×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Қазақстанда терроризм мәселесi бар ма?

Пятница, 05 Август 2016 06:05 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3845 раз

2016 жылдың маусым және шілде айында Ақтөбе мен Алматыда орын алған жағдай – Қазақ елі тарихында, өкінішке орай, өзіндік бір межелі кезең ретінде қалатын болды. Әрине, бұған дейін де ел тарихында экстремизм мен терроризммен бетпе-бет келген сәттер болды. Алайда, дәл осы Ақтөбе мен Алматы оқиғасы ел ішін дүрліктіріп қана қоймай, шет елдің де назарын өзіне аударды. Өзінің тұрақты әрі бейбіт жағдайы арқылы танылған Қазақстан үшін бұл оқиғалар қалай болғанда да күтпеген жағдай болған еді. Сондықтан болар, көпшілік қауымның біразының назарын тапа-тал түсте әскери бөлім мен полицияға шабуыл жасаған радикалдардың әрекеті қайран қалдырса, енді біразы осындай шабуылдардың жиілеп кеткеніне алаңдаулы. Осы мәселелерге байланысты көптеген сұрақтар туындап отыр. Азаматтардың басым бөлігі «Бұл қалай болды? Терактінің артында кім тұр? Террористердің көздеген мақсаты не?» деген сұраққа алаңдаушылық танытуда.

Қазақстандық радикалдар деген кiмдер?

d487e65a881e8a4f1a73a0cdc0b17f33

Ұзақ жылдардан бері терроризммен күресіп, ұйымдасқан радикалдық күштер мен террорлық топтарға (Мәселен, Аль-Каида, Өзбекстан ислам қозғалысы, Түркістан ислам партиясы – барлығына Қазақстан аумағында тыйым салынған) қарсы күресіп жатқан басқа елдермен салыстырғанда, біз әзірге шағын және өзара байланыспаған радикалдық топтармен бетпе-бет келіп отырмыз.
Кезінде біз 2003-2013 жылдар аралығындағы терроризм бабы бойынша барлық қылмыстық істерге талдау жасаған едік. Талдау барысында экстремистік іс-әрекетке қатысы бар деген әртүрлі 19 топтың 227 радикалының өмірбаянымен таныстық. Сараптама нәтижесі бойынша, бұл топтарды шартты түрде 3 түрге бөлуге болады: «Диверсиялық» (Сырттан арнайы жоспар мен мақсатпен дайындалған адамдар), «Жамағат» (Діни экстремистік негізде жиналған радикалдар тобы), «Банды» (Көшбасшының немесе басқа бір фактілердің әсерінен радикалданған қарапайым қылмыстық топ). Қазақстанда көбіне аталған топтарды діни және қылмыстық негіз бойынша біріккен адамдар құрайды.
Ақтөбеде әрекет еткен радикалдар осындай топтардың бір көрінісі болып отыр. Шабуыл жасағандардың жетеуі ұрлық, адам өлтіру, зорлау, ұрып соғу бойынша бұрын сотталса, екеуі бұрын экстремистік әрекеті үшін жауапқа тартылған болатын. Алматыдағы шабуылға қатысушы да бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып шықты.
Белгілі бір дәрежеде діни топтар мен қылмыстық топтардың араласуына, қылмыскерлердің түзеу колонияларында экстремистік иделогияның шырмауына түсіп қалуынан болып жатыр. Әрине, қазіргі таңда түзеу колонияларында айыпталғандармен тиісті жұмыс жүргізілуде. Алайда, ондағы жағдай құзырлы органның қатаң бақылауында болғанымен жағдай бәрібір де күрделі.

Радикалдар құқық қорғау органдарына неге шабуылдайды?

«Радикал топтар тек қана құқық қорғау органдарына шабуыл жасайды» деген пікір қате. Талдау барысында анықталғандай, бейбіт тұрғындар да радикалдық топтардың құрбанына айналып отыр. Мысалы, радикалдардың қолынан көбінесе кәсіпкерлер, автокөлік пен такси жүргізушілері, сауда орталықтарының қызметкерлері мен көшедегі кездейсоқ адамдар құрбан болуда. Ал радикалдардың құқық қорғау органдары мен полиция учаскелеріне, ҰҚК департаменті мен әскери бөлімдерге шабуыл жасауы – қару иемденіп алу мақсатында жасалып отыр. Немесе радикалдық топтардың шабуылы құқық қорғау органдарына өздерінше көрсеткен сесі мен өзіндік кек қайтаруы болуы мүмкін. Мысалы, құқық қорғау органдары Ауғанстан немесе Сирия елдеріндегі радикалдық топтарға қосылғысы келетін азаматтарға кедергі келтіріп, соңына түскенде олар өшігіп, қарсы әрекет ұйымдастыруы ықтимал. Және де, олардың көп жағдайда арнайы дайындалған жоспары мен тактикалық іс-әрекеттері жоқ. Көп жағдайда радикалдық топтар шын мәнісінде бұрын болған белгілі бір оқиғаларды қайталап жасауға тырысатыны белгілі. Бірақ та, радикалдардың бұл іс-әрекеттері бәрібір де жиі террорлық акт болып есептеледі, себебі олардың мұндай әрекеттері түптің-түбінде қоғам ішінде үрей таратып, жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған. Мысалы, менің ойымша, Алматыдағы соңғы оқиға, қылмыскердің негізгі мотивін қалай атасақ та, негізі теракті болып бағалануы керек. Себебі, оның іс-әрекетінде террорлық акцияның кейбір элементтері бар. Мысалы, қылмыскер мемлекеттік биліктің ғимараты мен нысандарына шабуыл жасау арқылы қоғамдық тұрақтылықты бұзып, азаматтарды қорқынышта ұстауға тырысты.

ДАИШ пен әл-Каиданың шабуылдарға қатысы бар ма?

Ақтөбе мен Алматыдағы терактіге ешқандай да ұйымның қатысы жоқ деп нық сеніммен айта аламыз. Бұған дейін де айтылғандай, бұл жергілікті радикалдық топтың ұйымдастырған бір әрекеті. Мұндай топтарды сарапшылар өзара «Ұйқыдағы топтар» деп айтады, себебі, олар нақты бір жоспары жоқ, белгілі бір ұйымның бөлшегі емес, өз бетімен құрылып, бұрын аса бір әрекеттерді жасамаған және белгілі бір радикалды идеологияның жақтаушысы. Бұл топтарға әлеуметтік желідегі шет елдің пропагандалық бейнероликтері мен фото суреттері әсер етуі мүмкін. Мәселен, 2013-2016 жылдардың аралығында ДАИШ тарапынан қазақ-стандық содырлардың қатысуымен 5 ресми видеосы таратылған. Одан басқа, Орталық Азия елдерінен Сирияға кетіп, соғысып жүргендердің әлеуметтік желілердегі көптеген аккаунттарын есептемегенде жүздеген түрлі әуесқой деңгейде түсірілген фото-видео материалдары жүр. Өкінішке қарай, радикалдар осындай роликтерді әсіресе «Вконтакте» әлеуметтік желісінде емін-еркін таратып отыр.
Ақтөбе оқиғасына қатысқан радикалдық топ ДАИШ немесе әл-Каиданың ешқандай мүшесі немесе бөлшегі емес. Бірақ та, олардың тосын әрекетке баруына интернеттегі жанама үндеу әсер етуі мүмкін. Мысалы,
Ақтөбе оқиғасынан 2 апта бұрын бірқатар әлеуметтік желілерде ДАИШ тобының бір көсемдері теракті жасауға шақырған аудиоүндеуі таратылған болатын. Осы үндеуде бірнеше елдер аталған болатын, сондықтан, мұндай оқиғалар кез келген елде орын алуы ықтимал. Мәселен, Бангладеш, АҚШ, Франция елдерінде орын алған соңғы террорлық актілер осымен байланысты болуы мүмкін. Содан болар, мамыр айының соңында АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарына Еуропа елдерінде жаздың үш айында орын алуы мүмкін терактілер туралы алдын ала хабарлаған болатын. Бұл кездейсоқ ескерту емес. Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы мәліметтері бойынша, әрбір мұсылман үшін қасиетті болып есептелетін Рамазан айы кезінде ДАИШ жақтастары әлемнің 16 түрлі елінде 393 террористік шабуыл ұйымдастырған екен.

«Ұйқыдағы радикалды топтардың» мақсаты қандай?

Бұған дейінгі терроризм қаупі жайындағы пікір-таластарда негізінен сырттан келетін қауіпке көп назар аударылды. Мысалы, көбіне-көп Ауғанстаннан келетін содырлар Орталық Азия аймағының белгілі бір бөлігіне еніп, жағдайды бұзуы мүмкін екені айтылып келді. Сондай-ақ, терроризм проблемасы Сирия мен Ирак жеріне әртүрлі елдерден барып соғысып жатқан радикалдар бойынша бағамдалатын. Көптеген сарап-шылардың айтуынша, ДАИШ құрамында соғысып жатқан азаматтар отанына оралған соң өз елдерінде терактілер ұйымдастыруы мүмкін бола-тын. Алайда, біз сырттан келетін террористік ұйымдардың шабуылына баса назар аударып, аймақтың ішіндегі «ұйқыдағы топтардан» келетін қауіп деңгейін болжай алмай қалдық.
Кез келген елде және кез келген қоғамда радикалдық идеяны ұстанған адамдар тобы болады. Олар өз ішінде әртүрлі жоспар құруы мүмкін. Аталған топтар халықаралық террорлық ұйымның мүшесі немесе филиалы болмай-ақ, тіпті шетелдік ешқандай топтармен байланыспай-ақ өз еліне қауіп төндіре алады. Осындай адамдардан келетін қауіп – жүйе-ленген үлкен топтардан келетін қауіптен аспаса, кем емес. Өйткені, олардың іс әрекетін алдын ала болжап білу оңай емес. Сол себепті, біз бұрыннан айтып келе жатқандай, сырттан келетін шабуылмен қатар ішкі радикалдық топтардан келетін қауіпті ескеруіміз керек. Біздің бұл сөзімізге соңғы уақыттары Франция, Германия, Бангладеш, АҚШ елдері бетпе-бет келген қанды қырғындар дәлел бола алады. Ал біз әзірге кішкене радикалдық топтармен немесе бір адамның іс әрекетіне бетпе-бет келіп отырмыз. Олар қоғамда болып жатқан белгілі бір жағдайдың әсерінен осындай белсенді іс әрекетке барады. Сондықтан, Ақтөбе мен Алматыда орын алған жағдайлар арнайы жоспар-мақсатсыз жасалған радикалдық акция болып табылады.

Бізді болашақта қандай қауіп күтіп тұр және бізге не істеу қажет?

Соңғы жағдайға қатысқан радикалдық топтардың ешқандай дайындығының болмауы, әрине, біздер үшін ұтымды жақ. Қазақстанда орын алып жатқан террорлық актілердің қандай да бір нақты институционалдық және идеологиялық негізі жоқ. Біз әзірге жүйесіз, өзара ұйымдаспаған, өз әрекеттерін нақты жоспарламаған радикалдық топтармен бетпе-бет келіп отырмыз. Ендігі біздің мақсатымыз олардың орнына арнайы оқытылып және дайындалған террористердің келуіне жол бермеу.
2011-2012 жылдардағы оқиғалардан кейін біз басқа мәселелерге көңіл аударып, орын алған жағдайды бір реттік радикалдық белгі ретінде қабылдадық. Енді болса, бұл қауіп қатерге қарсы нақты және тиімді шара қолданар үшін, біз, ең алдымен, экстремизм мен терроризм қаупі ұзақ уақыттық тренд екенін түсінуіміз керек.
Біз толқын іспетті радикалдық белгілермен бетпе-бет келіп отыруымыз ықтимал. Бұл жерде радикалдануға әсер етіп отырған мәселенің себеп-салдарына назар аудару қажет. Ең бірінші – әлеуметтік экономикалық мәселелер болып отыр. Жасыратыны жоқ, елімізде жұмыссыздық, жалақының төмендігі, криминалдық жағдай, жемқорлық, жастардың қоғамға бейімделе (Маргинализация) алмауы сынды әртүрлі мәселелер жастарға қиындық тудырып отыр. Айналып келгенде, мұның бәрі әлеуметтік теңсіздік әсерін күшейтіп, радикалды идеологияларды уағыздаушыларға қолайлы жағдай жасауда. Бірақ, осы мәселелерді объективті және дұрыс бағамдау арқылы ғана біз көптеген қауіп-қатерлерді дәл анықтап қоймай, болашақтағы дамудың жаңа басымдықтарын да айқындай аламыз. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бұл қауіппен ұзақ мерзімді күреске дайын болуы қажет.
Әрине, соңғы оқиғалар біз үшін жаңа үлкен сынақ болып отыр. Алайда, осы жағдай кезінде біз отандастарымыздың жауапкершілігі мен ауызбіршілігін де көрдік. Мәселен, кейбір азаматтар жараланғандарға дереу көмек көрсетіп жатса, басқалары медицина орталықтарында қан өткізу үшін кезекке тұрып жатты. Бұл бізге бір ұлт, бір халық ретінде ұйысуда ауыр болса да, үлкен сабақ, тәжірибе. Тек қана бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдау көрсетіп, көмектесу арқылы ғана біз бұл қауіп-қатерге тойтарыс бере аламыз.

Ерлан ҚАРИН,
саясаттанушы
(«Егемен Қазақстан»)

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.