Теңге + доллар = ?
Среда, 15 Август 2018 04:19Осыдан 3 жыл бұрын еркін айналымға жіберілген теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы соңғы күндері төмендеп кетті. Ал бұл жағдай елдің алаңдаушылығын тудырғаны сөзсіз. Расында, жыл басынан бері біршама тұрақты курспен келе жатқан төл теңгеміздің әлсірей бастауының себебі неде?
Теңгенің бағамы күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатқандықтан, соңғы мәліметтерді алуға тырыстық. Бет қатталып жатқанда еліміздегі kurs.kz сайтының мәліметінше таңертеңгі сауда-саттықтағы теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 363,15 теңгені құрап, 10 тамыздағы бағамнан 6 теңгеге қымбаттады (357,02 теңге). Астана қаласындағы ақша алмастыру орындарында доллар 366 теңге 66 тиыннан сатылды. Ал Алматыдағы валюта ауыстыру пункттерінде бұл бағам орта есеппен 366,77 теңгені құрады. Тіпті, еліміздің кейбір валюта сату орындарында 1 доллар 367 теңгеге де сатыла бастаған.
Депутаттар үн қосты
Бұл жағдай халықтың алаңдаушылығын тудырғаны жасырын емес. Халық қалаулылары да өз пікірін білдіруге тырысты. Нақты айтқанда Парламент Мәжілісінің депутаты, палатаның қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтың пікірінше, теңгенің еркін айналымға жіберілуі Қазақстан экономикасын күрт девальвациядан құтқара алған жоқ. Халық қалаулысы биылғы наурыз айында теңге бағамы 320 теңге шамасында болып, соңғы 5 айда 14 пайыз құнсызданды дейді.
– Бұл жағдай бұған дейінгі бір реттік девальвациямен тең. 2009 жылғы ақпан айында теңге 18 пайызға құнсызданса (122 теңгеден 144 теңгеге дейін), 2014 жылдың ақпан айында бағам 19 пайызға төмендеді (155-тен 185 теңгеге дейін). Ал қазіргі жағдайды Ұлттық банк курстың «ауытқуы» деп атайды. Ал шындығында бұл жағдай – сол баяғы девальвация, тек бір реттік емес – «жылжымалы». Және қайсысының тиімсіз екені әлі белгісіз, – дейді депутат Аманжан Жамалов.
Депутат теңгенің мұнай бағасымен байланысты екеніне қатысты да пікірін білдірді.
– Бұған дейін теңге бағамының негізгі факторы мұнай бағасы деп есептеліп келді. Наурыз айында, мұнай баррелі 65-70 доллар болғанда теңгенің бағамы 320 теңге көлемінде болды. Ал қазір баррелдің бағасы 72 доллар болса, теңгенің бағамы – 360 теңге. Яғни, валюта бағамы мұнай бағасынан толық ажырады. Ал бізге федералды резерв жүйесінің саясаты мен Ресейге қарсы санкциялар туралы айтуда. Бұлай бола берсе жақында девальвация сыртқы әлемдегі «түш» еткен әр жағдайда байланыстырылуы ғажап емес, – деді Мәжіліс депутаты.
ұлттық банк:жағдай бақылауда
Ал Ұлттық банктің өкілдері не дейді? 2018 жылдың 7 айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 318,31-347,06 теңге аралығында өзгерді. Шілде айының соңында теңгенің биржалық бағамы 1 долларға шаққанда 346 теңге 7 тиынды құрап, жыл басынан бері 4,3 пайызға әлсіреді. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков осылай деп мәлімдеді.
– Биылғы мамыр-шілде айларындағы теңгенің әлсіреуі, ең алдымен, АҚШ долларының дамушы елдердің валютасына шаққандағы жалпы нығаюымен және АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауына байланысты дамушы нарықтардан капиталдың сыртқа шығарылуына байланысты. Дамушы елдерге байланысты жалпы жағдай Қазақстанға да тимей өтпеді. Ұлттық банктің нота көлемі наурыз айындағы максималды 454 млрд теңгеден шілде айындағы 158,5 млрд теңгеге дейін төмендеді, – деді Олег Смоляков.
Оның айтуынша, ішкі валюта нарығындағы соңғы күндердегі жағдай негізгі сауда әріптес елдердің валюталарының тұрақсыздығымен байланысты. Ал бұл жағдай АҚШ-тың бірқатар елдерге қарсы санкция саясатының әсерінен туындап отыр.
– Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға үнемі мониторинг жасап отырады. Және қажет болған жағдайда теңге бағамының едәуір және тұрақсыз ауытқуын жұмсартуға арналған интервенцияны жүзеге асыруға әзір, – деп атап көрсетті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Рубльдің қатысы қанша?
Жоғарыда атап өтілгендей, «дамушы елдер валютасының әлсіреуі геосаяси жағдайларға және АҚШ-тың бірқатар дамушы елдерге (Ресей, Қытай, Түркия) қатысты санкциялық саясатына байланысты. Соның салдарынан дипломатиялық жағдай ушығуда. Бұған қоса доллардың бағамы жаппай нығаюы әлемдік нарықтың АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені арттыру шешімін күтуіне де байланысты да нығаюда. Осы факторлар жаппай келе дамушы елдердегі капиталдың дамыған елдерге қарай ауысуына әкеп соқтырды» деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметтен теңге бағамының көрші елдің ақшасы – рубльдің құлдырауымен тікелей байланысты екенін аңғаруға болады. Еліміздің ақпарат порталдары Ресей рублі бағамының әлсіреуі мен мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының төмендеуінің кесірі теңгеге де тиіп жатқанын жазуда. Ресми Ақ үй өкілдерінің Ресейге қарсы жаңа экономикалық жаңа санкцияларын қолға алатыны жайлы мәлімдемелерінің тарауының салдарынан рубльдің құны әлсірей бастады. 1 долларға шаққанда 69 рубль 70 тиынға құлдыраған Ресей ақшасы теңгені де өзімен бірге төмен «тартуда». Себебі, Ресей Қазақстанның көршісі, басты сауда-саттық әріптесінің бірі.
Бұған қоса әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандау үрдісінің жалғасуы да теңге бағамына «қысым» көрсетуде. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі әлемдік биржаларда 72 долларға төмендеді.
Сарапшылардың пікірі
2015 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі теңгені еркін айналымға «жіберді» және теңге бағамының қалыптасуына араласпайтын болды. Экономист Рахым Ошақбаев Ұлттық банктің осы тәжірибесі Қазақстан мен оның импортқа тәуелді экономикасы үшін сәтсіз болды деп есептейді.
– Мен теңгені еркін айналымға жіберу режиміне қарсымын, себебі, біздің импортқа тәуелді экономикамыз үшін ол сәтсіз тәжірибе, – деді теңгенің долларға шаққандағы бағамының бірден құлдырауы туралы пікірін білдірген Рахым Ошақбаев. – Бұл тәжірибе біз қазір көріп отырған үлкен ауытқушылықпен сипатталады. Ең жаманы – белгісіздік. Теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен жалған инфляциялық таргетинг режимдері – халықтың нақты табысының төмендеуінің себептері. 20 тамыз күні біздің осынау сәтсіз тәжірибеге көшкенімізге 3 жыл толады. Мұны мойындауымыз керек, – деді экономист Sputnik порталына берген сұхбатында.
Жалпы, Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы сұрау салған сарапшылар тамыз айының соңында теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 350,3 теңгеден болады деп болжам жасауда. Ал оның шындыққа қаншалықты жанасарын уақыт көрсетеді...
Рахым Ошақбаев, экономист-сарапшы
– Мен теңгені еркін айналымға жіберу режиміне қарсымын, себебі, біздің импортқа тәуелді экономикамыз үшін ол сәтсіз тәжірибе. Бұл тәжірибе біз қазір көріп отырған үлкен ауытқушылықпен сипатталады. Ең жаманы – белгісіздік. Теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен жалған инфляциялық таргетинг режимдері – халықтың нақты табысының төмендеуінің себептері. 20 тамыз күні біздің осынау сәтсіз тәжірибеге көшкенімізге 3 жыл толады. Мұны мойындауымыз керек.
Полицейлер есеп берді
Среда, 01 Август 2018 04:11Шымкент қалалық ішкі істер департаменті Әл-Фараби полиция бөлімінің жетекшілері халық алдында есеп беру жиналысын өткізді.
Кездесуде тәртіп сақшыларының биылғы 6 ай көлемінде атқарған жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындысы жарияланды. Жиынға
Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Мәуленқұлов, Шымкент қалалық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі С.Абдуллаев, Әл-Фараби полиция бөлімінің жеке құрамы мен қоғам белсенділері, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар қатысты.
Әл-Фараби полиция бөлімінің бастығы Сейтжомарт Сейтханның мәліметінше, 2018 жылдың 6 айы ішінде ауданда болған құқық бұзушылықтар саны былтырғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,9 пайызға азайған. Соның ішінде ауыр қылмыстар – 25, тонау қылмыстары – 24,4, бұзақылық – 9,7, ұрлық – 18,2, пәтер ұрлықтары 16,7 пайызға кеміді.
– Есепті кезеңде қылмыстардың ашылу көрсеткіші жақсарған, яғни аса ауыр және ауыр қылмыстар 100 пайыз ашылып отыр, - дейді полиция полковнигі. - Есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесу бойынша бірқатар жұмыс атқарылып, нәтижесінде 23 дерек анықталған. Соның ішінде есірткі сатудың 17 дерегі әшкереленген. Осы 6 айда жергілікті полиция өкілдері жалпы 5316 әкімшілік хаттама толтырып, заң бұзғандарға 19 631 000 теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі таңда соның 11 880 000 теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілді.
Көші-қон қызметі бөлімшесі есепті мерзімде жедел-сауықтыру және күнделікті жұмыстар нәтижесінде
Қазақстан Республикасының көші-қон заңдылығын өрескел бұзу фактілерін анықтап, шетелдік 61 азамат сот шешімімен ел аумағынан тысқары шығарылды. Салынған 2 122 000 теңге айыппұлдың барлығы мемлекет қазынасына өндірілген.
Әл-Фараби полиция бөлімінің бастығы жиын соңында тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, халықты мазалаған мәселелердің ешқайсысы да жауапсыз қалмайтынына уәде берді.
ШЫМКЕНТТЕ «Ақылды қала» жобасы дамуда
Пятница, 20 Июль 2018 04:59Жуырда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Селекторлық жиында еліміздегі «ақылды қалалар» жобасын іске асыру мәселелері
қаралды. Олардың арасында Шымкент қаласы да бар, деп жазады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Тарихта қалған финал
Среда, 18 Июль 2018 04:10Қош, көршіміз Ресей жерінде өткен футбол чемпионаты да аяқталды. Миллиондаған жанкүйердің делебесін қоздырған доп додасы футбол тарихындағы ең бір есте қалған әрі ерекше чемпионат болды деуге негіз бар. Оған бір себеп – футбол тамашалайтын жанкүйерлердің көбеюі.
Жыл сайынғы «дәстүрлі» фанаттардан бөлек бұған дейін футбол көрмейтін жандардың дәл биыл мундиальдағы қандай да бір командаға қолдау көрсеткеніне өзіміз де куә болдық.
Сонымен, ақтық сында Франция Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Финал қарсаңында сарапшылар екі құраманың да күшін біршама тең деп бағалаған еді. Турнир басталғанда француздардың бәс салмағы ауыр саналғанымен, хорват жігіттерінің ақтық сынға дейінгі жүріп өткен жолы олардың да оңай шағылмайтын жаңғақ екенін көрсетті. Дегенмен, «Бап шаба ма, бақ шаба ма» дегендей, Франция құрамасының бағы жанып, чемпион атанды. Бағы жанып деуімізге негіз бар, хорваттар мықты ойын көрсетіп, қайтпас қайсарлықпен өздері ұтылып жатқан ойынның есебін теңестіруге ұмтылумен болды. Ал француздардың бастапқы екі добы айып соққыларынан кейін соғылды. Дегенмен, бұл француздар жеңіске кездейсоқ жетті деген сөз емес, себебі, кейінгі екі голды «үш жолақтылардың» екі жас таланттары, көпшілік үміт күткен Погба мен Мбаппе соқты.
Мәскеудегі «Лужники» стадионында 78 мыңнан астам, ал тікелей эфирде миллиардтан астам адам тамашалаған финалды өздеріңіздер де көрген боларсыздар. Ойынды талқыламай-ақ, биылғы финалдың ерекшеліктеріне тоқталасақ.
* Хорватия финалға алғаш рет шықса, Франция соңғы рет әлем чемпионатының ақтық сынында 20 жыл бұрын ойнады. Кешегі финал қаһармандарының бірі
Килиан Мбаппе ол кезде әлі дүниеге де келмеген еді (!)
* Хорваттардың шабуылшысы Марио Манджукич әлем чемпионаттарының тарихында алғаш рет автогол соғып алды. Сонымен қатар ол финалда өз қақпасына да, қарсыластар қақпасына да гол соққан футболшы атанды.
* 19 жастағы Мбаппе мундиаль тарихында финалда 20 жасына дейін гол соққан екінші футболшы атанды.
* Француздардың бас бапкері Дидье Дешам футбол тарихында алтын кубокты футболшы ретінде де, бапкер ретінде де жеңіп алған үшінші адам атанды. Алғашқы екеуі бразилиялық Марио
Загалло мен германдық Франц Беккенбауэр болатын. 1998 жылы Дешам чемпион Франция құрамасының капитаны еді.
* Финалында кемінде 3 гол салынған мундиальдан кейін тұп-тура 20 жыл өтті. Айтқандай, сол финалда да француздар жеңіске жеткен еді. Ал кешегі ақтық кездесудегі секілді 6 гол ойынның негізгі уақытында соғылған финал осыдан 60 жыл бұрын өтіпті. 1958 жылы Бразилия құрамасы Швециядан 5:2 есебімен басым түскен.
Көршісін өрттен алып шықты
Пятница, 13 Июль 2018 03:19Шымкенттік полиция қызметкері Нұрлан Тасболатов өз өмірін қауіпке тігіп, ауылдасын өрттен құтқарды.
Оқиға Шымкент қаласындағы Қазығұрт шағынауданында болған. Осындағы үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт шығады. Сол үйге жақын жерде тұратын полиция капитаны көп ойланбастан, үйге қойып кетеді. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да ерлік танытып, жанып жатқан үйден ер азаматты алып шығады. Оны далаға жатқызған соң тәртіп сақшысы ары қарай өртті сөндіруге кіріседі. Құтқарушылар жеткенше қарап тұрмай, қолда бар құралдармен жалынды сөндіре бастайды. Өстіп жүргенде полиция қызметкерінің өзін де күйік шалады.
– Нұрлан шуды естіп далаға шыққан кезде үй жанып жатқанын көреді. Өрт сөндірушілерді күтпей-ақ бірден үйге бет алып, үй иесін сыртқа алып шығады. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да көмекке шақырған азаматтарға қол ұшын созған. Бұл іс-әрекетімен полиция қызметкері төтенше жағдай орын алған жағдайда адамдарды құтқару азаматтық парызым деп білетінін тағы да бір дәлелдеді, - дейді тәртіп сақшысының бастығы, облыстық ішкі істер департаментінің шұғыл арнайы жасағының командирі, полиция подполковнигі Талғат Сматов.
Қазіргі таңда Нұрлан Тасболатов ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жоғары білімді заңгер. Бокстан спорт шебері, осы спорттық жетістіктерінің нәтижесінде ішкі істер органдарына қабылданған. Жұбайымен екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отағасы.
«Ақылды» камералар алысқа жібермейді
Пятница, 13 Июль 2018 03:16479 камера...
Шымкент қаласында жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 130-дан астам қылмыс ашылды. Бүгінгі таңда қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жедел басқару орталығында 479 бейне-бақылау камерасы бар. Олар қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын көшелерге орнатылған. Сондай қоғамдық орында қандай да бір қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық бола қалса, полиция инспекторлары сол маңдағы бейне-бақылау камералары арқылы, бақылап, қылмысқа күдікті немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны және автокөлікті анықтай алады. Бұл мәліметтер ары қарай күдіктіні ұстау үшін жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы автокөліктегі экипаж құрамына жіберіледі. Одан кейінгі әрекет белгілі – ұсталған азамат оқиға орын алған ауданға қарасты полиция бөліміне жеткізіледі, әкімшілік құқық бұзушылық жасау әрекеті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері хаттама толтырады.
...134 қылмыс
Сонымен, 2018 жылдың 6 айында жедел басқару орталығына қарасты бейне-бақылау камераларының көмегімен жалпы саны 134 қылмыс ашылған. Оның ішінде 76 ұрлық, 5 автокөлік ұрлығы, 15 тонау, 8 бұзақылық және 4 заңсыз қару сақтау жайты бар.
Айта кетейік, қала көшелерінде қоғамдық тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тарапынан «нөлдік төзбеушілік» қағидасы бойынша да үнемі алдын алу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Сонымен қатар мегаполистегі қозғалысы ең көп саналатын 21 қиылысқа орналастырылған «Интегра» интеллектуалды жүйесінің де пайдасы көп. Бұл жүйенің бейнекамералары жол жүру ережесін бұзған автокөлікті автоматты түрде анықтайды. Мысалы, иесі жалған мемлекеттік белгі тағып жүрген автокөліктерді анықтауда көмек береді. Соның нәтижесінде әртүрлі сипаттағы 385 автокөлік анықталып, иелеріне қатысты заңды шешімдер қабылданған.
Жарты жылда қоғамдық орындардағы бейне-бақылау камералары арқылы 27 мың әкімшілік құқық бұзушылық та анықталған. Соның 15 мыңы жол жүру ережесін бұзуға қатысты. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 2026 азамат әкімшілік жауапқа тартылса, қоғамдық орындағы тәртіпсіздігі үшін – 1112 азамат, көпшілік орында алкогольді ішімдік ішкені үшін 1766 адам жауапқа тартылған.
...227 млн теңге айыппұл
Тағы да сол жыл басынан бергі есеп бойынша облыстық ішкі істер департаментінің өңдеу орталығы арқылы жол қозғалысы ережесін бұзудың 41026 фактісі анықталды. Бұл құқық бұзушылықтарды әкімшілік полиция басқармасына қарасты процессинг орталығының автоматты режимде жұмыс істейтін арнайы техникалық бақылау-өлшеу құралдары тіркеген.
Соның ішінде айыппұл төлеу туралы 29267 ұйғарым тіркеліп, құқық бұзушылардың мекенжайына жіберілді. Нәтижесінде 227 млн 800 мың теңгеден астам қаржы облыстық бюджетке өндірілген. Бұған қоса Шымкент қаласында орнатылған, жол қозғалысын автоматты түрде тіркейтін «RedSpeed» базасына тіркелген басқа облыстардың автокөліктері туралы мәлімет сол өңірлерге апта сайын жолдануда.
Бүгінгі таңда соңы ауыр жағдайға, кісі өліміне соқтыратын оқиғалар мен жылдамдықты асыру фактілерін болдырмау мақсатында Шымкент қаласының көшелеріне жылдамдықты өлшейтін 21 құрал орнатылған. Сонымен қатар көше қиылыстарында 21 бейне-бақылау камерасы және жол қозғалысын бақылайтын 6 «Крис П» жүйесі үздіксіз жұмыс істеуде. Ендеше, жолға шыққанда мұқият болыңыз!
Су салғырттықты кешірмейді...
Пятница, 13 Июль 2018 03:12Күн ысып, жаз күшіне әбден мінді. Қызығы мол, шыжығы да аз емес шомылу маусымы қызған шақ. Шыжығы деп отырғанымыз – суда болатын қауіпті жағдайлар. Әсіресе, жазда жиі өкіндіретін, тіпті, соңы қайғылы аяқталатын суға бату оқиғалары. Мұндай өкінішті жағдайлар не себепті орын алады? Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін қайтпек керек?
ЖҮЗЕ АЛМАЙТЫНДАР...
Жыл басынан бері Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 17 адам суға батқан. Ең өкініштісі, олардың 11-і – балалар. Төтенше жағдай саласы мамандарының айтуынша, қайғылы жағдайдың көбісі адамдардың салғырттығынан болатын көрінеді. Мысалы, суға батқандардың көбісі шомылуға рұқсат берілмеген суға түскен. Немесе балаларын су жағалауында қараусыз қалдырған.
– Шомылуға рұқсат берілмеген деп, құтқарушы-сүңгуірлер қадағаламайтын, арнайы құрал-жағдай қарастырылмаған су көздерін айтамыз. Ал ондай су көздері өңірімізде өте көп, - дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Рауан Дүйсенбеков. – Әсіресе, өзендер мен көлдер, егістікті суаруға арналған үлкен арық-каналдар жеткілікті. Ал олардың ешқайсысының бойынша сүңгуірлер кезекшілікте тұрмайды. Сондықтан шомылып жатқан адамдардың қауіпсіздігін ешкім бақыламайды. Яғни, тұрғындардың өздері жауапты болуы тиіс.
Жалпы, Қазақстан бойынша 50 мыңға жуық су көзі бар. Олардың барлығына дерлік адам шомылып жатады. Былтыр құтқарушылардан алған мәліметке сүйенген журналистер еліміздегі ең қауіпті су көздерінің тізімін жасаған. Сол тізімде өңіріміздегі Сырдария өзені де бар.
– Айта кетейік, судағы қайғылы жағдайдың жартысынан астамы Арыс, Сырдария секілді ағысы қатты өзендер мен ірі каналдарда тіркеледі. Жуырда ғана қайғылы оқиғалардың бірі сол Сырдария бойында болды, - деп жалғады сөзін Рауан Раушанұлы. – Жергілікті тұрғын қасына туыстарынан жасы кәмелетке толмаған 5 баланы ертіп алып, дарияның ортасындағы шағын аралға бар. Сонда шомылып жүріп, екі інісі суға тұншығып жатқанын көреді. Алдымен ересектеуін құтқарып, одан кейін 5 жасар баланы жағаға лақтырып үлгерген. Ары қарай өзі суға батып кете барды. Өкініштісі сол, 5 жасар сәби белінен келетін суға түсіп, ол да су жұтып, көз жұмды. Халқымызда өлгеннің соңынан сөйлеу әдеті жоқ, дегенімен, бұл оқиғаға адам салғырттығы ең басты себеп болып тұр.
САЛҒЫРТТЫҚ
Құтқарушы маманның ашына айтқан мәселесі – адамдардың өз өміріне салғырт қарауы. Рұқсат берілмеген жерге шомылғанымен қоймай ересектердің кейде суға ішімдік ішіп алып түсетіні ешкімге жасырын емес. Ондай сәтте олар балалары түгілі өздеріне жауап бере алмайды.
– Ең сорақысы, өзен немесе көлге батқан адамның денесін іздеп жүрсек, ауылдастары дәл сол жерде суға шомылып жатады, - деп ашынады құтқарушы. – «Ау, біз мұнда батқан адамның денесін іздеп жатырмыз» десек, адамдар сөзімізге мән де берместен, дәл қасымызда суға түсуін тоқтатпайды. Бұған не дерсің? Біз ешкімге суға түсуге тыйым сала алмаймыз. Қолдан келетіні тек ескерту. Түсіндірумен ғана шектелеміз. Адамдардың шомылудағы жауапкершілігі мәселесі, әсіресе, ауылды жерде ақсап тұр. Еркін өскен тұрғындар ауыл маңындағы өзен-көлдерге шомылуын тоқтатқан емес. Ал біз оларға тек шомылудағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірумен ғана шектелуге мәжбүрміз. Табиғаттың өзен-көлін былай қойғанда
Шымкенттегі жекеменшік шомылу орындарына да біздің әміріміз жүрмейді. Ол – ол ма, былтырға дейін сондай демалыс орындарына барып, судан құтқарушы болуы керек деп айтқан ескертуімізге ешкім құлақ аспады. Шағын және орта кәсіп иелерін қайта-қайта тексермеу керек деген нұсқауды біліп алған. Ал адам өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайды. Себебі, адамдар құзырлылардан ғана аяқ тартады. Ал біздің иығымызда погон жоқ. Сондықтан, шағымдарымызды ескерген төтенше жағдай департаментінің арнайы киімдегі мамандары мен әкімшілік өкілдерімен бірге барып айтқан ескертуімізден кейін ғана бірқатар жеке кәсіпкерлер түсініп, өздеріне қарасты су қоймаларына құтқарушылар іздей бастады.
Айтқандай, судағы қауіпсіздік мәселесі Оңтүстікте ақсап тұр. Оның себебі, біріншіден, біздің өңір халық тығыз қоныстанған аймақ саналады. Екіншіден, ауа райы жылы Оңтүстікте шомылу маусымы басқа өңірлерден ерте басталып, кеш аяқталады. Одан қалса балықшылардың қара күзге дейін өзен-көлдерде қайықпен балық аулайтыны тағы бар. Суға бату оқиғаларына тек шомылушылар ғана емес, жеңіл қайыққа мінген сондай балықшылар да тап болып жататыны содан. Бұған қоса қайғылы жағдайлардың көбісі дер кезінде көмек болмауынан да күрделене түседі.
– Бізге шақырту түскен соң дабыл бойынша тез арада көтеріліп, оқиға орнына аттанамыз. Мекенжайдың алыс-жақындығына байланысты кейде 15-20 минутта, кейде 2-3 сағатта барамыз, - деп жалғады сөзін құтқарушы Рауан Раушанұлы. – Біз оқиға орнына барған соң суға кеткен адамның денесін іздейміз. Ағысы қатты, суы лай өзендерден денені табу қиын. Кейде сағаттап, кейде бірнеше күн бойы іздейміз. Өкінішке қарай, сондай сәттерде біз құтқарушы емес, сүңгуір ретінде суға кеткен адамның денесін іздеуші ғана болып қаламыз. Себебі, дер кезінде судан шығарылмаған адам тұншығып қалады...
ҚАНША ҚҰТҚАРУШЫ БАР?
Құтқару демекші, жоғарыда көрсетілген 50 мыңға жуық су көзінің ішінде тек 178-інде ғана құтқарушылар кезекшілікте тұрады. Біздің өңірде ондай су көздері екеуі – Тоғыс және Шардара су қоймалары. Шардарада 9 құтқарушы кезекшілікте тұрады.
– Ал Тоғыстағы құтқару бөлімшесінде 4 бөлім қызмет атқарады. Әрқайсысы 6 адамнан құралған бөлім бір тәулік кезекшілікте тұрып, ауысыммен жұмыс істейді, - дейді Рауан Дүйсенбеков. – Олардың құрал-сайманы, суға түсетін арнайы киімдері мен қайықтары сақадай-сай. Жалпы, біздің жедел-құтқару жасағында 98 қызметкер бар. Олардың 94-і – шұғыл қызметкер. Солардың 31-і Тоғыста кезекшілікте тұр. Құтқарушылар Шымкенттегі базада және осы екі орында ғана кезекшілікте отыратынын ескерсек, шалғай ауыл-аймақтағы ағайынның өз қауіпсіздігіне өзі мұқият болғаны абзал.
ПОЛИЦЕЙЛЕР де ойнайды тойлайды
Среда, 27 Июнь 2018 05:3323 маусым – полицейлер күні. Елімізде жыл сайын 23 маусым күні кәсіби мереке – Қазақстан полициясы күні атап өтіледі. Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 26 жыл толып отыр. 1992 жылы Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының ішкі істер органы туралы» заң қабылдады. Ол ел полицейлерінің міндеті мен қызметін анықтаған алғашқы құжат болды. Ал 2007 жылы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың жарлығымен 23 маусым – Қазақстан полициясының күні болып бекітілді.
Спорт және спартакиада
Тәртіп сақшылары өздерінің кәсіби мерекелерін жыл сайын ұйымдасқан түрде атап өтеді. Дәстүрлі спартакиадамен басталатын мереке қарсаңындағы іс-шаралар биыл да жалғасын тапты.
Шымкенттегі «Динамо» және «Марс» спорт кешендерінде
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру арқылы халықты салауатты өмір салтына баулуға бағытталған спартакиада өтті.
Спартакиадаға облыстық ішкі істер департаментінің жеке құрамынан 200-ден астам қызметкер қатысып, волейбол, арқан тарту, шағын футбол, жеңіл атлетика, қол күресі, турникке тартылу, кір тасын көтеру және жауынгерлік атыс қаруынан оқ атудан өзара сынға түсті.
Екі күнге созылған спартакиада төрешілердің шешімімен қорытындыланып, жалпы командалық есепте Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Еңбекші полиция бөлімінің командасы І орынды иемденді. Екінші орынды облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің өкілдері жеңіп алса, үшінші орынға департаменттің аппараты лайық деп табылды. Жеңімпаздар сый-сияпатпен марапатталды.
Қаһармандарға құрмет
Қазақстан полициясының күнін мерекелу барысында Шымкентте полицейлерге ескерткіш ашылды. Бұл ескерткіш-обелиск Қазақстан полициясының 26 жылдығына орайластырылып отыр. Салтанатты іс-шараға
Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, ҚР ІІМ көші-қон комитеті қызметінің төрағасы, полиция генерал-майоры М.Қабденов, облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков, Ішкі істер органдарының генералдары Ж.Сұлтанов және М.Оразалиевтер, сондай-ақ, полиция ардагерлері, қызмет бабында қаза болған полицейлердің жесірлері мен балалары және өзге де құрметті қонақтар қатысты.
Ескерткіштің ашылу рәсімінде алғашқы болып сөз алған облыс басшысы Жансейіт Қансейітұлы жаңа нысанның мән-маңызына тоқталып, ішкі істер органдары қызметкерлерінің төл мерекесімен құттықтады. Ал департамент басшысы қапыда мерт болған қызметтестерін еске алды.
– Тәуелсіздік алған жылдарда елімізде қызметтік борышын атқару кезінде 709 полиция қызметкері өмірден өткен. Оның ішінде 23-і – Оңтүстіктегі сақшылар. Біздің қызметіміз ауыр қатерсіз болмайды. Біз өз өмірін заңның дұрыс орындалуы, бейбітшілік пен тыныштық орнауы үшін қиған жандарды мәңгілік есте сақтауымыз қажет. Олардың есімі полиция тарихында алтын әріптермен жазылып қалады, – деді полиция полковнигі Қайрат Дәлбеков.
Салтанатты іс-шара барысында облыс әкімі бұл ескерткіштің қарапайым азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мақсатында өз өмірлерін қиған полицейлердің рухына арналғанын жеткізіп, олардың отбасы мүшелеріне өз тарапынан алғыс айтты. Жиналғандар содан кейін қаза тапқан тәртіп сақшыларын үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтары қойылды.
Іс-шара аясында облыстық ішкі істер департаментінің жеке аппарат құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Жиынға қатысушылар одан кейін ішкі істер департаментінің музейін тамашалады. Бұдан соң «Қоғамдық келісім» мекемесінің ғимаратында полиция саласына арналған фото көрме ұйымдастырылды. Үздік полиция қызметкерлері марапатталып, шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Көші-қон қызметін көрсету орталығы ашылды
Оңтүстіктің полицейлері кәсіби мерекелерін тек салтанатты жиынмен ғана емес, пайдалы орталық ашумен де атап өтті. Нақты айтқанда Шымкентте көші-қон қызметтерін көрсету орталығы ашылды.
Ашылу салтанатына ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі комитетінің төрағасы М.Қабденов, облыс әкімі Ж.Түймебаев, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қатысты.
Бұл орталық халықтың сұранысы бойынша ашылып отыр дейді жауапты мамандар. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен пайдалануға берілген аталмыш қызмет Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы – жаһандық бәсекеге қабілеттілік» мақаласындағы сандық жүйеге өту талабына сай келеді.
Орталықтың ашылу мақсаты – шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және уақытты үнемдеу. Яғни, шетелдік азаматтар 1 сағат уақыт ішінде «бір терезе» қағидаты бойынша толықтай медициналық тексеруден өтіп, жеке сәйкестендіру нөмірін бір жерден алады. Сонымен қатар орталықта Шымкент тұрғындарына уақытша тіркеуге келген шетелдіктерді есепке алу және жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге келген еңбек имигранттарына рұқсат рәсімдеу жұмыстары жүргізілмек. Бұған қоса мұнда салық органдары, екінші деңгейлі банк өкілдерінің және «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы ҚЕАҚ облыс бойынша филиалының қызметкерлері де қызмет көрсетеді. Бұл – елімізде Астанадан кейінгі екінші көші-қон қызметтері орталығы.