Ұлт тарихындағы ұмытылмайтын қасірет

Пятница, 29 Май 2020 03:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3350 раз

Дәстүрлі қазақ қоғамында – жас ұрпаққа тәрбие беруде оларға тарихи білім беру негізгі міндет болып есептеледі. «Жеті атасын білмеген жетесіз» деген қанатты сөз дана халқымыздың терең өмірлік тәжірибесінен туған болу керек. «Алаш» зиялыларының, ХХ ғасырдың басындағы кеңес үкіметі тұсындағы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің тарихы – қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих.

12

Ұлтының мәңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – бүгінгі ұрпақ үшін, ұлтымыз үшін ең қымбат құндылық деп білемін. Ұлттық тарихымызды санаға сіңірмей, дұрыс көзқарас қалыптаспайтыны белгілі. Тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген мұрағат қорлары ашылды, халықаралық байланыстарымыз нығайды, тарихымыз түгенделе бастады. Жоғарғы оқу орындарында, колледждерде, мектептерде еліміздің ертеңі жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуде, ұлттық тарихты оқытуда әлі де көп еңбек атқаруымыз керек.

Сталиндік қуғын-сүргін өршіп тұрған, тіпті одан да ертеректе «байлар мен кулактардан» тазарту науқаны кезінде Шымкенттің шетіндегі сайда адамдарды сотсыз, тергеусіз атқан деп болжамдайды, тіпті олар өзін-өзі қорғауға да мүмкіндік бермегені түсінікті.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында «Албастысай» (Лисья балка) атанып кеткен шатқалда жазықсыз жапа шегіп, атылып кеткен жандардың жаппай көмілген сүйектері табылды. Осы себепті, ол маңда барлық құрылыс жұмыстары тоқтатылып, сот-медициналық сараптамалар жүргізіліп, архивтегі қолжетімді құжаттар зерттеле бастады. Сол кезде табылған құжаттардың негізінде атылған 1568 адамның тізімі анықталып, 1998 жылы «Зерде» баспасынан «Азалы кітап» деген атпен (облыс әкімі Қ.Абдуллаевтың тапсырысы бойынша редакторлық алқа құрылып – Дархан Мыңбай, Мархабат Байғұт, Сейдахмет Байдаулетов, Тасқынбай Бүрлібаев, Қуандық Оразбекұлы, Қылышбек Ізбасқанов, Манап Өтебаев, Сәкенбек Қалғынбай, Исмайылбек Шалабаев, Күмісбек Дүйсенбиев және Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті облыстық департаментінің қызметкерлері: Жәмилә Сейданқызы Мұсаева, Жанар Амантұрқызы Мұсаева, Вячеслав Попков (суретші)) таралымы 2000 дана болып басылып шықты. Табылған сүйектер «Бауырластар зираты» аталып, бір жерге көмілді.

1998 жылдың 31 мамырында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні «Қасірет» мемориалының төменгі жағы «Темір тор» және қақ айырылған «Қара гранит тас» (авт. Ғ.Садырбаев, Ж.Төлтеев) кейпіндегі ескерткіштің ашылуы болып, көпшілікке арналған еске алу митингісі өтті.
1999 жылдың 2 маусымында «Қасірет» мемориалының жоғарғы жағында азаматын күтіп тұрған «Ана мен бала» (авт. Н.Рүстемов, Ф.Әлдеков) ашылуымен қатар, «Қасірет» мемориалының толық біткен кешен ретінде ашылу рәсімі болып өтті.

Сол уақыттан бері 31 мамыр – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, «Қасірет» мемориалында азалы митингтер өтіп келеді.
2001 жылдың 2 қарашасында ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай облыс орталығы Шымкент қаласында (облыс әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен) Елбасымыз – ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қатысуымен ТМД елдерінде алғашқы рет «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейі ашылды. Музей ғимараты ерекше, арнайы дизайнмен жобаланып (авт. А.Найманбаев) салынды.

Қазіргі таңда музей қорында 16 мыңдай құжат сақталған. Музей қызметкерлері мен ҚР Ішкі істер министірлігі Шымкент қаласының полиция Департаменті қызметкерлерінің атсалысуы арқасында «азалы» тізім толықтырылды. Сандық көрсетшіктерге сүйенер болсақ, Қазақстан бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы атылса, біздің Оңтүстік өңірімізде 7 мыңдай адам қуғындалып, соның 4001 – іне ату жазасы қолданылды.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық баяндамасын басшылыққа алып, көптеген іс-шаралар өткізумен қатар, музей қызметкерлері әлі де көп зерттеле қоймаған ХХ - ғасырдың 1-ші жартысында болған ашаршылық нәубеті туралы деректер жинақтауда. Сонымен қатар, солақай саясаттың зардабын шеккен ұлтымыздың асыл азаматтары Н.Оңдасынов, Ж.Тәшенов, А.Асқаров туралы бұрыш ашып, көпшілікке таныстыру қолға алынады деп жоспарлап отырмыз.

Әрине, жазықсыз кеткен «Алаш» қайраткерлерінің әрқайсысына бір-бір музей арнаса да көптік етпейді. Тәуелсіздік алған қазақ елі «Алаш» ардақтыларын ұлықтауда көптеген жұмыстар атқарып жатқанын есте сақтауымыз керек және бұл жұмысты тарихшыларымыз бен ғалымдарымыз, музей қызметкерлері одан әрі жалғастырып, өткеніміздің ақтаңдақтарын әлі де ашып, зерттелуіне үлкен үлес қосатынына сенім мол.

ХХ ғасырдағы бұл зұлмат халқымыздың жартысынан көбін жалмап кетті десек қателеспейміз. Сол үшін де, осындай мемориалдар мен музейлер зардап шеккен ұрпақтарының бірден-бір келіп, тағзым ететін орындарына айналғаны белгілі. Сондай-ақ, «Қасірет» мемориалының ішіне шейіт кеткен азаматтарымыздың аты-жөні жазылған тақтайшалар орнатылып, Бәйдібек би даңғылының «Қасірет» мемориалы орналасқан бетіне 15-20 км/сағ. жылдамдықпен жүретін жол белгісі қойылса, қала жұртшылығы мен қала қонақтарына, жас ұрпаққа беретін тәрбиелік мәнімен қатар, адами тұрғыдан да үлкен әсер қалдыратыны анық. Бұл дегеніміз – сол маңнан өтетін адамдар күніге тағзым етіп өтеді деген сөз.
Осындай іс-шаралардың мақсаты – тарихтан сабақ алып, болашақта сол қателіктерді болдырмау үшін жұмыс жасау қажет екендігін ұмытпау.

P.S.

Дүние жүзінде таралып жатқан короновирус дертіне байланысты, 31 мамыр күні қауіпсіздік сақтап, биыл біз де, енгізілген карантин шектеулеріне мойынсынып, өзіміздің отбасымызда жапа шеккен боздақтарымызға құран бағыштап, еске алғанымыз дұрыс болар.

Бұл өткінші шектеулерге түсіністікпен қарап, сабыр сақтайық ағайын!

Батырғазы Серғазиев,
Шымкент қалалық саяси
қуғын-сүргін құрбандары
музейінің директоры

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.