БАУЫРЛАС ЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР КЕҢ ӨРІС АЛЫП КЕЛЕДІ Избранное

Среда, 04 Октябрь 2023 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 423 раз

Қазақстан мен Өзбекстан театрлары арасында мәдени және шығармашылық байланыстарды дамыту мақсатында арнайы меморандум түзілген болатын. Осыған орай, Шымкентке Өзбекстан Республикасынан Өзбек ұлттық қуыршақ театры гастрольдік сапармен келді. Ташкент қаласынан келген шығармашылық ұжым 2 - 6 қазан аралығында шымкенттік көрермендерді өздерінің қызықты қойылымдарымен қуантады. Терең тарихы бар театр ұжымының қоржынында көрермен көңілінен шыққан көптеген қойылымдар бар. Солардың арасынан «Веселый балаганчик» пен «Қуыршақтар әлемі» атты сазды қойылымдарын театр сүйер қауымға ұсынбақ.

500

 

–Біздің театрымызға келесі жылы 85 жыл толады. Негізгі тарихы 1929 жылы ТЮЗ құрамында «Петрушка» студиясы болып жұмысын бастаған театрымыз 1939 жылы Республикалық қуыршақ театры, ал 2020 жылы «Өзбек ұлттық қуыршақ театры» болып бекітілді. Театрмызда 100 ге жуық адам қызмет етеді. 70 пайыз әртістеріміз жастардан құралған. Қалғаны 30пайызы тәжірибесі мол Республикамыздың еңбек сіңірген әртістері. Олар жастарды өнерге баулып, білгенін үйретіп жүр. Репертуарымызда 40-қа жуық қойылымдарымыз бар. Бізді 2 жастан барлық жастағы көрермендеріміз тамашалай алады. Жасыратыны жоқ қазір гаджеттердің заманы. Дегенмен театр тәрбие құралы болғандықтан бізде заманға сай сахна декорациясымен, түрлі жарықтармен көрерменді баурауға тырысамыз. Өйткені ұлттың болашағы мен құндылығын дәріптеуші құралдардың бірі – ол театр, – деді Өзбек ұлттық қуыршақ театрының директоры Хотам Ахунов.
Өз ісінің шеберлері жиналған театр ұжымында рөлдерін сомдап қана қоймай, қуыршақ образын жасаумен де айналысатын бесаспап мамандар да бар. Солардың бірі – театр әртісі Муниса Игамназарова.
– Осы театрда жұмыс істеп жатқаныма 30 жылға жуықтады. Қуыршақтарды пайдалана отырып ұшқыр қиялға ерік беріп, адам таңқаларлық әдемі көріністерді жасап шығуға болады. Қуыршақ театрының тәрбиелік функциясы басым болғандықтан әрбір қойылымның терең мағынасы, жеткізер ойы бар. Мен сахнада қуыршақтарды ойнатып қана қоймай, түрлі қуыршақтардың образын жасап, оларды өз қолыммен тігумен де айналысамын. Тіпті, қуыршақтардың билейтін биін де ешқандай хореографсыз өзіміз қоя береміз. Көптеген елдерде гастрольде болдық. Халқымыздың бай тарихына барлығы да тамсана қарайды. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын біздің қойылымдарымызды тамашалауға шақырамыз, – дейді ол.
Сонау 1939 жылы құрылған Өзбек Ұлттық қуыршақ театры – Өзбекстандағы тарихы тереңде жатқан өнер ордасының бірі. Оның көрші елдегі театр мектебінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі зор. Театрдың репертуары алуан түрлі, әрі ұлттық және классикалық драматургияға бай. Қуыршақ театры халықаралық фестивальдерге белсенді қатысып қана қоймай, шетелдерге гастрольдік турларға да жиі шығып тұрады екен. 1973 жылдан бастап труппа әлемдегі барлық континенттерде болған.
Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы арасындағы мәдени байланыстар жылдан жылға кең өріс алып келеді. Өзбек Ұлттық қуыршақ театрының гастрольдік туры – соның айқын мысалы. Шығармашылық турдың ресми ашылуы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында басталды. Ташкенттік әртістер 6 қазанға дейін мектеп сахналары мен өзге де мәдени орындарда өнер көрсетпек.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.