Самбоны серiк еткен

Суббота, 05 Март 2016 06:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3879 раз

Әйелдер қауымы қоғамның барлық саласында еңбек етіп жүр. Қатал тәртіпті талап ететін Ішкі істер органдарында да нәзік жандардың қатары көп-ақ. Бұл салада қызмет ету үшін алғыр болумен қатар, қарсы келген жаудың белін қайыстырар ептілік те керек. Тәртіп сақшыларының арасында мұндай қырымен танылып жүрген арулар да бар екен.

DSC00879Шымкент қаласы ішкі істер басқармасы Еңбекші аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Таңшолпан Орын самбомен шұғылданады. Салауаттылықты серік еткен ол самбодан спорт шеберлігіне үміткер. Қазіргі шені – полиция лейтенанты. 2015 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Алматы ішкі істер академиясын бітіріп, қызметке кіріскеніне бір жыл болыпты. Биылдан бастап аға инспектор лауазымына тағайындалған.
– Бұл қызметті атқару үшін ең алдымен білім керек. Алған білімімді тәжірибеде ұштастырып, қызметке де араласып кеттік. Жұмысқа кірмей тұрып, осы мекемеде тәжірибеден өту барысында бөлім басшылары көп нәрсені үйретті. Менің өмірлік ұраным да осы – үлкендерден тәлім алудан қашпау, – дейді Таңшолпан.
Еңбекші аудандық полиция бөлімі – Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының ең үлкен ауданы. Жұмыс та көп, тәртіп те қатал. Құқық бұзушылықтың алдын алу, тәртіп бұзған азаматтарды ұстау епсіздікті кешірмейді. Бұл салада жетістікке жетуде ең алдымен керек қасиеттер – жауапкершілік, мәмілегершілік және тағылымды тәрбие. Осы үш қасиетті кейіпкеріміз өмір бойына сіңіруге тырысады. Өзінің өмірлік ұраны – «Үлкеннен өнеге ал!».
Қай сала болса да, әйелдер құрметтің төрінен көрініп жүргені рас. Темірдей тәртіпті қажет ететін салада қыз-келіншектер көбейіп келеді.
– Арман-мақсатым – ішкі істер саласына еңбек сіңіру. Елімнің дамуына үлес қосу. Болашақта тергеуші болып жұмыс істеуді мұрат етіп отырмын. Биылдан бастап ағылшын тілін үйренуге де көңіл аударамын, – деп келешек мақсаттарын да айтып берді.
Таңшолпан Орын өткен жылы ҚР Тәуелсіздігі мерекесі қарсаңында «Алғыс хат» иеленген. Келешекті қазірден бағдарлау қажет десек, самбоны серік еткен арудың талабына сүйсіндік.

Последнее изменение Суббота, 05 Март 2016 09:22
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.