Тұрақты қордың жаңа қоймасы бар
Среда, 13 Декабрь 2017 04:45Шымкенттегі тұрақтандыру қоры заманауи қоймаларды пайдалана бастады. Тұрақты қордың қызметкерлері азық-түлік өнімдерін Шымкентте жуырда ғана пайдалануға берілген көлік-логистикалық орталығындағы заманауи қоймаларға көшіріп, жинап қойды.
Енді қыс бойы қаладағы әлеуметтік сауда орталықтарында сатылатын азық-түлік өнімдері осында сақталады. Ол үшін жаңа қоймаларда бар жағдай жасалған. Азық-түліктің бір бөлігі кәдімгі қоймада сақталса, бұзылуға бейім тауарлар ішіндегі климат жағдайы реттелетін заманауи қоймаларда сақталады. Ондағы мамандар сыртқы ауа райына қарап қойманың ішіндегі ауа температурасын қажет нормаға дейін өзгерте алады.
Жуырда осы қойманы облыс әкімі Ж.Түймебаев аралап көрді. Қыс ауасында азық-түліктің қымбаттауына жол бермеу керек. Бұл үшін тұрақтандыру қоры тиісті шараларды атқарып, халық көп тұтынатын өнімдердің қорын жеткілікті көлемде дайындап, бағаның өзгермеуіне ықпал етуі тиіс. Аймақ басшысы жауапты мамандарға осылай деп тапсырма берді.
Тұрақтандыру қоры осылайша халыққа қажет барлық тауарды көлік-логистикалық орталығында сақтап отыр. Қор қазір мұнда жалпы аумағы 4 мың шаршы метр болатын бірнеше қойманы жалға алған. Онда 2,5 мың тоннаға жуық азық-түлік өнімі сақтаулы тұр. Алдағы уақытта мұнда ет және ет өнімдерін де сақтау мәселесі қарастырылуда.
– Қазір тұрақты қор сақтаулы тауарды біртіндеп сата бастады. Біз картоптың келісін 85 теңгеден, сәбізді – 80 теңгеден, ал пиязды 50 теңгеден сатылымға шығардық, – дейді «Шымкент» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Маратбек Мырзамұратов. – Тұрақтандыру қоры тауарларын бұған дейін Кеңес заманынан қалған қоймаларда сақтап келді. Талапқа сай келмегендіктен сақталған тауарлар ерте бүлініп, бірқатар шығындарға ұранатын. Енді, міне, Шымкент қаласынан заманауи қойма пайдалануға беріліп, тауарларды сақтау мерзімі ұзарып отыр.
Айта кетейік, мұндағы барлық тауар биржа арқылы сатып алынады. Екіжақты шарт бойынша сатушылар тауарларын өзінде сақтап, кейіннен сұранысқа сай осы қоймаға жеткізіп беріп отырады.
Серік БАЙМҰРАТОВ: «Адвокаттық қызметтің жауапкершілігі жоғары»
Пятница, 08 Декабрь 2017 10:52Серік БАЙМҰРАТОВ,
ОҚО адвокаттар алқасы төралқасының төрағасы:
– Серік Ширяздинұлы, әңгімемізді адвокатура саласындағы жаңалықтан бастасақ. Жақында адвокаттар туралы жаңа заң қабылданғалы жатыр деп естідік...
– Иә, елімізде «Адвокаттық қызмет және заң көмегін көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазір заң шығарушы органның қарауына жіберілді. Егер қабылданса, онда біраз өзгеріс болады. Мысалы, бұған дейін адвокаттар алқасына мүше болып ену үшін заңгерлер жарна төлеп келген болса, енді заң қабылданса, ол жарна жойылады. Яғни, адвокаттар тегін мүше болады алады деген сөз. Айта кетейік, адвокаттарға жеңілдік жасайтын бұл ұсынысты адвокаттар алқасы емес, әділет министрлігі жасап отыр.
– Ал жарна көлемі қазір қанша?
– Қазақстан бойынша орта есеппен 850 мың теңге деп белгіленген. Дегенмен, әр өңірде әр түрлі. Мысалы, Алматы қаласында жарна көлемі 1 миллион теңге шамасында болса, бізде, Оңтүстікте – 426 мың теңге.
– Бұл мүшелік жарна қайда жұмсалатын еді?
– Орынды сұрақ. Жиналған мүшелік жарна адвокаттар алқасының әкімшілік құрамының жалақысына жұмсалады. Ол – 12 адам. Оған қоса адвокаттар алқасының қосымша шығындарына, ғимаратты күтіп-ұстауға бағытталады. Салықтар төленеді. Медициналық сақтандыру қорының жарнасы төленеді.
– Облыстық алқаның қанша мүшесі бар?
– Облыстық адвокаттар алқасының қазіргі таңда 426 мүшесі бар. Оның ішінде аудандарда 100 адвокатымыз болса, Шымкент қаласында 5 заң консультативі бар. Оның мүшелеріне келер болсақ, Еңбекші ауданында – 56, Әл Фараби ауданында – 53, Қаратау ауданында – 37, Абай ауданында 29 адвокат мүше. Бұған қоса бесіншісі заң кеңесі – ювеналды алқаның 6 адвокат-мүшесі бар. Мұнымен қатар облыс аумағында 87 заңгер жеке адвокаттық қызмет ұсынып жүр. Олар да біздің мүшеміз.
– Жеке адвокат демекші, облыстық адвокаттар алқасына мүше болу міндетті ме? Сіздерге мүше болып тіркелмеген заңгер адвокаттық қызмет атқара ала ма?
– Негізі, адвокат болғысы келетін адам әділет министрлігінен лицензия алуы керек. Ал біз сол азаматтың бұрын сотты болған-болмағанын, қоғамдық тәртібін қарап, мүшелікке қабылдай аламыз. Шектеу жоқ. Бірден айтайын, облыстық адвокаттар алқасына мүше болып тіркелу міндетті емес, ерікті. Дегенмен, осы тұста айта кетейін, адвокаттар алқасына мүше емес азаматтар заңгерлік кеңес бере алады. Олар тек азаматтық істерде ғана қорғаушы болып қызметін ұсына алады. Және іске қатысты адамның сенімхатымен ғана. Ал біздің адвокатураның мүшелері лицензиясы негізінде азаматтық та, әкімшілік те, қылмысты да істерде адвокат бола алады.
– Адвокаттар алқасына мүше болудың мерзімі бар ма?
– Адвокаттар алқасына мүше болудың шектеулі мерзімі жоқ. Бір мүше болып енген адам сол күйі қалады. Ай сайын мүшелік жарнасын төлеп тұрған жағдайда.
– Адвокаттар алқасында қандай жаңалықтар бар?
– Біз ай сайын дөңгелек үстел өткізіп тұрамыз. Ай сайын соттарды, тергеушілерді, әділет органының өкілдері, адвокаттарды өзімізге шақырып, жиналыс жасаймыз. Онда азаматтық дау, әкімшілік дау, қылмысты дауларды талқылаймыз. Одан кейін айына екі рет іс-тәжірибеден өтіп жүрген жас заңгерлерге тағылымдама өткізіледі. Сабақ өтеміз. Онда жас мамандар өздерінің кәсіби біліктілігін арттырады. Бұған қоса адвокаттар алқасы жылына екі рет ашық есік күнін өткіземіз. Оған облыс және қала тұрғындары келеді, заңгерлік көмекке мұқтаж жандар тегін ақыл-кеңес ала алады. Мысалы, жер дауы, мүлік дауы, алимент дауы деген секілді күрделі мәселелерде кеңес береміз. Әсіресе, соңғы кездері банк алдындағы қарыз мәселесі өршіп тұр.
– Яғни, сіздердің көмектеріңізге мұқтаж азаматтар аз емес шығар?
– Адвокаттарға жүгінетіндер саны арта түсуде. Мысалы, қазіргі таңда халықтың, бұрынғыдай емес, құқықтық сауаты арта түскен. Заңдарды жақсы білетін азаматтар көбейіп келеді. Дегенмен, осы тұста таяқтың екінші ұшы бар екенін де ескеру керек. Құқықтық сауат арта түскен сайын соттасу мәселесі де көбейді. Қазір тек күрделі дауларды ғана емес, отбасылық жанжалды, көрші араздығы, қаржылық мәселе, мүлік бөлу секілді мәселелерді сотпен шешу жағдайы жиі тіркелуде. Айталық, бір адамға екінші адам 50 мың теңге қарыз болса, соны өтеу үшін де сотқа жүгінеді. Сөйтіп, екі тарап адвокат жалдауға мәжбүр болады. Жоғарыда айтып өткендей, банк алдындағы қарыз бойынша да мысалдар жеткілікті.
– Дауласқан екі тарапты сотқа дейін татуластыру жағы қалай?
– Сіздің айтып отырғаныңыз медиация ғой. Біздер, адвокаттар, медиациямен айналыспаймыз. Ол үшін өз алдына медиаторлар бар. Бірақ, адвокаттар сот ұйғарымының орындалуын жеңілдетуге көмек бере алады. Мысалы, істі болған адамға ірі сомадағы ақша төлеу міндеттелсе, адвокаттар соны бөліп төлеу секілді жолдарын ұсынуы мүмкін.
– Өзіңіздің адвокаттық жолыңызда есіңізде қалған іс бар ма?
– Мен қазір адвокаттар алқасының төрағасы болғандықтан, жеке адвокаттықпен айналыса алмаймын. Дегенмен, осыдан бірнеше жыл бұрынғы іс есіме түсіп отыр. Бір жігіт есірткімен ұсталып, сотты болды. Есірткі болғанда героин. Егер кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға сотталып кетер еді. Бірақ, мен айыпталушыны ақтап шықтым.
– Қалай? Оның кінәсіз екенін қалай білдіңіз?
– Іс материалдарымен танысу кезінде шұғыл өкілдердің әрекеті түсірілген таспа бар екен, соны көрдім. Видеода полицейлер күдіктінің үйін тінтіп жүр. Біреуі камераға түсіріп тұр. Кенет тәртіп сақшыларының бірі жүктің астынан бір түйіншекті алып, үстелдің үстіне қоя салады. Бұл сәт бейнекамераға түскен. Міне, осы сәтті басты назарда ұстадым. Себебі, тергеуші қателік жіберген. Ол заң бойынша күдікті затты көрген сәтте тиіспеуі керек еді. Қалыс азаматтарды шақырып, бейнекамераға жақсылап түсіріп алып, содан кейін ғана қолғап киген қолымен ақырын алып, мұқият орауы тиіс болатын. Ал тергеуші түйіншекті бірден жалаң қолымен ұстай салды. Және ол жүктің астында есірткі жатқанын қайдан білді? Міне, осы сұрақтар мен оның жауабын негізге ала отырып, айыпталушыны қорғауға кіріскенімде тергеушілердің өздерінің ұсынысымен іс қысқартылды.
– Енді алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Алға қойған жоспарымыз көп. Соның ең негізгісі – адвокаттар алқасынан оқу орталығын ашсақ дейміз. Яғни, адвокаттарды оқу-үйрету, олардың білімін жетілдіру орталығы. Себебі, бұрын бір заң шығып, ол біраз уақытқа дейін өзгермей тұратын. Ал қазір қандай да бір заң болмасын оған өзгерістер мен толықтырулар жиі енгізіліп тұрады. Ал білікті адвокат болу үшін заңгерлер сол өзгерістің әрқайсысынан хабардар болып, білуі тиіс. Жоғарыда айтып өткендей, қазір адвокаттардың қарауындағы іс көп, заңның өзгерістерін хабардар болуға уақыттары да жете бермейді. Міне, осы мәселені ескере отырып біз оқу-үйрету орталығын ашсақ дейміз. Оған заң саласындағы профессорларды, тәжірибелі адвокаттар мен зейнетке шыққан судьяларды, тағы да басқа сала мамандарын шақырып, адвокаттарға соңғы жаңалықтарды түсіндірсек деген жоспарымыз бар.
– Ендеше, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұрлан Бектаев
ТЕЛЕКӨПІР: Шымкентте алып қойма кешені мен дәрі цехы іске қосылды
Пятница, 08 Декабрь 2017 06:43Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: қазақстандық барыстың қадамы» ұлттық телекөпір өтті. Оның барысында Шымкентте көлік-логистика орталығында жаңа алып кешен ашылды. А+ санатындағы «Continental Logistics Shymkent» кешенінің қуаттылығы жылына 1 миллион тонна тауар өткізуге жетеді.
Телекөпірге Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев пен «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Санжар Елубаев және орталық қызметкерлері қатысты. Жоғары лауазымды басшылар алдымен Елбасыға жаңа нысанның маңыздылығы туралы баяндады.
– Құрметті Президент! Біз Шымкент қаласында мультимодельді көлік-логистикалық орталығының құрылысын аяқтадық.
Мұнда жыл сайын шамамен 1 млн тонна жүк өткізуге болады. Біздің орталық – Шығыс-Батыс, Оңтүстік-Солтүстік ағынына қызмет ететін кеден аймағы мен толық сервистік желісі қамтылған заманауи кешен. Нұрсұлтан Әбішұлы, осы инфрақұрылымдық жобаны іске қосуға рұқсат етіңіз! – деді «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясының вице-президенті Санжар Елубаев.
Кешенде құрғақ және климаттық жағдайды бақылайтын қоймалардан бөлек контейнер терминалы, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдар бар. Жаңа көлік-логистикалық орталығының ерекшелігі - географиялық тұрғыдан тиімді орналасуында. Аймақтың жүк жөнелтушілер үшін артықшылығы – мұнда Cross Docking мультимодельді қызмет көрсету жүйесінің енгізілген. Бұл жүйе қоймалардағы шағын жүктермен қоса жеміс-жидек пен көкөніс сияқты бұзылатын тауар үшін өте маңызды.
Қазіргі кезде жалпы аумағы 92 гектар «Оңтүстік» көлік-логистикалық орталығында 8 жоба жүзеге асырылуда. Олардың инвестициялық құны – 35,6 млрд теңге. Мұнда кедендік рәсімдеу, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау қызметтері бір терезе қағидасымен жүргізілсе, бұған қоса уақытша сақтау қызметі де қарастырылған.
Мемлекет басшысымен телекөпір барысында Шымкент қаласындағы «Химфармның» дәрі шығаратын цехы да іске қосылды. Жалпы құны 13,5 млн АҚШ доллары болатын бұл жоба кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жүзеге асырылған. Өнімнің 80 пайызы ішкі нарыққа, қалған 20 пайызы экспортқа жіберіледі деп жоспарлануда. Өндіріс цехы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда 72 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл жоба Шымкенттегі инвестициялық жобаның маңызды бір бөлігі болып табылады. Компанияның бас директоры Ижи Урбанец осымен төртінші цехтың ашылып отырғанын жеткізді.
– Біз жалпы көлемі 108 млн доллар көлемінде инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Жаңа цехты іске қосқаннан кейін біз экспорттық әлеуетімізді 5 млрд теңгеге жеткізе аламыз. «Химфармның» атынан фармацевтикалық саланы қолдап, инвесторларға ыңғайлы жағдай жасағаныңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Ижи Урбанец.
Бүгінгі таңда зауытта 1200-ден астам жоғары білікті маман жұмыс істейді. Өндірістің барлығы әлемдік сапа стандартына сай келеді. Салалық GMP стандарына толық сай келетінін бұл цехта жылына түрлі дертті емдеуге арналған 20 миллионнан астам қорап дәрі шығарылады.
ПАНДУСТАР мүмкіндігі шектеулі жандарға қатер төндірмеуі керек
Пятница, 08 Декабрь 2017 06:23«Біздің алдымыздағы ең басты міндет – халықты жұмыспен қамту және мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз кеңістік ұйымдастыру. Осы тапсырманы орындау мақсатында «Кедергісіз келешек» жобасы қолға алынады. Қазақстан мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Осы мақсатта барша кәсіпкерлерді мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға көмектесуге шақырамын. Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, мұндай азаматтар тек жәрдемақы алып қана қоймайды, сонымен бірге, өздерін қоғамның мүшесі, пайдалы еңбеккер ретінде сезінетін болады».
(Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050:
бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауынан)
Шымкентті кедергісіз қала деп атауға бола ма? Шаһарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қаншалықты жағдай жасалған? Әсіресе, қоларбамен жүретін мүгедектерге арналған пандустар мәселесі қалай шешімін табуда?
Еліміздің Конституциясында мүгедектерге қоғаммен етене араласу үшін тең мүмкіндіктер жасаудың құқығы тайға таңба басқандай белгіленген. Ол туралы мемлекет басшысы өз Жолдауында на нықтап көрсеткен. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлініп келеді. Олардың әлеуметтік жағдайын жасаудан бастап күнделікті қажеттерін өтеуі үшін көмек көрсетілуде. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арнап түрлі оқу курстары ұйымдастырылған. Арнайы бор орындар жәрмеңкелері де ұйымдастырылып тұрады. Мұның барлығы мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін қоғамнан тыс сезінбеулері үшін жасалуда.
Дегенмен, мүгедектердің жүріс-тұрысында қиындықтар туындайтыны жасырын емес. Олар шығып-түсетін пандустары талапқа толық сай келеді деуге болмайды. Мұны алысқа бармай-ақ қаламыздағы түрлі нысандарды аралап көріп, көз жеткізуге болады.
Жалпы, Шымкент қаласында 29 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тіркелген. Олардың 1 мыңнан астамы мүгедектер арбасына таңылған. Өкініштісі сол – мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп-тұруы қиындай түскен. Тосқауыл көп. Ең бастысы – пандустың талапқа сай болмауы.
Стандартқа сәйкес пандустың ені 100 см, көлбеу бұрышы 6 градустан аспауы керек. Биіктігі 70 немесе 95 сантиметрлік екі деңгейлі тұтқасы болуы шарт. Жолдың ашық баспалдаққа немесе пандусқа қосылатын жердегі алаң аумағы 160х160 сантиметр, ішке кіретін есіктің ені 90 см кем болмағаны жөн. Едені тайғанамайтын материалдан жасалуы қажет. Немесе тұтқыш төселуі керек.
Ал бұл талаптар қаншалықты орындалып отыр?
Мүгедектер әлеуметтік нысандарға кедергісіз кіруі керек. Олар да өзге адамдар секілді өмір сүруге құқылы. Өздеріне тән қажеттіліктері де бар.
Мысалы, Шымкенттің орталық Әл Фараби ауданы әкімдігінің мамандары бастаған бір топ қаланың орталық көшелеріндегі жағдайды тексеруге шықты. Алғашқы үш нысандағы пандустардың жағдайы үш түрлі болып шықты. Мысалы, Тәуке хан даңғылы мен М.Х.Дулати көшесінің қиылысындағы кафенің есігіне «Жиналмалы пандус бар» деп жазылған. Топ құрамындағы қоларбаға мінген азаматты көрген кафе даяшылары екі белтемірді алып шықты. Олар баспалдаққа бұрандамен бекітіліп, пандус қызметін атқарады екен. Бірақ, мүгедек азамат түгілі пандустарды сынау үшін мүгедектер арбасына мінген дені сау жігіттің өзі пандуспен жоғары шыға алмады. Тіпті, әкімдік қызметкерлерінің бірі қоларбаны артынан демеп, көмектескенінің өзінде кафеге еркін кіру мүмкін болмады. Себебі, пандус тік орнатылған және арбаның дөңгелегі тигеннен қимылдай бастайды. Яғни, пандустың аты болғанымен, заты сай болмай шықты.
Дегенмен, барлық жердегі жағдай жыларман халде емес. Олай дейтініміз, әкімдік мамандары тексерген екінші нысан – Тәуке хан даңғылының бойындағы қалалық №1 емхана. Мұндағы пандус талапқа сай болып шықты. Яғни, тік көтерілмей, алыстан басталып, біртіндеп жоғарылай береді. Үсті шатырмен жабылған, екі шетінде қолмен ұстайтын жақтау темірі бар. Ал ең бастысы, дімкәс азаматтардың емхана қызметкерлерін шақыруына арналған қоңырау бар. Содан хабар алған медбикелер келіп, науқастың ішке кіруіне көмектеседі.
Ал үшінші нысандағы пандус тіпті ерекше. Ол Тәуке хан даңғылы мен Қазыбек би көшесінің қиылысындағы үлкен сауда орталығында орнатылған. Бұл ғимаратқа кіру баспалдағы биік болғанымен, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шағын жеделсаты қойылыпты. Оның да қоңырау нүктесі бар. Пандусқа жақын келіп, жеделсаты алаңшасына өтесіз. Сосын батырманы бассаңыз, іштен күзетші шығып, жеделсатыны жоғары көтеретін жүйені іске қосады. Одан кейін қоларбадағы жанның ішке кіруіне көмектеседі. Сыртқа шыққанда да осылайша шығарып салады.
Сәндібек Сүлейменов, І топ мүгедегі:
– Осыдан 30 жыл бұрын абайсызда пойыздың астына түсіп, екі аяғымнан айырылдым. Жас кезімде протез аяқпен жүрдім. Қазір қартайғасын жүру оңай емес. Сондықтан арбамен жүремін. Алайда қалада қоларбамен жүру өте ыңғайсыз. Жаяу жүргінші жолдарында кедергі көп. Пандус орнатылмаған. Болғанның өзінде икемге келмейді. Себебі ені тар, тік, екі жақты тұтқасы жоқ. Ал бір мекемеге барсаң табалдырықтан не есіктен кіре алмайсың. Әзірге мен сияқты мүмкіндігі шектеулі жандар үшін табалдырықтан биік тау жоқ сияқты. Сондықтан көбісі үйден шықпауға тырысады.
Жанет Тұрбеков, Әл-Фараби ауданы әкімдігінің халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы:
– Жасыратыны жоқ, бірқатар нысандардағы пандустар талапқа сай келмейді. Өкінішке қарай, біз ол нысандардың иелеріне шара қолдана алмаймыз. Тек пандусты талапқа сай орнатуы жөнінде құлақтандыру жасаймыз. Ал шара көру тек медициналық-әлеуметтік сараптама комиссиясының құзіретіне жатады. Ол мекеме мүмкіндігі шектеулі азаматтың арызы негізінде арнайы комиссия құрып, шағымда көрсетілген нысанның иесіне ескерту жасайды. Олқылық орындалмаса, айыппұл кесуі де мүмкін.
Жалпы, мүгедектер үшін кіреберіс кедергілерінің, табалдырықтың болмағаны дұрыс. Бұл олардың кедергісіз жылжуына мүмкіндік бермейді. Халықаралық талаптар бойынша ғимаратта табалдырықтың бар болуы мақұлданбайды.
Рас, қаладағы нысандарда арнайы пандустар орнатылған. Бірақ, олардың дені талапқа сай келмейді. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру қиын.
Осынау өзекті мәселе мүгедектер бірлестігі мен қоғамдық ұйымдардың назарынан тыс қалған емес. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының азаматтық альянсы да мүмкіндігі шектеулі жандарға көңіл бөлуге назар аударып келеді. Қазіргі қоғамда мүгедектік әлеуметтік тұрғыда шеттетілген немесе қоғамнан тыс қалған адам деген мағына емес, әлеуметтік статустың бірі ретінде қабылданады дейді альянс мүшелері. Қазіргі таңда мүгедектік адамдардың театрға, саябақтар мен спорт алаңдарына баруын шектемейді, қолынан келер іс атқаруына кедергі келтірмейді. Сонымен қатар мүгедектік бірқатар құқықтар мен жеңілдіктерге ие. Осыған орай облыстық азаматтық альянс мемлекет тарапынан көрсетілетін, күннен күнге артып келе жатқан қолдаулармен бірге дені сау азамат пен мүгедек жанның арасындағы айырмашылықты азайтуды мақсат тұтады».
Арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін шенеуніктер мен жауаптылардың алдына барып жан-айқайын айтпақ түгілі, қала көшелерімен жүрудің, дәріхана, ауруханаларға жалғыз өзі барудың өзі мұң болып тұр. Себебі Шымкенттегі жол бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жол соқпақтардың жиектері биік, арбамен жүруге ыңғайсыз. Ал кейбір жерлерде тіпті, пандус жоқ. Ал Шымкент – Қазақстандағы үшінші мегаполис. Ендеше, қаладағы барлық тұрғынның әлеуметтік статусына қарамай тең дәрежеде өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалуы керек.
Қала қысқа қамдануда
Пятница, 17 Ноябрь 2017 08:31Жылудың ақысы қалай төленеді?
Қараша айының ортасынан асып, желтоқсан келіп қалды. Бұл – қысқы маусымға дайындықтың шырқау шегіне жетіп, аяқталар тұсы. Биыл Шымкенттегі үйлерді жылуға қосу жұмыстары 20 қазаннан басталды. Былтыр да осы уақытта жылу беру біртіндеп басталған-ды. Дегенмен, жылу қосылып үлгермеген үйлерге жылу ақысының түбіртегі қала әкімінің қаулысы шыққан күннен бастап есептелгені тұрғындардың әлі есінде. Ал жылуды 1 қарашадан бастап алған тұрғындар жылу ақысын төлеуді 25 қазаннан бастап есептеген коммуналшылардың бұл әрекетін түсіне алмай дал болғаны да бар. Биыл осы келеңсіздіктің алдын алуды ойлаған қалалық әкімдік қызметкерлері жылу қосу жұмыстары 25 қазаннан басталса да оның ақысы 1 қарашадан бастап есептеледі деп хабарлады. Сонымен, қарашаның орта шенінен бастап абоненттерге коммуналды қызмет түбіртегімен жылудың ақысы да келе бастады. Осы тұста жылу әлі қосылмаған тұрғындардың неліктен алмаған жылудың ақысын төлейміз деген сауалы туындайтыны анық. Бұл мәселеге Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов пен «Қуат жылу орталығы-3» мекемесінің өкілі БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз-мәслихатын ұйымдастырып, жауап берді.
Анық болғаны, «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі қараша айындағы жылудың ақысын жылу энергиясын есептейтін ортақ құрал орнатылмаған үй тұрғындарына арналған жылудың 1 шаршы метрге тұтынылатын мөлшерімен есептепті. Ал жылыту маусымы аяқталған соң «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі жылудың ақысын сыртқы ауаның нақты температурасын есепке ала отырып қайта есептейміз деп отыр. Айта кетейік, абоненттер жылудың ақысын өздеріне түбіртек келген айдан кейінгі айдың 25-жұлдызына дейін төлей алады. Мысалы, қараша айындағы жылу ақысын 25 желтоқсанға дейін төлеуі тиіс. Ол үшін ешқандай өсімпұл мен артық мөлшерлеме ұсталмайды. Мұнымен қоса «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі Шымкент қаласының тұрғындарынан жылудың ақысын дер кезінде төлеуді сұранады. Себебі, бұл қаржы газдың ақысы ретінде жылу энергиясын өндіретін мекемеге жіберіледі. Осы тұста ескере кетер жайт, жылу таратушылардың газға деген 340 миллион теңге қарызы бар. Ал үй ішіндегі жылу жүйесінде ақау бар, жылуды алмаса да қараша айында жылу ақысы үшін есеп келген үйлердің тұрғындарына «Қуат жылу орталығы-3» мекемесі желтоқсан айында қайта есептеу жүргізеді. Ал төленген қаржы болашақтағы төлемге жатыстырылады дейді жылу таратушылар.
Жазда нендей жұмыс атқарылды?
Шымкентте биылғы жылыту маусымына әзірлік өз деңгейінде жүзеге асырылды дейді жауапты мамандар. Осы бағытта «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Нақты айтқанда Шымкентте Байтұрсынов-Сапарбаев-Рысқұлов көшелерінің бойында магистралды жылу құбыры ауыстырылды. Жалпы сомасы 888,4 млн теңге бөлінген бұл жұмысты мердігер – "Сити-строй" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.
Осы жоба бойынша ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жөнделді. Магистралды жылу құбырын ауыстыру нәтижесінде жылу маусымында апаттардың алдын аламыз дейді сала жетекшілері. Яғни, сапалы жылу мәселесі ұзақ мерзім бойы шешіледі деп күтілуде. Бұған қоса жылудың қалыптан тыс жоғалуы тоқтатылып, тұтынушылардың қаржысы үнемделеді. Айта кетейік, биыл ескі ірі құбырлар жаңасына – арнайы қапталған құбырлаға алмастырылды. Коммуналды қызмет өкілдерін қуантатын тағы бір жаңалық – бұл құбырлар тат басуға қарсы қапталған және құбыр жарылған сәтте хабар беретін құрылғы орнатылған.
Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандарының мәліметінше, биылғы жазда шаһардың оңтүстік аймағында ұзындығы 22 шақырым, ал солтүстік бөлігінде 42 шақырым магистральды құбыр жөнделді. Байтұрсынов көшесіндегі магистральды құбырдан бөлек Рысқұлов көшесінің бойындағы ұзындығы 5,2 шақырым құбыр жаңаланды. Бұл учаскедегі ескірген, диаметрі үлкен құбырлар дәл сондай, бірақ, тот баспайтындай етіп қапталған құбырларға алмастырылыпты.
Қалада қанша қазандық бар?
Жалпы, Шымкентте жылумен қамтитын 7 нысан бар. Олар – "3-Энергоорталық" акционерлік қоғамына тиесілі нысандар: №3 жылу-энерго орталығы және 5 автономды қазандық пен қаланың коммуналды меншігіндегі, әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандық. Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы – 411,7 шақырым, олардың ішінде 11,5 шақырымы "3-Энергоорталық" АҚ-на тиесілі, 392,6 шақырым – "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесінде, қалған 7,6 шақырым желі "Нұр-Арыстан" ЖШС-не қарасты.
Алдағы уақытта Астана даңғылы бойындағы ұзындығы 4,5 шақырым магистралды құбыр және аудандық №1 қазандық жөнделмек. Бұған қоса әкімшілік-іскерлік орталықтағы қазандықтарды жаңарту да жоспарланған. "Қуат жылу орталығы-3" мемлекеттік мекемесі тарапынан 2 нысанның жобасы әзірленуде. Атап айтсақ, Григоренко көшесінен Алдияров көшесіне дейінгі ұзындығы 2 шақырым магистралды құбырды және Адырбеков көшесінен Желтоқсан көшесінде дейінгі ұзындығы 1,5 шақырым магистралды желіні қайта қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр.
Биыл жылу беруде қандай жаңалық бар?
Шымкент қаласындағы 1811 көпқабатты тұрғын үйдің 1052-сі орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Алдағы жылу маусымында осы үйлерге 13 сервистік мекеме қызмет көрсетпек. Қазіргі таңда 759 үйдегі пәтер иелері қысқа өздері дайындалуда.
Жасыратыны жоқ, қаладағы бірқатар үйлердің жылыту жүйесі 30 жылдан бері әбден тозығы жеткен: құбырлар шіріп, толып қалған, бұрандалары жоғары қысымға шыдамай, істен шыққан. Енді осынау жаңа сервистік қызмет қалалықтарға бұл проблемадан құтылудың жолын ұсынды. Бұл тұста компания қызметінің ақысын үйлерін қысқа өздері дайындаған кездегідей бірден емес, түбіртек бойынша төлейді.
Бұл келісім-шарттың тағы бір маңызды тұсы – құбырды толығымен жөндеудің алдында сервистік қызмет өкілдері жертөлелерді маса, бүрге мен тышқандарға қарсы толық дәрілеп шығады.
– Жертөленің тозығы жеткен. Барлығын ауыстыру керек – екі элеватор бұрышын, бұрандаларды да. Тұрғындар үшін қолайлы, олар біздің сервистік қызметте болады. Мысалы, егер қыста жертөледе апат болып, құбыр жарылып кетсе, олар бізге хабарласады. Келісім-шартта байланыс телефондарымыз бар. Біз келіп, жарылған жерді тегін жөндеп береміз, – дейді "Қуат жылу орталығы" МКМ директорының орынбасары Нұржан Татыбаев.
Барлық жөндеу жұмыстары жылыту маусымы басталғанша аяқталуы тиіс. Келісім-шартқа сәйкес, компания өкілдері осы үйде сығымдау жұмыстарын да жүргізеді. Бұған қоса, кепілдік мерзіміне сәйкес, көпқабатты үйге екі жыл бойы қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, жылу беру тоқтаған немесе төмендеп кеткен жағдайда тұтынушылар 56-50-43, 56-50-11 телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Бұған қоса Жангелдин көшесі, 13А үйге келуге де болады. Мұнда күн сайын сағат 16 мен 18 аралығында қоғамдық қабылдау ашық болады. Тұрғындар онда мекеме басшыларына өздерін мазалаған сұрақтарын қоя алады. Ал абоненттік және техникалық инспекция бөлімі күн сайын сағат 9-дан 18-ге дейін үзіліссіз жұмыс істейді.
Шымкенттің гүл алаңшаларына 1 миллионнан астам қызғалдақ егілді
Пятница, 17 Ноябрь 2017 08:23Шымкенттіктер былтырғы қызғалдақ рекордын жаңартпақ. Биыл қала аумағында қызғалдақтың 1 миллион 300 мың тұқымы егілді. Былтыр дәл осындай қызғалдақтың 700 мың түбі егілген болатын.
Осылайша бұл гүлдің саны екі есеге көбейіп отыр. Гүл тұқымдары сәулетшілер мен суретшілердің бірлесіп сызған эскизіне сай егілуде.
— Біз егіп жатқан гүлдер келесі жылдың көктемінде, яғни сәуір айынан бастап гүлдейтін болады. Негізінен Голландиядан әкелген гүлдің сұрыптарын отырғызып жатырмыз. Сары, қызыл, көк, алқызыл, күлгін секілді 6 түрлі түс бар. Егер күтімі мен баптауы жақсы болса, қалаға ерекше сұлулық сыйлары сөзсіз, — дейді көгалдандыру компаниясының өкілі Сұлтанхан Ахметов.
Айта кетейік, шаһардың символына айналған гүл қаланың барлық көшелерінде жайқалып өспек. Ал А2 айналма тасжолының бойына егілген гүл алаңшасы ғарыштан түсірілген фотосуреттерден де көрінетін болады дейді гүл егушілер.
Мұнымен қатар шаһардағы тал-дарақ та біршама жасарады. Қазіргі таңда 616 қарағай егілген. Олардың ішінде 330 қырым қарағайы бар. Қалғандары – қарапайым қарағай. Қалалық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары мердігер қырым қарағайларын өз қаржысына егеді деп мәлімдеді.
Бұл қурап қалған ағаштардың өтеуі болмақ.
Таяуда ОҚО табиғи ресурстар басқармасына қарасты «Жасыл желек» мемлекеттік мекемесінен қалаға 87 450 жай және қылқан жапырақты көшет беріледі. Олардың барлығы қаланың орталық көшелеріне, мектеп және көпқабатты үйлердің аулаларына отырғызылады. Осылайша 200 катальп, 32 900 қарағаш, 780 боз арша, 8570 шаған, 9500 қараған, 300 терек, 8050 үйеңкі, 700 емен және 20 150 бұталар мен өзге де ағаштар қала көшелерінің ажарын ашпақ.
Айта кетейік, қазіргі таңда Бәйдібек би даңғылы хризантема гүлімен көмкерілген. Мұнда осынау күзгі гүлдің 2138 түбі егілген. Ал сүйкімді раушан гүлдерге шаһардағы өзге де алаңшалардан орын табылатын болады.