Елдің даңқын қонағы шығарар
Среда, 06 Октябрь 2021 04:55
Туризм – жай ғана қыдыру емес. Белгілі бір ел өмірінің тұтас саласы. Әлемде экономикасы мен жалпы ішкі өнімінің сүбелі үлесін туризм құрайтын елдер жетерлік. Мысалы, туризм Мальдив Республикасының жалпы ішкі өнімінің 80 пайызын (!) құраған. Ал Кариб және Сейшель аралдарындағы мемлекеттерде бұл көрсеткіш 60 пайызға жуық болатын.
Олай дейтін себебіміз, 2020 жылы басталған пандемия туризм саласын күйретіп кетті. Дүниежүзілік туризм және саяхат кеңесінің (WTTC) мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік туризм саласындағы қаржы 4,5 триллион АҚШ долларға кеміді. Ал жалпы ішкі өнім көлеміндегі үлесі 2019 жылмен салыстырғанда 49 пайызға төмендеген. Соның салдарынан 62 миллион жұмыс орны қысқарып отыр. Бұл келеңсіз үрдіс Қазақстанды да айналып өткен жоқ. БҰҰ сауда және даму бойынша конференциясының мәліметінше, біздің елімізге сырттан келетін туристер саны 72 пайызға азайыпты.
Әлемдік сарапшылар енді туризм саласы пандемияға дейінгі деңгейге 2023 жылы немесе одан кейін ғана қайта оралуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Оған қажет алғышарттың бірі – тұрғындардың неғұрлым көбірек вакцина алуы дейді мамандар. Туризм дағдарысы, әсіресе, дамушы елдер үшін ауыр тиіп отыр.
Дегенмен, әр мемлекет қал-қадірінше туризмді дамытуға күш салуда. Әсіресе, биылдан бастап ішкі туризмнің тамырына біртіндеп қан жүгіре бастады. Көптеген отандасымыз алыс шетел асып, тәуекелге бас тіккенше, туған өлкенің табиғатын тамашалауды құп көруде. Оңтүстік өңірі, оның ішінде Шымкент маңайы табиғаты сұлу жерлерден құралақан емес. Үшінші мегаполистің іргесінде Тянь-Шань тауының бір сілемі – Сайрам-Өгем жатыр. Қарт Қаратау, қазыналы Қаратау да қаладан алыс емес. Биыл карантин шаралары біршама жеңілдетілген соң жерлестеріміз табиғат аясында саяхаттауды бастады.
Дегенмен, осы тұста мәселенің екінші жағы шығады. Атап айтқанда – тәртіп. Иә, туризмде де тәртіп болуы керегін бұған дейін де көтергенбіз. Қоршаған ортаны таза ұстау, жүрген-тұрған орнында қоқыс қалдырмау әдетімізге айналмай келе жатыр. Өкінішке қарай, бұл – жеңіл қарайтын мәселе емес. Себебі, табиғат аясына шығатын туристерден қалатын қоқыстың жартысынан астамын пластик құрайды. Ал пластиктің 450-500 жылда бір-ақ шіритіні бізге белгілі. Ендеше, біліп тұрып неге тастаймыз?
– Басты мәселе – тәрбиеде деп ойлаймын. Адамдар жастайынан тазалықты сақтап үйренуі тиіс. Сонда өсе келе қоршаған ортаны да таза сақтауға тырысар еді. Себебі, қоршаған орта – біздің ортақ үйіміз. Адам баласы өз үйін таза ұстағаны сияқты, ортақ үйіне де қамқорлық танытуы керек, – дейді Ыбырай Төлемісов.
Ыбырай бірнеше жылдан бері табиғат аясын, өңіріміздің сырға толы нүктелерін жақсы біледі. Сондағы хоббиі – әсем орындарды суретке түсіру. Соңғы жылдары таныстарының өтінішін жерге тастамай, тұмса табиғаты сақталған аймақтарға апарып, жол бастап жүр. Қыдырушыларға қойылатын басты талап – тәртіп пен тазалық сақтау, қоқыс қалдырмау.
– Туризмнің дамығаны жақсы, әрине. Ендігі мәселе – адам аяғы жиі жететін орындарды қоқыс алаңына айналдырмау. Оған әрқайсымыз атсалысып, жұмылуымыз керек. Біз де өз тарапымыздан үлес қосып, бірнеше рет табиғат аясында қалған қоқыстарды жинап, өзімізбен ала кеттік, – деді Ыбырай.
Қала маңында ғана емес, туризм мегаполистің өзінде де шама-шарқынша дамып келеді. Шымкент қаласының туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, 2021 жылдың 6 айында қалаға келушілер саны 158 224 адамды құрады. Қонақтар биыл Шымкенттің тарихи маңызды орталығынан ашылып, ел игілігіне берілген Shymqala этноқалашығы секілді тарихи-мәдени орындарды аралап, тамашалай алады. Оған қоса, көпшілікке белгілі қонақжайлылығымыз да бар. Ресми мәлімет бойынша, қаламызда қонақ қабылдап, орналастыра алатын 125 нысан болса, онда мыңнан астам адам қызмет етеді.
«Мегаполис қонақтарына қызмет көрсету мақсатында биылғы қаңтар айында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес басқармаға қарасты «Visit Shymkent» туристік-ақпараттық орталығы құрылды. Қаладағы көрікті орындар, бағыттар мен өзге де жаңалықтармен таныстырып отыратын visit-shymkent.kz туристік порталы мен мобильді қосымшасы іске қосылған. Оған қоса қала аумағындағы әуежай, теміржол вокзалы, саябақтар мен Арбат секілді туристер көп шоғырланатын орындарда 7 ақпараттық дүңгіршек қызмет атқарады. Онда жыл басынан бері 10 мыңға жуық адамға анықтамалық-консультациялық қызмет көрсетілді. АҚШ, Ұлыбритания, Үндістан, Мажарстан, Ресей, Корея, Өзбекстан және т.б. елдерден келген қонақтарға 83 экскурсия өткізілді,» – деп мәлімдеді туризм және сыртқы байланыстар басқармасының баспасөз қызметі.
Медициналық туризмді дамыту мақсатында басқарма тарапынан Шымкент қаласына келетін қазақстандық және шетелдік емделушілер туралы мәлімет жіті зерделеніп, арнайы 3 туристік пакет әзірленді. Сонымен қоса, туризм саласындағы ынтымақтастықты арттыру мақсатында Өзбекстанның Самарқанд, Бұхара және Хиуа қалаларымен меморандумдарға қол қойылып, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Басқарма мамандары туризмге қолайлы орта қалыптастыру мақсатында қаланың негізгі 6 туристік нысанын анықтаған. Осылайша Әл-Фараби, Наурыз, Ордабасы алаңдарында, Бәйдібек би ескерткіші, Дендросаябақ және Цирк аумағында автобустарға арналған «Bus stop» тұрақтары жасалды. Жауапты мамандар туристік инфрақұрылымды жетілдіру аясында көрнекі орындарға бағыттайтын жол сілтегіштер мен туристік паспорттарды жыл соңына дейін орналастыруды жоспарлап отыр. Мұның барлығы да шырайлы Шымқаланың қонақжайлылығын бұрынғыдан да паш етіп, туризмін дамытуға бағытталған.
ЖЕКЕ КУӘЛІКТІҢ АҚЫСЫН QR-КОДПЕН ТӨЛЕҢІЗ
Среда, 29 Сентябрь 2021 05:52Шымкент қаласының Халыққа қызмет көрсету орталықтарында төлқұжат пен жеке куәліктің мемлекеттік баж төлемін QR-кодтың көмегімен төлеуге болады. Клиент құжат рәсімдеуге өтініш қабылдайтын көші-қон қызметі операторына жүгінген кезде, кассаға бармай-ақ, мемлекеттік бажды Homebank немесе Kaspi банк қосымшаларындағы QR-төлем жүйесі арқылы төлей алады. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыру негізінде жүзеге асып отыр.
Жылудың бағасы өспейді
Пятница, 24 Сентябрь 2021 04:34
Шымкентте жылудың тарифі қымбаттамайды. Бұл туралы осы аптада Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаменті мен «3-Энергоорталық» АҚ өкілдері ұйымдастырған пресс-турда мәлім болды. Онда БАҚ өкілдеріне жылу құрылғылары мен жаңғырту инвестициялық бағдарламасының жүзеге асырылуы таныстырылды.
Жауапты мамандардың айтуынша, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру «3-Энергоорталық» АҚ-на жылу жеткізу қызметінің сапасын жақсартуға сеп болады. Нәтижесінде жылыту маусымындағы апатты жағдайлар азайып, судың шығыны мен негізгі қондырғылардың тозуы 3 пайызға кеміген. Ал жылу өндіру көлемі артып отыр.
– Тұтынушыларға жылу тарифіне енгізілген соманың қайда жұмсалғанын және нәтижесі қандай болғанын көрсеткіміз келеді. Себебі, инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде тұтынушылар сапалы жылу алып отыр. Апатты жағдайлар мүлде азайды. 3-ЖЭО қысқа толық дайын. Жылу тарифі 2018 жылдан бері көтерілмеді, керісінше, төмендеді. Алдағы уақытта да қымбаттамайды, – деді Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев.
«3-Энергоорталық» АҚ 2021 жылы 1,7 млрд теңге инвестиция жұмылдыруды жоспарлаған. Оның ішінде 876 млн теңге қондырғыларды толық жөндеуге, 280 млн теңгесі – ағымдағы жөндеуге жұмсалса, 500 млн теңгеге жаңа жабдықтар сатып алынбақ. Қазіргі таңда станцияның қуаттылығы жазда 80 Мвт, ал қыста 150 Мвт құрайды. Жылу-энерго орталығы табиғи газбен жұмыс істейді және жылу энергиясын «Қуатжылуорталық-3» мекемесіне, ал электр энергиясы «Энергопоток» ЖШС-не жеткізеді.
– Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде қондырғылар жұмысының тиімділігі артып, көрсетілетін қызметтің сапасы жақсарды. Биылғы жөндеу жұмыстарына 680 млн теңге қаралып, соның 620 млн теңгесі игерілді. Жылыту маусымына дайындық 95 пайызға аяқталды. Барлығы жоспар бойынша жүруде, – деді «3-Энергоорталық» АҚ бас директоры Қайрош Оңғарбаев.
Мамандардың айтуынша, 2021 жылы электр энергиясын өндіру былтырмен салыстырғанда 4 пайызға артады деп күтілуде.
ЖӘРМЕҢКЕДЕ 1000 ЖАС ЖҰМЫС ТАПТЫ
Среда, 22 Сентябрь 2021 03:42Азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Отандастарымыздың, әсіресе, жастардың тұрмысының жақсаруында жұмыссызды жоюдың маңызды рөл атқаратыны даусыз. Шымкентте бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бір дәлелі ретінде жуырда үшінші мегаполисте жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті.
ШЫМКЕНТТЕ АПАТТЫ МЕКТЕП ҚАЛМАДЫ
Среда, 22 Сентябрь 2021 03:32– Ағай, сізбен селфи түссем бола ма?
Мұндай сұрақты күтпеген үлкендердің әңгімесі сап тыйылып, қас-қағым сәт үнсіздік орнады. Жан-жағымызда ешкім жоқ сияқты еді... Бастауыш сыныпта оқитын бүлдіршін қыз смартфонын дайындап, қонаққа қиыла қарап тұр.
ҚАЗАН АУЗЫ ЖОҒАРЫ...
Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:49Күзде бірнеше коммуналды нысанның құрылысы аяқталады
Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының мамандары табиғи газ, ауыз су және жылу құбырлары нысандарының жұмысын күнделікті қадағалап отыр. Бұған БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз туры барысында көз жеткіздік.
#20 Экономика өсімі қала инфрақұрылымына қарқын берді
Пятница, 17 Сентябрь 2021 04:35Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Шымкент қаласының инфрақұрылымы қарқынды дамыды. Он жылға жоспараланатын жұмыстар үш жыл ішінде атқарылып, жол, ауыз су, көгілдір отын ел игілігіне берілді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде халықты ауыз сумен қамту деңгейі – 98 пайызға, газбен қамтамасыз ету – 93 пайызға, ал сапалы электрмен қамту көрсеткіші 97 пайызға жететін болады. Жалпы, 2023 жылға дейін шаһар тұрғындары 100 пайыз сапалы ауыз суға, 100 пайыз табиғи газға, 2025 жылға дейін 100 пайыз сапалы электр қуатына қосылады.
АУЫЗСУ БҰРҚАҚТАРЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Среда, 15 Сентябрь 2021 04:48Шымкенттегі Әл-Фараби ауданында тың жобалар қолға алынбақ. Соның бірі – қала тұрғындары тегін су іше алатын су бұрқақтары болмақ. Бұл туралы аудан әкімі Рашид Мыңбаев әлеуметтік желіде тұрғындармен тікелей байланыс барысында мәлімдеді.