ШАҒЫН КӘСІПТЕН ОРТА БИЗНЕСКЕ ДЕЙІНГІ ЖОЛ Избранное

Среда, 02 Октябрь 2024 04:32 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 628 раз

кәсіпорын жаңа зауыт ашуды көздеп отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім.

oinshik

 

...Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар» дей келе, ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажеттігін атап өткен болатын.
Расында, елімізде мемлекеттік қолдаудың арқасында аяққа нық тұрып, бүгінде нарықта өзіндік орнын иеленіп отырған кәсіпорындар баршылық. Солардың бірі ретінде Шымкенттегі пластмассадан ойыншықтар шығаратын «Наурыз пластик» кәсіпорнын айтуға болады. Өндіріс орны 2014 жылы құрылған. Әуелде шағын цех болып ашылған кәсіпорында бүгінгі таңда ойыншықтың отыздан астам түрі өндіріледі. Өнім негізінен ішкі нарыққа жөнелтіледі. Бүгін біз алдағы уақытта шетелдік инвесторлармен бірігіп, ойыншық шығаратын үлкен зауыт ашуды, сөйтіп, Президент айтқандай, орта бизнес санатына енуді жоспарлап отырған осы бір компанияның жұмысы туралы әңгіме қозғамақпыз.
Бұл серіктестіктің басшысы – Рәбиа Байтемірова. Кәсіпкер келіншек зауыт ашпас бұрын саудагерлікпен айналысқан. Екімыңыншы жылдардың басында алдымен кеңсе тауарларын сатқан. Содан соң ойыншықтардың саудасына көшкен. Балалар ойнайтын ойыншық заттарын сонау Иранға, Қытайға барып алып келген. Өзінің айтуынша, жол жүрудің азабын әбден тартқан. Арада шекарадан өткізу, кедендік бақылауда сағаттап тұру нәзік жанды келіншекке оңай тимеген. Содан неге осы ойыншықтарды өзіміз шығармасқа деген ой келеді. Сөйтіп, қаладағы үйін кепілдікке қойып екінші деңгейлі банктен 14%-бен несие алады. Бұл қаражатқа Қытайдан алғашында шағын ғана бір станок сатып әкеледі. Соны іске қосып, біртіндеп ойыншық шығару өнеркәсібін бастайды. Қытаймен арадағы бизнес байланысты жүргізуге қытай тілін еркін меңгерген баласы Наурызбектің көп көмегі тиеді. Кәсіпкер келіншек екінші рет тағы да банктен несие алған екен. Бұл жолғысында несиелік қаражатқа «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы қол жеткізген. Айтуынша, 14% берілетін несиенің жартысына жуығын мемлекет өзі өтеген. 40 млн теңге несие қаражатына Қытайдан барып тағы да қосымша станоктар сатып алған. Қаржылай қолдауға ие болудың бір себебі, іскер әйел «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасына қатысқан еді. Сол бір уақытта бизнес өкілдері осынау мемлекеттік бағдарламаның шарапатын расымен де көп көрді.
Рәбиа әпкемізде о баста кәсіпкер болсам деген ой арман болмапты. Жас кезінде әнді жақсы айтқан екен. Осылайша әншілік өнердің жолын қусам деген ниетте жүрген. Алайда, ата-анасы қызының сахна төрінде бұлбұлдай сайрап, гастрөлдетіп қыдырып жүргенін қаламапты. Әке-шешенің бір ауыз сөзін жерге тастамаған ол қалауларын орындап, әншілік өнерден бас тартып, сауда саласына бет бұрыпты. Кәсіпкер келіншектің бизнеске келудегі қысқаша өмірбаяны осындай.
– Бастапқы кезде кішкене қорықтық. Бұл кәсіпті алып кете аламыз ба деп көп ойландық. Ресей мен Беларусьтен, басқа да елдерден ішкі нарыққа кіріп жатқан ойыншық көп. Солармен бәсекелесе аламыз ба деп те күмәндандық. Бірақ, соңында тәуекелге бел буып, ойға алған идеямызды бастап кеттік. Бізге алғашында ең қиын соққаны ойыншық өндірісінде талап етілетін тиісті сертификаттарды алу болды. Құзырлы мекемелер басында сенбей «ойыншық шығару оңай емес, талабы күшті, Сіздер оны алып кете аласыздар ма» деп күмәнмен қарап, біраз созбалаңға салып жіберді. Бірақ, Қытайға станок алуға барғанымызда олар ләм деген жоқ. Кез келген тауарды шығаруға болады. Ең бастысы, ниет пен еңбекте деп бізді қайта жігерлендіріп тастады. Алайда, қытайлық кәсіпкерлер алдымен ойыншықтың пішінін сұратты. Кейін соған қарай тиісті станокты сатып алып кеттік. Қазақстанға келіп іс бастайтын кезде санитарлық-эпидемиологиялық қызмет құжаттар талап етіп, біраз әуре-сарсаңға түстік. Сол кездерде елімізде кәсіпкерлікті қолдау, түрлі әкімшілік кедергілерді алып тастау бойынша бастамалар жүріп жатты. Мемлекеттің экономикалық саясаты соған қарай бет бұрып жатқан кез еді. Соның әсері болды ма, әйтеуір іс құзырлы органмен болған сот ісі біздің пайдамызға шешілді. Кейін жергілікті әкімдік біздің мәселемізге назар аударып, қаладағы индустриалды аймақтың бірінен жер бөліп берді. Бастапқыда 1 гектар жерді сұраған едік. Оны сатып алуға ақша жетпей 30 сотық учаскемен шектелдік. Дегенмен, қазір жер аумағын кеңейтіп алдық. Ойыншықтар өндірісінде полипропилен, полиэтилен секілді шикізат түрлерін қолданамыз. Қатты заттарға полипропилен, жұмсақ бөлшектерге полиэтилен жұмсалады. Алғашқы кезде өзімізден шыққан шикізатты пайдаландық. Алайда, оның сапасы өте нашар болып шықты. Оны мойындау керек. Отандық шикізаттан жасалған ойыншықтарымыз сынып кете берді. Содан болмаған соң Ресейдің шикізатын сатып ала бастадық. Қазір Ресейдің шикізатымен өнім шығарамыз. Әрине, уақыт өте келе отандық шикізаттың сапасы жақсаратын шығар. Оған да біраз мерзім керек қой. Сол кезде мүмкін өзіміздің полипропилен, полиэтилен өнімдеріне қайта көшерміз. Тағы бір айта кетер жәйт, біздің өнімдер экологиялық таза болып саналады. Кейбір исі мүңкіген ойыншықтар сияқты емес. Ондай ойыншықтармен ойнау кейде баланың денсаулығына зиян әкелуі де мүмкін. Шетел асып келетін импорттық тауарлардың бірі тексерілсе, екіншісі бақылаудан тыс қалып жатады. Сондықтан Шымкенттен шыққан ойыншықтардың сапасы өте жақсы, қай жастағы бала болса да ойнауға ешқандай қауіп тудырмайды деп нық сеніммен айта аламын, – дейді Р.Байтемірова.
Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс орнында 15 адам жұмыс істейді. Бірақ, оларға ішкі нарықта Өзбекстан, Түркіменстан тауарларымен бәсекелесу өте қиын болып отыр екен. Сол үшін шекарадан тауар өткізу мәселесінде сәл де болса бақылауды күшейтсе, отандық кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет өз нарығын қорғаса деген тілегін жеткізді.
Р.Байтемірованың айтуына қарағанда Өзбекстан мен Түркіменстан шикізатты өздері шығарады, сосын сапасы да мықтырақ. Арзан энергия болғандықтан, тауардың да құны арзан болып, ол Қазақстан нарығына кіргенде біздің ойыншықтар баға жағынан да, тіпті сапа тұрғысынан бәсекелесе алмай жатқан жағдайы бар екен.
Кәсіпкер осындай қиындықтарға қарамастан, алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. Соның бірі «Қытаймен немесе Түркияның инвесторларымен бірлесіп, қаладағы индустриалды аймақтан үлкен заманауи зауыт ашсам» дейді. Өйткені, отандық өнім өзімізде шыққанымен, оның ішкі нарықтағы көлемі өте аз, арзымайтын ғана мөлшерді құрайды. Ал, отандық өнімге деген сұранысты қанағаттандырып, тіпті шетелге экспортты бастау үшін әлбетте өндіріс ауқымын кеңейту керек. Яғни, бұл компания Мемлекет басшысы айтқандай, шағын кәсіпкер болып отыра бермей, орта бизнес санатына өтуге мүдделі. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау болса, үлкен зауыт ашып, өндіріс көлемін ұлғайтқысы келеді.
Иә, осы күнде Шымкент қаласының әкімдігі кәсіпкерлікті дамыту бойынша барлық жағдайды жасап келеді. Соның бір мысалы, жуырда шаһарда кәсіпкерлерге қызмет көрсететін арнайы мекеме ашылды. Ол жерге барған жандар кәсіпкер болу үшін не істеу керек, жобаны қалай іске асыруға болады, қандай құжаттар талап етіледі деген сұрақтарға толыққанды жауап алып, түрлі сервистік көмектер ала алады. Одан бөлек мегаполисте «Іскер қала» деп аталатын жергілікті бағдарлама қабылданған. Осы бағдарламаға сәйкес кәсіпкерлерге өндіріс алаңдары арендаға беріліп, оның құнын төлеу жағынан бастапқы кезде әкімдік өзі көмектесіп отырады. Осы жәрдемнің бәрін жергілікті атқарушы билік Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлік саласын қолдау бірінші кезекте тұру керектігі жөнінде Жолдауда айтқан тапсырмалары негізінде іске асырып келеді.
Сөз соңында біз ата-аналарға балаларға ойыншық аларда өзіміздің отандық өнімді қолдау үшін Қазақстанда жасалған бұйымдарды сатып алса екен деген тілегімізді арнаймыз.

Әнуар НҰРЖІГІТҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.