Оңтүстікте балаларға арналған екі неврологиялық оңалту орталығы ашылды. Нысандардың салтанатты ашылу рәсіміне өңір басшысы Жансейіт Түймебаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен сала мамандары қатысты.

Жалпы қазіргі таңда облыста 2500-ге жуық бала неврологиялық аурумен арнайы есепте тұрады. Дәрігерлердің мәліметі осындай. Бұған дейін бұл балғындар оңалту емін алу үшін Астана қаласындағы балаларды оңалту орталығына, Алматыдағы неврологиялық ауруханаларға баруға мәжбүр еді.

Себебі облыста бүгінге дейін сал дертіне шалдыққан балаларды емдейтін арнайы мекеме болмаған. Енді ерекше балалар мен олардың ата-аналары уақтылы əрі кешенді оңалтуға қол жеткізе алады. Екі орталықта 100 орыннан қарастырылған.

Медициналық мекеменің бірі Елшібек батыр көшесіндегі 112А ғимаратта орналасқан. Бұған дейін мұнда балаларға арналған аурухана болған еді. Енді сол ғимарат қайта жөнделіп, ел игілігіне беріліп отыр. Мұнда ашылған №1 облыстық балаларды оңалту орталығында 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтуға бар жағдай жасалған. Елімізде ең алғаш болып ашылып отырған орталық массаж жасау, ойын бөлмелері мен оңалту құралдары секілді керек-жарақпен толық қамтамасыз етілген. Арнайы есепте тұратын балғындар мұнда өздері қарайтын емханадан жолдама алып, мемлекеттік портал арқылы жата алады. Ата-ана мен баласы үшін жайлы палаталар қарастырылған.

Екінші оңалту орталығы «Химфарм» шағынауданы, 4А мекенжайында орналасқан. Осыған дейін мұнда болған оңалту орталығы №3 облыстық балалар оңалту орталығы болып қайта құрылып отыр. Бұл орталықтың ерекшелігі – мұнда неврологиялық дертке шалдыққан 3 жастан 14 жасқа дейінгі балалар емделеді. Қажет емдермен бірге мұнда суы жылы бассейн де қарастырылған. Ал ең бастысы – Германиядан арнайы алдырылған «Loko Station» құрылғысы. Роботтандырылған құрал жүріп-тұруы қиын балаларды сауықтыруға аса қажет. Құны 73 миллион теңге тұратын құрылғыға отырған балаларға арнайы аяқ киім кигізіліп, өздігінен қозғала бастайды. Сол арқылы бұлшықеттер қозғалып, мимен байланыс орнатылады дейді орталық мамандары. Ең бастысы – басқа қалаларға сабылудан арылған ата-аналар мен балғындар мұндай орталықтардың өзімізде де ашылғанына разы.

Қызметтік иттердің көмегі мол

Среда, 10 Январь 2018 04:20

2017 жылы Оңтүстікте қызметтік иттердің көмегімен 800-ден астам қылмыс ашылды. Оның ішінде есірткіге қатысты 120-дан астам қылмыс бар. Заңсыз айналымнан 30 келіден астам есірткі заты тәркіленген. Нақты айтқанда  спаниель тұқымдас «Эмид» лақап атты ит 7,5 келі героин табуға септігін тигізді. Мұншама есірткі Шымкент-Ташкент тасжолында «Нексия» автокөлігін тінту барысында табылған.

 shymkala 2 3

Бүгінгі таңда облыстық ішкі істер департаментіне қарасты кинология қызметі орталығында қылмысты ашуда, есірткіні анықтауда, қылмыскерлерді іздестіру мен ұстау, сонымен қатар қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесетін иттер дайындалады. Қазір мұнда неміс овчаркасы, лабрадор тұқымдас 40-қа жуық ит бар. Олар үйретуге бейім әрі шыдамды келеді.

shymkala 2 1

Жалпы, кинологияда ит таңдау барысында тұқымына қатты мән береді. Қызметтік иттер дайындығына, бейімдеуіне қарай түрлі бағытта қолданады. Мысалы, жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын табу, одорологиялық тәжірибеде кеңінен қолданып келеді.

Жаңа жылдың жаңалығы қандай?

Пятница, 05 Январь 2018 05:28

Жаңа, 2018 жыл да табалдырықтан аттады. Ал биыл қазақстандықтарды бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Соның ішінде бірер жаңалыққа тоқтала кетсек...

1. Төлқұжат

Енді Қазақстан азаматтарына төлқұжат алу бұрынғыға қарағанда қымбатқа түседі. Бұл салық кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты. Яғни, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлқұжат рәсімдеу құны 19 240 теңге болмақ. Бұл - 8 АЕК. Бір айлық есептік көрсеткіш – 2405 теңге. 2017 жылы төлқұжат алу үшін отандастарымыз 4 АЕК (9076 теңге, 1 АЕК – 2269 теңге) көлемінде қаржы төлеп келген еді.

2. Жасырын пікір қалдыруға болмайды

 Жаңа жылдан бастап Қазақстандағы ғаламтор желісінде жасырын түрде пікір қалдыруға заңмен тыйым салынады. Ақпарат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі заңнаманыжетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң бойынша енді аноним пікір қалдыруға болмайды. Бұл түзетулерге сәйкес интернет қолданушылар қазақстандық ресурстарға жасырын пікір жазып, қалдыра алмайды. Пікір қалдыру үшін электронды үкімет порталы немесе SMS арқылы жеке тұлғаны растау керек.

3. VIP-нөмірлер

Жаңа жылдан бастап көліктердің VIP мемлекеттік нөмірлері қымбаттайды. Нөмір неғұрлым сәнді болса, бағасы да соғұрлым жоғары. Мәселен, әуесқойлар 2017 жылы 001, 002, 003, 004, 005, 006, 007, 008, 009, 777 нөмірлері үшін 228 АЕК (517 332 мың теңге) төлесе, биылдан бастап дәл осындай сәнді нөмірлер үшін мемлекет қазынасына 285 АЕК (685 425) теңге төлеуі қажет.

4. Полиэтилен «пакеттер»

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда полиэтиленнен баламалы қалташаларға біртіндеп ауысу жобасын енгізу жоспарлануда. Алдымен полиэтилен қалташаларды тегін таратуға тыйым салынады. Одан кейін болашақта елімізде әлемнің өзге де мемлекеттері сияқты бір реттік мұндай қалталардан толық бас тартады. Бұл қадам қоршаған ортаны қорғауға байланысты туындап отыр. Себебі полиэтилен топырақта немесе суда жүздеген жылдар бойы шірімей жата береді.

Олар мерекеде қызмет етеді

Пятница, 29 Декабрь 2017 06:32

shymkala-103-1

Жыл соңы таяған сайын бұл мерекені асыға күтетіндер көп екені жасырын емес. Кейбіреулер еңбек демалысын қаңтар айына жоспарлап, демалысқа аттанып жатады. Ал ондай демалыстың сәті түспегендер желтоқсанның соңы мен қаңтардың басында болатын 3-4 күн демалыста барынша тынығуға тырысады. Жаңа жылды тың көңіл, сергек сезіммен қарсы алу үшін мерекелік демалыстың маңызы зор.

Ал енді елестетіңізші, осындай мәре-сәре демалыста жұмыс істейтіндар бар. Иә, олар біз тыныққанда қызмет көрсетеді, көпшіліктің демалысы сәтті өтуі үшін тер төгеді. Ендеше, бұл жолы сондай азаматтардың бірқатарына сөз тізгінін берсек...

 

«Біз хабарламасақ пойызға мінбейтін жолаушылар бар»

shymkala-103-7

...Күндіз-түні жолаушыларға хабарлап, бағыт-бағдар беріп отыратын дикторды іздеп, Шымкент теміржол вокзалына келдік. Халық ығы-жығы. Жолаушылардың арасында тұрып, перрондағы таныс дауысты тағы бір тыңдап алдық. Содан кейін вокзал ғимаратының екінші қабатына көтерілдік. Бір шетте «Дикторлар бөлмесі» деген жазуы бар кабинет тұр. Қаптаған кассаның арасынан ерекшеленбейді. Есікті қағып, ішке ендік. Орта жастағы апай келе жатқан пойыздың бағыты мен нөмірі жазылған парақты оқып, дайындалып отыр.

– Біздің жұмысымыз сырт көзге ерекшеленбегенімен, жолаушылар үшін аса маңызды, – дейді Света Таликенбайқызы. – Тіпті, кейде біз хабарламағанша перронда тоқтап тұрған пойызға отырмайтын жолаушылар бар. Сапарға жиі шығатын азаматтар өзінің пойызын танып, жапа-тармағай вагонға мініп жатқанда диктордың дауысын күтетін жолаушылар да кездеседі. Әрине, тек олар үшін ғана емес, жылдар бойы жаттанды болып қалған мәліметтерді біз үнемі дәл алғашқы ақпарат секілді оқуға тиіспіз.

Қателесуге болмайды. Пойыздың атауын, бағытын нақты айтып, вагонға отырудың басталған уақытын хабарлаймыз. Күндіз-түн, мереке немесе демалыс деген ұғым жоқ. 12 сағаттық ауысыммен жұмыс істейміз.
Қазақстан теміржолы Шымкент станциясында жұмыс істеп келе жатқаныма биыл 20 жыл болды. Өз кәсібімді сүйемін. Халыққа қызмет көрсетуге әрқашан дайынбыз. Күнделікті ағылған жолаушыларға бағыт-бағдар сілтеп, сапарға шығарып салудың да өз қызығы бар. Ендеше, барша отандастарымызды келе жатқан мерекелерімен құттықтап, демалыстарыңыз сәтті өтсін деп тілеймін!

 

«Мереке күндері жұмысымыз көбеймесе, азаймайды»
shymkala-103-5

 

Әдеттегіден ұзағырақ созылатын демалыс күндері, өкінішке қарай, келеңсіз жағдайлар болып тұратыны жасырын емес. Оның көбісі дене жарақатына байланысты. Әсіресе, алкогольді ішімдік ішу мен отшашуды дұрыс пайдаланбау соңы өкінішке ұрындырып жатады. Осындайда іздейтініміз – дәрігерлер. Бұл мамандар тәуліктің кез келген сәтінде көмек қолын созуға дайын. Солардың бір тобы Шымкент қалалық жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасының қабылдау бөлімінде отырады. Қарапайым жұмыс күндердің өзінде мұндағы дәрігерлерде дамыл жоқ. Ал мереке күндері жұмыс тіпті қауырт бола түседі дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Байбосынов.

– Биыл ауруханамыздың жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, біздің бөлім осында ауысты. Мұнда дәрігерлердің сапалы жұмысына бар жағдай жасалған. Бетін аулақ қылсын, жарақаттанған азаматтар мен науқастарды кез келген көлемде қабылдауға дайынбыз. Түрлі дерттерден бөлек жол апаты, техногенді апат, әуе апаты секілді оқыс оқиғалар кезінде жұмыс істеуге әзірміз.

Кейде адамның өзі де кінәлі болып жатады. Неге дейсіз бе? Мереке күндері ішімдік ішіп алып, тайып құлайды. Бір-бірімен төбелесіп, жарақаттанып жатады. Ал пиротехникалық заттарды пайдаланудың кесірінен зақымданатындары қаншама. Мереке күндері күшейтілген тәртіпте кезекшілікте боламыз дегенім содан. Бұл күндері бізге жеткізілетін науқастар саны басқа күндерге қарағанда арта түседі. Дегенмен, біз оларды қабылдап, ем-дом жасауға дайынбыз. Сол үшін күн-түн, демалыс деген жоқ. Мереке күндері де бізге кәдімгі жұмыс уақыты. Жаңа жыл түні де қарбалас жұмыс бір сәт тоқтамайды. Осы орайда мен жерлестерімізді мерелерімен құттықтап, денсаулықтарыңыз мықты болсын деп тілеймін!

 

«Әр адамның жан-дүниесінен орын аламыз»

Жақсы демалыс дегенді бір сөзбен айта аласыз ба? Оңай болмаса керек. Жақсы тынығу ұғымының сипаты көп. Арасында дәмді тамақтану, яғни ас мәзірі де бар. Ал осы аспаздық өнерді мықтап меңгерген мамандық иелері бізге әр сәт қызмет көрсетуге әзір. «Адам туған сәтінен бастап о дүниеге аттанғанша тамақтанады» дейді сұхбаттасушы кейіпкеріміз – бренд-шеф Владимир Копылов.

shymkala-103-6

– Тамақтану – адам өмірі үшін аса маңызды. Ал дәмді тамақтанудың ләззаты тіпті ерекше. Менің аспаздықта жүргеніме биыл 19 жылдан асып барады. Адамдарды дәмді аспен қуанту – менің сүйікті ісім. Тағам әзірлеуге бала кезімнен құмар болдым. Жалпы, біздің жұмысымыз әдеттегі кестеге сәйкес келе бермейді. Мысалы, адамдар жұмыс аптасынан кейін жақсылап демалыс өткізгісі келеді. Немесе мейрамханаларға барып, көңіл-көтеруге болады. Ал ондай демалыстың дәмді тағамсыз өтпейтіні бесенеден белгілі. Сондай сәтте біз көмекке келеміз. Біз адамдарға дәмді тамақтану ләззатын сыйлаймыз. Ал мереке күндері келушілер көбейе түседі. Міне, қазір де жаңа жылдық кештер басталып кетті. Оған өзгеше ас мәзірін әзірлеп, мұқият дайындалуымыз керек. Жауапкершілік жоғары. Себебі біз дәмді тағаммен адамның ішкі дүниесіне жақындай түсеміз. Ендеше, дастарханға қош келдіңіз дегім келеді!

Еркебұлан ӘЛСЕЙІТОВ,
Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры

TSON-3

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бағдарламаның басты мақсаты - қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру әрі ұлттық экономиканы цифрландыру. Құжатты жүзеге асыру шеңберінде 2020 жылға дейін интернет қолданушылардың санын 80 пайызға дейін арттыру, тұрғындардың 95 пайызын цифрлық xабар таратумен қамту, азаматтардың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыру көзделген.
Осынау бағдарламаны жүзеге асыруда «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына артылған міндет жауапты. Корпорация құрамындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды түрде көрсетілетін қызмет түрі күннен-күнге артып келеді. Осыған орай халыққа қызмет көрсету саласындағы басқа да жаңалықтарды білу мақсатында «Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментінің директоры Еркебұлан Әлсейітовпен әңгімелескен едік.


– Еркебұлан Асанбайұлы, жыл аяқталып қалды. Сіздердің мекемелеріңізде де бірқатар қорытынды жасалып жатқан болар?

– Ия, осы уақытқа дейін атқарылған жұмысты бір қорытындыладық. Жалпы айтар болсақ, облысымызда 33 халыққа қызмет көрсету орталығы бар. Онда 1 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Осы орталықтардың ішінде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы және бір мамандандырылған бөлімше бар. Жалпы 2017 жылдың 11 айында облыс көлемінде халыққа 5 310 251 қызмет көрсетілген. Бұған қоса 10 айда 500 мыңнан астам ЭЦҚ берілген. Бұл дегеніміз халық өз уақытын үнемдеуге үйрене бастады. ЭЦҚ-ның пайдасы туралы айтсақ, сіз «Электронды үкімет» порталында тіркеліп, мемлекеттік органдардың қызметтерін үйде отырып-ақ ала аласыз. Мысалы, мекенжай анықтамасы, мүліктің бары немесе жоғы туралы анықтама және т.б. Қазақстан Республикасының ЖСН-і бар кез келген азаматы ЭЦҚ-ны алуға және пайдалануға құқылы.

TSON-1

– Электронды қолтаңба деп қалдыңыз. Осы орайда жақында Алматыда болған дау еске түседі. Онда халыққа қызмет көрсету орталығына келген азаматша ақпарат қорындағы жеке мәліметтері үшінші тұлғаға өзінің рұқсатынсыз берілгенін біліп қойған болатын. Осы жағынан сіздерде азаматтардың мәліметтерін қорғау жағы қалай болып тұр?

– Сұрағыңыз орынды. Бізде әр қызметкердің өзінің электронды санды қолтаңбасы сақталған, флэшка секілді құрылғысы болады. Оны тек өзі қолданады, онсыз ешқандай мәлімет ала алмайды. Оны күнде таңертең операциялық залдың басшысы әр қызметкерге таратып береді, кешке әр қызметкер жұмысынан қайтқанда тапсырып кетеді. Үйіне алып кете алмайды. Тиісті ереже бар, соған сәйкес жұмыс істеу тапсырылған. Біздің қызметкерлерді оқытатын арнайы мамандар бар. Олар облыс бойынша қызметкерлерді қайта оқытып, ережені түсіндіріп шықты. Министрліктен біздің жұмысты тексеретін мемлекеттік техникалық қызмет деген мекеме бар. Солардың мәліметі бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 10 айдан бері ешқандай құқық бұзушылық тіркелген жоқ. Сол Алматыдағы оқиғадан кейін біз қайтадан құжаттарды зерделеп, тексеріп шықтық. Ешқандай факт тіркелмеген. Бұл жағы бізде қатаң бақылауда деуге болады.

tsifrovoi

– Қазір – сандық технология дамыған заман. Сіздер көрсеткен қызметтердің ішінде электронды түрде көрсетілгені де аз емес болар?

– Жаңа айтылған 5 миллионнан астам қызметтің ішінде 3 689 662 қызмет электронды негізде көрсетілген. Айта кетейік, халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың мемлекеттік қызметті өздері алу мақсатында Connection point (өзіне-өзі қызмет ету секторы) жұмыс атқаруда. 2017 жылдың 11 айында осы секторлар арқылы 1 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Бұған қоса облыс аумағындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында 609 мың 470 электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) берілді. Электронды төлемдер арқылы облыс көлемінде 191 миллион 854 мың 987 теңге төленген және мобилді электронды үкімет порталына 201 мың 4 қызмет алушы тіркеліп үлгерді.

TSON-2

– Бірақ, бұл сан бұдан да көп болуы мүмкін ғой? Халыққа қызмет көрсету орталықтарына келушілердің барлығы бірдей өзіне өзі қызмет көрсете алмайтыны жасырын емес. Бұл тұрғыда қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Бұл – өзекті мәселе. Осы орайда облыс әкімінің тапсырмасы бар. Біз Қазақстан бойынша бірінші болып бірегей жобаны қолға алғалы отырмыз. Облыстық әкімдіктің мемлекеттік қызметшілері мен түрлі департаменттің мамандары, лауазымдық тұлғалар өзі халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып қызмет алмайды. Яғни, қажет қызметтерді азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының электронды порталынан алуы тиіс. Жобаны осы айда бастадық, енді қаңтар айының орта шенінде әкімдіктің мамандарымен отырып, мемлекеттік қызметшілердің жеке аты-жөндері бойынша тексереміз. Егер кез келген бір лауазымды тұлға мемлекеттік қызметті интернет арқылы алуға мүмкіндік бола тұра халыққа қызмет көрсету орталығына келіп алса, оларға шара көріледі. Яғни, жауапты мамандардың өздері үйрене отырып халыққа да үйретуі маңызды.

 

– Бұдан басқа қандай жаңалықтарыңыз бар?

– «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жылдың басынан бірнеше жаңа пилоттық жобаны іске қосты, олар жерлестеріміздің уақытын үнемдеуге бағытталған. Мысалы, электронды үкімет порталында ұялы телефон нөміріне жолданған бір реттік парольді енгізу арқылы электрондық цифрлық қолтаңбасыз 30 қызмет түрін алуға болады. Қызметті бір реттік пароль арқылы алу үшін www.egov.kz порталында авторизациядан өткен қолданушыға ЖСН және азаматтардың мобильді қорында тіркелген ұялы телефон нөмірін көрсету қажет, содан соң алынған бір реттік парольді арнайы жолға енгізу керек. Телефон нөмірін ЖСН-ға бекітуді қолданушының жеке кабинетінде немесе ХҚКО-да жүзеге асыруға болады. Бұған қоса биылдан бастап туу туралы куәлікті рәсімдеу, бала күтімі бойынша жәрдемақыларды тағайындау мен сәбилерді балабақшаға кезекке қою да біздің корпорация арқылы жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ, қазіргі таңда «Қазпошта» АҚ Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы ХҚКО-мен бірлесіп, дайын құжатты үйге жеткізу қызметін көрсете бастады. Биылғы маусым айынан бастап жаңа пилоттық жоба іске асырыла бастады. Ол – тәулік бойы жұмыс істейтін халыққа қызмет көрсету орталығы. Жұмыс кестесі дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 08:00-ден 24:00-ге дейінгі кеңсе Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Нұрсәт шағынауданында орналасқан. Сенбі күні бұл бөлімдер сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Айта кетейік, маусым айынан бастап тәулік бойы жұмыс режимінде 3 462 қызмет көрсетілген. Осы орайда хабарландыру айта кетейін, осы тәртіппен жұмыс істейтін Қаратау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы жаңа мекенжайға көшті. Енді бұл орталықты тұрғындар Нұрсәт шағынауданындағы "Рахима Плаза" сауда орталығынан таба алады.

TSON-5

– Қызмет ақысы дегеннен шығады, бір әріптесіміз жаңа туған сәбиімді үйіме тіркеу үшін ақы төледім деді. Ол жөнінде не айтар едіңіз?

– Бірден айтайын, бізде көрсетілетін электронды қызметтің барлығы тегін. Ал мынау тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу деген сияқты бірқатар қызметтер Үкіметтің арнайы бекітілген баж салығы арқылы жүзеге асады. Ол халыққа қызмет көрсету орталықтары қалыптаспай тұрып көрсетілетін, Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген қызмет түрлері. Тек банктер немесе «Қазпоштаның» біздің орталықтарынан алған азаматтарға халыққа қызмет көрсету орталығының ақылы қызметі секілді көрінуі мүмкін. Негізінде олай емес, бізге дейін қалыптасқан қызмет түрлері. Жиналған баж салығы мемлекет қазынасына түседі.

 

– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсету бойынша қандай жұмыс атқарылуда?

– Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Қазіргі таңда департамент тарапынан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолайлы жағдай жасалуда. Мысалы, І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар мемлекеттік қызметтерді үйлерінде ала алады. ХҚКО қызметкерлері құжаттар беру мен қабылдауды, сондай-ақ электронды цифрлы қолтаңба беруді жүзеге асырады. Қажет болған жағдайда ХҚКО арқылы көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес алады. Айта кету керек, жыл басынан облыстық ХҚКО бөлімдері мамандары үйлерге бару арқылы 4 777 қызмет көрсеткен.
Барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пандус немесе шақырту қоңырауы, жеңілдік терезелері орнатылған. Ал ХҚКО ұсынатын барлық мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсаңыз болады.

 

– Облыс орталығынан шалғай елдімекен тұрғындары мемлекеттік қызметтерді қалай ала алады?

– Халыққа қызмет көрсету орталықтарында шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы топ жұмыс атқаруда. 2017 жылдың 10 айында осы жылжымалы топ елдімекендерге 1 159 рет шығып, 57 097 қызмет көрсетті. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша аудан орталығынан 40 шақырым қашықтықта орналасқан және жылжымалы топ кестесіне енгізілген елдімекендердің саны 80-ге жуық.

 

– Еркебұлан Асанбайұлы, әңгімеңізге рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан
Нұрлан БЕКТАЕВ

«Самал» базарындағы өткел ашылды

Пятница, 22 Декабрь 2017 05:51

perexod-2

Шымкентте тағы бір жерасты өткелі пайдалануға берілді. Тұрар Рысқұлов көшесі бойындағы өткел «Самал» базары маңында ашылып отыр. Енді базарға келген жергілікті тұрғындар бұрынғыдай көлік кептелісіне тап болмай, қауіпсіз жерасты өткелімен өте алады.


Бұл өткелді «ХМСУ Мелиорация» ЖШС салған. Құрылысына қала бюджетінен 116 миллион теңге жұмсалыпты. Мердігер мекеме мұнда алғашқы жер қазу жұмыстарын биылғы мамыр айында бастап, құрылысты мерзімінен бір ай ерте, қараша айында аяқтап отыр. Енді құрылысшылар өткелдің сапасына 5 жылға кепілдік беріп отыр.

perexod-3

Бұл өткелдің өз ерекшеліктері бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін электронды көтергіш қарастырылыпты. Қондырғы 250 келіге дейінгі жүкті тасымалдай алады. Айта кетейік, мамандардың есебінше, күн сайын «Самал» базары маңынан үш мыңға жуық халық өтеді.

Биыл тәуелсіз-діктің 26 жылдығын қарсы алып отырмыз. Ел егемендігінің орнауына сонау желтоқсаншылардан бөлек жер-жерде белсенді жастар да үлес қосты. Солардың бірі – Шымкенттегі Қазақ тәуелсіз жастар одағы. Мереке қарсаңында аталған ұйымның жетекшісі Мұхтар Мұхамбетжанмен тілдескен едік.

mukhtar-99-1

– Мұхтар Дауылқожаұлы, Қазақ тәуелсіз жастар одағы қалай құрылды? Ондағы мақсат не еді?

– Әрине, бұл ұйымның тәуелсіздікке қосқан үлесі аз емес. 1986 жылдың тамызында әскерден, Ауғанстан соғысынан келдім. Желтоқсанда Алматыда көтеріліс болды. Ол кезде технологиялық институттың студентімін. Желтоқсан оқиғасын алыстан естіп жүрдік. Әлі есімде, №1 жатақханада жиналыс ұйымдастырдық. Оған декан, институттың комсомол комитетінің хатшысы, оқу орнының партиялық кабинетінің меңгерушісі де қатысты. Алғашқы жиналыста көтерілген мәселе – тіл мәселесі болды. Ол кездегі жатақханадағы «Қызыл бұрыштағы» ұран, хабарландыру мен қабырға газеттерінің барлығы орысша жазылатын. Тек әнұранымыз ғана қазақша болды. Неге біз, қазақтар, өз жерімізде тұрып қазақша жазбаймыз, оқымаймыз? Міне, осы мәселені көтердік. Осылайша 1987 жылдан бастап оқу орнындағы барлық үгіт және көрнекі құралдарының жартысы қазақша жазылсын деген шешім қабылдадық. Әрине, мені жақтырмағандар, жолдан тайдырғысы келгендер болды. Бірақ, айта кету керек, мен сол кездегі облыстағы «Қызыл жұлдыз» орденінің жалғыз кавалері едім. Үкіметке қарсы дейін десе, кеудемде орденім тұр. Қалай соғыс батыры өз үкіметіне қарсы болады? Осылайша майданда алған орденім саяси күресте өз көмегін берді.

 

– Ұйымның құрамында кімдер бар еді?

– Жанымда негізінен ауған соғысының ардагерлері болды. Одаққа мүше жастар саны 200-ге жетіп қалды. 1989 жылы құрылтай өткіздік. «Жасасын Тәуелсіз Қазақ Республикасы», «Біз – Желтоқсанның жалғасымыз», «Біз Одақтан бөлініп шығуымыз керек» деген ұрандарымызды жазып қойдық. «Қазақстан тәуелсіздік алған күні біз тарқаймыз» деген жарғымыз болды. Қазір Желтоқсан оқиғасы, тәуелсіздік туралы сөз қозғалғанда сол кездегі басшылар не қарап отырды деп сыбайтындар кездесіп жатады. Мен олай демес едім. Ол кездегі басшылардың барлығы бізге қарсы болды деуге болмайды. Арасында бізге көмектесіп, қолдап жүрген азаматтар болды. Тек, қызмет бабына байланысты жария ете алмайтын.

Осы тұста айта кетейін, бізді тәуелсіздіктің жолында тек қазақтар ғана емес, өзге ұлттардың сауатты өкілдері де қолдады. Олардың көзі ашық, көкірегі ояу жастары демократия, әділеттілік дегенді жақсы түсінді. Олардың қазақ жастарының тәуелсіздік күресін қолдағанын ашып айту керек. Қиын сәтте азат күн үшін күрескен белсенді өңірлер де болды. Мысалы, сол кездегі Целиноград облысының жастары «Парасат» ұйымын құрды. Жетекшісі – Ұласбек Сәдібеков еді (қазіргі ОҚО әкімінің орынбасары – ред). Олар Қазақстанның тәуелсіздігін, сондай-ақ, мемлекеттік тіл қазақ тілі болсын деп талап етті, Целиноградты Ақмола деп атайық деді. Батыл талаптар еді. Ол жақтың тұрғындарының 90 пайызы өзге ұлт өкілдері болатын. Сондай ортада жүріп күресті «Парасаттың» қыз-жігіттері.

 

– Шымкентте Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың ескерткіші мен оның атында көше бар. Ол да тәуелсіздік батырына деген құрметтің бірі ғой...

– Иә, студенттер көшесі сол тұста Вишневский көшесі деп аталатын. Сол кездегі қаланың басшысы Қуаныш Төлеметов еді. Қуаныш аға қолғабыс жасап, қалалық кеңестің әр мүшесімен жұмыс істеп, көздерін жеткізіп, қалалық кеңестің шешімімен көшеге Қайрат Рысқұлбековтың аты берілді. Кейін біз елден қомақты ақша жинадық. Сол қаржыға Қайраттың бюстін орнаттық.

 

– Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы тілегіңіз?

...Жалпы, мемлекет деген не? Ол – бір-біріне көмекке келуге әзір, бірін-бірін қолдауға дайын, ұйымшыл азаматтар. Отбасын, ұрпағын ойлайтын, қорғайтын азаматтардың мемлекеті. Ендеше, кейінгі ұрпақты рухы мықты етіп тәрбиелеуіміз керек! Ұлтжанды, ұйымшыл, патриот етіп білім беруге тиіспіз. Сонда ғана Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі дами береді!

 

Сұхбаттасқан
Нұрлан БЕКТАЕВ

Шымкенттегі Әл Фараби ауданының іскер қыз-келіншектерінің алғашқы форумы өтті.

Аудан әкімдігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы құрамындағы іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған іс-шараға аудан әкімі Бауыржан Қалжанов, «Нұр Отан» партиясының Қаратау аудандық филиалының төрағасы Нұржан Ешенқұлов, қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева, қалалық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова және өзге де іскер азаматшалар мен оқу орындарының жетекшілері, мұғалімдер қатысты.

biznes phorum

Қажыр-қайрат әйелге де жарасады

Әйелдердің қоғамдағы орны бұған дейін де сан мәрте айтылған, айтыла да бермек. Дегенмен, қазіргі заманда осы пікір басқаша айтылып жүр. Яғни, әйел – ана, әйел – жар, әйел – келін деген ұғымға енді әйел әрі кәсіпкер де бола алады дейді форумға жиналғандар. Мысалы, алғаш болып сөз алған депутат Төреайым Сұлтанова қыз-келіншектердің қазіргі таңда кәсіпке араласа бастауы таңғаларлық жайт емес екенін айтады. Фармацевтика ғылымдарының кандидаты тоқырау заманын да еске алып өтті. Нарық экономикасы енді ене бастаған шақта қолына дорбасын ұстап базарға аттанған әйелдер қазір ірі кәсіпкерлерге айналды дейді халық қалаулысы.

- Әрине, осылай екен деп нәзік жандылар өздерінің әйел болмысын жоғалтып алмады. Керісінше, ұлы мен қызына сабағын оқытып, Отан сүйгіштікке тәрбиелеуімен қатар ерінің жағдайын жасап, қонағын күтуге де үлгеруде. «Қыздың жолы – жіңішке» деген атам қазақ әрқашан әйелді сыйлай білген. Ал біз, қыз-келіншектер, осы құрметтің астарындағы асқан жауапкершілікті сезінуіміз тиіс. Бастысы, ең бірінші орынға отбасын қоя отырып кәсіпкерлікті де қатар алып жүруіміз керек, - дейді Төрайым Жолдыбайқызы.

biznes phorum-2

Банктерден қолдау қомақты

Қазіргі таңда шағын бизнестің өзі қоғаммен астасып жатыр. Кәсіпкерлік дамыса, еліміз де дамиды дейді жиналғандар. Оның үстіне қазір Елбасының өзі бас болып кәсіпкерлерге көңіл бөлуде. Ендеше, неге кәсіппен айналыспасқа? Шағын істен бастап үлкен корпорацияларды басқарып отырған қыз-келіншектер бар. Солардың барлығын басын бір жерге қосып, тәжірибе алмасу өте маңызды. Бұл жолғы форумды ұйымдастырушылардың да көздегені осы болатын. Сондықтан жиынға үй шаруасындағы ханымдардан бастап мұғалімдер мен мемлекеттік қызметтегі және компания басқарып жүрген азаматшалар шақырылған. Танымал бизнес-вумендер өз ісін ашқысы келетін әпке-сіңлілерімен тәжірибе бөлісті.

Қазіргі таңда кәсіпкерлерге жағдай жасалуда деп атап өттік. Оның ішінде мемлекеттік қолдаумен қатар түрлі қаржы ұйымдарының бағдарламалары да бар. Солардың бірі – Европалық қайта құру және даму банкі. Бұл халықаралық дәрежедегі қаржы институты негізінен ірі жобалармен жұмыс істейді.

- Мысалы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлік дәлізі мен Solar күн электр станциялары желісі. Бұған қоса шағын және орта бизнеспен жұмыс жасау бағытындағы бағдарламалары да бар. Оның ішінде дәл осы қыз-келіншектерге арнайы ұсыныстарымыз бар, - дейді Европалық қайта құру және даму банкінің өкілі Махаббат Қабираева.

biznes phorum-3

Өздеріне неліктен әйелдерге несие бермейсіздер деген сауалдың көп қойылатынын еске алған банк өкілі қыз-келіншектердің де ұмыт қалып жүрмегенін айтты. Бұл тұста айта кету керек, ер-азаматтар көбіне ірі жобаларды бастаса, қыз-келіншектер сұлулық салоны, тігін цехы деген секілді шағын іспен айналысуды жөн көреді екен. Осы ретте банк өкілі қызықты мәліметпен бөлісе кетті. Халықаралық қаржы ұйымы өздері несие бөлген жобаларды 1 жылдан кейін бақылау жасайды екен. Сараптама нәтижесі әйел кәсіпкерлердің бастаған жобалары көбіне сәтті аяқталып жатқанын көрсетеді. Дегенмен, соған қарамастан әйел адамдарға несие беруде аз көңіл бөлініп келеді. «Енді біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қыз-келіншектерге арнайы бағдарлама жасап отырмыз»,- дейді Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілі.

 

«Тәлімгер» болам десеңіз...

Тағы бір айта кетерлігі, Еуропалық қайта құру және даму банкінің өкілдері қыз-келіншектерге несие беріп қана қоймай, түрлі қолдаулар да ұйымдастыруда. Соның бірі - «Тәлімгер» бағдарламасы. Оған сәйкес ірі кәсіпкер әйелдің жанына іс-тәжірибеден өту үшін өз ісін енді бастағалы отырған қыз-келіншекті қосады. Мерзімі 1 жылдық бағдарлама бойынша Қазақстанда қазіргі таңда 28 жұп бірге жұмыс істеуде.

biznes phorum-4

– Мысалы, Алматыдағы ірі «Қағанат» дәмханалар желісінің құрылтайшысы түркістандық кәсіпкер келіншекті жанына тәлімгерлікке алған. Тәлімгер өзінің шәкіртіне кәсіптегі бар білгені мен түйгенін, тәжірибесін үйретіп, бөлісіп отырады. Күнделікті кездесіп немесе интернет арқылы байланысады. Бір айта кетергілі, «Тәлімгер» бағдарламасына қатысу тегін. Оған өз ісін енді бастаған қыз-келіншектермен қатар тәжірибелі бизнес-ханымдар өз білгенін үйретуші ментор ретінде қатыса алады, – дейді Махаббат Қабираева.

 

Түйін сөз

Форум барысында басқа да спикерлер сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті, ұсыныстарын жеткізді. Бұған қоса Әл-Фараби аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы әрі «Айсәуле – табиғи-отандық косметика» компаниясының бас директоры Сәуле Мұсаева бастаған кәсіпкерлер өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Қыз-келіншектер жергілікті кәсіпкерлердің қолынан шыққан ойыншықтар мен әшекей бұйымдарды, тұрмыстық химия заттарын тамашалады. Ал жиын соңында Әл Фараби ауданының әкімі Бауыржан Қалжанов пен Шымкент қалалық іске әйелдер кеңесінің төрайымы Салтанат Төлегенова өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Страница 52 из 53