Конституция – ел тірегі

Пятница, 01 Сентябрь 2023 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 256 раз

konstitusua

Шымкент қаласында Конституция күні жоғары деңгейде аталып өтті. Мерейлі мерекеге жиналғандар Әділетті Қазақстанды құру жолында Ата заңның қағидаларын берік ұстануды мақсат етіп, еліміздің басты құжаты құқық пен еркіндіктің кепілі екенін атап өтті.

Аналарға – алтын алқа

Әл-Фараби ауданында мереке күні ел демографиясына үлес қосып отырған алтын құрсақты аналардың кеудесі алтын және күміс алқамен жарқырады. Салтанатты кеште аудандағы мемлекеттік қызметкерлер де мадақталып, алғыс хаттармен марапатталды. Мерекеде аудан әкімі Рашид Мыңбаев тұрғындарды айтулы күнмен құттықтап: «Бүгігі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, жылдан-жылға біздің басты құндылығымыз болған – Тәуелсіздігіміз, келісім мен бірлігіміз нығая берсін! Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ тілеймін. Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!» деген ізгі тілегін жеткізді. Іс-шарада сахна төрінде бишілер мен әншілер өнер көрсетіп, қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Шағынауданда дүбірлі мереке

Еліміздің өркендеуіне және мемлекеттік биліктің қалыптасуына, экономика, әлеумет, мәдениет салаларының қарқынды дамуына жол ашқан ҚР Конституциясы күні айтулы мереке ретінде Абай ауданында да аталып өтті. Тәуелсіз еліміздің тұғырының мықты, туының биік болуының мызғымас тірегіне айналған Ата заңы қабылданған айырықша маңызы мол мерекені ұлықтау дәстүріне аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен тұрғындар мен қонақтар, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері Асар шағынауданындағы салтанатты жиында бас қосты.

Мерекелік іс-шара мемлекеттік Әнұранмен басталып, аудан әкімінің орынбасары Гүлнұр Нұрбекқызы жиылған қауымды Конституция күнімен құттықтады. Мерекеде әр түрлі салада ауданның дамуына үлес қосып жүрген мамандар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ата заңның қасиеті мен маңыздылығы дәріптелген салтанатты іс-шарада отаншылдық тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалды.

Жаңа алаңша тарту етілді

Қаратау ауданы Өтеміс тұрғын алабында мерекелік тарту ретінде тұрғындарға замануи спорт алаңшасы пайдалануға берілді. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салынған спорт алаңында футбол, баскетбол ойнауға арналған алаң және заманауи жаттығу элементтері орналасқан. Спорт алаңшасының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Жанысбекұлы мен қалалық мәслихат депутаты Лазизхан Сулайманов, ардагерлер мен елді мекен тұрғндары қатысты.

–Ауданымызда да бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беріп, әр аудан орталықтарында спорт алаңшаларын ашу қажет деген тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, спортты дамытуда, материалдық базаны жақсарту бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Мұның бәрі балаларымыздың, жастарымыздың спортпен айналысуына, олардың денсаулығының мықты болуына жасалынып жатқан үлкен мүмкіндік, – деді аудан әкімі Рақымберді Жанысбекұлы.

Қайырымдылққа ұйытқы болғандар марапатталды

Конституция күнін тойлауда Тұран ауданы да қалыс қалмады. Айтулы күнге орай Шымкент қалалық опера және балет театрында мерекелік концерт ұйымдастырылды. Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбеков аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады.

«Конституция – халықтың бірлігін, қоғамдық және рухани келісімін нығайтып, егемендік пен саяси тұрақтылықтың кепіліне айналды. Ата Заңның қағидаттары мен нормаларын ұстану, конституциялық құндылықтарды қорғау – әрбір қазақстандықтың парызы және міндеті. Баршаңызға игілік пен бақ-береке тілеймін! Отанымыз нығайып, дами берсін. Сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілеймін!», - деді Боранбай Нығметұлы.

Салтанатты кеш барысында ауданның белсенді азаматтары мен қайырлы істерде алдыңғы шепте жүрген демеушілерге арнайы алғыс хат табысталды. Мерекелік шара барысында әсем әуендер шырқалып, бишілер өз өнерлерін көрсетті.

Этномәдени бірлестік өкілдері бас қосты

Еңбекші ауданында 30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған кездесу өтті.

Кездесуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қалалық департаменті мен Еңбекші ауданы әкімі аппаратының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген өзгерістер, жемқорлық фактілері туралы хабарлаған адамдарды қорғау шаралары күшейтілгені, еліміздің қолданыстағы заңдылықтарын сақтау, өскелең ұрпақ – жас буынға саналы тәрбие беру, т.б. мәселелер жөнінде сөз болып, арнайы дайындалған видеороликтер көрсетілді.

Б.ОТАРБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.