының күміс медалін жеңіп алды. 1000 метр бағдарламасында өнер көрсеткен отандастарымыз 3:49 уақыт көрсеткішімен 2-ші келді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.