БАСПАНАЛЫ БОЛАМЫН ДЕП...

Среда, 26 Апрель 2017 10:16 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6134 раз

алаяқтардың арбауына түсіп қалмаңыз

Басыңда баспанаң, астыңда көлігің, екі қолға тұрақты бір жұмысың болса, көйлегің көк, көңілің тоқ. Әр адам мейлінше жоғын түгендеуге асық. Соның бірі – баспана мәселесі. Бүгінде тұрғын үй кезегіне тіркелген шымкенттіктердің саны 29 мыңнан асып жығылады.

dom-28-3

Кезекке тұрғандардың арасында пәтерге тезірек қол жеткізуді ойлайтындар аз емес. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дөп келіп, осындайда «пәтер алып беруші» алаяқтар да кездесіп жатыр. «Кезегіңді жылжытып беремін» деген сөзге сеніп, қолындағы бар тапқанын алаяққа ұстатқандар уақыт өткен сайын ашу қысып, жергілікті атқару орындарын кінәлайды. 

Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров баспанаға мұқтаж азаматтардың арнаулы топтарына мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер тек заң жүзінде ғана берілетінін еске салды. 

Malik– Соңғы кездері мемлекеттік бағдарламамен пәтер алып беруге уәде беріп, сол үшін ақы алатындар пайда болды. Өзін әкімдікте немесе тұрғын үй бөлімінде істеймін деп таныстыратын болуы керек, сондықтан біз халықты оларға алданып қалмауға шақырамыз. Біздің бөлімдегі жұмыстардың барлығы құжат жүзінде жүреді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алудың шарттары мен тәртібі ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында нақты көрсетілген. Сондай-ақ, «Шымкент келбеті» газетінің 7 сәуір күнгі №27 (1463) санында «Баспаналы болудың бүгінгі тәртібі» жарияланды. Бұл – тұрғын үй кезегіне тіркелгісі келген әр адам мұқият оқып танысуы тиіс маңызды құжат. Ал кезекке тұрғандардың тізімі осы басылымда тұрақты түрде жарияланып келеді. Баспасөз бетіне жарияланған мәлімет тайға таңба басқандай қалпында қалады. Оны өзгерту мүмкін емес. Сондықтан кезекке тұрғандар немесе енді тұрғын үй кезегіне құжат өткізетіндер соны ұмытпаса екен. «Ертерек баспаналы боламын» деп берген сыйақыңыз басқа біреуде кеткенімен кезек сол қалпында жылжи бермек, – дейді Мәлік Құттымбетұлы.

dom-28Бір жылда 2737 дерек тіркелген

Қалалық тұрғын үй бөлімінің басшысы мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алудың шарттарын халыққа қызмет көрсету орталықтары мен тұрғын үй қатынастары бөлімі және E-GOV «электронды үкімет порталы» арқылы да білуге болатынын айтты.

Бастысы, мемлекет тарапынан берілетін баспана кезек ретімен жергілікті атқарушы органдар тарапынан жүзеге асырылады. Ал делдалдық қызмет көрсетіп, баспана алып беруге уәде етушілер заңмен қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Шымкент қаласында орын алған ауыр санаттағы алаяқтық қылмыстар және қоғамдық пікір тудыратын істер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын Шымкент қаласының ҚІІБ тергеу бөлімі жүргізеді. Бөлім басшысы, полиция подполковнигі Ерғали Қарсыбаев 2016 жылы қалада 2737 факт тіркелгенін айтты.

– Алаяқтық санатындағы қылмыстарды тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізу біздің бөлімге ОҚО ІІД басшысының бұйрығымен 2015 жылдың 1 қаңтарынан бері жүктелген. Сол жылы 4141 алаяқтық оқиға тіркеліп, оның 847-сі ауыр санаттағы деп танылған болатын. Тергеу, тексеру амалдарынан бөлек, біз алаяқтардан сақтандыратын түрлі бейнероликтер дайындадық. Плакаттар мен парақшалар таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 2016 жылы алаяқтық бойынша тіркелген қылмыстық іс 33,9% -ға төмендеді, – дейді полиция подполковнигі. – Алаяқар өзін «әкімдікте (жұмыспен қамту, жер қатынастары немесе тұрғын үй бөлімінде) қызмет етемін» деп азаматтардың сеніміне кіру арқылы «жұмысқа орналастырамын», «пайызсыз несие алып беремін», «жер, пәтер алып беремін немесе кезегіңді жылжытып беремін» деген сынды түрлі жалған уәделерді айтып, олардан сол қызметі үшін әртүрлі көлемде ақша беруді талап етеді.

Алаяқтық әрекеті әшкере болды

Ерғали Рахманбердіұлы жақында алаяқтық санатындағы ауыр қылмыс жасаған Б. есімді азаматшаның 7 жыл 2 айға бас бостандығынан айрылғанын атап өтті. Ол түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында кезектен тыс немесе мерзімінен бұрын пәтер алып беретінін айтып, қала тұрғындарының сеніміне кірген. 2016 жылы Б. 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейінгі көлемде қаржылай пара алып, 42 адамды алдап кеткен. Тергеу амалдары айғақтарды анықтағаннан кейін сот 6,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ, ағымдағы жылы бұл қылмыскерге алданған тағы 11 адам анықталып, қамауға алу мерзімі 7 жыл 2 айға ұзартылған.
20170403 135815

– Бұл – алаяқтық қылмыстың ауыр түрі. Ал жақында тағы да Б. есімді зейнеткерді «ай сайын есепшотыма 35 000 теңге аударып отырсаң, бір жылда пәтер алып беремін» деп алдаған Г. есімді азаматша алаяқтықтың жеңіл түрі бойынша жауапқа тартылды. Алдаудың түр-түрі бар, алданғандар да өзінің сенімсіздігі пен шыдамсыздығының құрбаны болып жүр. Әйтсе де қала тұрғындарына құлаққағыс жасап, сақтандырудың, алаяқтық қылмысты тергеп тексерудің, істі ашу жақсы нәтиже беруде. Былтырғы жылдың алғашқы үш айымен салыстырмалы түрде қарасақ, биыл алаяқтық сипаттағы қылмыс 56,1%-ға азайған. 2016 жылдың алғашқы үш айында 1157 арыз түссе, 2017 жылы 508 алаяқтық фактісі тіркеліп, 165-і ашылды. Оның 25-і ауыр қылмыс, – дейді Е. Қарсыбаев.


ТҮЙІН

Қазақта «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген даналық бар. Сабыр сақтап, кезектің жылжу тәртібін бақылаудың орнына, ертерек баспаналы болудың жолын қарастыратын да өзіміз. «Мен осы мекемеде істеймін, сенің тілегіңді орындап беремін» деп, «шәйнектен шыға келген жынға» сенетін де өзіміз. Сұрағанын қолына ұстатып жіберіп, «осы мекемеде қызмет ететіндер ақшамды алып, қызметін көрсетпей алдап кетті» деп сенімсіздік танытып, дау шығаратын да өзіміз. Ондай адамның жұмыс істемейтінін білгенде сан соғып, арызданатын да өзіміз.
ӨЗІҢІЗДІ АЛДАУҒА ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ! Тұрғын үймен қамту барысында орын алған жаңалықтар мен өзгерістердің дұрыстығына көз жеткізу үшін Шымкент қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің 41-74-87; 41-70-96; 41-70-97 байланыс нөмірлеріне хабарласыңыз. Жергілікті атқарушы орган мамандары және қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлері алаяқтардың құрығына ілігіп, алданып қалудан сақ болуға шақырады. Алданып қалған жағдайда уақытты созбай, ішкі істер органдарының «102» нөміріне хабар беріңіз.

Последнее изменение Среда, 26 Апрель 2017 11:01
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.