САХНА СЫРТЫНДАҒЫ ШЕБЕР

Пятница, 29 Сентябрь 2023 04:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 443 раз

Сахна әлемінде біз тек сахнадағы өнерпаздарды, әртістерді ғана көреміз. Негізінде оның сыртында қаншама адам еңбек етіп жатқанын біле бермейміз. Шындығында бір адамның сахнаға шығуы үшін сахна сыртында бірнеше маман қызмет етеді. Сахнаны жарықпен әсерлендіретін, оның безендірілуі, реквизиттерімен айналысатын сахна машинисті маманы сондай маңызды қызметтердің бірі.

289

 

Сан түспен оқиғаны түрлендіріп, көрерменді таң-тамаша қалдыратын Жұмабек Жұматайұлы бұл салаға кездейсоқ келгенін айтады. Талантты азаматтың Шымкенттегі Түркістан сарайында сахна машинисті болып қызмет еткеніне он жылға жуықтаған. Негізгі мамандығы – химик- технолог. Бұрын зауыттарда инженер, шебер болып қызмет атқараған ол – өнер, мәдениет саласында еңбек етемін деп мүлде ойламапты.
– Түркістан сарайына 2015 жылы қызметке келдім. Бұған дейін «Шымкент Фосфор», «Қайнар май», «Шымкент сыра» зауыттарында қызмет атқардым. Білгеніммен бөлістім, білмегенімді үйрендім. Зауыттардың бірі жабылды, бірінде қысқарту болды, содан жұмыссыздықпен тіркеуде тұрғанмын. Бір күні «Түркістан сарайы» ашылатындығын айтып бір жігіт хабарласты. Маған ұсынған қызметтің қыр-сырын білмесем де, ынта-талабым жоғары болды, тәуекелмен іс-тәжірибеден өтуге бардым. «Өнерге жақындығыңыз бар ма?» – деп сұрағанда да «иә» деймін ғой. Себебі адам барлық іске бейімі болуы керек. Кейіннен қызметім өзіме ұнап, мәдениет саласының менің мамандығымнан да маңызды сала екендігін түсіне бастадым. Өйткені «сахна», «өнер» деген ұлттың болмысын танытатын ерекше әлем. Ал, жұмысыма келсем сахнадағы көріністерге монтаж жасаймын, сахна киімін ауыстырып тұрамын. Әртіс сахнаға қалай киініп дайындалса, сахнаның да өзінің киімі болуы керек. Себебі түрлі елдерден мәдениет өкілдері, өнер адамдары келеді. Сонда барлығы да сахнаның киіміне мән береді. Алғашында келгенде отыз мың теңге айлыққа жұмыс істедім. Сол кезде маған таныстарым күле қарайтын. Бірақ мен үшін ақшаны көп тапқан адам бай емес, рухани деңгейін көтере білген адам бай. Отбасымда екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірдім. Отбасымыз ешкімнен кем емес, балаларымның барлығы жоғары оқу орнын бітірді, өз саласының білікті мамандары. Бір қызым стюардесса болып жұмыс істейді. Қызыммен біршама шет елдерді араладым. Өзге елдердің мәдениеті және сахнасымен таныстым.
Ешқашан жұмысымнан жалыққан емеспін. Қайта жаңа қойылым, жаңа концерттер болған сайын, жаңа идеялар ойға келеді. Ең бастысы қателесіп, болмаса әртістің еңбегін зая кетірген жағдайлар орын алған емес. Мен жауапкершілігіммен мақтана аламын, – деді Жұмабек Жұматайұлы.
Сахнаның безендірілуі – концерт үшін аса маңызды. Бірақ көрерменге «реквизит» деген ұғым мүлдем таныс емес. Оны жасайтындардың жұмысы әрине сахна сыртында. Асылында концерттің көңілден шығуы жолында бұл еңбеккерлердің атқаратын жұмысы орасан. Жұмабек Жұматайұлы жұмысын аса қызығушылықпен істейді.
–Үлкен оркестрлердің концерттері болған кезде міндетті түрде шаршау болады. Маған жұмысым қызық. Мәселен, жұмысымды жасап болған соң, концерт тамашалап отырған кезде шынымен мына сахнаны біз безендірдік пе деп таң қалатын кездерім көп. Өз еңбегімді көріп марқайып, мақтанып қаламын. Бастысы өнерге, мәдениетке теңізге түскен тамшыдай болса да үлесімді қосып жүргенім үшін бақыттымын, – деді сахна машинисті.
Өзі көрінбесе де, еңбегі сахнада сайрап тұратын жұмыстың иесі әңгімесін осылай аяқтады. Қарбалас тірліктің иелері кей кездері күндіз-түні тынбай еңбектенеді. Еңбекке деген адалдық пен өнерге деген қызығушылық сапалы жұмыстың көрсеткіші екені даусыз. Жұмабек Жұматайұлы секілді еңбеккерлердің адал ісі – қоғамға өнеге, жастарға – үлгі.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.