Жаралы жандар жанашыры

Пятница, 05 Май 2023 04:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 795 раз

jaraly-jandar

«Ұлы Отан соғысы жылдары әскери госпитальдар денсаулық сақтау ордасы деп аталды, ондағы дәрігерлер сиқыршы, ал медбикелер мейірім мен мейірімнің апалары болды», - деп еске алған екен соғыс кезінде жаралы жауынгерлерді аяққа тұрғызып, майдан даласына оралуына көмектескендердің бірі Сара Сартбаева өз жазбасында.

Сара Файзрахманқызы – республикаға еңбегі сіңген дәрігер, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Қызыл Жұлдыз және 2-дәрежелі Отан соғысы ордендерінің иегері. Бейбіт уақытта «Қызыл Ту» орденімен, Астана қаласының мерекелік медалімен марапатталып, Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағы берілген. Оның өнегелі өмір жолы өскелең ұрпақ үшін аңыз десек болатындай.

Сара Сартбаева 1914 жылы 22 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Әкесі революцияға дейін де, кейін де шаруа қожалық жұмыстарымен айналысқан. 1930 жылы анасы қайтыс болғаннан кейін 16 жасар Сара туған жері Семейді тастап, Ашхабадта жұмыс істейтін ағасына қосылып, фельдшерлік-акушерлік техникумға оқуға түседі. 1932 жылы оқып жүріп, Түрікмен КСР Денсаулық сақтау халық комиссариатының бұйрығымен ұйымдастырылған дәрігерлік бригадалардың біріне жұмысқа алынады. Бригадалардың міндеті – баспашыларға қарсы соғысып жатқан Қызыл Армия жауынгерлеріне медициналық көмек көрсету болатын. Кейіннен төрт ай Кушка жерінде жұмыс істейді. Алты жылдан кейін сыртқы жаулар біткен соң, елде «халық жауларын» анықтау науқаны басталды. Түрікменстан үкіметінде жоғары лауазымдардың бірінде қызмет атқарған Сараның ағасы да қуғынға түсіп, «халық жауының» қарындасы ретінде Ашхабад медицина институтының 2-курсынан шығарылған. Бірақ, қиындықтарға мойымай, Уфа, Шымкент, Ашхабад қалаларында медбике болып жұмыс істейді.

Фашистік Германияның Кеңес Одағына соғыс жариялағаны туралы хабар кеңестік азаматтардың патриоттық толқынын тудырды. Сара да «Мен майданға барамын!» деп, нық шешім қабылдады. Әскери комиссариатқа төрт рет өтініш бергенімен, қолдау таппайды. Алайда, 1941 жылы желтоқсанда күйеуі Константинді майданға алып кеткенде, Сара «Егер майдан қатарына алмасаңдар, пойызбен өзім барамын!» деп, табандылықпен шарт қояды. Осыдан кейін әскер қатарына шақырылып, 1942 жылы №169 жедел жәрдем пойызында әскери фельдшер ретінде майдан даласындағы жаралыларға көмекке аттанған. Фашистер жедел жәрдем пойызы, әскери бекіністерді жиі бомбалаған. Сара Файзрахманқызы «Адам денесінің бөліктері ауада қалай шашырағанын әлі ұмыта алмаймын! Бәрі тынышталған соң, біз егіс алқабын аралап, науқастардың жан-жаққа шашылған мүшелерін жинап, жер қойнына тапсырдық...» деп, еске алыпты жазбасында.

С.Сартбаева алғашқы жауынгерлік марапатын 1944 жылы алды. Олардың аурухана пойызы жаңадан азат етілген Сарны қаласына жетіп, қираған қалада жаралыларды сиыр қораларға орналастыруға мәжбүр болған. Жарылыстардың салдарынан Болотная станциясынан далалық госпиталь құруға тура келгенде де жұмыстан қашпай, жауапкершілікпен атқарған. Әрбір орынды дезинфекциялап, 300-ге жуық жаралының төсегіне жайғастырып, күтім жасау жеңіл іс емес екені анық. Сара Файзрахманқызынан госпитальдағы кезеңде есінде қалған оқиғаны сұрағанда ойланбастан «Сол кездегі біздің сарбаздарымыздың физикалық және рухани күш-қуаты қандай зор еді! Мүгедек, жаралы, жартылай гипсталған, еріндерін әрең қимылдатып жатса да, олар қайта шайқасқа шығу үшін тезірек емделуді сұрады» деп жауап берген екен.

Тарихи деректерге сүйенсек, 1942 жылы 1 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысында 8 эвакуациялық госпиталь – Түркістан педагогикалық училищесінде (500 орындық) және Сарыағаштағы Қапланбек техникумында (500 орындық), Ленин мектебінде, дәріхана ғимараты мен қалалық клубта, Түлкібас ауданындағы балалар санаторийінің ғимаратында (250 орындық), Шымкент қаласында 1350 орындық, Сайрам ауданының Манкент қаласындағы бұрынғы Бүкілодақтық Орталық Кеңесінің демалыс үйінде госпиталь болды. 1942-1943 жылдары облыстың эвакуациялық госпитальдарына 6489 жаралы түсіп, 5857-і емделіп шыққан. Оның 3619-ы майданға оралған.

Бірде қолын балтамен ауыр жарақаттап алған шаруа госпиталь дәрігерінен медициналық көмек алыпты. Алайда, келесі күні қайта оралып, дәрігер мен фельдшерге Бендера тобы ауруханаға шабуыл жоспарлап жатқанын жасырын хабарлап кетеді. 300 жаралы жауынгермен шабуылға қарсы тұра алмасы анық болған соң, шұғыл түрде комендатурадан көмек сұрау керек болған. Бірнеше шақырым қашықта орналасқан комендатураға баратын адам іздегенде жас, тәуекелшіл, әрі батыл Сара өз еркімен алға шыққан. Қараңғы түнде өз қорқынышын жеңіп, жау тұзағынан сескенбей, төрт шақырымды бір сағатта жүріп өткен. Тапсырманы уақытында орындап, комендатураның көмегімен қарақшылардың жоспарының күл-талқан еткен.

Майдан даласы Сара Сартбаеваны Берлинге дейін жеткізді, ол кезде ол №3661 эвакуациялық госпитальдың сұрыптау бөлімінің меңгерушісі болды. Рейхстаг қабырғасындағы көмірден жасалған қолтаңбалардың бірі Сараның өз қолымен жасаған туындысы екенін де айта кеткен жөн.

Сара түрікмен, армян, қазақ, өзбек және татар тілдерінде еркін сөйлегендіктен тез тіл табысып кететін болған екен. Тіптен, күндіз науқастарға қарап шаршаса да, кешкілік олардың көңілін аулау үшін сол жердегі сарбаздардың көмегімен концерт ұйымдастырып жүріпті.

Кейіпкеріміздің әрбір қадамы, кез-келген кадрлық қозғалысы Түркістан облысы мемлекеттік архивіндегі Сара Файзрахмановна Сартбаеваның жеке тектік қорында сақталған. Сара Сартбаева 1946 жылы демобилизациядан кейін Шымкентке келіп, бруцеллез станциясына лаборант болып орналасады. Одан кейін көп жыл Алматы медицина институтында оқып, Мақтаарал аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалған. Кейіннен Сара Сартбаева Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарып, 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының қайта құрылуына байланысты облыстың бас эпидемиологы болып тағайындалды. Сол жылдары облыста тіркелген саңырауқұлақ ауруы, балалар арасында дифтерия мен полиомиелит, трахома, туберкулез дерттерімен күрес жүргізіп, медициналық жабдықтар алу, екпе егу ісін жолға қойған. Нәтижесінде 1985 жылы туберкулезбен сырқаттанушылық сегіз есеге, ал одан болатын өлім-жітім 22 есеге азайған.

Сара Файзрахманқызының 1973 жылы зейнет жасына жетсе де, Денсаулық сақтау министрлігінің республиканың барлық аймақтарында ғылыми-әдістемелік және техникалық ақпарат топтарын ұйымдастыру туралы бұйрығына сәйкес, топ жетекшілігі тапсырылды. Сартбаеваның «Облыс елді мекендеріндегі ішек инфекциясының картасын жасау» жұмысы КСРО-ның халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде 1-дәрежелі дипломға ие болып және бұл тәжірибені КСРО-ның барлық республикаларына таратуға ұсыныс берілді. 1987 жылы С.Сартбаева екінші рет зейнеткерлікке шықты.

Сара Файзрахманқызының көзін көрген, аз уақыт болса да тілдесудің сәті түскен жандар оның өмірге деген мейірімге толы көзқарасына, даналығына ерекше тоқталады. Халықта «Егер адамда жақсы қасиет болмаса, оған бақ та, байлық та қонбайды. Қанша алғыс алсаң, сонша ғұмыр жасайсың» деген сөз бар. Отан үшін от кешіп, медицина саласында өзінің адал да тынымсыз қызметімен еліне елеулі, халқына қалаулы болған Сартбаева Сара Файзрахманқызының ғұмырнамасы мен тың деректер өскелең ұрпаққа мол тәлім-тәрбие беретініне сенім мол.

Айнұр НҰРЖАНОВА,
Түркістан облысы
мемлекеттік архивінің
Архив құжаттарын
пайдалану және жариялау бөлімінің басшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.