Жаңа қалашықтың – жаңа тынысы Избранное

Пятница, 21 Июль 2023 05:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 522 раз

zhana kalawik

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент Сити» шағынауданында жаңадан салынып жатқан саябақ жұмыстарын аралап көрді. Қазір саябақтың құрылыс жұмыстары 20 пайызға дейін жүргізілген. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр .

Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады. Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала келбеті тағы бір саябақпен арта түседі, әрі қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашылады.

«Шымкент сити» шағын ауданында бой көтерген әсем ғимараттың бірі – «Конгресс-холл» нысаны. Шаһар басшысы жаңа ғимараттың да құрылыс жұмыстарына кезекті рет шолу жасап қайтты. Нысан құрылысы кестеге сай жүргізілуде, сондықтан құрылыстың 75 пайызы аяқталған. Пайдалануға беру мерзімі биылғы жылдың үшінші тоқсаны деп күтілуде.

zhana kalawik 1

Үшінші мегаполистің келбетін ашатын халықаралық конгресс-холл көп функциялы мәдени және ойын-сауық сарайы ретінде ашылмақ. Мұнда халықаралық конгресстер, форумдар, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол. Ғимарат екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени-көпшілік іс-шараларға арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелерді де осы бірінші блоктан көруге болады.

Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы жоспарланған. Сонымен қатар, қолөнершілер дайын бұйымдарын қоя алатын көрме алаңы, қолөнер тарихымен танысу үшін бірінші қабаттағы мультимедиялық кабинет, үлкен би залы, музыкалық зал, қазақтың дәстүрлі үстел ойындарына арналған кабинет те осы әсем ғимараттың еншісінде.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.