Ел есіндегі биік бейне Избранное

Пятница, 31 Март 2023 05:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1261 раз

Қазақ халқы ерлікті, елі үшін еңбек еткен ерді сүйеді, қадірлейді. Осындай қадірлі ер тұлғалардың бірі ғана емес бірегейі, қазақ халқының тарихында елдің тәуелсіздігі үшін 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісте ту көтерген, толарсақтан саз кешіп, ұлты үшін жанын пида еткен хас батыр Аманкелді Имановтың туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

307

 

Батырдың тектік құжаттарына қатысты түп деректерге сүйенсек, Кенесары ханның бас батырларының бірі Иман Дулатұлының Балық (1820-1903), Үдербай (1828-1879) атты ұлдары болған. Үдербайдан Бектепберген (1870-1921), Аманкелді (1873-1919), Амантай (1876- 1931) атты үш ұл тараған.1879 жылы Үдербай қайтыс болған соң, оның әйелі Қалампырға Балық үйленіп, одан Есентай (1884-1933) есімді ұл, Назгүл есімді қыз көреді. Есентай аз ғұмыр жасаса да, елге белгілі азамат болады. Есентайдың бәйбішесі Ақсарыдан Сұлтан туады. Амангелді қайтыс болған соң, Есентай жеңгесі Балымға үйленеді. Одан Рақым және Рақымқұл атты екі бала дүниеге келеді. Ал Аманкелдінің Рамазан (1911-1941), Шәріп (1914-2000) есімді екі баласы болды. Рамазан жазушы болған, ол 30 жасында ерлікпен қаза тапқан. Шәріп атамыз да батыр болған. Бірақ ол туралы әлі тарихи туынды жазылған жоқ. Рамазаннан 1939 жылы Батырлан ағамыз дүниеге келген. Ол кісі — белгілі ғалым. Қазір Алматы қаласында тұрады. Батырлан Амангелдиев «Аманкелді» атты кітап жазып, 2015 жылы жарыққа шығарды.
Аманкелді Иманов – 1873 жылы 3 сәуірде Иман батырдың қарашаңырағында дүниеге келді. Әкесі Үдербай — момын шаруа адамы, анасы Қалампыр Қақуқызы (1849-1926) күйеуі Үдербайдан 30 жасында жесір қалады. Ол өте қайратты, денелі кісі болады. Анасы Аманкелдіні өзінің туысқаны Бердікей ишандардың медресесіне оқуға (1881-1887) береді. Сөйтіп Аманкелді аталған мешітте оқып, мұсылманша сауатын ашады. Ержеткен шағында Аманкелді өзінің батырлығымен, қара қылды қақ жарар әділдігімен қара халықтың құрметіне бөленеді. Байлардан беделі еш кем болмайды. Халық оны Иман батырдың немересі деп ардақтайды.

304


1916 жылы Торғай уезі халқының ел ағалары мен ақсақалдары патшаның 19-31 жас аралығындағы жастарды қара жұмысқа алу туралы маусым Жарлығына қарсы шықты. Аманкелді көтеріліске коммунистік-кеңестік өкіметті орнату үшін емес, халқының азаттығы үшін шықты. Өкінішке карай, коммунистер осы ақиқаттың өңін айналдырып жіберді. Анығында Аманкелді атамыз 1916 жылы көтеріліске шыққанда 1917 жылы Ресейде Ақпан көтерілісі болатынын білген жок. Ол ұлтын ақ патша отарлығынан құтқару үшін атқа қонды.
Ал оның ұрпақтары солтүстіктен оңтүстікке 1928-1932 жылдарда ауа көшкен. Олардың біразы аптап ыстықтан, ашаршылықтан қайтыс болған. Батырдың жары Балым Оңтүстікте 1933 жылы қайтыс болды. Балымнан туған 2 баланың бірі қазақ, бірі өзбек отбасында тәрбиеленген. Батырдың тірі ұрпақтары кешегі аштық, соғыс жылдарында күнкөріс қарекетімен біріне-бірі ажырап та қалған. Бірнеше жылдар араға салып бірін-бірі іздеп тауып, бүгінде ұрпақтары бұтағын жайған бәйтеректей еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүріп келеді.

308


Осы орайда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы «Саяси қуғын сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығында «басты міндет – халықаралық стандарттар мен құндылықтар негізінде саяси қуғын сүргіннің жазықсыз құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру» деген. Осы мақсатта, олардың адал және игі есімдерін халық пен ұрпақтарына қайтару міндеті тұрғанын атап көрсету артық болмас. Қазіргі таңда елімізде сонау қолдан жасалған зұлмат аштық жылдарындағы қуғын-сүргін құрбандарының қилы да қиын тағдырлары туралы ауқымды зерттеулер жүргізілуде. Соңғы бір-екі жылда Аманкелді әулетінің ұрпақтарына Шымкент қаласында орналасқан «Түркістан облысының қоғамдық саяси тарихының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлнар Сәдібекқызы Шардарбекованың басшылығымен жұмысшы топ зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Аманкелді ұрпақтары туралы тарихи құжаттар Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облысының қоғамдық саяси тарихының мемлекеттік архивінде көптеп кездеседі. Архивтік жеке қор 2022 жылдың наурыз айынан бастап ашылған. Зерттеулер бойынша құжаттар өткізіліп, мемлекеттік тіркеуге алынды. Жеке қор иесі Имановтар әулетінің тікелей ұрпағы, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының ардагері Рахымбай Нұраховтың ( 1926-2012жж., 1951-2012жж. ) «Өмірбаяндық құжаттары», «Марапаттары туралы құжаттары» (1981-2004 жж), «Фотоқұжаттары» (1945-2011жж.) №199 қор, № 48 тізімдеме бойынша аталмыш мұрағатта сақтаулы тұр.
Әулетте қазір 100-ден аса ұрпақ бар. Олар Солтүстік аймақтағы туған- туыстарымен табысқаны әрине қуаныш. Баршасының өзегін өртейтін бір мәселе – аштық жылдарында Өзбекстанда тәрбиеленген батырдың ұрпағы Рахым ақсақал құжат бойынша өзге елдің азаматы болып қала берді. Елтаев Рақымқұл Есентайұлы (1928-2021жж.) 90-нан асқан шағында өмірден озды. Ал оның туған ағасы Нұрахов Рахым Есентайұлы (1926-2012жж.) оңтүстіктің Мақтаарал аймағында бала-шағасымен берекелі өмір сүрді. Ол соңғы рет жергілікті басылымға берген сұқбатында сол өзге ұлт боп жүрген бауырларының төл құжатын «қазақ» етудің жолы табылса екен деп кейінгілерге аманат етіп, өмірден озыпты. Осындай аманатты артына қалдырған Нұрахов Рахымбайдың туған бауырының ұрпақтарына деген жанашырлық сезімін «Сана.kz» газетінің 2008 жылғы №108(192) санында Әлмахан Исаховтың авторлығымен жарияланған «Тағдыр толқындары» атты мақаласынан біздер бүгінгі таңда архивтегі батыр әулетінің жеке тектік құжаттарынан оқып отырмыз.
Әрине бұл зерттеулердің жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі маңызды орын алатыны сөзсіз. Осының бір айқын айғағы ретінде Шымкент қаласындағы №68 жалпы орта білім беретін мектебінде соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген түрлі іс-шараларды атап өту артық болмас. Солардың бірі «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында ата-аналардың қатысуымен өткізілген «Айбынды жастар – Тәуелсіздік тірегі» тақырыбындағы ашық есік күні. Ашық есікте «1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі және Аманкелді Иманов» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Оны қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері А.Жанысбекова, А.Әбілдаева, тарих пәні мұғалімі Ә.Бостановалар ұйымдастырды. Жуырда осы мектептің «Жас сарбаз» сыныптарында қаламыздағы «Өркениет» ақпараттық-әдістемелік орталығының жетекшісі, ҚР Педагогикалық ғылымдар Академиясының профессоры Көздибаева Абила Көздибайқызының қатысуымен «Аманкелдітану» ерлік, елжандылық семинар сабақтары өткізілді. Тәжірибелік сабақтарда лектор А.К.Коздибаева «Кейс», «3+2+1»әдістерін шебер пайдалана отырып, сабақтың соңында «Төрт сөйлем» тәсілімен қатысушыларға өздерінің білу, түсіну пайымдау деңгейлері бойынша ой тұжырым жасатты. Қазіргі таңда осындай қосымша білім беруге бағдарланған «Патриотизм және жаһандық құзыреттілік» тақырыбындағы сабақтардан тыңдаушылар батырдың ерлік, елжандылық болмысының рухани мол мұрасымен тереңірек танысып қана қоймай, олардың отансүйгіштік, елжандылық үлгілерін бойларына сіңіруге де мүмкіндік алды.
Азаттық жолында жанын пида еткен аталарымыздың еңбегі ерен, ерлігі үлгі және олардың армандарын іс жүзіне асыру кейінгі толқынға аманат. Ата- баба аманатына адалдық – ұрпақ парызы!

Г.ПРЖАНОВА,
№68 жалпы орта білім беретін мектептің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.