Жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге ант етті. Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебінде 10 сынып тәрбиеленушілерінің ант қабылдау салтанатты шарасы өтті.
– Бұл Отанына адал, сабақ үлгерімі жақсы шәкірттерге арналған әскери антқа ұқсас рәсім,– деді мектептің тәрбие жұмыстары бөлімшесінің бастығы Сәкен Омарбеков. – Бізде 400-ге жуық ұлан білім алады. Жыл сайын болашақ сарбаздар осылай ант береді. Биыл Қорғаныс Министрінің №35 бұйрығына сәйкес әскери мектепке қабылдау ережесінде өзгерістер болды. Бұған дейін 9 сынып оқушыларын оқу үлгерімі арқылы қабылданса, бұл жолы тесттен жоғары нәтижеге қол жеткізгендер оқуға тапсырды. Болашақ ұландар математика және қазақ тілі (орыс тілі) пәнінен білімдерінен сыналды. Республикалық әскери мектеп-интернаттарында оқу мерзімі - 2 жыл. Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мектебінің 9 сыныбын тәмамдаған және негізгі орта білім туралы куәлік алған ер балалар қабылданады. Оқушылардың әскери мектептерге оқуға түсуге ниет білдіруі туралы өтінішті әскери мектептерге тікелей ата-аналар береді. 1984 жылы құрылған әскери мектеп-интернаты Суворов мектептерінің үлгісі бойынша қалыптасқан.
Іс-шараның негізгі мақсаты – мектеп тәрбиеленушілеріне Отанға қызмет етуде сүйіспеншіліктерін ояту. Шымкент республикалық мектебінің жас ұландары ант беруден алдын мектеп аумағында орналасқан Кеңес Одағының батыры генерал-майор Сабыр Рақымовтың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Салтанатты жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Ұландар қоян-қолтық ұрыс әдістерін көрсетсе, әскери бөлімдерден келген қонақтар ән орындады. Классикалық вальс биін билеген ұландардың өнері жиналған көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ант қабылдау рәсіміне Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ұлтаралық жауынгерлер, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, әскери бөлімдер мен мекемелердің командирлері келді.