«Ақ жолдың» 25 томын болашақ ұрпаққа тапсырдым»

Четверг, 05 Январь 2017 07:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4271 раз

Xanbibi 25 104



Ханбибі Есенқарақызы

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер,
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері, ақын:

– Хан апа, биыл өзіңіз басқаратын саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіне 15 жыл толып отыр. Алдағы жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толмақ. Тәуелсіздіктің таңымен бірге өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Сол тірілген тарихтың бір парасын сіз басқарған қуғын-сүргін мұражайы да талай құпияның бетін ашты. Артыңызға бір сәт бұрылып қарағанда, не көресіз?
– Алдыңғы берген сұхбаттарда айтылып жүргендей, бұл музей ел тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай ашылған болатын. Биыл музейге – 15 жыл. Тәуелсіздікке 25 жыл. «Қос тойың қабат болсын» дегендей, екі дата қатар келіп қалған соң «бізге де 15 жыл» деп әкімшілік жағаламай, немесе «атадық па, атадық» дегендей көзбояушылық жасап, елді жиып, жалғандыққа барғанымыз жоқ. Оның үстіне «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» дегендей, музейде өтетін айтулы іс-шараларға 1 млн теңгеден аспайтын қаржы бөлінеді. Біз ол қаржының 837 мыңын музейдің 15 жылдық тарихы мен атқарған жұмыстарын айғақтайтын 64 беттік әсем көркемделген түрлі түсті журнал шығарудамыз. Өйткені, ол, бір жағынан – халық алдындағы есебіміз болса, екінші жағынан – 15 жылда жасаған бір аялдама болсын деп шештік. Ал қалған тиын-тебенге деректі фильм түсірсек пе деген арманымыздың орындалатын түрі жоқ. Миллиардтап қаржы бөлінетін мәдениет басқармасының саяси қуғын-сүргін құрбандарына деген көзқарасын осыдан-ақ бағамдай бергейсіз. Бұл, әрине, өткен жылғы бекітілген бюджет.
Шындығын айту керек, музей ұжымы кейбір тараптардан жасалынған қысым-бопсаларға көңіл бөлмей, «Алға, тек Алға!» принципімен жұмыс істеді. «Ақ жол» кітабының 25 томдығының баспаға әзірленіп қойылуы соның айғағы. «Ақ жолды» әзірлеу барысында кейбіреулер айтып жүргендей бүкіл мұражай болып «жабылған» жоқпыз, өйткені өзге қызметкерлердің де тікелей атқаруға тиіс өз міндеттері болды.
«Артыңызға бұрылғаныңызда не көресіз?» дегеніңе мынаны айтайын. 15 жыл бұрын қуғын-сүргін құрбандарына музей ашылмақ түгілі, бұл сөйлемнің өзі халыққа өз дәрежесінде жетпей жатқан ұғым еді. Өйткені біз саяси митингі өткізген жылы бірқатар журналистер менен «қуғын-сүргін құрбандарын тауып беріңіз, олардан сұхбат алайық» деп мазамды алған.
Айналайындар, өздерің айтып тұрған «құрбандардан» қалай интервью аласыңдар, олар атылып кетті ғой, олардан қалған бірді-екілі ұрпақтарымен сөйлесейік десең, бір сәрі», – деп ренжігенім бар. Ал енді осы өткен 15 жыл көлемінде музейге келушілер мен журналистердің, құрбандардың ұрпақтары арасында терең байланыс орнаған. Іс-шара өткен кезде бір-бірімен іштей ұғынысып-түсінісіп жатады. Бұл музей республикада дара музей болғандықтан (біреудің кебісі, біреудің белбеуі қойылмаған), кейбір түсінігі аздар: «Неге ол кісілердің тұтынған заттары жоқ?» деп те сұрайды. Ондайда «халық жауы» атанған ұлт жанашырларының қалай, қандай жағдайда ұсталып кеткендіктерін, олардың отбасыларының тоз-тозы шығып, ерлерінен бас тартпаған әйелдердің Ақмола-Карлаг лагерьлеріне қамауға алынып, балаларын «детдомға» өткізгендігін, сондықтан, ол кісілерден зат қалмаған, тек рухы сіңген қасиетті құжаттарынан өзгені іздеу әдептілікке жатпайтынын ұғындырамыз.

– Осы уақытқа дейін музейде көптеген ілкімді істер атқарылғанын білеміз. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 том жарық көрді. «Ақ жол» газетінде жарияланған материалдардан құрастырылған тарихи-танымдық көптомдықтың осыдан кейін жалғасы шыға ма? Бұл процесс осымен тоқтап қалмайтын шығар?
– «Ақ жол» газеті 25 томмен аяқталды деп есептейміз. Музейдің қоржынында әлі де жарық көруге тиіс материалдар бар, оның үстіне біз жақында (желтоқсанның 13-де) Өзбекстандағы Ә.Науаи атындағы Ұлттық кітапханада репрессияға ұшыраған Саттарханов Ескендірханды еске алу іс-шарасына қатысып қайттық және осы сапарда алдағы уақытта кітапхана мұрағатымен жұмыс істеу де жоспарланды. Жасыратыны жоқ, саяси құрбандар жайлы көптеген матариалдар Өзбекстан архивтерінде сақтаулы. Тек осының кілтін табу керек.

– Алдағы жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарына 80 жыл толмақ. Өзіңіз бір сұхбатыңызда: «Кеңес өкіметі кезінде Оңтүстік Қазақстан облысында 7 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Екі жарым мың адам «Қайтпас» шағын ауданындағы «Қасірет» мемориалдық кешенінде мәңгілік мекенін тапты. Ал республика бойынша 25 мың адам атылған, олардың көбісінің артында қалған ұрпағы жоқ», – деп айтасыз. Біздің өңірімізде жазықсыз жапа шеккен құрбандардың қалған 4,5 мыңы хақында дерек бар ма?
– Осы тарихи тақырыпты қозғағанда бүгінгі кәсіпкерлер сияқты «өлгендер мен қалғандарды» тарсылдатып есеп-шотқа салғанды қаламаймын. Мәселен, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болғандар мен хабарсыз кеткендерді 70 жыл бойына санап келеміз. Әлі де дәл дерек жоқ. Соғыс кезінде арнаулы есепке алушылар, статистер болды ғой, соның өзінде соңғы нүкте қойылған сан нақтыланбаған. Ал саяси қуғын-сүргіннің ар жағында кәмпеске (елден мәжбүрлі түрде шығарылу) ашаршылық нәубеті жатыр. Осы ақтаңдақтардың құрбандарының түсін түстеп, арнайы санын алып жүрген ешкімнің болмағаны айдан анық. Оның үстіне бұл жабық тақырып болғаны белгілі. Қазіргі тарихшылар да тереңдетіп зерттей алмай жатыр. Сондықтан бізге берілген сандардың шартты ұғым екенін естен шығармауымыз керек. Қазір бұл сандар күн өткен сайын айқындалуда.
Ал Оңтүстікте атылған 2,5 мыңға жуық адамға қатысты бір анықтама қоса кетейін, ол кезде Оңтүстік Қазақстан өлке болған да, оған көршілес (Жамбыл, Қызылорда) облыстар кірген. Ал жаңағы 7 мың қуғын-сүргінге ұшырады дегендер Сібір, Магадан, Ресейдің батпақты ормандарына еңбек лагерьлеріне айдалғандар. Ол жақтан (10-25 жылдан соң) қайтқандардың денсаулықтарының қай деңгейде болатындығы айтпаса да түсінікті болар.
Менің ойымша, болашақта бұл музей республикалық статус алуға тиіс. Сол кезде еш мүдіріссіз республика деңгейінде материал жинауға мүмкіндік болмақ.

– Сіз қызмет істеп жүрген мерзімде неге республикалық статус алуға әрекеттенбедіңіз?
– Музей баста салынғанда облыстық өлкетану музейінің бөлімі еді. Экскурсия жургізушілер отыратын орын да болмады. Айналасы ашық-шашық, көршілердің ешкі-қойлары, тауықтары, сиырлары жайылып жүретін жер болған. Тіптен, музей атын иемденген мемлекеттік Актісі де болмаған. Ал, асығыс (2,5 айда) салына салған ғимараттың жылуы жұмыс істемейтін, жаңбыр, қар жауса, төбеден сорғалап су ағатын, аты бар да, заты жоқ мекеме еді. Қазір ойласам қаншама қажыр-қайрат, жүйкені сарп етіппін. Мұндай жағдайда облыс әкімшілігіне жиі жүгініп, өз беделімді пайдалануға тура келген. Рахмет. Бетімнен ешкім қақпады. Музей – бүгінде іргелі мекемелердің біріне айналды. Түгелдей жөндеуден өтті, техникалық құрал-жабдықтар, қосымша әкімшілік ғимарат салынды. Қосымша штат мәселесін шешуде де облыстық мәслихаттан қолдау таптым. Ал республикалық статус алғанымда жалақы көбейгенмен, қажетті кеңсе тауарларына қол жеткізу үшін министрлікке алақан жаюмен күн өтетін еді де, мына тірліктер жасалынбай қалған болар еді.

– Сіз зейнеттік демалысқа шыққаннан кейін де бірнеше жыл мұражай қызметін жандандыру жолында аянбай еңбек еттіңіз. Естуімізше, жаңа жылдан бастап қызметіңізді тапсыруға бел буып отырған секілдісіз. Өзіңіздің саналы ғұмырыңызда 50 жыл ел игілігі үшін тер төктіңіз. Сізде мансап та болды, атақ та болды, абырой да болды. Дегенмен, көңіл шіркін көкдөнен ғой. Сіздік паң парасат нені көксейді? «Атқара алмаған шаруаларым бар еді» деп өкінетін сәттер бола ма?
– Адамның арманы өлгенде бітеді. Барлық шаруаны тындырып, атқарып кеткен Гогольден басқа жан болмаған шығар. Өйткені ол өлер алдында: «Мен болдым. Кеттім» деген екі ауыз ғана сөз айтқан. Мен де бір адам атқаратын жұмысты артығымен игердім деп ойлаймын. Өзімнің он жетіден астам кітабым, халық үшін «Ақ жолдың» 25 томын, яғни, қазақ халқының күнделігі саналатын 1920-26 жылдар аралығындағы өмірін болашақ ұрпаққа тапсырдым. Қазақтың әрбір ақыны, жазушысы 5-6 жылдық тарихты құрастырып берген жағдайда шындықтың беті ашылып, болашақ алдында бетіміз қызармаған болар еді деп ойлаймын.

– Ұзақ жыл қызмет етіп, еңбегімен көркейткен жердің әрбір жаңа таңы, алдағы адымдары басшыны әркез алаңдатып отырары анық. Қызметпен қоштасар сәтте көңіліңіз неге алаңдайды?
– Әруақтар мекен еткен қасиетті шаңыраққа – қолы таза, жүрегі таза, музей жұмысын білетін, ұжым басқаруға бейімділігі бар маман келсе деп ойлаймын. Өйткені, сенің бастамаңды ары қарай жалғастыратын немесе шашып жіберетін, коммерцияға бейім біреу келсе, ойлағаны ақша болады да, музейдің негізгі мақсат-мүддесінен алшақтап кетуі мүмкін.

– Белгілі сыншы, публицист, марқұм Сағат Әшімбаев алдынан ұшырай кеткен адамға: «Не оқып жүрсіз, не жазып жүрсіз, не көріп жүрсіз?» -дейді екен. Мағыналы ғұмыр сүріп, кемеліне келген Хан апа қазір не оқып, не жазып, не көріп жүр?
– Оқымайтын күнім жоқ. Соңғы кезде жарық көрген көптеген кітаптарды (авторлар сыйлаған) міндетті түрде оқимын. Жазатыным жиналып қалды. Демалысқа шығу туралы шешімге келгелі қуанып жүрмін. «Ұзақ уақыт кездеспеген, сағынған, аяқталмаған қолжазбаларыма жеттім-ау» деп қуанамын. Өзіме өзімнің қолым жетіп, «ертең жұмыс» деп төсекте тапсырма жастанбай, қалаған уақытыңда қалаған ісіңмен айналыса алу да бір бақыт қой. Бұл күнге қаншама адам жетпей кетті десеңші! Сондықтан, 50 жыл еңбек ету, өзің туған-өскен өлкеңде мансапқа мансұқтанбай, тамырың тереңдеп, жапырағың қоюлана түскендігін сезіну де бір бақыт емес пе?

– Музей қызметіне кетіп, өлеңнен алыстап қалған жоқсыз ба? Өз шығармашылығыңызда не жаңалық?
– Алыстаған жоқпын. Құпиямды айтпай-ақ қояйын. Бір керемет, тарихи-танымдық кітаптың жобасы ойымда тұр. Жартылай қағазға түскен.

– Демалысқа шыққан соң немен айналысуды ойлап жүрсіз?
– Ой, айтпа! Қыдырамын. Саяжайда жұмыс істеймін. Электронды ақпараттар алумен қатар, өз жазғандарымды компьютерге басып, техниканың толық меңгере алмаған салаларын толық игеруге тырысамын.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.