Әке аманатына адалдық

Пятница, 18 Март 2016 06:23 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4479 раз

Аманатқа адалдық танытудан артық қандай бақыт бар екен?! Ғұмырын бапкерлік жолында сарп еткен пенде ең әуелі адал шәкірт тәрбиелеуді ойласа керек. Осындай ұлағатты ісімен танылған азаматтың бірі – Қадырбек Сапарбеков еді.
Қадырбек Ұласбекұлы өмір бойы тоғызқұмалақ спортын елге, әлемге танытуға үлес қосты. Ұл-қыздары да бұл соқпақтан аттап өте алған жоқ. Бірі халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, енді бірі ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы куәлігін алды. Қалған үш перзенті де тоғызқұмалақтан спорт шеберлігіне үміткер.

x03hGJE vyYҰлттық ойын – ұлт игiлiгi

Ұлттық спорт түріне деген адалдығы осыдан-ақ аңғарылады-ау. Соңғы жылдарында талмай еңбек етіп, ғылыми мақалаларды жарыққа шығарғанын көпшілік білер. Бәрі де жас ұрпақты тәрбиелеу, тоғызқұмалақты төрге оздыру еді. Әйтпегенде, негізгі мамандығы физика пәнінің мұғалімі-тін...
Жас кезінде спортты жанымен сүйіп, жастарға бар білгенін үйретуден жалыққан жоқ: әуелде шахматтан, үлкен теннистен бапкер болса, беріректе тоғызқұмалаққа аңсары ауған. Жалпы айтқанда, спорттың барлық түрін жақсы көріп, өз перзенттерін де осы жолға әкелді.
Несағаңнан артық айта алмаспыз, сірә. Белгілі спорт журналисі, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, өмірде үзеңгілес әріптесі болған Несіп Жүнісбайұлы
былай дейді: «Қадекең үлкен жүректі азамат еді. Тоғызқұмалақ өнерін өз өмірінен де қымбат санаушы еді. Бүгінде балалары тоғызқұмалақ өнерінің айтулы жауынгерлері болып жүргенінің өзі осыған дәлел. Адам іштен шыққан балапандарын нашар өнерге, өзі сүймеген өнеріне бере ме? Ол адамды жақсы көре білудің үлгісі еді. Қашан да жан-жағына адам топтап, араларына, достыққа дәнекер болып жүретін. Қадекеңнің жарқын бейнесі оны көрген, білген жандардың жадында мәңгілік қалатынына күмәнім жоқ. Яғни бұл адамның өлмегені!».
Ұлдарын биік тұғырдан көруді армандаған. Сол мақсатқа жетелеген. Бірақ еңбегінің жанғанын көре алмай кеткені өкінтеді-ақ. Аз жылдар ішінде қызы Салтанат әлем чемпионы атанса, ұлы Сәбит – Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы төс белгісін тақты. Бұл – әке аманатының орындалғаны!

Аңдасаңыз, Қадырбек Ұласбекұлы жиырма жылдай жастар арасында облыстың аға бапкері болып жүріп, 50-ге жуық спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткерді дайындады. Олардың арасында жұлдызы жанғаны да – өз ұл-қыздары.
Шүкір, бүгінде артында қалған перзенттері әке аманатына адалдық танытып жүргені қуантады.
Салтанат Сапарбекова – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Сәбит те спорт шебері, әрі әпкесінің жеке бапкері де өзі.
Бұдан бөлек, бауырлары – Ғани мен Ғабит, Мәди спорт шеберлігіне үміткер. Бәрінің де тәуір жетістіктері баршылық.
Қызығы сол, спортшы ұл-қыздың анасы Нәзира Алякпарова да физика пәнінің мұғалімі. Былтыр отыз сегіз жылдық еңбек өтілімен зейнетке шыққан. Ол кісі де тоғызқұмалақ ойнауды жақсы меңгерген.

«Әкем алуы тиiс атақ маған бұйырды»

yYb1JrmK2002010 жылы Астанада тұсауы кесілген тоғызқұмалақтан алғашқы әлем чемпионаты кіл мықтылардың басын қосқан. Салтанат Қадырбекқызы осы жолы классика түрінен бақ сынап, күміс жүлде иеленеді. Көкейде «алтын алмай тынбаймын» деген арман сайрап тұрғанын түсінеді. Еңбек етті. Шүкір, несібесіз емес. Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатында блиц түрінен жаһанның жеңімпазы атанып, алғашқы арманына қолы жетті.
Әзірге классика түрінен бірінші орын бұйырар емес. Бірінші сайыста екінші орынға көтерілсе, үшіншісінде қола жүлде иеленді. Әлі де тер төгу керектігін өзі де түйсінеді. Жалпы, тоғызқұмалақта ең көп жарыс осы классика түрінен өтетіні де спортсүйер қауымға мәлім.
Қазір қарсыластың осалы жоқ. Басты қарсыласы әлемнің әр түкпірінде емес, өзінің қасында жүрген жерлесі – Әсел Дәлиева.
Ол да тумысынан дарынды спортшы. Әлем чемпионатын үш рет ұту дегеніңіз айға жетумен бірдей. ҚР еңбек сіңірген спорт шебері де қазір жалғыз өзі.
Сәбитпен әңгімелесіп отырмыз. «Мұнымен тоқтамаймын. Әлем чемпионы атанғым келеді» деп төтесін бір-ақ кесті. «Болдым, толдым» деген кесір кеселді жұқтырып алмағанына тәнті болдық. Өзі небәрі 26 жасында Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы атанып отыр.
– ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы атанғанымды былтыр қазан айында Қырғызстанда, жарыста жүргенімде естідім. Қызылордада ҚР Ұлттық спорт түрлерінің бесінші фестивальдің ашылуында куәлікті табыс етті.
Бұл – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Мұны маған ерте нәсіп еткен Алланың сыйы деп білемін. 2010 жылы әкем өмірден өткеннен кейін, тобындағы спортшыларды әрі қарай мен дайындадым. Көп ұзамай әпкем әлем чемпионатының алтынын жеңіп алғаннан кейін бұл атақ маған берілді, – дейді дарынды ұл.
Әйткенмен, көкейінде бір үлкен аманаттың барын біледі. Негізі, бұл атақ марқұм Қадырбек Ұласбекұлына берілуі тиіс болатын. Тағдырдың жазуымен бұл атақ перзентіне бұйырғанын қараңызшы...
«80 пайыз әкемнің, 20 пайыз өзімнің еңбегім екенін естен шығармаймын. Алда бұл атақты өтеуім керек. Бұны көпшілік біледі. Тіпті, Ұлттық құраманың бас бапкері Айнұр Жақапбаева да қуанышыммен құттықтап тұрып, алда әлі көп еңбек етуім керектігін ескертті». Сәбит бұл сырын да бізден жасырған жоқ.
Білсеңіз, тоғызқұмалақ тарихында ең жас еңбегі сіңген жаттықтырушы осы жігіт. Тәнті боласыз. Таңданасыз. 2010 жылдың қаңтар айынан бастап, 21 жасынан бапкерлікке ойысты. Бес жылдан кейін мұндай мәртебеге ие болғаны үлкен ерлік, расында.
Бүгінде халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағына талпынып жүр. Әпкесі де елге еңбегі сіңген спорт шебері атағын алуға еңбектене бермек.

Төзiм мен еңбек жетiстiкке жетелейдi

Тоғызқұмалақта еңбекқорлық пен төзімділік қажет. Салтанатты өзгелерден ерекшелейтін де осы. Өзінің дарынымен дараланған. Кейде дайындық аз болса да топ жарып кететін cәттер кезігеді. Жеңіске бастап жүрген қайтпас мінезі мен өзіне сенімділігі. Тоғызқұмалақ ойыны әсіресе миға ауыр жүк түсіреді.
– Қазір әр облыста мықтылар көп. Соңғы он бес жылдан бері Әсел Дәлиева, Диана Кенина үшеуміз ел чемпионатын кезек-кезек ұтып жүрміз. Алда классикадан да мықтылығымды дәлелдеуім керек. Биылғы ел чемпионаты рапид, блицтен жеке-жеке өткізілмек. Қазіргі бар дайындығым – осыған көңіл бөлу. Онда жеңіске жетсем, келесі жылы Астанада, «Экспо» көрмесі қарсаңында өтетін әлем чемпионатына қатысамын, – дейді Салтанат алдағы жоспарларымен бөлісіп. Бүгінде жарыстан бөлек, өзі де шәкірт дайындап жүргенін білдік.
Рас, спорт шеберін дайындаудың өзі үлкен мәртебе. Қазір әпкесінің де, інісінің де спорт шебері нормативін орындаған шәкірттері біршоғыр.
Сәбиттің Айдана Бөгенбай, Назерке Рахым сынды шәкірттері ел чемпионатында жүлдеге ілініп келді.

«Бiзге бiр кешен керек...»

Тоғызқұмалақ – адамның ойлау қабілетін дамытатын спорт. Яғни, физика, математика пәнімен сабақтасып жатқан өнер. Тоғызқұмалақ ойнайтын оқушылардың көбісі, 70-80 пайызы тегін оқуға түсіп жатады екен.
Бұл ойынның пайдасы әлі толық зерттелген жоқ. «Зерек оқушылар тоғызқұмалақ тасын ұстап, тамырлары арқылы миды жұмыс істетеді» деген де тұжырымдар бар.
Қазір біздің облыста бәсеке қайнап тұр. Әсіресе, Отырар, Бәйдібек, Төлеби ауданынан әмәнда мықтылар шығады. Шымкентте де шеберлер жетерлік. Жалпы, әр ауданнан екі, үш мықты барын бағамдайсыз. Жасөспірім, жастар, ересектер болсын бізде бәсеке мықты. Ең көп бапкер біздің өңірде.
Көрсеткіш бойынша 2013-2014 жылы біздің облыс үздік шықты.
Қалада Л. Тәжиева атындағы спорт мектебінде тоғызқұмалақ бөлімі бар.
Жетістіктер жетерліктей. Дегенмен, кейде өңірімізде жарыс өткізетін жер таппай, қипақтап қалатынымыз да бар.
Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Шымкент қаласында зияткерлік спорт ойындарына заманауи кешен керек, дейді.
– Павлодар, Ақтөбе, Көкшетауда бұл мәселе шешімін тапқан. Бірде Кереку өңірінде екі залда шахматтан да, тоғызқұмалақтан да ел чемпионаты қатар өтіп жатқанын көрдім. Біздің облыста жарыс өткізетін жер жоқ. Облыста зияткерлік ойындарға бір ғимарат салынса дейміз. Екі жүз адам қабылдайтын кешен керек. Бұны әлі ешкім айтып жатқан жоқ. Жалпы, керек дүние, – деп сайыпқыран жігіт шенеуніктерге айтар ұсынысын да жеткізді.

Ұрпаққа қалған мұраны жаңғыртпақ

Қадырбек Ұласбекұлының бүгінгі перзенттері осындай. 2013 жылы Шымкентте алғаш рет Қадырбек Сапарбековты еске алуға арналған жарыс ұйымдастырылған. Екі жүз спортшы қатысты. Әулеттегі азаматтар бірлесе қаржы жинап, республикалық деңгеймен шектелген.
– Әкемнің келешек ұрпаққа қалдырған мұраларын жарыққа шығару жоспарда. 2003-2004 жылдары үлкен кітабы шығатын болған. Қаражат табылмай, іске аспай қалды. Ол кездегі материалдар да ескірді. Енді біз кітапты қайта жаңғыртып, оқырманға ұсынсақ, – деп ұлағатты ұл әкенің қалдырған мұраларын жаңғыртуды жоспарлап отырғанынан хабардар етті.
Отбасында спортпен тыныстап, тағылымды тәрбие алған перзенттердің әңгімесіне сүйсіндік. Жас болса да бас бола білгендеріне қуандық. Спортшының жайы белгілі ғой. Ел кезу, жарыстан жарысқа аттану.
Күні кеше Салтанат
Моңғолияда өтетін халықаралық турнирге аттанып кетті. Ал Сәбит 23-і наурыз күні Оралда басталатын жасөспірімдер арасында ҚР чемпионатына дайындалып жатыр. Облыстан он сегіз оқушы, өзі дайындап жүрген алтауы қатыспақ екен. Біз екеуіне де сәттілік тілеп қайттық.

Последнее изменение Пятница, 18 Март 2016 07:20
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.