ТІЛ МЕҢГЕРУДЕГІ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ МҮМКІНДІГІ

Среда, 15 Март 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 403 раз

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Қайнар» бизнес орталығында «Сандық технологиялар арқылы тілдерді оқытудың түрлі инновациялық әдіс-тәсілдері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

 

Семинарда тілді меңгеруде сандық технологияны пайдаланып, оқытудың жолдарын қарастыру, жалпы оқыту жүйесіндегі жетістіктер мен кемшіліктерді анықтау талқыланды. Жиында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, политехникалық колледж мамандары, «Өрлеу» БАҰО АҚ-ның Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша Кәсіби даму институтының тренер, аға оқытушылары өз тәжірибелерімен бөлісті.
Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландыру заманының сиқырлы әлеміне еніп барады. Осыған орай мұғалім инноватор, иннотехник болу міндеті алға шығып отыр.
Осы тұста, дария білімнің шалқар айдынындағы киелі құсыңыз, қырандай қанатын талмай қағатын айбарыңыз да, жорға шабысынан танбаған айбыныңыз да ұстаз болса керекті. Ұстаздардың еңбегін еселеп, оны дәріптеп, сайып келгенде хал-қадірінше даңқын асырып, шығармашылық өре-талғамын, білімділік қуатын бағамдап, таразылау үшін өткізілген семинар-тренинг өз мақсатына жетті деп ойлаймын. Себебі, уақыт озған сайын күнделікті өмірдің қарапайым қағидаларынан бастап, көзқарастары өзгере бастағанын да байқау қиынға соқпады. Әрбір қатысушы өз халінше қарастырылған тақырыптардың мәнін ұғынып, тереңдей алды. Сырын терең ұғынуға қол жеткізді. Енді бірі – бір қырын ашып жатса, екінші бірі қалтарысты тұстарын толықтырып жатқаны байқалып тұрды. Тың ұсыныстарымен де таңдандырып отырды.
Ұстаздар бір-бірімен тәжірибе алмасып, мұғалім тәжірибесінде іскерлік қарым-қатынас орнатуға, білім мекемелерінің тәжірибелерін таратуға, білім мазмұнының жаңа бағыттарын айқындау мен алдағы тәжірибелерінде түрлі инновациялық жобалар құруға бекем бел буып, алдағы күндеріне міндет жүктеді.

Гүлмира ЖАНЫСБЕКОВА,
Шымкент қалалық тілдерді оқыту- әдістемелік
орталығының директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.