Тұғыры биік тұлға

Понедельник, 12 Февраль 2024 10:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 195 раз

beket

Қазақ халқының бетке ұстар азаматының бірі бірегейі – Бердібек Сапарбаев болады. Мұны оның мемлекеттік қызмет жүйесінде атқарған жұмысына қарап айтып отырмын. Ол президент сенімін ақтап, бес облыста әкімдік қызмет атқарды, министр де болды. Осы атқарған қызметтерінің қайсысы болмасын артында жарқыраған ізін қалдырды. Елім деп еміренетін, ұлтым деп әркез ұлағатты іс атқарған азамат.

Несін айтайық, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық көп қиналды. Елбасының адам танудағы кейбір жосықсыз тірліктерінің арқасында қой баға алмайтын адамдарға ел баққызып қойдық. Солар елдің қамынан көрі қалтасының жайын көбірек ойлап, халық «приватизация» емес, «прихватизация» деп жүргендей қоғамдық мүлікті жекешелендіруді өздерінің жеке бастары мен тума-туыстары үшін пайдаланды. Сөйтіп мемлекеттік жүйеге орасан зор зиянын тигізді. Сол кезеңде халықтың қиналғаны соншалықты – Шымкент қаласының тұрғындары не газ, не жарық жоқтықтан көпқабатты үйлерінің алдына самаурын қойып, қазан қйнатып әбігерге түскен... Міне, осындай қиын кезеңде Қызылорда облысының басшысы Бердібек Сапарбаевты Оңтүстік Қазақстан облысына әкім етіп ауыстырды. Жұмыстың көзін таба білетін адамға ешқандай кедергі тосқауыл емес екен. Араға үш-төрт ай салмай-ақ халық көріп отырған азабынан бірте-бірте арыла бастады. Ел риза болды. Ол мемлекттік жүйені дамыта отырып, қалың елдің қамын ойлайтын азаматтардың басын біріктіріп, ортақ іске жұмылдыра білді.

Міне, осындай іскер азамат Шығыс Қазақстан облысына әкім болып барған кезінде де, елдіктің биік болмысын танытты. Ормандай орысы көп, қазақтың өзі шала сауаттанып, ұлттық тілін ұмыта бастаған өңірді қайта жаңғыртуға күш салды. Оның ең бастысы, әлем таныған ұлы ойшыл Абайдың үлкен ескерткішін тұрғызып, аллея бойына қара сөздерін жаздырып қойды. Қалаға сән берер мұсылман мешітін салдыртты. Бұдан басқа да мектептер мен сәулетті құрылыс жұмыстарын жүргізді. Елдің еңсесін көтеріп, Өскеменнің өскелең өңір екеніне көз жеткізді. Семей мен Шығыс Қазақстан облыстарының қосылуы арқасында Өскемен қаласында қазақы ортаның қалыптасуына зор үлес қосты. Бүгінде ондағы қолға алынып жатқан игілікті істердің бастауында Бердібек тұрды десек те болады.

Ақтөбе облысында әкім болып жүргенінде мен Ақтөбеде Тілеу батыр ескерткішінің ашылуына байланысты бір ауыз сөз сөйлеген едім. Сонда мен: «Ақтөбе халқының бағы бар екен, Сіздерге Бердібек Сапарбаевтың әкім болып тағайындалуы зор абырой. Елдіктің, ерліктің жұмыстарын атқаратын азамат келді. Сондықтан қолдаңыздар, қуаттаңыздар. Ол елдің өсіп-өркендеуіне бастамашы бола білетін азамат», - дедім. Содан барғаннан бергі атқарған жұмыстың нәтижесі болар, Бердібек Ақтөбеден аттанып кетерінде халық көзіне жас алып шығарып салды. Бұл азаматтың адал еңбегіне, халыққа көрсеткен қызметіне деген ыстық ықыластың көрінісі болса керек.

Saparbaev-02

Бердібек жамбастап жатқан Жамбыл облысына келгенде де іргелі істерді қолға алды. Халықтың көптен көңілінде жүрген тарихи ескерткіштерді орнатуға, Тараз қаласының көркеюіне үлкен үлес қосты. Бердібек жүрген жерінде із қалдыратын атына лайық азамат. Оны 70-тің желкесіне шықты деп бірден зейнеткерлікке шығарып жіберуді өз басым дұрыс санамадым. Әлемдік өркениетке көз салсақ, Үнді халқы, Қытай, аты атойлап тұрған АҚШ-тың өзі басшылық қызметте үлкен жастағы азаматтарды ұстап, олардың ақыл-ой, білімін сарқа пайдаланады. Қазіргі президентіміз де жетпіске толып отыр. Бердібек те солармен терезесін тең ұстап қызмет ете алатын, халыққа әлі де беретіні аз емес азамат еді. Мен онымен қызметтес болған жоқпын. Ол батыста, мен солтүстік өңірлерде қызмет атқардық. Бірақ мен қайда жүрсем де Бердібектің еңбегін назарымда ұстап, өзгелерге үлгі етіп жүретінмін. Ел басқару – биік өнер. Ол өнерді меңгеру әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан халықтың ыстық ықыласы мен махаббатына бөленген асыл азаматтың ерен еңбегі ылайықты құрметпен аталып, «Қазақстанның еңбек ері» атағымен әспеттелгенде, ол қазіргі және ертеңгі мемлекеттік жүйеде қызмет істейтін жастарға үлгі өнеге болып, адал еңбектің ер атандыратына көздерін жеткізген болар еді.

Мұндай абырой атақпен марапаттау президент құқы екенін ескере отырып, қалың ел, жалпақ жұрттың ыстық ықыласына бөленіп, Отан деп отқа түсіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей қызмет еткен азаматтың еңбегі еленсе екен деген едік. Амал қанша асыл азаматты жаратушы жарық дүниемен ерте қоштастырды.

Жақсының аты өшпейді, жаңа қазақстанға жарық сәуле шашып, рухымен рұхтандырып тұратынына сенімдімін.

                                                                                      

Бекет ТҰРҒАРАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері-заңгері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Дарабоз аға Арда туған азамат »