Жыл рухани жасампаздыққа жалғасқай!

Пятница, 29 Декабрь 2017 04:50 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 238 раз

akim

Құрметті шымкенттіктер
және қала қонақтары!

Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! 

Жаңа жыл – әр отбасына жылулық әкелетін, көңілге үміт пен сенім ұялатып, шапағат пен шаттық, мейірім мен ізгілік сыйлайтын жасампаз мереке! Жаңа жыл - жүріп өткен бір жылға баға беріп, тың қадам жасауға, рухани серпін беріп, жарқын өмірге, жақсылыққа ұмтылуға жол сілтейді.

Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін жарқын оқиғаларға, жетістіктерге және жеңістерге толы болды. Ерекше атап өтерлігі, жылдың басты оқиғасы, үш айға созылған – «Астана ЭКСПО-2017» көрмесін Қазақ елі табысты әрі жоғары деңгейде өткізді. Бұл, сөз жоқ, Қазақстанның жаһан жұрты алдындағы беделінің тағы бір биіктегені, мемлекетіміздің мерейі. Сондай-ақ, осы жылда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы жария етіліп, алдағы міндеттер айқындалды. 

Шымкент қаласы үшін де 2017 жыл толағай жетістіктерімен есте қалды. Баршамыз қаншама игі істердің куәсі болдық. Қаламызда көптеген мектептер мен балабақшалар, денсаулық сақтау мекемелері, мәдени орындар ашылды. Бұл жылы қаламыздағы индустриалдық аймақта инновациялық жобалар жүзеге асырылды, жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта жаңа зәулім үйлер бой көтерді. 

Демографиялық өсімі жоғары Шымкентте биыл 1339 пәтерлі 29 тұрғын үй пайдалануға берілді, қазіргі таңда 63 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әлеуметтік-экономикалық салада да үлкен табысқа қол жеткізілді. Мұның бәрі де Елбасының тапсырмасына сай, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асуда. 

Елбасымыз биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деген болатын. Бұл орайда біздің табыстарымыз бен жетістіктеріміз 2018 жылы да жаңа идеялық ізденістермен және бастамашыл қадамдармен жалғасатынына сенім мол.

 

Қадірлі жерлестер!

Есіктен енгелі тұрған Жаңа жыл – біздің еліміз үшін тағы да маңызды жыл болары сөзсіз. Жаңа жыл баршаңызға жақсылық әкелсін! 

Әрбіріңіздің отбасыларыңызға амандық, татулық тілейміз! Жаңа жыл шаңырақтарыңызға жаңа табыс, шаттық ала келсін!

Жаңа жыл мерекесі құтты болсын!

Нұрлан САУРАНБАЕВ,
Шымкент қаласының әкімі

Нұрлан БЕКНАЗАРОВ,
қалалық мәслихат хатшысы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.