Шымкент – салауаттылыққа бет түзеген қала. Бүгінде қала көшелерінің бойына орнатылған «Shymkent bike» веложобасына қызығушылық артпаса, кеміген жоқ. Күн жылынысымен велосипед ершігіне отыру қайта жанданды. Қазір қалада жаңа игілікті пайдаланушылардың қатары 700-ден асқан. Алда олардың санын арттыру шаралары жүргізіле бермек.
Бірегей жоба өткен жылы қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бастамасымен жүзеге асқан болатын. Жүйенің алғашқы қолданушысы да шаһар басшысы болды.
Бүгінде қала көшелерінің бойына орнатылған 40 велостанцияның бәрі де жұмыс істеп тұр. «Shymkent bike» компаниясының директоры Серік Жұмановтың айтуынша, қысқы маусымда да велосипедті жалға беру үзілген жоқ.
– Велосипедтің суыққа да төзімді екенін сынақтан өткіздік. Ешқандай бүліну деректері тіркелген жоқ. Біз күнделікті жағдайды бақылап отырамыз. Қазір пайдаланушылар саны 700-ге жетті. Ал велокартаның құны биыл да сол өзгеріссіз қалады. Яғни, жылына 10 мың теңге төлеп, пайдалана беруге мүмкіндік бар, – дейді компания жетекшісі.
Шымқалада велосипедпен жүруге барлық мүмкіндік бар: аяқжолдар салынды, веложолақтар сызылды. Тек ниет керек. Әзірге, пандустар да ретке келтіріліп жатыр. Бәрі де уақытымен шешілер мәселе. Келешекте велосипедті тізгіндейтіндердің саны бұдан да көбейетініне үлкен сенім бар.
Компания басшылары да алда велостанциялардың санын арттыра беруді жоспарлап отыр.