Ерлік – ұрпақ ұраны Избранное

Пятница, 10 Февраль 2023 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 988 раз

Биыл Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық жеке құрамдағы атқыштар батальонының шығарылғанына 22 жыл толды. Осыған орай Шымкенттің Абай саябағында Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығыстарға қатысқан ардагерлер бас қосып, айтулы күнді атап өтті.

1011

 

–Шымкент қаласында Тәжік-Ауған шекарасына аттанған 325 сарбаз тіркеліп, оның 324-і аман-есен елге оралған. Біз жыл сайын 8 ақпан күні Абай саябағында Тәжік-Ауған шекарасында қаза болған сарбаздарға арналған ескерткіштің алдына жиналып, еске аламыз, рухына Құран бағыштаймыз. Одан бөлек, бұл – біз үшін ерекше күн. Өйткені 2001 жылдың 8 ақпаны – қазақстандық жеке батальонның Отанына оралып, қаншама ананың көз жасы тыйылған күн. Қазақстандық батальон Тәжік-Ауған шекарасында 1993-2001 жылға дейін қызметін абыроймен атқарды. 2020 жылдың 3 мамыр күні Президент Қ.Тоқаев біздерге «Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстың ардагері» мәртебесін берді. Бүгінде ардагерлер қоғамдық бірлестік құрып, Шымкент қаласындағы мектептерде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу үшін түрлі іс-шаралар өткізіп келеміз, - деді Тәжік-Ауған ардагерлерінің Шымкент қалалық филиалы төрағасы Әбдіғаппар Мұсабайұлы.
Тәжік-Ауған шекарасындағы қарулы қақтығысқа 8,5 мың қазақстандық сарбаз қатысып, өздерінің интернационалдық және жауынгерлік борыштарын адал атқарды. Жиында бейбітшілік жолында ерлік танытқан жауынгерлерге тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылды.
–Шымкентте қазір барлық деңгейдегі әскери ардагерлер «Ауған соғысы», «Тәжік-Ауған қақтығысы», «Таулы Қарабах», «Чернобль апаты», «Семей сынақ полигонына қатысқан ардагерлер» «Желтоқсан қатысушылары» және еліміздің қарулы күштері мен шекара қызметінің ардагерлері бір қоғамдық бірлестікке жұмылып, жастарды Отанын қорғауға үгіттейтін, насихаттық іс-шараларды бірлесе атқарып келеміз. Қаламыздағы
232 мектеп пен барлық орта кәсіптік оқу орындарында патриоттық бағыттағы «Ерлік» тақырыбында тәрбие сабақтарын өткізіп келеміз. Нәтижесінде, 2022 жылы Қарағанды облысы «Спасск» оқу-жаттығу орталығының полигонында өткен VIII республикалық «Айбын» сайысында шымкенттік оқушылар 40 команда арасынан жүлделі І-орынды иеленді, - дейді «ҚР Қарулы күштеріңің ардагерлері» РҚБ Шымкент филиалының төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев.
Айтулы күн қаладағы №24 мектепте оқушылар арасындағы «Ерлік – ұрпақ ұраны» байқауына ұласты. «Біртұтас тұлт – біртұтас әскер» бағдарламасы аясында жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеуге және Тәжік-Ауған қақтығысынан қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатанда ұйымдастырылған сайыстың қорытынды кезеңінде 8 мектептің оқушылары сайысқа түсті. Бұл байқауға аудандық сайыстың жеңімпазы №7,24,64,68,89,99,103 және 127 мектептер ақтық финалға жолдама алған.
Әскери-патриоттық жиынның байқаудың АК-74 автоматын жартылай бөлшектеу және жинақтау нормативтері, пневматикалық винтовкадан ату, қыздар арасында арқаға жатып денені көтеру, ұлдар арасында турникке тартылу, берпи жаттығуы және арқан тарту бойынша ержүректерге тән сайыстар енгізілген.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдеге №68 мектеп оқушылары лайық деп табылды. І орынды №99 мектеп-гимназиясы, ІІ орыннан №7 ІТ мектеп-лицейі көрінсе, жүлделі ІІІ орынды №103 мектеп иеленді. Ал, бас жүлденің жеңімпазы биыл Қарағанды өңірінде өтетін IХ республикалық «Айбын» жарысына қатысады.
–Өткен жылы «Айбын» жарысына Шымкенттен 15 оқушы қатысты. Жарыс барысында бір қызымыз тобығын шығарып, аяғының саусағының сынғанына қарамай өжеттік танытып, ақтық мәреге жетіп, І-орыннан көрінді. ҚР Қорғаныс министірі қызымыздың жанкештілігіне тәнті болып, пойызбен барған оқушыларға құрмет көрсетіп, ұшақпен шығарып салды. Биыл болашақ сарбаздар бас жүлдені жеңіп алуға уәде беріп отыр. Жас буынның бойындағы патриоттық рухқа көріп, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рақымжан Қошқарбаев секілді батырлар мен Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты ерлігі ерге бергісіз қыздарымыздың ізбасары жетіліп келе жатқанына көзім жетті, - дейді отставкадағы полковник.