Қала тұрғындары бұдан былай өз көліктерін өздері жуа алады. Темірлан тас жолы мен Б.Алпысбаев көшесі қиылысында ашылған бұл ерекше қызмет түрі әсіресе көпқабатты үй тұрғындарына тиімді болып отыр.
Автоматтандырылған құрылғының суын 1 минут пайдалану үшін 100 теңге төлейсіз. Бір көлікке шамамен 300-400 теңге кетеді екен. Көбік пен арнайы балауыз шашудың 50 секунды – 100 теңге. Ал шаңсорғыштың бағасы 100 теңге (2,50 мин).
– Мен бұл жерге алғаш рет келіп тұрмын. Көлігімді өзге орындарда 2000-2500 теңгеге жуады. Мына жерде арзан. Судың ағыны да жақсы екен. Енді кептіретін қызметін қосса тіпті жақсы болар еді, – дейді қала тұрғыны Қалижан Алесов.
Көлік жуу орнының иесі Александр Гондаренконың айтуынша, бұл жерге жүк көліктері де келіп жуа алады. Бірінші рет келіп жатқандарға осындағы арнайы қызметкерлер көмек көрсетеді. Сондай-ақ, күн салқындай бастағанда жылы су және еден жылытқыш құрылғысы қосылады.
Айта кетейік, көлік жуу орны тәулік бойы, демалыссыз істейді.