Жаңаталапта қоғамдық көлік мәселесі шешіледі Избранное

Среда, 24 Январь 2018 05:39 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 52 раз

Шымкент қаласына жаңадан қосылған Жаңаталап елдімекенінде №125 маршруттың орнына көктем айларынан бастап әлеуметтік бағыттағы жаңа автобустар қатынайтын болады. Жаңаталаптықтар жағымды жаңалықты Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаевтың 2017 жылға халық алдында берген есебінде естіп, қуанып қалды.

Абай ауданының әкімі А. Татыбаевтың бір жыл ішінде атқарған жұмысының есептік кездесуіне Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, қалалық құрылымдық бөлімнің басшылары, халық қалаулылары және Самал-1, Жаңаталап, Көкбұлақ, Алтынтөбе, Тәуелсіздікке – 20 жыл, Игілік елдімекендерінің тұрғындары қатысты. 

Алдымен А. Татыбаев аудан көлемінде экономикалық-әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстардың жай-жапсарына әсіресе, қалаға қосылған жаңа елдімекендерге салынған жолдар, ауыз су, ел игілігіне берілген нысандар, абаттандыру жайына тоқталды. Баяндамадан кейін сұрақ-жауап кезеңінде сөз алған Көкбұлақ тұрғын алабының тұрғыны Нұржан Ибрагимов әкімдік тарапынан аудандағы шешімін тапқан тірліктерге куә болып жүргендігін айтып, ризашылығын білдірді.

– Көкбұлақта 350-дей түтін бар. Ордабасы ауданынан қалаға қарағанымызға біршама уақыт болды. Әр үйдің 15-20 соттық жері бар. Сол жерге көкөніс егіп, пайдамызға жаратсақ дейміз. Тек ағын су мәселесінде қиындық болып тұр. Осыны шешуге қол ұшын берсеңіздер, – деген өтінішін жеткізді. 

Ал №128 мектептің директоры Разия Бейсенбаева білім шаңырағындағы оқушылардың тағдырына алаңдайтындығын жеткізді. Мектеп маңындағы жолмен жүк көліктері көп жүретіндіктен оқушылардың қауіпсіздігінің алдын алу қажеттігін айтып, жолаяқ салынып, бағдаршам қойылса, дейді. 

А. Татыбаев мектеп басшысының талап-тілегін биылғы жылы ескеретінін атап өтті.

Бұл ауданда жекеменшік трансформатордан жарық алып, шарықтаған бағасынан бөлек қыс ауасында электрдің жиі өшетініне шағымданғандар көп болды. Солардың ішінде «Самал -1» шағынауданына келген тұрғындардың сауалына А. Татыбаев: «Биылғы жылы ауданда 504 абонентке жарық беру жоспарда бар. Оның сметалық-жобалық құжаты дайын. Мемлекеттік трансформатор «Самал-1» шағынауданына да қойылады» деп жауап берді. 

Жаңаталап елдімекенінде тұрғын үйдің құжатына әлі күнге дейін қол жеткізе алмай отырған үйлер көп екен. Әбдірахым Пашаев үйінің құжаты болмағандықтан, тіркеуге тұра алмай жүргеніне біраз жыл болғандығын айтты.

– Балаларды мектепке орналастырдық-ау. Бірақ қалаға тұрғылықты тіркелу болмағандықтан мемлекеттік жәрдемақылардың ешқайсысын ала алмай келеміз, – деді қария ашынып. Аудан әкімі жуырда прокуратура саласымен бірлескен жұмысшы тобы құрылғанын айтып, бұл мәселенің шешімін табар күн алыс емес екендігін жеткізді.

Жаңаталап елдімекенінің тұрғыны Надежда Меньшикованы мазалаған жайт қоғамдық көлік. «№125 маршрутқа адам сыймайды. Қала орталығына жетудің өзі мұң. Өткен жылы үлкен автобус жүреді деген едіңіздер. Әлі жоқ», – деді. 

Сауалға Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жарқын Байдуллаев: «Бұл көлік компаниясымен келісімшарт наурыз айында бітеді. Сосын бұл бағытқа үлкен автобустар қатынайды» деп жауап берді.

Жиналған тұрғындардың аудан әкімі, бөлім басшылары мен құқық қорғау органдарына бағытталған сауалдарының ешқайсысы жауапсыз қалмады. Есептік кездесуді қала әкімі қорытындылап, «тұрғындар тарапынан айтылған ауыз су, электр қуаты, газ мәселесі шешілсе деген ұсыныс-тілектері зерделеніп, қаралатын болады», – деді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.