ТҰРҒЫН ҮЙ СУБСИДИЯСЫ – ПӘТЕР ЖАЛДАП ТҰРАТЫН ОТБАСЫЛАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК Избранное

Среда, 16 Август 2023 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 847 раз

Бүгінгі таңда елімізде мемлекет тарапынан құрылысқа қыруар қаржы бөлініп, баспана салу жыл сайын артып келеді. Бұрынғыдай кезек жылжымай, халықты әбігерге түсіретін күндер бүгінде алыстады. Себебі жыл сайын жаңарып, жетіліп келе жатқан жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары бүгінде өз жемісін беріп келеді. Тұрғын үй кезегіне тіркелгендердің өсу ретіне назар салсақ, соңғы екі жылда қалада 7,5 мың адамға көбейген. Мәселен, Шымкентте 2021 жылы тұрғын үй кезегінде – 42 269, 2022 жылы – 48 603 адам кезекке тұрған болса, биыл 49 752 тұрғын тіркелген екен. Тұрғын үйге қатысты өзгерістер мен жаңадан енген бағдарламалар жөнінде Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының басшысы ӨТЕБАЕВА ЖАНАТ ӨМІРСЕЙІТҚЫЗЫМЕН сұхбаттасып, бірқатар сұрақтарға жауап алдық.

808

 

–Жанат Өмірсейітқызы, биылғы жылы баспаналы болғандар саны неше пайызға артты? Білуімізше, салынып жатқан тұрғын үйлер жыл сайын артып келеді. Ал нәтиже қандай?
–Нәтиже жақсы деуге болады. Шымкентте соңғы төрт-бес жылдықтарда құрылыс қарқыны артып, баспанамен қамтуда республикада көш басында келе жатқанын өздеріңіз жақсы білесіздер. Биылғы статистикаға келсек, 2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 324 арендалық пәтер жоспарланып, оның ішінде мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үй кезегіндегі 168 отбасы арендалық баспанамен қамтылды. Оның ішінде 48 пәтер – көпбалалы отбасыларға, 25 пәтер – халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы азаматтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға – 47, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлеріне –48 пәтер табысталып, келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа баспаналар Тұран шағынауданында орналасқан. Қалған пәтерлер жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын болады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін тұрғын үй кезегіндегі әр түрлі санаттар бойынша тағы 505 отбасын қамту жоспарлануда.Қазіргі таңда бұл бойынша тиісті мекемеге ұсыныс беріліп, жұмыстар атқарылуда. Осылайша биыл тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға табысталатын пәтер саны артпақ. Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі, қазір әртүрлі санаттағы азаматтарға арналған бағдарламалар бар. Яғни, бұл жеңілдетілген несиелік бағдарламалардың тұтынушы шеңберін көбейтеді. Жыл басында несиелік негізде 1732 пәтермен қамту жоспарланған. Қазіргі таңда 753 азамат ипотекалық негізде өз баспанасына қол жеткізді. Яғни «5-20-25» несиелік бағыты бойынша 452 пәтер, «2-10-20 Бақытты отбасы» бойынша – 230 пәтер, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша – 71 пәтер кредиттік бағытта рәсімделген.

809

 

–Арендалық баспаналар үйсіздерге жақсы мүмкіндік болғанымен қазіргі таңда сатып алу құқығы алынып тасталды. Сонда пәтерге мұқтаж адам өмір бойы жалдау ақысын төлеп өте ме? Осы жайында тарқатып айтсаңыз?
–Арендалық тұрғын үйлердің сатып алу құқығы жоқ. Сондай-ақ, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін сатып алу құқығымен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылған. Яғни, кезекке тіркелген азаматтар төлем қабілеттігіне қарай арендалық баспананы жылдар бойы күтпестен «Шаңырақ», « Бақытты отбасы», «5-25-25» сияқты сатып алу құқығы бар ипотекалық үйлердің конкурстарына қатыса алады. Бұл бағдарлама «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады.

–Бұрын жастарға арналған бағдарламалар жоқтың-қасы еді. Бүгінде отбасылы болмаған жастардың да үй алуға мүмкіндігі жоғарылады. Бұл бағдарламалар жөнінде жастарымыз қаншалықты хабардар? Бағдарламаны пайдаланып, үй алған жастар көбейді ме?
–Биылдан бастап 35 жасқа дейінгі азаматтар жастар санатына кіреді. Мемлекеттің жастар саясаты жөнінде қабылданған заң бірнеше жаңа нормаларды қамтиды. Бұған дейін жастар санатына 29 жасқа дейінгі азаматтар кіретін. Қазір 35 жасқа ұлғайғаннан кейін жастарға арналған механизмдерді қолданатын азаматтардың саны едәуір артты. Биылдан бастап жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз пәтерлер енді 3 жыл мерзімге пайдалануға берілетін болады. Азаматтың өтініш бергенге дейін соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрақты тіркеуде болуы және иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Жұмысшы жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру бағдарламасы аясында Шымкент қаласында 2020 жылы 904 пәтер берілсе, 2021 жылы 300 жас – жалдамалы баспанамен қамтылған. 2022 жылы аталған бағдарлама бойынша 857 азамат қоныс тойын тойлаған. Биылғы жылы 888 жасты арендалық баспанамен қамту жоспарда.Жастар бағдарламасы бойынша конкурсқа өтінімдер қабылдау электронды портал арқылы жүзеге асырылып, өтінімдерді қабылдау, өңдеу, келісімшартқа тұру жұмыстары толықтай электронды нұсқада жүргізілетін болады. Шымкент қаласы бойынша биылғы жылға әзірге жастар бағдарламасы басталған жоқ. Бұл бойынша алдын ала БАҚ-та және әлеуметтік желіде хабарландыру жарияланатын болады.

–Мемлекеттік бағдарламамен үй алғысы келсе де көпбалалы отбасы үшін бастапқы жарнаны жинау қиынға соғады. Мұндай жағдайда қандай кеңес бере аласыз?
–Мұндай отбасыларға да арнайы әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Ол –тұрғын үйге бастапқы жарна үшін берілетін қайтарымсыз сертификаттар. Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 153 отбасына тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 67 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 69 ерекше бала асыраушы отбасы және 4 бюджеттік ұйым қызметкерлері бар. Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылдануда.
Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады. Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады.

–Былтырғы жылдан бастап пәтер жалдап тұратын отбасыларға жалдау ақысын субсидиялау жүзеге аса бастады. Бұған кімдер қатыса алады?
–Тұрғын үй субсидиясы – пәтер жалдап тұратын отбасыларға көрсетілетін ауқымы кең әлеуметтік көмек. Аталған бағдарлама іске қосылғалы бері Шымкент қаласында 2022 жылы – 458, 2023 жылы – 433 отбасының тұрғын үйді жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленуде. Қазіргі таңда тұрғын үй субсидиясына өтінімдер қабылдау жалғасуда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына келесі төрт санат бойынша – кезекте тұрған 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар қатыса алады. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Субсидия алуға үміткер депозиттік шоты болуы қажет. Жинақ шоты жоқ азаматтар бейнебанкинг қызметі немесе «Otbasy bank» мобильді қосымшасы арқылы шот аша алады. Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен www.otbasybank.kz сайтында онлайн қабылданады.
–Сұхбатыңызға рахмет!

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.