ДӘРІ-ДӘРМЕКТІҢ ШЕКТІ БАҒАСЫ ДӘРІХАНАЛАР ЖҰМЫСЫНА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТУДЕ? Избранное

Пятница, 14 Август 2020 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2645 раз

0240703B-B6CC-4CCB-BE37-6844B960E671

Жуырда Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында «Даму» фармацевтикалық ұйымдар қауымдастығы төрағасының және бөлшек саудада дәрілік препараттар сатумен айналысатын кәсіпкерлердің өтініші қаралды.

Өтініште 18-21 шілде күндері Шымкент қалалық полиция департаментінің аудандық басқармаларынан құрылған бақылау топтары дәріханаларды қарапайым сатып алушы клиент ретінде тексеріп, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы 1-бөлігіне сәйкес айыппұл салғаны туралы шағым айтылған. Бұл бап бойынша дәрілік заттарды шекті бағасынан асырғаны үшін жеке тұлғаларға – 70, лауазымды тұлғаларға – 100, шағын кәсіпкерлерге – 130, орта кәсіпкерлерге – 200, ірі бизнес өкілдеріне 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу қаралған.
Алайда кәсіпкерлер мұнымен келіспей отыр. Оған бірнеше себеп бар дейді. Айталық, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2019 жылғы 15 шілдедегі «Бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы» №104 бұйрығында 6478 дәрілік препараттың көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағасы бекітілген. Дегенмен кейбір дәрілерге ешқандай үстемеақы қойылмаған. Яғни бөлшек және көтерме саудада шекті бағалары бірдей. Мәселен, «Ацикловир-Акос» препаратының бағасы екеуінде де 189 теңге 75 тиынды құрайды. Бұдан шығар қорытынды, дәріханалар мұндай препараттарды бөлшек саудада сатудан ешқандай пайда тауып жатқан жоқ. Ал шекті бағасы бірдей осы секілді 329 түрлі дәрі бар. Осылайша дәрілік заттардың бір бөлігіне үстемеақы қойып сатуға болса, қалғанына оған рұқсат болмай, дәріханалар шатасып, табысынан қағылуда. Осы ретте Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жоғарыда аталған бұйрықты қайта қарау туралы ұсыныс хат жолдады.

 

maxresdefault

 

Десек те осы күнде қаладағы бөлшек сауда түрімен қызмет көрсететін көптеген дәріхана иелері ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша жауапкершілікке тартылып отыр. Осылардың ішінде бүгінге дейін кәсіпкерлер палатасына «Қыран КЗ» ЖШС-нің «Жан дауа», «Белла Донна» ЖШС-нің «Ева» дәріханалар желілерінен шағымдар келіп түсті. Мәселен «Жан дауа» дәріханасынан мониторинг тобы 18 шілдеде «Ацикловир-Акос» препараты бағасының өскенін анықтаған. Сөйтіп 1 млн 444 мың теңгеге 4 айыппұл салған. Бұл туралы хабарлама 21 шілдеде берілсе, 27 шілдеде әкімшілік құқық бұзушылық бойынша хаттама толтырылған. Бұл ретте палата мамандары «Қыран КЗ» ЖШС-нің кінәсі жоқ деп есептейді. Оған бірнеше дәлел келтіреді. Біріншіден, кәсіпкер үстемеақыны ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 19 сәуірдегі бұйрығында бекітілген ережеге сай қойған. Екіншіден, қарапайым клиенттің кейпіне енген тексеруші «Ацикловир-Акоспен» бірге тағы бірнеше дәріні қоса сатып алған. Бірақ қолына берілген фискалды чекте нақты бір препараттың емес, дәрілердің жалпылама бағасы көрсетілген. Үшіншіден, бақылау кезінде хаттама уақытында толтырылмады. Толтырылса да оған уәкілеттілігі жоқ адамның қолымен жазылды. Заңды тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылықтың бір түрі бойынша бірнеше жаза қатар қолданды. Әкімшілік іс материалдары таныстырылмады. Бақылаушылар тарапынан кеткен бұдан өзге де кемшіліктер болды. «Белла-Донна» ЖШС-інде де осыған ұқсас жағдай орын алған.
– Салынған айыппұлмен келіспейміз, өйткені бізде №42 бұйрық бар, оған сәйкес препараттарға 20 пайыздық үстемеақы қосуға құқығымыз бар, – дейді «Белла-Донна» дәріханалар желісінің өкілі
Ирина Бродская. – Оның үстіне есеп айырысуда бөлшек сауда бағасын автоматты түрде белгілейтін бағдарлама қолданылады. Біздің мәліметтер базасында 6 мың атаулы дәрі бар. Барлығын бақылап отыру мүмкін емес. Сондықтан тексеруші алдымен бізге бағаның өскенін ескерткенде жағдайды сол мезетте-ақ түзейтін едік. Айыппұл төлеуге міндеттелгенімізді Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне барғанымызда бір-ақ білдік. Бізде «Ацикловирді» 190 теңгеден сатып алғанымызды, 250 теңгеден сатқанымызды растайтын құжатымыз бар. Пандемияның өршіп тұрған кезінде екі апта ішінде 400 қорабын саудалап үлгердік. Одан бізге ең көп дегенде 300 мың теңгедей пайда түсті. Есесіне 720 мың теңгеге айыппұл жазып берді.
Палата сарапшыларының пікірінше. бұл жағдай дәріханалардың жабылып қалуына немесе нөлдік құны белгіленген препараттардың дәріхана сөрелерінен мүлдем жоғалып кетуіне әкеп соғуы мүмкін.
Палата жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңес Шымкент қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне «Қыран КЗ» және «Белла Донна» ЖШС-іне қатысты әкімшілік іс бойынша шығарған шешімдерін өзгерту туралы кеңес берді. Олай болмаған жағдайда палата сарапшылары кәсіпкерлердің сөзін сөйлеп. сотқа дейін баруға дайын екендерін жеткізді.
Бұдан бөлек Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында «ОҚО «Даму» фармацевтикалық және медициналық ұйымдар Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің дәрілік препараттардың шекті бағасын белгілеуге байланысты шағымы қаралды. Өтініште 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» №360-VI ҚР Кодексінің 245-бабы 7-тармағына сәйкес дәрілік заттарға сауда атауы бойынша шекті бағасын белгілемей көтерме саудаға шығаруға болмайтыны айтылған. Аталмыш қауымдастық Өзбекстанның «Uzgermed Pharm» компаниясынан 5 түрлі дәрі сатып әкелген. Бірақ шекті бағасы қойылмағандықтан, дәріханаларға сатылымға әлі шығарылған жоқ. Жағдайдың бұлайша қиынға соғуының себебі - бұрынғы ереже бойынша дәрілердің шекті бағасы белгіленбей-ақ препараттар еркін сатыла беретін. Ал бұл мәселеге орай өтінім беру, оны қарау жылына екі-ақ рет жүргізіледі. Енді шекті бағаны бекіту 2021 жылдың қаңтарында ғана жүзеге асырылады. Осы орайда кәсіпкерлер дәрілік заттардың пайдалану мерзімі өтіп кетіп, босқа шығындалып қалмаймыз ба деп алаңдап отыр.
Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы 24 шілдедегі «Бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 100 шақты дәрілік препараттың жаңадан белгіленген шекті бағасына орай олардың құны арзандамақ. Ал нарықта өзге тауарлар мен қызметтер бағасы шарықтап тұрған кезеңде және дәрілердің шекті құны белгіленбей қоймаларда жатып қалуы кәсіпкерлерді үлкен шығынға батыруы мүмкін деп есептейді Палата мамандары.