44 азамат жұмысқа жолдама алды

Пятница, 24 Февраль 2023 05:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 767 раз

44-jumys-joldama

Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығынының ұйымдастыруымен «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы қалалық бос жұмыс орындарына ірі кәсіпорындар жәрмеңкесі өтті. Маңызды шараның басты мақсаты – жұмыссыз азаматтар санын азайту, жұмыс беруші мекемелерге қажетті кадрларды табуға, ал жұмыс іздеушілерге жұмысқа орналасуларына ықпал ету.

– Бүгінгі жәрмеңкеге 25 ірі жұмыс беруші мекеме қатысып, техникалық мамандықтар бойынша 400- ге жуық бос жұмыс орындары ұсынылуда. Атап айтсақ, «Назар Текстиль» ЖШС, «Бал Текстиль» ЖШС, «АРТ Кұрылыс» ЖШС, «Mega Smart» ЖШС, «ЕвроКристалл» ЖШС сынды кәсіпорындарға дизайнер, тоқымашы, тігінші, оператор, жүк тасушы, мамандары қажет. Бұл – кәсіптік білімі бар және техникалық сала мамандарына жұмысқа орналасуға таптырмас мүмкіндік. Сондықтан, бүгінгі жәрмеңкені жұмыссыздар мен жұмыс берушілер арасындағы алтын көпір деуге болады», – деді басқарма басшысы Балмаржан Полатқызы.

Жалпы жәрмеңкеге 500 азамат қатысса, «Әлем-БТ» ЖШС-нің базасында 350 техникалық мамандықта білім алатын бітіруші студенттерге экскурсия жүргізілді. Ал, 150 жұмыссыз азамат жұмыс беруші мекемелерден тілдесуден өтсе, оның 44-і жұмысқа жолдама алды.

Сонымен қатар, келген азаматтарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары, өз кәсібін ашуда мемлекет тарапынан берілетін көмек, жастарға берілетін микрокредит, аз қамтылған отбасыға берілетін атаулы әлеуметтік көмек туралы кеңестер беріліп, ақпараттар ұсынылды.

Алдағы уақытта да, жұмыс беруші мен жұмыс іздеушілерге қолайлы алаң қалыптастырып, ірі кәсіпорындардың базасында еңбек жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарлануда.