«Бұқаралық ақпарат құралдарына, белсенді азаматтарға және блогерлерге айтарым, жұртты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттарды таратпау қажет. Қазіргі уақытта билік пен қоғамды ұйыстыратын әрекеттер жасау аса маңызды. Азаматтарды тек қана ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырамын» деді ол.
Расында, жел сөз, елді дүрліктіретін алыпқашпа әңгіме айтылмай жатқан жоқ. Өткенде бір молда «осының бәрі пітір мен садақа бермегеннен болып жатыр. Бұл — Алланың қаһары» деп онсыз да алаң жұртты сансыратып тастады. Кейбір блогерлер шенді біткеннің басына құсығын төгіп әлек. Олай болмайды. Қазір кінәліні іздеп, айыптаудан гөрі қарғын сумен алысып, ақ қар көк мұзда жанұшырып жүрген адамдарға көмектесудің жайын ойлау керек. Қазақ — тумысынан қайырымды халық. Обал-сауапты жақсы біледі. Су алған он аймақтың елді мекендеріне мүмкіндігінше көмектесуде.
Шымкенттегі «Жастар ресурстық орталығы» су алған өңірлерге гуманитарлық көмек жинақтап, үздіксіз жіберіп жатыр. Қалалық мәслихаттың депутаттары кәсіпкерлермен бірлесіп қиналған жұртқа керекті азық-түліктен бөлек, көрпе-жастық, жылы киім, резіңке етік пен рация және құтқару жұмыстарына керек-жарақтарды жөнелтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы штаб отырысын өткізіп, жағдайды тұрақтандыру барысында қосымша көмек ұйымдастыруға ұйытқы болуда.
«Amanat» партиясы еріктілерді тасқын алған аймақтарға аттандыруға мұрындық болуда. Сауапты істен Ассамблея мүшелері де шет қалып жатқан жоқ.
«Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.
Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі» деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауырлық бөліссе азаяды. Қарғын су астында қалған халық өз қайғысымен жалғыз қалмайтындығын Мемлекет басшысы айтты. Бірлік, ынтымақпен бұл қиындықты да еңсерерміз. Ең бастысы, ел аман болсын!