Отызында доктор атанған Ақмарал Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 610 раз

Елімізде жас ғалымдарға қолдау бұрынғыдан да күшейіп отыр. Себебі, мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, өндіріс саласының өркендеуі елдегі ғылыми жаңалықтарға тікелей байланысты. Біз бүгін жас буынға үлгі ретінде небәрі 29 жасында докторлық диссертациясын қорғаған ғалым жайлы баяндамақпыз. Ол – М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Химия» кафедрасының доценті, химия ғылымдарының докторы Ақмарал Өтелбаева.

baxadur

 

Ақмарал Болысбекқызы өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2023» байқауының жеңімпазы атанып, өзін оқытушылық қырынан дәлелдеген. Ал, биыл 8 ақпанда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бұйрығымен Химия ғылымдары ғылыми бағыты бойынша қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағы берілді.
Кейіпкеріміз өзінің ғылымға келуін әке жолымен байланыстырады.
– Әкем ғылым саласына сүбелі үлес қосқан, химия ғылымының докторы, профессор Болысбек Өтелбаев. Әкемнің есімі Оңтүстік жұртшылығына етене таныс. Ұзақ жылдар М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры қызметін атқарды. Менің ғылымға, химия саласына құштарлығымды оятқан әкем. Оқушы кезімде әкемнің зертханада зерттеулер жүргізіп, күні-түні ізденгеніне, жаңалық ашуға деген талпынысына қызығатынмын. Сөйтіп, мектепте жаратылыстану бағытындағы үйірмелерге қатысып жүрдім. Әкем бірде ағайынды төртеуміздің басымызды қосып: «Мына менің еңбектеріме біреуің иелік еткендеріңді, ізімді жалғағандарыңды қалаймын» деді. Үйдің тұңғышы ретінде әрі осы салаға бейімім болған соң, әке аманатын орындауға бел будым. Жоғары оқуға түскенімде әкем бағыт-бағдар беріп, 1-курстан халықаралық конференцияларға қатысып, ғылыми жобалар ұсындым, - дейді А. Өтелбаева.
2002 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану» факультетін химия мамандығы бойынша үздік бітірген түлек, әке жолын жалғаған ізденімпаз ғалым. 2005 жылы Алматыдағы Ә.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының аспирантурасында кандидаттық диссертациясын қорғаған. Жас ғалымның «Бензин құрамындағы ароматты көмірсутектерді нафтендерге айналдыру» тақырыбындағы зерттеуі ғылыми құндылығымен ерекшеленіп, нәтижесінде 2010 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми кеңесінде химия ғылымының докторлық дәрежесін ойдағыдай қорғап шығады. Дәл осы ғылыми жаңалығы үшін 2014 жылы Қазақстан Республикасының жас ғалымдар стипендиясын иеленген.
Қазіргі таңда А.Өтелбаева өзі білім алған М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде оқытушы. Ғалымның химия саласындағы зерттеулері 250-ден астам ғылыми басылымда жарық көрген. Ал, қазақ тілінде жазылған «Элементтер химиясы», «Химия» атты жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдары республиканың түкпір-түкпіріндегі ЖОО-ларда қолданыста жүр. Халықаралық Scopus және Web of science базасында индекстелетін жоғары рейтингті басылымдарда бірқатар мақалалары жарияланған және ғалымның ғылымдағы ізденісі Хирш индексімен жоғары мәнге ие.
Жаңалыққа жаны құмар, ізденімпаз ғалымның теориялық «атом құрамында энергия тасымалдаушы электромагниттік бөлшектер бар» деген ғылыми ұсынысы да келешекте қолданысқа енуі бек мүмкін. Ақмарал Өтелбаева Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында үздік оқытушы атанып, республиканы мойындатып отыр.
Ақмарал Болысбекқызы ғалым, оқытушы ғана емес, отбасында аяулы жар әрі ана. Жолдасы, техника ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлан Жаңабай екеуі 1 ұл, 5 қыз тәрбиелеп отырған мерейлі отбасы.
Жеке ұстанымы, бағыт-бағдары бар ғалымның әлі де тың ғылыми жаңалықтар ашып, талай белестерді бағындыратынына және шәкірттеріне жол сілтеп, қанаттандыратынына сеніміміз мол.

З.КЕНБАЕВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.