Мия тамыры мақтанышымызға айнала ма?

Среда, 03 Май 2017 00:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 10328 раз

«Дәрілік өсімдіктерді сақтайық». Осындай атаумен Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының ұйымдастыруымен дәрілік өсімдіктердің проблемалық мәселелері бойынша форум өтті. Оған Парламент мәжілісі мен қалалық мәслихаттың депутаттары, орталық мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

IMG 8253-21-04-17-04-36

Табыс көзіне айнала бастаған

Қазақстан түрлі қазба байлықтарға, табиғи ресурстарға өте бай. Дегенмен, жер ананың жемісін тиімді пайдалануда шешімін таппаған мәселелер көп. Мәселен, елімізде дәрілік өсімдіктердің 1500-ге жуық түрі бар. Оның 1037 түрі Оңтүстік өңірінде кездеседі. Шымкент қаласының аумағында атап айтсақ, Отырар, Түркістан, Шардара секілді аудандарда әлемнің ешбір елінде кездеспейтін дәрілік шөптер бар. 16-сы Қызыл кітапқа енген. Олардың басым бөлігі медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында қолданылады. Прокурорлар қазіргі таңда орман қоры және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан тыс орналасқан жерлерде дәрілік флораларды жинау заңмен реттелмегенін айтуда. Осындай ретсіздіктердің салдарынан жыл сайын ірі көлемдегі дәрілік шөптер шетел асып жатыр. Аталған мәселе бірнеше жиындардан бері шешімін таппай келеді.   

–  Бұл жердегі басты мәселе қарапайым халықтың дәрілік шөптерді дұрыс жинамауы. Олар қазып алған жерден 10-12 жылға дейін емдік өсімдіктер шықпай қалады. Мысалы, жыл сайын үлкен көлемде шетелге шығарылатын мия тамырын бақылаусыз жинау, басты мәселеге айналып отыр. Оны жинайтын адамдар пайда табу мақсатында оның ерекшелігі мен технологиясын ескермейді. Соның салдарынан, оларды жояды, жануарлар зардап шегіп, жер бүлінеді. Біз дәрілік шөптерді пайдалануға шектеу қоюды көздемейміз, керісінше осы саланы жоғары деңгейде дамыту үшін, заң жүзінде реттелуін қалаймыз, – дейді ОҚО прокуроры Ибраһим Иманов.

IMG 8252-21-04-17-04-36

Шикізат күйінде шетел асып кете бере ме?

Дәрілік шөптердің ішінде әсіресе мия тамырын алып-сату өте көп кездеседі. Өйткені, оның косметалогияда бет әжімдері мен тері дақтарын және химиялық заттардың иісін кетіру үшін қолданылады. Түрлі сусындар мен тамақта пайдаланады. Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді елдерде ем-домның атасы саналады. Тибетте кәрілікке қарсы бірден-бір шипа шөп болып есептеледі.  

Бірақ өкініштісі, осы мия тамыры заңсыз тасымалдануда. Қарапайым халық оларды ешқандай рұқсат қағазсыз және ешқандай ережені сақтамай алып, болар-болмас бағада шетел асырады. Оның құнын дұрыс есептей алмайды. Мәселен, бізде бір тонна мия тамырын 50 мың теңгеге сатса, ол шетелде 160 мың теңге тұрады. Ал негізгі бағасы 600 доллар. Былтыр 15 тоннадан астам мия шетелге шығарылған.

 –  Мия тамыры тек медицина мен ауыл шаруашылығында ғана емес, одан бөлек кетчуп, халуа, сода, сағыз кола, пиво, темекі секілді заттарды дайындауда көп қолданылады. Бұларды әсіресе АҚШ, Қытай, Жапония секілді елдер көп алдырады. Біз өз байлығымызды дұрыс қолдана алмай жатырмыз. Мәселен, Өзбекстанда бір ғана зауыттың өзінен тонналап өнім алынады. Бізде де мияны өңдейтін зауыттар бар. Бірақ Қазақстандағы 30 зауыттың қазір 28-і істемей тұр, – дейді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Евгений Хван.

 

Кәсіпкерлерді қолдау керек

 Форумда дәрілік шөптерді тек табиғаттан дайын күйінде ғана алмай, оны арнайы жерге өсіріп, өңдеп, дәрі шығару жолдары қарастырылды. Біле білгенге осы саланың өзінен ел экономикасына талай пайда алып келуге болады. Қазақстан Республикасының табиғи ресурстарын тиімді басқару және шикізат секторынан түсетін табысты пайдалану тұжырымдамасын бекіту туралы құжаттың кіріспесінде «Табиғи ресурстарды басқару, оларды есепке алу, қорғау, жалпы мүдделерде пайдалану мемлекеттік басқаруды дамытудың жалпы бағыттарына сәйкес, сол сияқты озық халықаралық практикаларды, әлемдік және өңірлік талаптарды ескере отырып, тиімді жүзеге асырылуы тиіс» делінген.

Осыған орай, жиын барысында ел қазынасын тиімді пайдаланып, осы салада кәсіп жасаймын деген азаматтарға қолдау көрсету мәселесі талқыланды. Мысалы, Ордабасы ауданында «Сейтбек әулеті» ЖШС қызыл мия дәрілік өсімдігінің тамырын жоғары технологияда өңдеп шығарады. Зауыт басшысының айтуынша, бұл дәрілік шөптерге әсіресе Қытайда сұраныс өте көп.      

– Менің бұл салада 30 жылдық тәжірибем бар. Талай жылдан бері еліміздің көптеген аймақтарын аралап, дәрілік өсімдіктерді зерттеймін. Емдік шөптер Қазақстаннан бөлек Ресей, Ауғанстан, Үндістан, Корея секілді елдерде де кездеседі. Бірақ олар өңдегендіктен көп пайда табады. Біз көбіне шикізат түрінде шығарғандықтан ұтыламыз. Сондықтан, еліміздің мол мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану керек. Мен де бұл сала заңмен реттеліп, бір жолға түссе екен деймін, – дейді «Сейтбек әулеті» ЖШС директоры Әбдірахым Жұмабеков.

Шара соңында осы сала бойынша жауапты органды анықтау, ерекше қорғалатын жерлерді реттеу, ақша төлеу, жаза дайындау мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. Ол бойынша алдағы уақытта еліміздегі дәрілік шөптерді заң жүзінде реттеу қолға алынатын болады.   

Сапарғали Қанат

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.