БАСТАПҚЫ ЖАРНАҒА – 1 МИЛЛИОН Избранное

Пятница, 04 Август 2023 04:19 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 794 раз

Жеке баспана – адам өмірінде маңызы зор орындардың бірі. Ол – отбасылық бақытқа бөленетін, жақын адамдарымыздың мейірім шуағын сезінетін мекен. Сондықтан мемлекет әрбір отбасының баспаналы болуына барынша қолдау көрсетіп отыр. Иә, жақында Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген еліміздің Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет арқылы Қазақстан халқының бәрін ипотекалық несиемен қамту мүмкін еместігін ашып айтты. Дегенмен, мемлекет өз үйінің болуы үшін талпынып, еңбек етіп жатқан жандарды қолдаусыз қалдырмайды.

789

 

«Біз Отбасы банкінің жарғылық капиталын толықтыру үшін миллиардтаған қаржы бөлеміз. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар арқылы жалға берілетін баспанаға да ақша бөліп келеміз», - деді Ерұлан Жамаубаев.

790


Министрдің бұл сөзін қуаттайтын мысалдар жетерлік. Мәселен, Шымкент қаласының әкімдігі ипотекалық несие рәсімдеушілерге көмек ретінде тұрғын үй сертификаттарын үлестіріп келеді. Атап айтқанда, Шымкентте биыл 150-ден астам отбасының баспана алуына бастапқы жарна берілді. Әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға өтеусіз негізде берілетін тұрғын үй сертификатының сомасы – 1 000 000 теңге.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасына қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа осындай сертификат үлестірілген. Дегенмен, халық арасында оның берілу тәртібі, кімдерге тағайындалатыны әлі де түсініксіз болып келеді. Тұрғын үй сертификаттарының берілу кезеңі бар ма? Оны кімдер алып жатыр? Қандай топтағы отбасылар бұл жарнаға қол жеткізе алады? Бұл сұрақтарға Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева жауап берді.
–Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 153 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 67 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 69 ерекше бала асыраушы отбасы және 4 бюджеттік ұйым қызметкері бар. Биылғы жылы бюджеттен бастапқы жарнаға берілетін сертификат үшін 134 млн 756 мың 623 теңге бөлінген. Тұрғын үй сертификаты баспанаға мұқтаж азаматтарға «Шаңырақ» бағдарламасының несиелік бағыттарына, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бір бөлігін төлеу үшін беріледі. «Бақытты отбасы» бағдарламасына арнайы санаттағы отбасылар ғана қатыса алса, ал «Шаңырақ» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі барлық отбасылар қатыса алады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы берілетін мүмкіндікке мына тізімдегі азаматтар үміткер бола алады: көбалалы отбасылар, жетім балалар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Мұндай отбасыларға сертификат қайтарымсыз тағайындалады. Сертификатты алуға өтініш берушінің «Отбасыбанктегі»бағалау көрсеткіші әсер етпейді. Дегенмен тұрғын үй сертификатына өтініш «Отбасыбанкі» ипотека мақұлданғаннан кейін ғана беріледі,– дейді Ж.Өтебаева.
Сертификат мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен басқа да ипотекалық бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаның бөлігі ретінде беріледі. Ж. Өтебаеваның айтуынша, азаматтардың көбі бұл сертификатты басқа да мақсатта қолдануға болады деп қателеседі екен. Сертификат сомасы 1 миллион теңгеден аспайды және оны тек бір рет алуға мүмкіндік бар.
–«Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 15 миллион теңгеге дейін несие беріледі. Оған алғашқы жарна ретінде 1,5 миллион теңге салу керек. Тұрғын үй сертификаты оның барлығын жаппайды. Бағдарламаның қайсысы болса да, сертификат арқылы жарнаның 85 пайызы өтеледі. Алғашқы жарнаны әуелде өзіңіз салсаңыз да, сертификатқа өтініш беруге болады. Тұрғын үй сертификаттары екі нұсқада беріледі: қайтарымсыз әлеуметтік көмек және бюджеттік несие. Өтініш берушінің бұл екі топтың қайсына кіретіні оның табысына байланысты. Егер зейнетақы жарналарын, жеке табыс салығын және басқа да міндетті жарналарды есепке алмағандағы табысы, зайыбының табысын ескере отырып, отбасының әрбір мүшесі үшін айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспаса, онда сертификат қайтарымсыз беріледі. Ал қайтарылатын несие 15 жылға, жылдық 0,01 пайызбен беріледі. Тұрғын үй сертификатын алу үшін тұрғылықты жеріңіздегі баспананы ғана сатып ала аласыз, – деді басқарма басшысы.
Өтініш берушінің шотына қаржы аударылғаннан кейін банкпен ипотека шартын жасауыңыз керек. Банк берген екінші хаттамада сертификат арқылы түсетін соманы аударатын есепшот көрсетіледі. Осы кезеңдердің барлығынан өткен шымкенттік Эльмира Әйтімова жақында өз баспанасына қол жеткізбек. Ол бастапқы жарна берілетіндігіне алғашында сенбегендігін айтады.
–Мен көпбалалы анамын. Осы уақытқа дейін пәтер жалдаудың қиындығын көріп келеміз. Тұрғын үй кезегіне тұрғаннан кейін Отбасыбанктен шот ашып азын-аулақ қаражат жинай бастадық. Басында қаражат жинап баспана ала алмайтын шығармын деген сенімсіздік болғаны рас. Кейіннен мемлекеттен берілетін осы сертификатты естігенде үй алуға деген үміт пайда болды. Төлем қабілетімді растай алғаннан кейін банк маған алғашқы мақұлдау хатын берді. Сол арқылы тұрғын үй басқармасына құжат тапсырып сертификатқа оң шешім алдым. Жақын күндерде өз пәтерім болатынына өзім де сенбей отырмын,–дейді Э.Әйтімова.
Елімізде баспаналы болу үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Атап айтқанда, банк арқылы ипотека рәсімдеу, қызмет бойынша берілетін баспана, сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерлер, мемлекеттік бағдарламалар немесе әкімдік тарапынан белгілі бір санатқа жататын адамдарды баспанамен қамту жобалары. Тіпті бастапқы жарнасы жоқ отбасыларға да осындай мүмкіндік беріліп отыр. Бұл жобалар шаһар халқын басапаналы етуде үлкен үлесін қосып, оң нәтижесін көрсетуде.
Айта кетейік, бастапқы жарна үшін берілетін сертификатты беру қаржы толық игеріліп біткенге дейін жалғасын табады.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

 

 

Сертификат алу үшін не істеу керек?

• Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысу керек.

• Банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті туралы хабарламаны ұсыныңыз және төлем қабілеттілігін бағалаудан өтіңіз. Өтсеңіз, сізге хаттама береді.

• Нарықтан пәтерді өзіңіз іздейтін болсаңыз, сізге 6 ай уақыт береді немесе әкімшілік тарапынан салынып жатқан үйлердің байқауына қатысуға мүмкіндігіңіз бар. Қатысқан жағдайда несие өтінішіңізге таңдаған пәтер тіркеледі. Пәтердің құжаттарымен банк екінші шешім шығарады. Ол кезде төлем қабілеттілігі қайтадан расталмайды, тек үйдің құжаттары тексеріледі. Одан кейін банк оң шешім қабылданған екінші хаттаманы береді.

• Сертификатты алу үшін банк берген хаттамалар арқылы Тұрғын үй басқармасына өтініш беріңіз. Жауап үш жұмыс күні ішінде беріледі.

 

Последнее изменение Пятница, 04 Август 2023 04:32
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.