«Автоураган» бюджет қоржынын толтыруда
Среда, 13 Июнь 2018 05:06Облыс көлемінде әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті полиция және басқа да бейінді органдармен бірге әкімшілік айыппұл бойынша қарызы бар жүргізушілерді, сондай-ақ, салық пен басқа да төлемдерден жалтарған азаматтарды анықтау іс-шараларын жүргізуде.
кімшілік құқық бұзушылық жазалардан жалтармау қағидалары мен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жөніндегі қаулыны уақтылы орындауды қамтамасыз ету дейді тәртіп сақшылары.
Осындай сәтте полицейлерге соңғы үлгідегі техникалар көмекке келеді. Солардың бірі - «Автоураган» жылжымалы мобильді кешені. Полицейлер бұл кұралдың көмегімен көлік ағымының ішінен қарызы бар азаматтардың автокөліктерін танып отырады. Радарға ілінген көлік нөмірі бойынша мәлімет әкімшілік айыппұлды төлемеген борышкерлердің мәліметтер базасымен салыстырылады. Осылайша «Автоураган» мәліметтер базасының операторы арқылы борышкер көлігінің нөмірі анықталып, автокөлікті жолда тоқтатып тұрған полицейге хабар беріледі. Егер көлік иесі айыппұлдарды төлеген және шектеулерді алу жөнінде сот орындаушыларының қаулысын көрсетсе, темір тұлпары өзіне қайтарылады.
Айта кетейік, жыл басынан бері полицейлер осы «Автоураган» кешенінің көмегімен айыппұл мен салықты төлеуден жалтарған 500-ге жуық азаматтың көлігін ақлы айыппұл тұрағына жеткізген. Осындай іс-шаралардың нәтижесінде облыс бюджетіне миллиард теңгеден астам сомадағы әкімшілік айыппұл тәркіленді.
Қазіргі таңда облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінде екі «Автоураган» мобильді жылжымалы кешені бар. Ол құралдар Шымкент жолдарында пайдаланылады.
КӘСІПОДАҚ: жұмысшыларды оқытады, құқығын қорғайды
Понедельник, 04 Июнь 2018 04:05Кәсіподақ. Қандай да бір жұмыста істейтін қызметкерлерге бұл сөз таныс болса керек. Бірқатар жұмысшылар ол одаққа мүше болса, кейбірінің жұмысында кәсіподақ құрылмаған болуы да мүмкін. Жалпы, кәсіподақ - бұл барлық сала және кәсіпорындар жұмысшыларының еңбекақы, қауіпсіз жұмыс жағдайы мәселелерін, еңбек демалысын дер кезінде ұсыну мен өзге де мәселелерді шешу үшін бірігетін қоғамдық ұйым. Осы ұйымның жұмысы Оңтүстікте қалай өрбуде? Мұны біз «ОҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжановтан білген едік.
– Ресми статистика бойынша Қазақстан Республикасындағы жалдамалы жұмысшылар саны 6 млн адамды құрайды, соның 35 пайызы кәсіподақ ұйымдарында мүше, – деп бастады сөзін Берік Айдарбекұлы. – Бүгінгі таңда Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы республикамыздағы ең саны көп ұйым саналады. Оның құрамына 18 салалық кәсіпқой одақтар біріккен, жалпы саны 2 миллионнан астам мүшесі бар. Ал Оңтүстік Қазақстан облысында 2161 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Оларға 221 752 адам мүше болып тіркелген.
Төрағаның айтуынша, кәсіподаққа мүше болған жұмысшы бірнеше құқыққа ие болады. Нақты айтқанда ұжымдық келісім-шартта көрсетілген барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен жеңілдіктерге қол жеткізіп, жұмысқа кіру, жұмыс барысында қызмет ауыстыру мен жұмысқа шығу мәселелері бойынша, сондай-ақ, жұмыс және демалыс уақыты, еңбек қауіпсіздігі, кепілдіктер мен өтемақы мәселесі бойынша кәсіподақтан тегін заңгерлік көмек ала алады.
– Кәсіподақтар кәсіподақ мүшесі атынан жұмысшының өкілі ретінде оның тапсырмасы немесе өтініші негізде оның қатысуынсыз жұмыс берушімен арадағы келіспеушіліктерді реттей алады, – дейді Берік Айдарбекұлы. – Бұған қоса өндірістегі қайғылы жағдай мен кәсіби дерттерді тексеру кезінде, өндірісте денсаулығына келген залалды өтеу мәселесінде кәсіподақ мүшесінің құқығы қорғалады, қиын жағдайлар туындағанда және басқа да жағдайларда материалдық көмек алуға құқығы болады.
Кәсіподақ мүшелерін қолдау
Жыл басынан бері облыстық кәсіподаққа ондаған адам түрлі мәселелерін айтып келген. Оларға, негізінен, заңгерлік кеңес көрсетілді, дейді кәсіподақ төрағасы. Жұмысшыларды мазалаған мәселелер арасында еңбекақыны төлеу проблемалары, қауіпсіз жұмыс жағдайы мен әлеуметтік төлемдер бар. Сонымен қатар, бірқатар тұрғындар еңбек заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар айтып кетіпті. Мысалы, зейнетке шығатын еңбеккердің жұмысында алған марапаттары ескерілсе дейді.
«Соңғы екі жылда мемлекеттік еңбек инспекторларының тексеруі нәтижесінде жұмысшыларының еңбегін тиісті келісім-шартсыз пайдаланып келген мыңнан астам жұмыс беруші анықталды. Олар негізінен құрылыста, саудада, қоғамдық тамақтану орындары мен ауыл шаруашылығында жүрген мамандар. Қолда бар мәліметтер бойынша 2008 жылы облыстағы жұмыс істеп тұрған 16 000 кәсіпорынның ішінде тек 1 853-нің ғана өз жұмысшылармен келісім-шарт жасалған. Бұл – 11,6 пайыз деген сөз. Қазіргі таңда құрамында кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорандар мен ұйымдардағы ұжымдық келісім-шарт жасасу үлесі бар болғаны 42 пайызды құрайды». Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы келтірген бұл мәліметтерден өңіріміздегі кәсіподақ құру жағдайы аса мәз емес екенін сезіледі.
Осыған байланысты кәсіподақ тарапынан бірқатар іс-шара қолға алынған. Мысалы, 2018 және 2019 жылдары «Еңбек келісім-шартын жасаңыз!» атты республикалық акция өтеді. Оның мақсаты – жасырын және қалыптан тыс еңбек қатынастарын қысқарту, жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау деңгейін көтеру. Осы тұста айта кету керек, қазіргі таңда кәсіподақта қамқорлық көмек көрсететін әлеуметтік орталық жұмыс істейді. Төрағаның айтуынша, демеушілердің қолдауымен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан мыңнан астам бала мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне жаңа оқу жылына қажет құрал-жабдықтар мен киім-кешек таратылған.
– Облыстағы кәсіподақ ұйымдарында жұмыс істеген Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жыл сайын құрмет көрсетеміз. Концерттер мен кездесулер ұйымдастырылып, материалды көмек көрсетіледі. Жыл сайын балаларды қорғау күніне орай кәсіподақ ұйымының өкілдері балалар үйіне барады, демеушілердің көмегімен қайырымдылық жасайды, – дейді Берік Айдарбекұлы.
Кәсіподақ жарналары
Кәсіподақ болған соң, жарна болатыны анық. «Біздің төлеген жарналарымыз қайда кетіп жатыр, шипажайларға берілетін жолдамалар туралы сұрақтарды жиі естимін» дейді төраға.
– Сол жарналардың орта есеппен 70 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қалады, ал 30 пайызы кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіподақтарға бөлінеді. Кез келген салалық кәсіподақтағы штат саны 2-3 адамнан аспайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің кәсіподақ жинақтарын өз ұжымындағы кез келген іс-шараға жұмсауға құқылы. Кәсіподақ мүшелерінің көбісін жеңілдікпен берілетін шипажай жолдамаларымен аз қамтылу мәселесі алаңдатады. Айта кетейік, ол жолдамалардың бағасы қымбаттап қана қоймай, көп адамға қолжетімсіз болып қалды. Себебі, бұған дейін әлеуметтік төлемдер кәсіподақтарға, кәсіподақтар жанындағы арнайы қорға бағытталып, кәсіподақтар жұмысшыларға арналған жолдамаларды сатып алатын, оларды өз бағасынан 90 пайыз арзан немесе тегін тарататын. Қазір кәсіподақта ондай қор жоқ. Бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінде қалған жарнаны өз қалауымен жаратып, оның қайда жұмсалғаны туралы жыл сайын кәсіподақ мүшелері алдында есеп бере алады, – деді Берік Айдарханұлы.
Дегенмен, жағдай жақсарып келеді. Мысалы, 2017 жылы 10 салалық кәсіподақта 4100 адам сауығуға жолдама алды. Оның ішінде 2938 жолдама ОҚО білім беру және ғылыми қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетіне тиесілі. 1114 баланы сауықтыру мақсатында 16 миллион теңгеге жуық қаржыны облыстық білім беру және ғылыми қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті бөлді. ОҚО мәдениет және ақпарат кәсіподақтары облыстық комитеті тарапынан жүзу бассейніне 52 абонемент бөлініпті. Бұған қоса денсаулық сақтау кәсіподақтары филиалының құрамына кіретін студенттерге қоғамдық өмірге белсене қатысқандары және үздік сабағы үшін Орталық кәсіподақтар кеңесінің атынан және Кәсіподақтың ОҚО филиалын атынан жыл сайын конкурс негізінде атаулы стипендия тағайындалады.
Жаңалықтар
Жуырда кәсіподақтар күні қарсаңында Шымкенттегі Тәуелсіздік саябағында флешмоб өтті. Оған кәсіподақтың белсенді мүшелері – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының қызметкерлері, энергетиктер, мемлекеттік қызметкерлер мен басқа да сала өкілдері қатысты. Барлығы 200-ге жуық адам «Өз елім» әнін шырқап, хореографиялық қойылымдар көрсетті, «Кәсіподақ» сөзіне сапқа тұрды.
Кәіподақ ұйымындағы биылғы жаңалықтың бірі - 1 маусымнан қыркүйек айына дейін ОҚО кәсіподағының оқыту орталығында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында бірінші бағыт бойынша жұмыссыз азаматтар оқытылады.
– Осы мақсатта 200-ге жуық адам қамтылып, оларды тоқымашы, аспаз, жүргізуші, жиһаз құрастырушы секілді 8 мамандыққа оқыту көзделуде. Теория бір ай оқытылып, екі ай практикалық сабақ қарастырылған. Қазіргі таңда бағдарлама аясында іс-тәжірибеден өту үшін өңірдегі ірі кәсіпорындармен келісім жасалды. Айта кетейік, ол азаматтар тегін оқытылады, – деді кәсіподақ төрағасы.
Кәсіподақ, бұған қоса, облыстық сотпен әріптестікті жалғастырады. Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында аумақтық кәсіподақ орталығында іс-шаралар жоспарын жасалған. Соның бірінші бағыты татуластыру қызметтері орталығын құру болмақ. Ондағы мақсат – еңбек дауларын сотқа жеткізбей шешу.
Жазып алған –
Н.Бектаев
Бір ғасырлық тарихы бар қызмет
Пятница, 20 Апрель 2018 05:221. Бір ғасырлық тарих
2. Тәуелсіздік жылдары
3. Өрт сөндіру қызметіне –
мектептен кейін
1918-2018. Биыл өрт сөндіру қызметінің құрылғанына 100 толып отыр. Бір ғасырлық тарихы бар бұл қызметтің адамзат өміріндегі орны ерекше. Адам баласы отты алғаш рет тұтатып, оны пайдалана бастаған күннен бері сол отты сөндіруге деген қажеттілік те қатар туындады. Бертін келе кей сәттерде адам өміріне орасан шығын алып келетін өртті сөндірумен арнайы мамандар айналыса бастады. Осылайша өрт сөндіру қызметі де құрылады...
І
17 сәуір Қазақстанда, ТМД елдерінде өрт сөндірушілер күні болып саналады. Сонау ХХ ғасырдың басында, 1918 жылы Халықтық комиссарлар кеңесінің «Өртпен күресудің мемлекеттік қызметін ұйымдастыру» туралы декреті түзіледі. Осылайша өрт сөндірушілер қызметінің негізі қаланады.
Жалпы, Қазақстандағы ең алғашқы өрт сөндірушілер тобы Семейде құрылған деген мәлімет тарих қойнауындағы 1843-1844 жылдарға тиесілі. Ол кезде елдімекендердегі үйлер негізінен ағаштан салынатындықтан, өрттен келетін қауіп жоғары болатын. Мысалы, 1790 жылдың 14 қыркүйегінде болған ірі өрттің салдарынан Семей қалашығындағы 172 үйдің көбісі жанып, 88-і ғана аман қалды деген жазба бар. Сол кезде елдімекен тұрғындары жиналып, өрттен сақтану жолдарын қарастырады. Осылайша алғашқы өрт сөндірушілер де пайда болған. Олар негізінен еріктілерден құрылыпты. Ал олардың алғашқы ғимараттары 1864-1867 жылдары салынады.
ІІ
1996 жылдың 22 қарашасы күні Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Өрт қауіпсіздігі туралы» Заңға қол қойды. Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің адамдардың өмірі мен денсаулығын, мүлік меншігі мен ұлттық құндылықтарды, қоршаған ортаны қорғауға арналған саясатының ажырамас бөлшегі болып саналады.
Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі мемлекеттік және салалық қызметтерге бөлінеді. Мемлекеттік өрт сөндіру қызметі елдегі негізгі өртке қарсы қызмет болып саналады және өрттің алдын алу, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы және өрт сөндірумен айналысады.
ІІІ
Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мекемесі Шымкент қаласындағы Байтұрсынов көшесінде орналасқан. Мекеменің құрамында екі мыңға жуық қызметкері мен 207 өрт сөндіру техникасы бар. Оның ішінде – 126 негізгі техника, 24 арнайы және 57 қосымша техника.
– Негізгі міндетіміз – өртті сөндіру және апатты жағдайда адам мен мүлікті құтқару жұмыстары, – дейді «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары Қуаныш Арсланов. – Біздің мекеме жалпы саны 48 бөлім және бекеттен тұрады. Шымкент қалалық гарнизонға 8 өрт сөндіру бөлімі және 1 өрт сөндіру бекеті қарасты. Қалған 39 бөлім аудандарда орналасқан. Соңғы жылдары Шымкент қаласының аумағы кеңейіп, біздің мекеме жұмысының жауапкершілігі де арта түсті. Осы тұста айта кетейік, өрт сөндірушілерге жергілікті билік жақсы қолдау көрсетіп келеді.
Азаматтық қызметтің майоры Қуаныш Жораұлының сөзіне мысал ретінде Шымкентте 2015 жылы ашылған жаңа өрт сөндіру депосын келтіруге болады. Достық шағынауданынан салынған жаңа нысан Оңтүстікте өрт сөндіруге қатысты пайдалануға берілген соңғы 30 жылдағы алғашқы депо болды. Бұған қоса жергілікті бюджет қаржысына жаңа техникалар сатып алынуда дейді өрт сөндіруші.
– Әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдауды айтып өтуіміз керек. Соңғы үш жыл қатарынан техникаларымыз жаңартылуда, – деп жалғады сөзін Қуаныш Жораұлы. – Бұйыртса биыл да жанар-жағармай таситын жаңа көлік, эксковатор, 6 КамАЗ, 4 жеңіл көлік секілді қажет техникалар пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, материалдық-техникалық базамызды жаңартуға 361 миллион теңге қаралмақ. Қала аумағының өсуіне байланысты биыл жаңадан екі өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда. Соның бірі – Шымкенттің әкімшілік-іскерлік аумағында 4 есікті депо мен әкімшілік ғимарат салынады деп күтілуде.
Мекеме басшының орынбасары барлық сала секілді өрт сөндіру қызметі де жаңартылып келе жатқанын алға тартты. Мысалы, құтқарушылар соңғы үлгідегі техникамен жабдықталуда. Соның бірі – қалада соңғы жылдары салына бастаған биік үйлер мен ғимараттардың жоғары жағына жету үшін алынған саты. Оның ерекшелігі – жерден 16 қабат ғимараттың жоғары жағына дейін жетеді, адамдарды құтқаруға арналған лифті бар.
Азаматтық қорғаныс маманының айтар тағы бір жаңалығы – өрт сөндіру қызметіне енді әскер қатарында борышын өтемеген жастар да қосыла алады. Анығын айтқанда мектеп бітіруші түлектер әскери комиссариатқа тіркелген құжатымен өрт сөндіру қызметіне жұмысқа тұра алады. Ол үшін тест тапсырған соң мемлекеттік конкурсқа қатысу керек. Ол конкурсты өрт сөндіру қызметінің басшылығы жергілікті БАҚ беттерінде бос лауазымдарға байланысты жариялайды. Конкурстан өткен жастар өрт сөндірушілердің кәсіби мектебінде оқиды. Ал ол кәсіби мектеп Достық шағынауданындағы орталықта орналасқан. Жалпы, өрт сөндірушілер де қарулы күштер секілді әскери тәртіпке бағынып, күнделікті тактикалық сабақтарға қатысады, үнемі дайындықта жүреді дейді маман.
- Мемлекет басшысының төтенше жағдай қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату бойынша тапсырмасына сәйкес, мамандарымыздың арнайы семинарлар жиі өтіп тұрады, - дейді Қуаныш Арсланов. – Басшы құрамның офицерлері сол семинарлардан өткенін жеке құрамға үйретеді. Офицерлеріміз Көкшетау техникалық институтында оқиды. Ал жуырда Беларуссиядағы ірі оқу орталығының мамандары елімізден жас мамандарды шақыртуда.
Осы уақытқа дейінгі қызметінде есте қалған оқиғаны сұрағанымызда мекеме басшысының орынбасары мүдірместен күнделікті қызметі түрлі оқиғаға толы екенін айтты.
– Мысалы, былтыр ғана Шымкент маңындағы мұнай базасындағы ірі өртті айтуға болады. АИ-92 маркалы жанармай лық толған алып резервуардың бірінен өрт шығып, қызыл жалынмен 1 тәуліктен астам уақыт күрестік. Жігіттер өз өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан күндіз-түні алауды сөндіруге тырысты. Себебі, қызып, балқып тұрған темір резервуар жарылса, лава секілді от ағыны жайылып, айналасының барлығын жайпап кетер еді. Міне, осындай қатерге қарамастан тер төккен өрт сөндірушілердің жұмысын өз басым ерлікке бағалар едім. Ендеше, біздің жұмысымыз қауіпті болса да халыққа қызмет етуге әрқашан дайынбыз! – деп аяқтады сөзін Қуаныш Жораұлы.
Қызық екен!
1. Футбол секілді өрт сөндіру қызметінің де отаны Англия саналады. Елдегі алғашқы сақтандыру компаниялары өрттен келетін шығынның көлемін азайтуға мүдделі болғандықтан, өрт сөндіруге арналған алғашқы командалар осы елде 1722 жылдан құрыла бастады.
2. Бірқатар елдердегі өрт сөндірушілер ғимаратында бір қабаттан екіншісіне өтіп кететін тік темір әлі де қолданылады. Сол арқылы өрт сөндірушілер дабыл соғылғанда жоғары қабаттан төменге лезде түсе алады.
3 Өрт сөндірушілер де ырымнан кенде болмаған. Мысалы, ежелге Русьта найзағайдан тұтанған кез келген өрт киелі саналғандықтан, ондай жерлерде отты сөндіру үшін адамдар су емес, сүт пайдаланған.
4. Өрт сөндірушілердің шелектері конус пішіндес болған. Себебі, біріншіден, ондай шелекті жасау үшін материал аз қолданылса, екіншіден, конус шелектен шашылған судың көбісі көздеген нысанаға дөп тиетін болған. Үшіншіден, үшкір шелекті барлығы білетіндіктен, оны ешкім ұрламаған.
5. Өрт сөндірушілердің стандартты көлігіне 2350 литр су сыяды. Оны бір құбырмен шашқанда 7,5 минутқа жетеді.
6. Тәртіп бойынша өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минутта жетуі тиіс. Себебі, от алғашқы 10 минутта бәсең тарайды.
7. Заманауи техникаларда өрт сөндіру үшін тек су ғана қолданылмайды. Қазір құтқарушылар отты сөндіруде буды, углерод диоксидін немесе көбікті де қолданады.
Street workout – Шымқала стилі
Среда, 04 Апрель 2018 04:541. Жаттығудан басталған қозғалыс
2. 13-легион
3. Қозғалысқа қолдау көрсеткен әкім
4. Басқа жол
Шымкентке воркаут қалай келді?
– Барлығы қарапайым жаттығулардан басталды. Ол кезде қолымыз бос еді. Жазғы каникулда мектепте бірге оқитын достар жиналып, турникте және брусияда жаттығып жүрдік, – деп бастады өздері туралы сөзін Шымкенттегі белгілі воркаутшы Александр Водолацкий. – Содан 2-3 ай өткен соң интернеттен жастар арасында кең тараған «Воркаут» қозғалысы туралы оқып-білдік. Шетел жастарының жаттығуларының видеоларын көрдік. Оған біз де қызығып, солардың ойын элементтерін жаттығуға енгіздік.
Бір топ жастың қызығушылығы жазғы демалыстан соң тоқтап қалмады. Саша бастаған жеткіншектер интернетті одан әрі қаузай түсіп, АҚШ, Украина мен Ресейде жастардың осы воркаут қозғалысы бойынша топ құрып, бірге жүргендерін көреді. Біздің жастар да топтасып, сол кездегі танымал әлеуметтік желі «Майл.руда» алғашқы хабарландыруларын жаза бастайды. Онда бозбалалар Шымкенттің өзге де жастарын бірге жаттығуға шақырып, кездесетін орындары туралы белгілейді. Осылайша алғашқы кезде әр үйдің ауласынан 10 бала жиналыпты.
– Бәріміз бірге жаттығып, аз да болса тәжірибелерімізбен бөлістік. Содан кейін ай сайын кездесуге уәделестік, – дейді Александр. – Осылайша қатарымыз көбейе берді. Жиналатын орнымыз – сол баяғы үйлердің ауласы. Бір қызықты айта кетейік, санымыз 30-40 балаға жеткенде үй төрайымдары бізді бұзақылар деп ойлап, полиция шақырған кездері болды. Содан кейін проблема туындамас үшін жиналатын басқа оңтайлы жер іздей бастадық. Осылайша қаладағы «Динамо» стадионына келдік. Ағалар бізді қолдап, алғашқы шағын турниріміз де сонда өтті.
«13-легион» қозғалысы
Осылайша Шымкенттегі воркаут қозғалысы біртіндеп дами бастайды. Бұл 2013-2014 жылдар болатын. Біраз уақыт өткен соң жігіттер өздерінің командаларын құруға шешім қабылдайды.
– Әлемде танымал бірнеше команда бар. Неліктен бізге де сондай команда құрмасқа деп ойланып, бізді жақсы қолдаған Жандос Қалтаевпен бірге (ол сол кезде депутат Бахарам Әбдікаримовтың көмекшісі болатын) команда құрдық, – дейді Саша. – Айтқандай, бізге «13 легион» деген атауды тапқан да сол Жандос болатын. Команданың басында 4 жігіт бірге жүрдік – Любомир Богацкий, Дмитрий Подебида, Расул Ядаров және мен. Чемпионаттарға да бірге қатысып жүрдік.
Спорттан – жаппай іс-шараларға
Осыдан кейін бұл жігіттер тек спортпен жаттығып қана қоймай, халық арасына шығып, жастармен кездесе бастайды. Түрлі флэш-мобтар ұйымдастырып, спорт жарыстарына мұрындық болады. Бұл бастама қала тұрғындарына да ұнап, жастардың құр сандалып жүрмей, спортпен шұғылданғанын қолдайды.
– Ол кезде жеткіншектердің интернеттен шықпай отыру проблемасы аса қатты білінбейтін еді. Жастар жиі жиналатын. Денелері сымдай тартылған жігіттерді көріп, біздің қатарымызға қыздар да қосыла бастады, – деп күлді Саша. – Кейіннен жастар арасында біршама танымал бола бастаған кезімізде түрлі іс-шаралардың ұйымдастырушылары бізді шақыра бастады. Біз де түрлі қоғамдық іс-шараларға қатысып, мектептерде, университеттерде шеберлік-сабақтарын өткізе бастадық. Қала күні сияқты мерекелердегі жаппай серуендерге қатыса бастадық.
Осылайша воркаут қозғалысы дамып, жігіттерге енді осындай іс-шаралар үшін қолайлы әрі жиналмалы турниктер қажет бола бастады. «Сол кезде «13 легион» командасын «Алтын дән» компаниясының директоры Бахарам Әбдікаримов жақсы қолдады» дейді Александр. Қайырымды ағалары жастардың алғашқы жарыстарын өткізуге көмектеседі. Воркаутшылар алдымен орталық саябақтан алаңша құрып, белтемір жасайды. Ондағы ойлары – тек анда-санда қолданатын ғана емес, үнемі дайын белтемір алаңын жасау болатын. Осы уақыттарда 11 адамнан тұратын команда алғаш рет Астанада өткен әлем чемпионатына барып келеді. Саша сол кезде қолдау көрсеткен ағаларымен әлі байланысып тұратынын айтты.
Биліктің қолдауы
Жастар уақыт өткен сайын алдарына биік мақсаттар қойып, соған жетуге тырыса бастайды. Қалада спорт алаңшаларын көбейтіп, воркаутты халыққа қолжетімді етуді мақсат тұтады. Бақтарына орай Шымкентке әкім болып Ғабидолла Әбдірахымов келген соң воркаутшыларды қолдау күшейе түсті.
– Алдымен бір, содан кейін келесі спорт алаңшасын салдық. Ал қазір қаламызда 7 спорт алаңшасы бар, – дейді Александр. – Бұл тек біздің ғана емес, қарапайым, 17-18 жасар бозбалалардың жетістігі дер едім. Командамыздағы жастар қаладағы бұқаралық спорт деңгейін арттыруға өз үлестерін қосты.
Енді воркаутшылар тек жастардың спорт қозғалысы ғана емес, қоғамдық ұйым, салауатты өмір салтын қалыптастыруда өзіндік орны бар қозғалыс ретінде дами бастайды.
– Іске шындап кірістік. Содан кейін 2015 жылы өзіміздің арнайы залымызды аштық, – дейді Саша. – Оны әлеуметтік жауапкершілігі бар бизнес-жоба ретінде қолға алдық. Абономенттер өте арзан болды. Ал жақсы нәтиже көрсеткен жігіттер залда тегін жаттыға алатын. Бізге бұл зал өзіміздің сүйікті ісімізден қаржы таба алатын жоба ретінде ұнады. Ал залды «Нұр Отан» партиясы ғимаратының төменгі қабатынан аштық. Онда бір кездері айына 150 адам жаттығып жүрді.
#Басқажолға қадам басу
Арада біраз жыл өткен соң «13 легион» командасы бөлінді. Дегенмен, арада ешқандай дүрдараздық болмады дейді жігіттер.
– Арамыздағы бәсекелестікті дамыту үшін мен бұрынғы топтан шығып, жаңа командамды құрдым. Оны өзіміздің жігіттермен ақылдасып, #Басқажол деп атадық, – деп жалғады сөзін Александр. – Яғни, болашаққа қадам басар жол деп ұғынамыз. «Басқа жол» командасымен бірге көптеген жарыс ұйымдастырдық. Тек спорттық іс-шаралар ғана емес, мемлекеттік бағдарламаларды да қолдаймыз. Яғни, мемлекет, қоғам және бизнес үштігінің бір ортаға тоғысуы деуге болады. Және бұл біздің қолымыздан келеді. Қазіргі таңда әлеуметтік жобаларымыз бар, бизнес-жобаларымыз бар. Біз жастар саясаты бөлімімен тығыз байланыста жұмыс істеп келеміз. Жоспарымыз сәтті жүзеге асуда дей аламын. Жақында Шымкенттегі воркаут клубтары арасында жарыс өткіздік. Ондағы мақсат – бізде жаттығатын оқушыларға серпін беру. Нәтижесінде біз жеңіске жеттік. Дегенмен, жеңіс біз үшін басты мақсат емес. Ең алдымен ішкі тұрақтылық пен тәртіп, жастардың бір-біріне деген қолдауын дамыту болатын. Ал спортшы жастарымыз қалаішілік жарыстардың әрқайсысында дерлік жүлдегер атанып келеді.
Жоспар – клубтар желісін құру
– Біз алдымызға әрқашан биік мақсат қоямыз. Биыл қаламызда клубтар желісін ашуды ойластырып отырмыз. Жуырда ғана кәсіпкер Болатбек Алиев ағамызбен кездестік. Бизнесмен енді бізге көмектеспек. Әкімдік пен кәсіпкерлердің алдында бізді таныстыруды өз мойнына алды. Енді алдағы 2-3 айда қалада тағы бір клуб ашуды жоспарлап отырмыз. Сөз соңында айта кетейік, қандай да бір жетістіктеріміздің барлығы тек бір адамның емес, бүкіл команданың еңбегі.
Төтенше жағдайда не істеу керек?
Среда, 04 Апрель 2018 04:39
Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік аса маңызды. Әсіресе, адам көп жиналатын ғимараттардағы тәртіп бірінші кезекте сақталуы тиіс. Себебі, төтенше оқиға туындай қалғанда адамдардың өздерін сабырлы ұстап, ережеге сәйкес әрекет етуі көп адамның өмірін сақтап қалуда сеп болады. Осыған орай көпшілік орындардағы төтенше жағдай кезінде әрекет етудің жолдарын ұсынсақ.
1. Сулы шүберек. Ғимарат ішінде өрт шыға қалса, алдымен оның түтіні қауіпті. Себебі, опат болғандардың көбісі улы түтіннен көз жұмады дейді құтқарушылар. Сондықтан, оқушылар мен студенттерге, ересектерге жанып жатқан жерден шығудың жолымен қатар «Сулы шүберек» қағидасын үйрету керек. Өрт кезінде мүмкіндігінше су тауып, шүберекті дымқылдау керек. Орамал, шарф, футболка немесе жейденің жеңі, көйлектің етегін жыртып алып, сулау керек. Дымқыл мата түтіннің ішіндегі улы қоспаларды тұтып қалып, құтқарушылар келгенше жан сақтай тұруға мүмкіндік береді.
- 2. Шығатын есіктерді есте сақтау. Балаларға да, өзіңізге де кез келген жерге барғанда алдымен сыртқа шығатын есік-терезелерді есте сақтауды үйретіңіз. Ғимараттан қосымша шығу есіктерін іздемейтініміз жасырын емес. Ал бұл – абыр-сабыр кезінде өте маңызды. Сондықтан, барған жеріңізде сыртқа шығатын есіктерді байқап, есте сақтауды әдетке айналдыру керек. Өзіңіз таппасаңыз, сол орынның қызметкерлерінен сұрап алған жөн.
- 3. Топтың арасынан жол іздеу. Бұл тұста 3 ережені есте сақтау керек.
– Көпшілікке қарсы жүрмеу. Әрқашан адамдар жаппай қозғалып бара жатқан бағытпен жүруіміз керек. Артта жақындарыңыз қалса да көпшілікке қарсы жүруге болмайды – таптап кетуі мүмкін. Туыстарыңыз да осы ережені есте сақтаса, сыртқа шыққан соң кездесуге болады.
– Бұрыштар, тіреулер мен бағандар секілді кез келген кедергілерді айналып өту керек. Ол үшін алдымызда не бар екенін мүмкіндігінше алыстау бағамдау керек. Екі қолымызды алдымызға айқастырып, екі алақанмен екі иықты ұстап, шынтақты алға бағыттап жүру керек. Сонда құлап қалған жағдайда да тыныстауға мүмкіндік болады.
– Кенет құлап қалсаңыз, бірден тұруға әрекет етіңіз. Мұндай жағдайда басыңызды қорғап, бүк түсіп жату деген ережені ұмытыңыз! Қасыңыздан өтіп бара жатқан адам немесе кез келген заттан ұстап, жылдам тұрып кету керек. Аяғынан ұстаған адамыңыз сізге қарсылық көрсетуі мүмкін, сол үшін тез арада тұрып кетуге тырысыңыз. Бұл – төтенше жағдай кезіндегі ең маңызды ереженің бірі.
P.S. Бұл ережелер сізге ешқашан қажет болмасын деп үміттенеміз...
Дін мен дәстүр бірізділігі
Среда, 28 Февраль 2018 04:14Дін мен дәстүр сабақтастығын арттырып, қазақы мұсылмандық негізін нығайту. Той-томалақ пен діни рәсімдерді өткізуде ысырапқа жол бермеу. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігінің мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстелде осы өзекті мәселе талқыланды.
Облыстық Қазақстан халықтары Ассамблеясының ғимаратында өткен ақылдастар алқасының кеңейтілген отырысына облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібекұлы, діни басқарманың өкілдері мен облыстық және қалалық ішкі саясат басқармаларының басшылары, облыстық ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қоғамдағы қазіргі өзекті мәселелерді талқылауға үкіметтік емес ұйымдардың мүшелері мен ауыл-аймақтан имамдар да келді.
Дін Исламның құндылықтарын қалай дәріптегенде көпшілік толыққанды қабылдайды, қандай тәсілмен халықтың діни сауатын арттыруға болады? Бұл басқосуда қозғалған әңгіме төркіні осы төңіректе өрбіді. Ақылдастар алқасы жат ағымдардың алдын алу, ақпараттық насихатты жандандыру мен ұлттық салт-дәстүрлер арқылы діни рәсімдерді насихаттаудың жолдарын талқылады.
Министрліктің бақылауында
Жуырда дін істері және азаматтық қоғам министрлігінде алқа мәжілісінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Парламент депуттаттары, атқарушы орган өкілдері, діни бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық кеңес өкілдері, дінтанушы ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Министр Нұрлан Ермекбаев өз баяндамасында Елбасының діни радикализмнің кез келген көрінісіне мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруды тапсырғанын мәлімдеді. Алқалы мәжілісте белгілі болғаны, сарапшылар діни ұстанымдарды анықтау үшін көпшілікпен диалог алаңында арнайы зерттеу жүргізген. Соның нәтижесінде Ислам дінін түсінудің және талқылаудың қазақстандық мектебін қалыптастыру жөнінде қорытындыға келгені мәлімденді. Министрдің айтуынша, мемлекет діни бірлестіктердің діни мәселелеріне араласпайтынын, дегенмен, заңдардың сақталуын қатаң бақылайтынын айтты. Яғни діни шарттардың орындалуы өзімбілермендікпен емес, белгілі бір қоғамдық шартқа сай жүзеге асырылу қажеттілігі ескертіліп отыр. Министр, бұған қоса, жаңару мен жаңғыру шарттарына мешіттердің ретті- ретсіз салынуы жататынын да атап өтті. Мысалы, елдегі 3601 мешіттің бүгінгі таңда 81-і бос тұр. Ведомства басшысы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы рухани жаңғыру ұғымының осындай жайттарға да қатысы бар екенін айтып, осы орайдағы келеңсіздіктерді сынға алды.
Діни сауаттылық та рухани жаңғыруға жатады
– Таяуда облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы Елбасының төрағалығымен өткен қауіпсіздік кеңесіне қатысты. Осы жиында Оңтүстіктегі қоғамдық-әлеуметтік мәселелер мен діни ахуал да қаралып, Елбасы тиісті министрлерге нақты тапсырмалар берді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков. – Облыс әкімі ардагерлер кеңесінде, мұсылмандар діни басқармасының облыстық өкілдігінде өткен басқосуларда осы діни экстремизм, діни жоралғылар тақырыбы жөнінде көптен бері мәселе қозғап жүр. Сенбі күні ұйымдастырылып отырған бейресми кездесу барысында осы тақырыпта еркін әңгіме-дүкен құрылып, нақты ұсыныстар айтылса деймін.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарияланған соң арнайы бағдарлама қабылданып, оны жүзеге асыру бағытында кең көлемді жұмыс басталып кетті. Әрине, бұл – бір айда немесе бір жылда орындап тастайтын науқандық іс-шара емес. Ол үшін рухани жаңғыру ұғымының мазмұнына терең бойлап, мән-мағынасын өз деңгейінде байыптап алуымыз қажет. Соның ішінде басты назарға алатын бір тіркес бар. Ол – ұлттық код ұғымы. Яғни, ұлттық кодтың бірінші сипатын ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық құндылықтары құраса, екіншісі – мәдениеті, үшіншісі – салт-дәстүрі. Төртіншісі – тарихы, бесіншісі – фольклоры. Алтыншысы – халықтық педагогикасы. Осы қасиеттерді өскелең ұрпақтың бойына дарытып, санасына сіңіру, сол мақсатқа қол жететіндей білім беру жүйесін қалыптастыру – аға буынның міндеті. Осы тұрғыда имамдардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны, кереғар ағымдардың алдын алуға үлес қосқаны абзал.
– Күнделікті өмірдегі тіршіліктің барлығын бірдей билік тарапынан бақылап отыру мүмкін емес, – деп жалғады сөзін Ұласбек Cәдібекұлы. – Мысалы, той-томалақ пен өлім-жітім рәсімдеріндегі ысырапшылдықты, жаназадағы жөнсіз әрекеттерді де бір ізге салудың уақыты әлдеқашан жетті. Сол сияқты мазараттарды ретке келтіру сол ауылдың бас көтерер азаматтарынан артылар шаруа ма? Бұл іске міндетті түрде ауыл немесе аудан әкімінің араласуы қажет пе?
Таратылатын киім китке айналмасын...
– Мемлекетіміз тәуелсіздік алған соң алдымен ел тұрмысын түзеуге елеулі көңіл бөлген болса, ендігі кезекте елдің рухын жаңғыртуға бағыт түзеді. Қалың бұқара қолдаған бұл бастаманы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасынан айқын көруге болады, – дейді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. – Президент ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылудың жолын көрсетті. Осы ретте аға буын өкілдеріне жүктелер міндет зор. Облыстық ардагерлер кеңесі бұл орайда ел арасында мағыналы кездесулер өткізіп келеді.
Мысалы, 2014 жылы облыстың ардагерлері мен имамдары қоғамның рухани бағытындағы мәселелерді шешуде өзара әріптестікті нығайту, жастарға рухани тәрбие беруде, оларды отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеуде бірлесе жұмыс істеу мақсатында келісімге келді. Ал 2015 жылы «Той өткізудің мәдениетін жетілдірейік» тақырыбында дөңгелек үстел өткізіліп, үндеу жарияланды. Бұл бағыттағы іс-шараның барлығы «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында өткізіліп келді.
– Әрине, халыққа қазақы рәсімдерді жасама демейміз, бірақ, ысырапқа жол берілмегені жөн. Өлік шыққан үйде үш күнге дейін қазан көтермеу керегін жақсы білсек те бәз-баяғыша дастархан жайып, ас беруді тоқтатпай келеміз, – дейді Ж.Мәуленқұлов. – Бұған қоса ертеректе қаралы үйге көмек көрсетілсе, қазір мазардың басында не байлайсың деп сұрау үрдіске айналып кетті. Немесе өліктің үстіне кілем, бір тоғыз мата, қымбат киім жабу, жыртыс беру секілді ешкімге қажет емес әрекеттер әдетке айналып барады. Ал қайтыс болған кісінің киімі марқұмды еске алып, көзіндей көріп жүрсін деп, жақындарына таратылған. Ал бүгінде жаңа киім сатып алып беріледі. Ал оны марқұмның естелігі деп емес, реті келгенде құдалықтың китіне қосылып жіберетін жағдайлар аз ұшыраспайды. Осы келеңсіздіктің алдын алуда аға буынға артылар міндет жетерлік. Себебі, "Алдыңғы дөңгелек қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді" деген сөз бар. Сондықтан, ағайын, өнеге, үлгіні жастар бізден алатынын ұмытпайық.
Жаназада орындалар 4 міндет
әуелсіздік алған жылдары елімізде 68 мешіт болса, күні кеше министрдің есебінде айтылғандай, қазіргі таңда мешіт саны үш мыңға жетіп отыр. Егемендіктің алғашқы кезінде елде бірде-бір медресе болмаса, қазір онға жуық медресе жұмыс істейді. Ақылдастар алқасында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының насихат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы өз баяндамасында осындай мәліметтерді келтірді.
– Жаназа мәселесін бір ізге түсіру үшін бас мүфтидің тапсырмасымен «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітап жарыққа шығарылды. Ол кітап барша имамдарға таратылып берілді. Семинар кездесулер өтті, – деді Алтынбек Ұтысханұлы. – Дегенмен, насихат жағы жақсы болғанымен, амал жағы кемшін болып тұр. Осы орайда сіздердің, ел ағаларының көмегі қажет-ақ. Себебі, қазақ үлкенді тыңдаған халық, ел ағаларының, ақылдастар алқасының сөзі өтімді, пікірі ұтымды. Сол үшін тек имамдар ғана емес, ел ағаларының да үлес қосқаны жақсы. Шариғат бойынша өмірден өткен адамның соңынан төрт-ақ әрекет жасалады: денені жуу, кебіндеу, жаназа намазын оқу, жерлеу. Өкінішке қарай, марқұмды жерлеп келген соң үйінде ас беру керек пе, жоқ па, өлген кісіні үйден баспен шығару керек пе, аяқпен шығару керек пе деген сияқты мәселенің өзін дауға айналдыратын жағдайлар да кездесіп жатады. Тіпті, «Біздің айтқанымыз жөн, оны мақұл көрмесең, есігіңіз мынау» деп, имамдарды шығарып жіберген келеңсіздікті де көрдік. Бұған қоса имамдардың уағызын да бір ізге келтіруді реттеп жатырмыз. Кез келген жиналыста немесе жаназа басындағы уағызды бес минуттан асырмау керек, жиналып отырған адамдардың деңгейінде сөйлеу тапсырылуда.
Алқалы мәжілістің соңында ақылдастар алқасы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен рәсімдер ғана орындалып, оны діни басқарма бекіткен тізімдегі имам-молдалар ғана жүзеге асырса деген ұсыныс жасады. Салт-дәстүр мен діни рәсімдер бірізділігін сақтау туралы үндеу қабылданды.
Коммуналдық секторға – заманауи техника
Среда, 28 Февраль 2018 04:06Шымкентте «Қаланың жылу және ыстықсу жүйесі: қазіргі жағдайы және даму әлеуеті» энергетика форумы өтті. Шаһар әкімдігі ұйымдастырған форумның мақсаты – Шымкент қаласындағы жылу және ыстық сумен қамтамасыз етудегі қазіргі жағдайды талқылау, алдағы уақытта даму жолдарын іздеу.
Жиынға дүние жүзінің жетекші компаниялары, мамандандырылған сараптамалық қауымдастық және жобалық институттар, ғалымдар, халықаралық қаржы ұйымдары, бұқаралық ақпарат құралдары мен түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форум барысында жылу жүйесі және ыстық сумен қамту мәселесінде қалалық әкімдік пен «DanfossA/S» және «KazAeroSpace» компаниялары арасында меморандумға қол қойылды.
ТҮКШ саласы ғарыштан бақыланады
«KazAeroSpace» компаниясы мен қалалық әкімдік жоғары технологиялар аясында келісім жасап отыр. Компанияның бас директоры Бағлан Қазиевтің айтуынша, бірқатар инновациялық жобаларды іске асыру арқылы мегаполистің ғылыми-техникалық әлеуеті мен қолданыстағы энергетика саласын жетілдіруге болады.
Бұған қоса тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мен көлік саласына аэроғарыштық мониторинг жасап, дамытуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, «KazAero-Space» компаниясының негізгі қызметі – экономиканың түрлі салаларына жоғарғы технологияларды ендіру, отандық ғарыш технологияларын коммерциалау және IT технологияға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік механизмін енгізу. Компания жобаларының ішінде Алматы қаласының автоматтандырылған 3D геоақпараттық жүйесін құру және Ақмола облысындағы жер қойнауын пайдалануға ғарыштық мониторинг жасау жобалары бар.
«Жасыл экономика» концепциясы
Бұған қоса осы форум барысында қалалық әкімдік пен Данияның «DanfossA/S» компаниясы арасында меморандумға қол қойылды.
«Жасыл əкімдік» жобасы аясындағы бұл құжаттың мақсаты – әкімдік жұмысының құрылыс және коммуналдық секторына заманауи технология мен энергия көздерін енгізу. Жаңа тұжырымдаманы дат мамандары бірнеше бағытта іске асырмақ.
Жаңа жобада су және электр энергиясын үнемдеуде озық технологияны енгізу, автоматтандырылған жылу нүктесінің сызбасын жасау, әкімшілік ғимаратын ыстық сумен қамту, сондай-ақ қалалық әкімдіктің қажеттілігіне байланысты электрмобильді қолдануға сатылап көшу көзделуде. Сарапшылардың айтуынша, бұл жобаның нәтижесінде қоршаған орта жақсарады және бюджет қаржысы үнемделеді.
Халықаралық «DanfossA/S» концерні жылу және өнеркәсіптік автоматикасын жасаумен айналысады. Бұл компанияның негізі 1933 жылы қаланған, әлемнің 25 мемлекетінде 93 зауыты бар.
Шымкент көктемгі тасқынға дайын ба?
Пятница, 16 Февраль 2018 06:08Күн жылынып, көктем жақындап келеді. Алда жауын-шашын молайып, су тасу қаупін тудыратын кезең тұр. Ал Шымкент осыған дайын ба?
Таудың етегінде, теңіздің жағасында орналаспаса да шаһарда мол жауынның салдарынан көшелер мен аулаларды су алып жататыны жасырын емес. Осы келеңсіздіктің алдын алу бойынша қала әкімінің өкімімен төтенше жағдай комиссиясы құрылған. Қалалық төтенше жағдай басқармасының бастығы Мадияр Жақсыбаев басқаратын комиссия құрамында тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары мен шаһардағы 4 аудан әкімдерінің орынбасарлары, су шаруашылығының өкілдері, төтенше жағдай қызметкерлері бар.
Күні кеше төтенше жағдай комиссиясының өкілдері алғашқы дайындықты пысықтады. Осы мақсатта қалалық әкімдіктің өкілдері мен төтенше жағдай басқармасының жетекшілерінен құралған жұмыс тобы алдымен шаһардағы коммуналды қызметке қарасты арнайы техникалардың дайындығын тексеріп шықты. Жауапты мамандар осы жерде тәулік бойы қызмет ететін диспетчерлік қызметтің жұмысын көрді.
Айта кетейік, шаһардағы коммуналды қызметті «ЛТД-Тұрмыс», «ЮгДорСервис», «Бәйтерек-ЛБ» және «СМД-құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері атқарады. Олардың жұмыс базасында техникалар тексеруден өтіп, қажет болса, жөнделеді. Жүргізушілер мен жұмысшылардың тамақтанатын және тынығатын орындары қарастырылған.
Көктемге дайындық барысында коммуналдық сала қызметкерлері шаһардағы жалпы ұзындығы 146 шақырым болатын арық-атызды тазалап шығады. Оның арасында қала орталығындағы қоқысқа толған лотоктар мен шаһар аумағына қосылған елдімекендер арқылы ағып өтетін ірі каналдар бар.
Техникалар мен жұмысшылардың дайындығын тексерген соң жұмыс тобы комиссияның отырысында бас қосты. Комиссия мүшелерімен қоса Абай ауданы прокуратурасының прокуроры да қатысқан жиналыста шаһардағы коммуналдық және төтенше жағдай қызметінің бірлескен жұмыс жоспары талқыланды. Мамандар, әсіресе, қала аумағы арқылы ағып өтетін өзендердің жағалауын нығайту жұмыстары басты назарда екенін айтады. Жергілікті билік тарапынан бұл жұмыстарға назар аударылып, Бөген, Тоғыс және Текесу өзендерінің жағасын бекітуге қомақты қаржы бөлінуде дейді комиссия мүшелері.
Бір айта кетерлігі, мәжіліске Қазгидромет мекемесінің өкілі Ербол Қалыбеков та келді. Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, биылғы жыл суы аз жылға жатады. Сондықтан өзен-көлдер мен тоғандардағы су деңгейі аз болады деп күтілуде. Дегенмен, соған қарамастан мамандар су көздерінің деңгейін бақылап отырғандарын айтады. Жалпы, облыс көлемінде 27 гидробекет бар. Шымкентке жақыны Бадам өзенінің бойында, құс фабрикасына жақын жерде орналастырылған. Қазір сол гидробекеттер күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп, судың деңгейін әр екі сағат сайын тексеріп отырмыз дейді Қазгидромет мекемесінің өкілі. Су деңгейі тиісті мөлшерден асқан жағдайда кезекші бірден орталыққа хабарлап, шұғыл хабарды әрі қарай тиісті құрылымдарға жібереді.
Комиссия отырысында бұған қоса бекітілген аумақтағы мекеме басшылары су тасқынының алдын алу, болдырмау және қолайсыз ауа-райы орнаған сәтте халықты көшіру секілді сұрақтарды талқылады. Түрлі сұрақтар қаралған соң құзырлы мекемелерге тапсырмалар берілді.